БІЗДІҢ БАНКТЕР КІМГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ?
2019 ж. 20 мамыр
4875
8
Қандай елді алсақ та, тіпті азуын айға білеген мықты мемлекет болса да оның экономикасына қаржы саласының әсері мен ықпалы зор екені белгілі. Ірі немесе «Дамытып жатырмыз!» деп өзіміз жалықпай жылдар бойы айтып келе жатқан шағын және орта бизнес пен өндіріс атаулының бәрі де қаржыландыру арқылы ғана іске асады. Қаржы болмаса өндіріс өледі, қуатты деген кәсіпорынның өзі банкрот болады. Сол үшін де тиімді және ұтымды қаржылық саясат ұстана білу қажет. Өкінішке орай, біздегі қаржы саясаты халық пен мемлекет мүддесі үшін дұрыс жұмыс істеген емес. Осы орайдағы кемшіліктер аталып, соңғы жылдарда заңымызға қаншама өзгерістер енгізілгенмен бүгінгі күнге дейін қаржы саласы «созылмалы сырқатынан» сауыққан жоқ...
Егеменді ел атанғаннан бергі біздің қаржы саласының қалтарыс-бұлтарысы көп тарихына сырттай ғана көз жүгіртіп көріңізші. Бұл жерде осы саланың білгір маманы болудың да қажеті жоқ, жай ғана қатардағы қарапайым адамның өзі көп нәрсені аңғаратыны анық. Қаржы саласына тікелей жауапты Үкімет пен Ұлттық банктің жылдар бойғы жұмысына «екіліктен» артық бағаны ешкім бермес еді. Сондықтан да болар қаншама қаржы министрі мен бас банкир ауысса да халыққа қызмет көрсету деңгейі мен сапасы сыннан көз ашқан емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін соның кейбір тұстарына ғана тоқтала кетелік.
Алдымен «Банк деген не, ол шын мәнінде кімге және қандай қызмет көрсетуі керек?» - деген сұрақтан басын ашып алайық. Ғаламторда берілген анықтамадағы түсінік бойынша италияндық banco деген сөзінен шыққан бұл ұғым бұрындар ақша айырбастайтын үстел дегенді білдіріп, кейін дами келе қаржылық-несиелік қызметтер атқаратын мекемеге айналған. Арнайы берілген лицензия арқылы үкіметке, заңды және жеке тұлғаларға түрлі қаржылық қызмет көрсететін коммерциялық ұйым болып табылады. Клиенттерден қаржы тарту, құнды қағаздарды оналастыру, сол үшін оларға белгілі бір мөлшерде сыйақы тағайындау, пайызбен несие беру сияқты міндеттерді атқарады. Бірақ оларға тікелей өндіріспен, саудамен, сақтандыру ісімен айналысу құқығы берілмеген. Бұл халықаралық ереже, ал біздегі банктердің өзі болмаса да ондағы басшылардың банк қаржысын пайдаланып қандай бизнеспен айналысып жатқанын бір Құдай ғана біледі. Қалай десек те банктің басты мақсаты – сол қызметі арқылы барынша мол пайда табу, қарапайым тілмен айтқанда, ақшадан – ақша жасау.
Қазіргі капиталистік қоғамдағы қолданыста жүрген заң бойынша миллиардтап пайда табу қылмыс емес. Тіпті сол іскерлердің асығы алшысынан түсіп, абыройы артып тұр. Мәселе сол байлықты қандай жолмен табуда болса керек. Ашығын айтайық, шынайы, әділ бизнеске қарағанда, бізде халыққа тиесілі байлықты басып алып, адамдардың еңбегін қанап байығандар басым жатыр. Ол өз алдына жеке әңгіме. Жалпы алғанда әлемдегі елдердің әрқайсысының қаржыға қатысты өз заңы бар екені белгілі. Оны қатаң сақтау немесе өрескел бұзу жағы да әр елде әртүрлі деңгейде. Өзгенің күл-қоқысын қопарып қайтеміз, біз алдымен өз қорамызды тазалап алайықшы. Соның өзі қолымыздан келмей жатыр...
