ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҢА БЕЙНЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАЖЕТ

 

Жақан МОЛДАБЕКОВ, ғалым, философия ғылымының докторы:

  ҚҰПИЯ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ БИІК ҚҰРМЕТТЕУШІЛІКТЕ

– К. Кавурдың: «Біз Италия деген мемлекетті құрдық. Біз енді Италия халқын қалыптастыруға тиіспіз» дегені бар. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 20 жыл... Жақан аға, ғалым ретінде айтыңызшы: ұлттық мемлекеттің алғышарттары қандай болуы тиіс?

– Қазақстанда ұлттық мемлекетті дамыту мен ұлтты қалыптастыру мәселесі халықшыл мен мемлекетшіл үрдісінің тұтас қос жағы ретінде қарастырылуда. Ұлт пен мемлекет – егіз мәселе. Ол – ұлттық мемлекет әлеуметтік қарым-қатынастың жетілуіне, елдің бірлестігін нығайтуға ерекше назар аударатынын, тіпті осы қос жаңаруды басқаруға ықпалын арттыратынын білдіреді. Ұлт болып қалыптасу және жетілу – елдің әлеуметтенуін және мемлекеттікті нығайту. Бұл дегеніміз – қазақ болмысының қалай дамуы керектігін және қазақ санасының қай бағытта жаңаруын анықтау, қазақ ұлтының ұйымшылдығы мен жасампаздығын күшейту, қазақстандық азаматтықтың өміршеңдігін арттыру. Онсыз Қазақстанның стратегиялық дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.

...Қазақстанды дамыту тұрғысынан бүгінгі таңда түрлі ұлттық идеялар ұсынылуда. Тек идеяларды қазақ халқының ұлттық мүддесімен ұштастыру ұмтылысы мен іс-әрекеттер бұлыңғырлау, өз арнасын таба алмауда. Ұлттық мемлекеттің қауіпсіздігі мен Қазақстанның даму бағдары – ұлттық мүдденің белдеуі. Қауіпсіздіктің саяси, экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық алғышарттарын, олардың ұлттық және халықаралық тіректерін үйлестіру, теңдігін сақтау – қоғамдық қажеттілік. Бірақ «ұлттық мүдде қазақстандық болмыстың қажетіне, ал қоғамдық сұраныстар азаматтық қажеттілікке айналды ма? Патриоттардың ұсынысы неде?» деп, бұл сауалдарды өзімізге қойсақ, онда кәсіби деңгейдегі ашық талдаудың қажеттілігін растаймыз. Әзірге шашыранды, дәйексіз ой-пікірлер жүйелі икемге келмеуде.

Басты ұсынысқа тоқталық. Басты ұстаным – қоғамдық және азаматтық сұранысты ұлттық мүддеге айналдыру, олардың ұлттық үлгілерін өзара үйлестіру, ұлттық мүдде мен әлеуметтік-мәдени үлгілерді бір арнаға келтіру. Өркениетті көшке Қазақстан халқы тұтас қатысуы керек. Бұл ниет. Бірақ әлеуметтік-мәдени жаңғырудың шешуші тірегі әрі әлеуметтік күші ретінде қазақ ұлтын қабылдайды, соған сенім артады. Қазақ ұлты – өз жерінің, мемлекетінің, отанының бас темірқазығы, алдыңғы шептегі қорғаушысы болды, бола бермек. Бұл – ұлттық мүддеден туындайтын саяси да, азаматтық жауапкершілік. Қазақ іштей ұйымдасқан, өзін таныта алатын әлеуметтік белсенді күшке айналған сайын жаңарудың міндеттері мен жауапкершілігін қатар арттыратын халге жетеді. Қазақтың стратегиялық дамуға лайықты жаңа бейнесі мен беделі оның тілі, діні, мәдени өмір салты, әлеуметтік белсенділігі арқылы қалыптасады. Біздің пайымдауымызша, қазақ мәдениетін ұлттық мүддені жүзеге асырудың бас тетігі ретінде түсінушілік те, рынок пен демократияны үйлестіруге лайықты әрекет те жетісе бермейді. Қысқасы, қазақты тану және таныту туралы көзқарастарды өзгерту және сондай өзгерістерге жаңа жол ашу керек.

