«Қазақстанды қарғыс атсын, мен Ресейді сүйемін!»: желіде қазақ халқына тіл тигізе сөйлеген бейнежазба тарады
2021 ж. 14 мамыр
16233
3
Ол Қазақстанды сондай жек көретінін, Ресейді жақсы көретінін ашық мойындаған.
Әлеуметтік желіде қазақ халқына тіл тигізіп, ел Үкіметіне айбат шеге сөйлеген тағы бір орыс жігітінің бейнежазбасы пайда болды. Өкінішке қарай, ол да көп ұзамай жұрттан кешірім сұрап, жазадан құтылып кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Аты-жөні Михаил Валерий делінетін бұл жігіт өз жазбасында үйінің төрінде Ресейдің туы ілініп тұрғанын, оны өзінің қастерлі жалауы деп санайтынын айтады. Сонымен қатар, Қазақстанды сондай жек көретінін, Ресейді жақсы көретінін ашық мойындаған. Тіптен соңында «Қазақстанды қарғыс атсын!» деуге дейін барғанын байқауға болады.
Алайда көп ұзамай Михаил Валерийдің жүні жығылып өз ісіне өкініш білдіріп кешірім сұрап отырған жазбасы пайда болады. Онда ол мұндай әрекетке мас күйде барғанын айтып ақталған. Ендігәрі мұндай қайталанбайтынын, Қазақстанды сүйетінін әрі Қазақстанның патриоты екенін жеткізген.
Расын айту керек, соңы кездері мұндай оқиғалар тым жиіліп кетті. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының бір тұрғыны сатып алған қысқатолқынды пешіндегі нұсқаулығында орыс тілінде ақпарат жазылмады деп біршама шу шығарып, Tiktok желісіне видео жариялаған болатын.
«Қысқатолқынды пештің нұсқаулыға бар. Бірақ орыс тілінде емес, тек қазақша және ағылшынша жазылған. Бұл не деген сұмдық? Ал сонда орысша нұсқаулығы қайда? Өзім қазақша түсінбеймін, пайдалануды қалай үйренемін. Қазақ тілін үйрену ойымда да жоқ. Оны үйренетіндей мемлекет маған не берді? Билік басындағылар не қарап отыр? Әлде, қазақтарды билік басынан тайдыруды күтіп отырсыздар ма?», – деген болатын.