Естеріңізде болар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше жылға созылған қаржы тапшылығын бастан өткердік. Кеңестік кезеңдегі экономикалық байланыстар үзіліп, өндіріс ошақтарының оты өшіп, дағдарысқа тап болдық. Жекешелендіру деген желеумен ірі кәсіпорындардың басым бөлігі билік басындағылар мен соның маңайындағылардың қанжығасында кетті, былайша айтқанда қазан басындағылар ортақ табаққа жеткізбей ошақ басынан жіліктеп бөліп алды. Өндірісті өркендету мен жұмыс орындарын сақтап қалу дарынсыз, біліксіз пайдакүнемдердің қолынан келмеді. Ондай таза ниет оларда болған да емес. Зауыт, фабрикаларды сауда орындарына айналдырып, әр шаршы метрін жалға беріп, жатып алып ақша табатын майшелпекке айналдырды. Нәтижесінде, басқасын былай қойғанда, зейнеткерлерге беретін ақша таппай қалғанымыз да рас. Тірелген тұйықтан шығуды – шетелдік қаржы орталықтарынан қарыз алу деп тапқан үкімет біздегі бүгінгі банктерге жол ашып берді. Жерасты байлықтарын игеруді де шетелдік инвесторларға тапсырды. Бұл жерде де шетелдіктермен жасалған өзара келісім-шарттардың бәрі бірдей бізге ұтымды болды деп айтуға келмейді.
Мына бір қағиданы үнемі есте ұстауымыз керек, банктің аты жер жарып тұрса да халықаралық немесе өзге де қаржы ұйымдары мемлекеттің немесе үкіметтің кепілдігінсіз ешқашан қарызға бір тиын ақша бермейді. Өйткені әлемдік тәжірибеде мықты банктердің өзі банкрот болған жағдайлар жетіп артылады. Сондықтан алған несиеге түпкілікті кепілдік берген үкімет жауапты.
Міне тап сол кезеңде біздің елімізде банк дегеніңіз жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға келді. Өйткені бұл ақша жасаудың ең жеңіл жолы болатын. Зауыттағыдай өндірісті жүргізіп, тауарды өткізіп, жұмысшыларына айлық тауып берудің қажеті жоқ. Дайын ақшаны 2-3 пайызбен алып, халыққа 20-30 пайыз үстемемен несие таратып, «банктік комиссия» деп аталған түрлі қитұрқыларын қосақтап үстінен мол пайда табу қолайлы болды оларға. Олар деп отырғанымыз негізінен сол жекешелендіруде оза шапқандар, халықтың жылдар бойы жинаған байлығын басып қалғандар. Өйткені банк ашатындай қарапайым адамда бір тиын жоқ, жеңіл жолмен капитал жинап үлгергендер өз байлығын осылайша үстемек болды. Ал, көк тиынсыз қалған қарапайым халыққа бұл көктен жауған тегін теңгедей көрініп, жаппай несие алуды бастады. Үстеме пайызы тым жоғары болса да олардың басқа амалы да жоқ еді. Сөйтіп мұндай «жарылқаудың» нәтижесінде 2018 жылдың маусым айына дейінгі қорытындысы бойынша қазақстандықтардың несиелік берешегі 5,6 триллион теңгеге жетті деген ресми ақпарат таралғанын білесіздер, сарапшылардың айтуынша қазір ол 6 триллионнан асып кетті. Сол қарыздардың басым бөлігі өзіміздің тұрғындар алған тұтынушылық несиеден тұратыны айтпаса да белгілі.