Бүгінде табиғи апат пен адамзаттың қолымен жасалған атом станциясының залалынан еңсесін көтере алмай жатқан жапондардың ұлттық мемлекет құрғаны анық. Бірақ олар өздері: «Біз әлі ұлттық мемлекет құру үстіндеміз» деген пікір айтады. Осы тұрғыдан келгенде біздің жапоннан үйренеріміз көп секілді...

– Зілсала, апат демекші, табиғаттың стихиялы, алмағайып қауіптері соңғы жылдары жиілеп кеткені аян. Сондай суық хабарларды естігенде, сол апаттардың көріністерін көрген сайын қобалжығаннан сүйегің сырқырайды, жүрегің қысылады, іштей көптеген құндылықтарды қайта талдауға ораласың. «Алла-Тағалам зіл апаттан сақтай гөр» деп тіліңді кәлимаға келтіресің...

Жапоннан біздер ғана емес, бүкіл әлем үйренетін үлгілер мол. Өркениет тізгіні мен тетігін қолына ұстаған Батыста, АҚШ-та жапондықтардан көп нәрсені үйренуге мәжбүр. Тегін емес. Онда қауымдастықтың көз тартар үлгісі де, озат тәжірибесі де, дәйекті жүйесі де үйлесіп жатқаны мәлім. Көз алдыңа еңбекқор, ұйымшыл, керек кезінде жұдырықтай жұмыла алатын жапондықтар елестейді. Табысқа қол жеткізетін кепілдіктер кезегімен көңілден шығады. Тарихқа жүгінейікші. Дүниежүзілік екінші соғыстың барысында Жапония ұлттық табысының үштен бірінен айрылды. Тез есін жиды, жалтақтап алаңдамай, ел болып жүре аяғына тұрды. Сырт көзге бұл құпияны айтып жеткізу қиын. Сол қиыншылыққа қарамай, тарихи қысқа кезеңде әлемнің алдыңғы тобына қосылды. Бұл – жапондық құпия. Құпия қауымдасып топтасқан салтта, өз еліне деген сүйіспеншілікте, ұлттық мүддені биік құрметтеушілікте десек, бәрі де шындық. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлемге қол жайып, үрейге батып, әрекетсіз қалған жапондықтарды байқамаймыз. Қазақшаласақ, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, өздерінің «бір ел, тұтас ұлт» екендігін жұмыла көрсетуде. Бай мен кедейде, полиция мен ұрылар да тізе қосып, апат салдарымен алысуда. Жапон қоғамының ұйымшылдығына, қауымдастықтардың бір жұдырықтай түйілгеніне, жапондықтардың байсалды, бірлескен, тындырымды әрекеттеріне тек құрметпен қарайсың. Іштей толғаныста жапондық феномен, жапон­дық құндылық, әлгі сіз еске салған «жапондық үлгі» дегенімізді қалай түсінуге және түсіндіруге болады, олардан қандай тәлім-тәрбие аламыз?» деген сауал ойдан кетпейді. Бұдан қоғамдық және саяси басқаруды ұлттық үлгімен өлшегеніміз, патриоттық құлшыныспен бағалағанымыз жөн деген тоқтам ойға оралады.

ҮНСІЗДІК ШЕШІМ ЕМЕС, СОНДА ҮНСІЗ ТҰЙЫҚТЫҚ КІМДІ ҚАНАҒАТТАНДЫРМАҚ?

Жақан аға, сіз «Қазақ­тану» деп үлкен ізденіс саласын ашып, зерттеп жүрген ғалымсыз. Қазақтанудың саяси-әлеуметтік фак­торларының маңызы қандай?

–ХХІ ғасырда Қазақ­станның ұлттық мемлекетті жетілдіру тәжірибесі қоғамдық пікірді, әлемдік назарды үйіруде. Ал ХХ ғасырдың бас кезінде ұлттық мәселені Алаштың көрнекті өкілдері кеңінен талқыға салғаны белгілі. Жаңа дәуірдің ХХ ғ. ұлттық идеяның, ал ХХІ ғ. басында ұлттық мемлекет мүддесінің өткір де өзекті мәселеге айналуы тегін емес. Жаңа дәуірде қазақтың өзін танымақ, өзгемен терезесін теңестірмек талпынысы, өркениеттік жолға деген ұмтылысы айқын білінді, біртіндеп ортақ қозғалысқа айналды. Тәуелсіздік үшін күресте саяси-әлеуметтік ахуал ширады, бірлесудің іргетасы іріктелді, рухани дамудың принциптері тұрақтанды. Өресі биіктер ел-жұртын өре тұрғызды.

Ендігі халқымыздың өзін, қазақты танымақ талпынысы кең қарқыңдауда. Ұлттық идеяның өмірлік күретамыр арнасы мен жаңа деңгейі қарқындау барысында қазақтанудың мотивациясы күшеюде. Қазақ тіліндегі БАҚ – радио, теледидар, газет-журналдар қазақ халқының мәдениеті, дәстүр-салты, әдет-ғұрпы, кісілік қасиеттері туралы әрқалай мәліметтерді көптің құлағына үнемі құюда.

Десекте, мамандар болып назар аударатын ортақ мәселелер қордалануда. Солардың үш тармағын іріктесек. Олар: ағартушылық маңызы зор хабарлардың тәлім-тәрбиелік үлгілерін сабақтау, саралау жұмыстарын жандандыру әрі жаңа деңгейге көтеру; ұлттық тәлім-тәрбие жұмыстарын жаңғырту, жаңарту жолдарын жүйелейтін әдісті әрекетті жинақтау және жалғастыру; ұлттық рухты жандандыру туралы ойды өтімді сөзбен түсіндіру, ойлы сөздің түйіндеріне лайықты іс-әрекетті қарқынды жандандыру. Бұл қомақты мәселелер мамандардың да, мемлекеттік саясаттың да кешенді міндеттері. Сонымен қазақтану дәстүрін қалыптастыру және тәрбиелеу – әлеуметтік міндеттемеге айналуда.

Ізденіс пен іс-әрекетке не жетіспейді? Үгіт-насихат жұмысында – әлеуметтік бағдардың ауқымдылығы мен алғырлығы, ғылыми ізденістерде – нақты дәйектілік және жүйелі пәрменділік, саяси практикада – қоғамдық қозғалыстар, үкіметтік емес ұжымдар, саяси партиялар, білім беру салаларын ұлттың ортақ мәселелеріне топтастыратын жұмыстар мардымсыз. Осы бағыттағы өтімді амал-әрекет пен тәсілдерді қарастыратын бастамалар тұтас арнасын таба алмауда. Ғалымдарымыз болса, қазақи болмыстың жетілу қарқынынан шет қалуда, тіпті әлеуметтік-мәдени көштің соңында дерлік. Аталынған жұмыстарды ұлттық мүдде тұрғысынан сараптайтын мезгіл жетті. Идеялық ойымыз ортақ. Бірақ оған ұлттық сипат, қазақтық сипат пен әдістемелі іс-әрекет жетіспейді. Ұлтаралық қарым-қатынастағы әлеуметтік жетілуге арналған зерттеулердің дәйектілігі мен белсенділігін қарқындату үшін, осы бағытта ғалымдардың жеке кәсіби шығармашылығын да, бірлескен жұмыстарын да жандандыратын кез келді. Өкініштісі, қазақилықтың не екеніне түсінік жетіспейді, қазақилықтың мәртебесін көтермек бастаманы қолдау мәселесі тіптен талқыланған емес.

Қазақстанда ұлттық мемлекетті қалыптастыру және дамыту мәселелерін маман-ғалымдар осы уақытқа дейін сала-сала, кезең-кезең тұрғысынан «жырмалап» талқылады. Көзқарасқа тұтастық, бағытқа үйлестік жетіспеді. Осыған орай екі мәселе: ұлттық мәдениет пен ұлттық тәлім-тәрбиені зерттеу жұмыстары егеменді елдің бүгінгі талабына лайықты еместігі елеңдетуде. Зерттеушілікте бірлескен әрекеттің, ғылыми пайымдарда қоғамдық пікірді сараптайтын деңгейдің олқылығы ойды да, іс-әрекетті де кібіртіткізеді. Мәселенің ғылыми астарына үңілсек, қазақтың кім, қандай екенін, қандай болу керектігін нақтылаудың орнына, осы өзекті мәселелерді орағытушылық немесе үнсіздік жалғасын табуда. Үнсіздік шешім емес, сонда үнсіз тұйықтық кімді қанағаттандырмақ?

