Алматы базарында сатушылардың не үшін төбелескені белгілі болды
2019 ж. 08 сәуір
8333
0
Алматы базарларының бірінде болған төбелестің мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицейлердің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалған, ұсталғандар бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылыпты.
"Ұсталғандар базарда аяқ-киім сатумен айналысады. Олардан жауап алу кезінде төбелеске тұрмыстық дау-дамай себеп болғаны анықталды. Сатушылардың бірі екіншісіне тауарды (аяқ киім) бүлінген күйде қайтарыпты. Олар алдымен ұрсысып қалады да, кикілжің артынша төбелеске ұласқан. Құқықбұзушылар ұсталып, аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді", - деп мәлімет берді Алматы қалалысының полиция департаменті.
Еске сала кетсек, 6 сәуірде таңертең Алатау ауданындағы базарлардың бірінде болған төбелестің видеосы әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын.