Төтенше жағдай кезінде қыз ұзатқан қызылордалық қамауға алынды (видео)
2020 ж. 31 наурыз
2847
0
Қызылорда облысында төтенше жағдайға қарамастан қызының ұзату тойын жасаған қызылордалық жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлемді дүрліктірген коронавируске байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдайға сәйкес, полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып ерекше режимде күндіз-түні жұмыс жасап жатыр.
Бүгінгі күні қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған қатаң шараларға қарамастан төтенше жағдай режимін бұзу, жалған ақпараттар таратып, халықты дүрбелеңге салу сынды әрекеттерге барып жатқан азаматтар саны азаяр емес.
Бұған дәлел ретінде 27 наурыз күні төтенше жағдай кезінде ескертулерге құлақ аспай той өтіп жатқаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілер арқылы облыс тұрғындары арасында кеңінен тарады. Полиция қызметкерлері бұл деректі дереу тексеруге кірісті.
Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 27 наурыз күні сағат 17:30 шамасында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны қызының ұзату тойын жасағаны анықталды.
Той иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар сотқа жолданды. Онлайн-режимде өткен сот шешімімен оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Шектеу енгізілгелі облыс аумағында төтенше жағдай режимін бұзып, осындай той жасаған 13 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Ішкі істер органдары тарапынан жасалынып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, елімізде жарияланған төтенше жағдай режимін тұрғандардың сақтауын сұраймыз.