Мемлекеттік мекемелерде жұмған ауыз ашылмай, көбінесе бей-жайлықтан аса алмаушылық аңғарылады. Тек ұлтжанды нағыз маман-патриоттар ғана ұлт мәселесі туралы келте түсінікке де, үнсіздікке де төзе алмай, әрқайсысы өзінше «шырылдауда». Шырылдау басылған жоқ. Өйткені, ұлттық мүдденің қазақы кеңістігі мен тәжрибесі игерусіз қалуда. Содан ұлттық сана-сезіміміз қоғамдық пікірлерден қалып қоюда, ал ғалымдар мен өнер өкілдерінің үндері қоғамдық пікірге әлді ықпал ете алмауда. Талдауын күтіп тұрған мұндай өзекті мәселелер аз емес.

ҚАЗАҚТАНУ ІЛІМІН БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНЕ ЕНГІЗУ – ҰЛТТЫҚ ҚАЖЕТТІЛІК

Қазақтанудың әлеу­меттік-философиялық идеясын жүзеге асыруда жан­кештілік танытып жүрген тұлғалар бар ма?

–Қазақтану идеясы еліміз тәуелсіздігін алғанда өмірге келді. Оған тәуелсіздіктің құнын, тату тұтастықтың түбірін білуге деген талпыныс ұйытқы болды. Қазақтану – қазақи болмыс пен танымға негізделген ұлттық идея, ұлттық мүдде және халықтық мәдениеттің өзара ықпалдастығын, олардың өмірлік және тұлғалық маңызын көрсететін ілім. Қазақ туралы ой-таластың тарихы тереңде, дәстүрі әрқалай. Сонау ХҮ ғ. бергі би-шешендер мен ақын-жыраулар, алаш алыптары, Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов сынды көптеген халқымыздың маңдай алды ойшылдары осы мәселенің әр қырына қалам тартты, ұмытылмас із қалдырды. Ес жинау бірлікке, бейбітшілікке, ортақ бағытқа жұмылдыратын қағидалар мен ұстанымдарды басшылыққа алды, сөйтіп елдік сипатты құрады. Батырдың билiгi, бидiң батырлығы, бiртумалардың батылдығы мен шешендiгiнен, қолбасшылығы мен ел басқару қабiлетiнен бiлiндi. Осы төрт бiрдей киелi қасиеттер ХҮIII ғасырдың аяғындағы елге әйгiлi тұғырлы тұлғалардың мiнезi мен әрекеттерiнде айқындала түстi. Тұғыр тұлғалар өздерiнiң қайсарлығымен ғана емес, “халық кеңесiн” ұйымдастырып, олардың шеңберiн ұлғайтқан қабiлетiмен де көзге түстi.

Тарихи кезең –мәдени мұрамыздың қайнар көзі. Сондықтан фарабитану, битану, ұлттану, абайтану, жамбылтану, бауыржантану сияқты киелі атаумен соңғы 20 жылда көптеген зерттеу орталықтары өмірге келді. Қазақтың біртума тұлғаларын арнайы, жан-жақты зерттеу, сірә, есімізді жиғандықты білдірер, ұлттық сана-сезімнің өскендігінің айғағы іспетті.

Қазақты танудың түрлі кезеңдері – рухани жетіс­тік, оның келбеттілік ұғым­дары мен ұстамдылығы өз түбірімізбен жарасуға жетекшілік. Жаңашылдықтың маңызын түсінушілік артуда. Мұндай іргелі бастаманы жалғастыруды батыл алып кеткізбейтін жай бар. Әлгі тұлғатанушылық қазақтанудың сатылары, көріністері екенін іштей сезінушілік білінсе де, қазақтану мәселесін арнайы көтерудің, осы ілімді кешенді және кәсіби тұрғыдан талдаудың қажеттілігін ашық қабылдаушылық, қолдаушылық әлі де аңғарылмайды. Бұл мәселе қозғалған орайда кейбір әріптестер тіпті «орыстану», «өзбектану» «немістану» сияқты бағыттар бар ма?» деп өздерінің күмәнді сұрақтарын көлденең тартады. Әрине, бар. Олардың қай деңгейде екенін зерттеу арқылы айқын айтуға болатыны, онсызда түсінікті ғой. Ойдағы күдік байырғы идеологиялық күрестің жаңғырығынан туындайтынын болжау қиын емес. Бәлкім, қазақтанудың ұлттанумен шектелмейтінін ұқпаушылықта ойды келте қайыруға ұйытқы болуда шығар.

