Табысы төмен азаматтарға кредит беруге тыйым салынады
2019 ж. 02 шілде
16689
0
Ұлттық банк кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеден аспайтын сомадағы өмірлік қиын жағдайға қалған азаматтардың берешегін өтеу механизмін әзірледі. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Үкімет отырысының бүгінгі күн тәртібінде мемлекет басшысының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды.
Жиын барысында Ерболат Досаев ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы жарлығын іске асыру тұрғысында Ұлттық банк микроқаржы ұйымдары мен банктермен бірлесіп, 2019 жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеден аспайтын сомадағы өмірлік қиын жағдайға қалған азаматтардың берешегін өтеу механизмін әзірлегенін айтты.
«Бұл механизм Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қиын жағдайда қалған азаматтардың тізімін жасауын көздейді. Одан кейін аталған тізім бойынша берешек мемлекеттік бюромен, екінші деңгейлі банкпен және микроқаржы ұйымдарымен салыстырылып тексеріледі. Содан соң банктерге, микроқаржы ұйымдарына ақша аударылады. Бұл механизмді екі ай ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан әрі Еңбек министрлігі тізімді нақтылаған жағдайда Қаржы министрлігі мен Еңбек министрлігі ұйымдастырушылық және қаржылық сипаттағы тиісті шаралар қабылдайды», - деді ол.
Сонымен бірге Ұлттық банк микроқаржы ұйымдары және банктермен бірлесіп 2019 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар барлық азаматтар үшін айыппұлдар мен есеппұлдарды өтеу механизмін әзірлеген.
«Алғашқы қадамы ретінде банктер мен микроқаржы ұйымдарымен есептелген айыппұлдар мен есеппұлдарды дербес көшіруді болжайды. Бұдан кейін банктер мен микроқаржы ұйымдары шығыстарын 70% дисконтпен өтеуді жүзеге асырады. Яғни іс жүзінде айыппұлдар мен өсімпұл сомасының 3/2 астам банктер мен микроқаржы ұйымдарының қаражаты есебінен есептен шығарылады. Бұл механизмді де екі айда аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді банк төрағасы.
Ерболат Досаев сөз арасында Парламент Сенаты қаржы нарығын реттеу және дамыту, микроқаржылық қызмет пен салық салу мәселелері бойынша Заңды қабылдап, ҚР президентіне қол қоюға енгізгенін жеткізді.
«Онда кредиттік серіктестер, ломбардтар және онлайн кредиторларды қоса алғанда барлық кредиттеу субъектілерін реттеу мен қадағалауды енгізу және халықтың борыштық жүктемесін бақылауды, өсуін шектеу көзделеді. Енгізілетін заңнамалық өзгерістер қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтеді», - деді ол.
Сонымен қатар, ол тұрақсыздық айыбындағы пения мөлшерінің ұлғаюы нәтижесінде азаматтардың берешегін басқара алмайтындай өсуіне жол бермес үшін осы жылдың соңына дейін заңнамалық деңгейде заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге қажетті түзетулер қабылданғанын айтты.
«Мәселен, мерзімі өткен берешегі бар тоқсан күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті беру мен оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын комиссиялармен және өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады. Бұл азаматтарды берешектерінің үнемі өсіп отырған сомасынан қорғауға мүмкіндік береді. Табысы күн көру деңгейінен төмен азаматтарға кредит беруге тыйым салынады. Сонымен қатар қарыз алушыға борыштық жүктеме коэффицентін есептеу тәртібін қайта қарау, банктердің меншікті капиталына қойылатын қосымша талаптар сияқты бірқатар реттеу шаралары көзделеді», - деді Ерболат Досаев.