Перуашев мемлекеттік холдингтардың табыс дивидендінің бюджетке аударымын әлдеқайда ұлғайтуды талап етті
2019 ж. 23 қазан
1591
0
«Ақ жол» депутаттары мемлекеттік холдингтардың табыс дивидендінің бюджетке аударымын әлдеқайда ұлғайтуды талап етеді – бұл туралы Азат Перуашев 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау барысында мәлімдеді.
«Бюджетті толтырудың сүбелі резервін Самұрық-Қазына» әл-ауқаттық қоры, «Бәйтерек», «Қазагро» сынды мемлекеттік холдинг пен ұлттық компаниялардың табысынан көруге болады».
Егер республикалық мемлекеттік кәсіпорындар бюджетке дивиденд есебінен 50%-ға дейін табысын бөліп отырса, аталмыш мега-субъектілер үшін мүлдем бөлек параметрлер белгіленген. Мысалы, 2018 жылғы таза табыс көлемі «Самұрық-Қазынада» 821 млрд теңге болса, «Бәйтерек» холдингінікі 80 млрд теңгені құраған. Субъектілердің ел экономикасының 60%-н құрап отырғанына және оның көп бөлігі дәл осы бюджеттен келетініне қарамастан, олардың жыл соңындағы мемлекет пакет акциялары дивиденді 19 млрд теңге, яғни табыстың 2%-ын ғана құраған.
Таяуда Үкіметтің бюджетті нақтылау барысында аталмыш дивидендтердің 50 млрд теңгеге өсуі қуантарлық дүние.
Соның өзінде бұл мемлекеттік холдингтердің таза табысының 10% ғана құрайды.
«Осыған орай, «Ақ жол» партиясы орын алған мәселені қайта қарап, квази мемлекеттік сектордың бюджетке бөлінетін дивидендін ұлғайтуды міндеттеуді сұраймын», - деді Перуашев.
Партия депутаттары мемлекеттің азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіп жатқан кезінде, бюджетке кірісті квази мемлекеттік сектор тарапынан ұлғайту керек деп есептейді.