Санасақ еліміздегі банктердің саны 35-ке бір-ақ жеткен екен. Бар-жоғы 18 миллион ғана халқы бар мемлекетке осыншама банктер керек пе еді? Әрине, тым көп. Бірақ қолында капиталы бар мықтылардың бәрі бизнестің осы бір тер төкпейтін жеңіл түрін таңдады. Оларға қой деп ешкім айта
алмайды. Сондағы келтірген сылтаулары – банктер саны көп болса өзара бәсеке орын алып, қызмет сапасы жақсарып, несиенің үстеме пайызы төмендейді-мыс. Кешіріңіздер банкир мырзалар, дәп сіздер айтқандай несие үстемесі бәсекелестік арқылы бір тиын да төмендеген жоқ, қызмет сапасы да арта қойған жоқ. Оған өткен жылдардағы жұмыстарыңыздың нәтижесі нақты дәлел. Керісінше жаңағы банктер пайыздық үстемені көтеру жағынан бәсекеге түсіп тұрғындарымызды тұйыққа тіреді. Төлемді уақытында өтемегендерге аяусыз айыппұл салып, жаналғыштан бетер қыспаққа алды. Коллектор дегендерді жіберіп, ипотекалық несиеге алған жалғыз баспанасынан адамдарды бала-шағасымен қоса далаға сүйреп шығарып тастаған кездер де болды. Банк алдындағы борышын өтей алмағандар өз-өздеріне қол жұмсауға дейін жетті. Бірі жетінші қабаттан секіріп мерт болса, енді біреулер асылып өлгендері туралы жайсыз жаңалықтарды сол кездерде теларналардан көріп естігенсіздер. Несиенің үстеме пайызын төмендетеді деп босқа үміттендік, ол тіпті де мүмкін емес еді. Өйткені сол банктердің иелерінің басым бөлігі халықтың әл-ауқатын жақсартады деп сенім артқан жоғары жақта отыр емес пе? Олар мол пайда түсіріп тұрған бизнесін қалай тұншықтырмақ, былайша айтқанда өз қолын өзі кесе алмайды.
Мемлекеттік қызметте жоғары лауазымда отырғандар банкті туыстарына немесе сенімді адамдарының атынан ашып, өздері судан таза, сүттен ақ болып қала берді, әлі де солай болып отыр. Бір ғана мысал, Астана қаласының әкімінен бастап, министр, президент әкімшілігінің басшысына дейінгі жоғары лауазымды қызметтерді атқарған Әділбек Жақсыбеков басқа бизнестерін былай қойғанда, еліміздегі ең ірі банктердің бірі – «Цеснабанктің» иесі. Оны баласының атына жазғызып, өзі ештеңе болмағандай заңға қайшы болса да мемлекеттік қызметте ондаған жылдар тайраңдап жүрді, өзгелерге жоғары мінберден ақыл айтып, жол сілтеді. Сондағы көрсеткен үлгісі осы ма?.. Ақыры сол банк түбіне жетті деуге болады. Қоры азайған өз банкін әлдендіру үшін қызметін пайдаланып мемлекеттік қазынадан заңсыз қомақты қаржы аударып басы бәлеге қалды, қызметінен кетуіне тура келді. Ал шын мәнінде осы қылықтары үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғалуы керек еді. Бірақ біздегі қалыптасқан әдет бойынша жоғары лауазымдыларға от та жоқ, сот та жоқ. «Ерекше жаралағандарға» арналған ереже мүлдем бөлек. Өзге бір қатардағы адамдар осыны істесе темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығар еді. Ал осыған байланысты құқық қорғау орындары жұмған аузын аша алмады. Жұмысынан кетісімен өзінің бизнесін қайта басқарып қала берді. Рас, соңында сол мол пайда әкеліп жатқан бизнесін «бастан – құлақ садақа» деп, «Цеснабанкті» өзгелерге «сатуға» мәжбүр болды. Ақпан айында «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектебі» – First Heartland Securities сынды автономды білім ұйымының тобы «Цеснабанктың» 99,5% қарапайым акциясын сатып алды. Оны қаншаға сатып алғаны да көпшілік үшін құпия. Банктің ендігі жаңа толық атауы – «First Heartland Jýsan Bank». «Көктемдегі жусан иісі – Ұлы даланың жаңарып, қайта дүниеге келуінің символы. Бұл өткен, қазіргі және болашақ кезеңімізді байланыстыратын біздің Отанымыздың иісі десек те болады», – деп өз ойын әспеттеп білдіріпті Банк басқармасының төрағасы
Бекжан Пирматов. Кімге жусан иісі, кімге ақша иісі шығатынын, кімге пайда әкеліп, кімге қарыз қамытын кигізерін келешек көрсете жатар. Ал, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу қазақша әдемі атауы бар «Жусанбанк» АҚ директорлар кеңесінің басшысы болып тағайындалды. Соған қарағанда бізде Әділбек Жақсыбековтен де мықтылар бар екен.
