Елімізде жыл сайын ақылы жолдардан 4 миллиард теңгеден астам қаражат түседі
2019 ж. 28 қазан
1809
0
«Нұрлы жол» бағдарламасының келесі бесжылдығын іске асыруға 6 триллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асу барысын талқылау кезінде еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«2013 жылы ұзақтығы 211 километр бірінші ақылы «Нұр-Сұлтан - Щучинск» атты жол қолданысқа енгізілді. Сол учаскеде жылына 1 млрд теңгеден астам қаражат жиналады. Ол осы учаскені күтіп ұстау шығынының орнын толтырады. Қазіргі уақытта, ақылы жолдардың ұзақтығы 682 километрге дейін және жыл сайынғы жиналатын қаражат 4 милиард теңгеден астам болады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.
Министр «Нұрлы жол» бағдарламасының келесі бесжылдығын іске асыруға 6 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін мәлім етті. Бұл қаржыға автожол және теміржол инфрақұрылымы жаңартылмақ. Мәселен, республикалық желінің 10 мың шақырымы қайта қалыпқа келтіріліп, 11 мыңы жөнделеді. Ал теміржол саласында Достық-Мойынты учаскесі республикалық бюджет есебінен жаңғыртылып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында электр желісі тартылмақ.
«Шағын әуе желілерін дамыту мақсатында 16 әуе айлағын салу жоспарлануда. Су көлігін дамыту үшін 48 кеме, оның алтауы сауда флоты үшін сатып алу. Шлюздерге күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Автомобиль көлігі саласында ұлттық стандартқа сәйкестендіру үшін 133 автостанция, автовокзал және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін салу мен қайта жаңарту жоспарлануда», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.