Майда-шүйде шабақтарды шортандар шайнамай қылғыта салатыны сияқты, ірі банктер әлсіздерін жұтуды бастаған секілді. 2018 жылдың шілдесінде Қазақстандағы екі ірі банк – «Halyk bank» пен «Qazkomды» біріктіру аяқталып, «Qazkomның» барлық мүлкі, құқығы мен міндеттемесі «Халықбанкке» берілді. Одан кейін «Астанабанк» пен «Эксимбанк» жабылғанын білесіздер. Жақында ғана «Tengri Bank», «AsiaCredit Bank» және «Capital Bank Kazakhstan» ерікті түрде қайта құрылып, бірігетіні жайлы хабар таратылды. Соған қарағанда банк саласына әлде бір тықыр таянған секілді. Бұл тықыр банк иелерін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрғаны анық. Яғни, тасада тығылып тұрса да банк иелерінің өзара күш сынасар кезі келген сияқты, сырт көзге көрінбейтін банкирлер соғысы басталып кетті деуге болады. Бұны олар біріктіру деп атағанмен астары ашық жатыр. «Банктер ірілендіріліп, әлемдік бәсекеге төтеп беретін болады» - дейді. Осы бәсеке дегенді естісе қарапайым тұрғындардың аза бойы қаза болады. Көпшілік банк саласындағы бәсекеге өлсе де сенбейді, олардың өзара «бизнес ойындары» екенін, банктердің кімге қызмет ететінін түсінетіндей жағдайға жетті.
Қаржы саясатын дұрыс жүргізбеген банктер артық қыламыз деп тыртық қылғанын, тойымсыздықтың түбі жақсылыққа жеткізбейтінін білетін уақыт болды. Соншама жоғары пайызбен несие берудің соңы өздерін әлсіретті. Өйткені жеке ғана емес, заңды тұлғалар да қарыздарын қайтара алмай біздің банктер тақырға отырды. Оларды сауықтыру үшін Үкімет бірнеше рет қазынадан қомақты қаржы бөлгенін білесіздер. Не үшін? Олар өз пайдаларын ойлаған жекеменшік мекемелер емес пе? Міне, осы жерде алдында айтқан олардың иелерінің ықпалы зор болды. Қазынадан ақшаны 3 пайызбен алып, халыққа кем дегенде 15 пайызбен тарату әлі де жалғасуда. «Ақ жол» партиясы бұл пайызды екі есе төмендету керек деп отыр. Өйткені бұл онсыз да тұрмысы төмен халықты тонау болып табылады. Әлемдегі ең қымбат несие пайызы бізде екен. Сонда Қазақстанда бірыңғай миллионерлер тұра ма? Әрине, жоқ. Олай болса экономиканың күре тамыры саналатын біздегі қаржы саласына түбегейлі оң өзгерістерді шұғыл енгізу қажет. Онсыз экономикамызды дамытып, тұрғындарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзей алмаймыз.
Зейнолла АБАЖАН,
qazaquni.kz