Не демелік, жалтақтықтың астарынан а) үстемдік идеологияның сарқыты - психологиялық дағдарыс, ә) қазақ болмысы туралы іліммен ұлттық саясаттың идеологиясын ажырата алмаушылық аңғарылады. Қазақ халқының бүгіні мен болашағына деген кәсіби көзқарастың, патриоттық сана-сезімнің жетіспей жатқаны шындық десек, қазақтану ілімін білім беру жүйесіне енгізу – ұлттық қажеттілік. Ұлттық қажеттілікке қатысты жалтақтықта сөз көбіктенеді, ал қайраткерлік қайырым тұншығады. Психологиялық жалтақтықтан арылудың жолы – ағартушылық жұмыста, интеллектуалды мәдениет пен рухани тәуелсіздікте. Қазақтану ілімі осы үш тұғырға сүйенеді, сол бастауларға бағытталады. Қазақ болмысын көтеріп жүрген зиялыларымыз аз емес. Ал қазақтану ілімін қозғап жүргендерді есітпеппін.

Қазақты «индивид – тұлға – ел -жұрт – этникалық қауымдастық – халық – ұлт» ретінде қарастырудың әдістемелі тәсілдерін талдау, яғни ағартушылық жұмысын жақсарту жайы өліаралық күйде қалып қоюда. Тұйық жүйеде өрісті қолдап тарылтушылық күш алары хақ. Ағартушылық дәстүрінің міндеттері –рухани бастауларды, салауаттылық бағыттарды, адамгершілік ұстанымдарын ұлағаттау десек, шығармашылықтың осы өзара ұштасқан тұғырында ғана қазақтану этникалық кезең­дерді толық қамытуға және болжамдық қызметін жан­дандыруға лайықты әдістеме.

Қазақтану – ұлттық аяда интеллектуалды мәдениетке жетудің құралы. Оған жетудің шарты: а) тұлғалық орталықтардың идеялық мазмұнын сапалық деңгейге, қазақты танытқызатын жоғары сатыға көтермелеу; ә) қазақ тарихы, қазақ әдебиеті мен тілі, этнопедагогика, қазақ философиясы сияқты пәндердің идеялық және әдістемелі негіздерін өзара үйлестіретін бағдарламаны оқу жүйесіне ендіру; б) қазақ ұлтына, оның мәдениетіне қатысты салалық білімдер мен орталық ізденістердің бір-біріне ықпалын арттырып, оларды қазақтың тұлғалық және кісілік қасиеттерін, елдік және ұлттық сипаттарын жетілдіруге қызмет еткізу. Білім мен ізденістегі осындай интеграциялық үрдісті басшылыққа алып, оны әлеуметтік бағытқа, қазақты танытуға арнай білсек деген үміт әрдайым мазалайды.

ӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗБЕН ЖАҚЫНДАТАТЫН ДӘСТҮР АЯСЫНДА ЖЕТІЛУІМІЗ КЕРЕК

«Қазақтану» деп үлкен ізденістер жасап жүрген Сізді кейбір әріптестеріңіз «нағыз қазақ» дейді...

– Қаны да, жүрегі де таза қазақтардың бірі екенімді мақтан тұтамын. Ал «нағыз» деген ұғым тұтас тұп-нұсқадан, киелі кісілік қасиеттерден, нақты іс-әрекеттерден, ірі қажеттілікке оралымды өлшемдерден құралатынын тарихымыз дәйектеп берді. Бұл – киелі ұғым. Ал осындай биік тұрғыдан мен туралы кімнің қандай ойлайтынын кесіп айтудың реті келе қоймас. Тек қазақ халқының интеллектуалды өкілі ретінде менің шығармашылық ізденістерімді «қазақтанудың» іргетасы әрі алғашқы үлгілері деп қабылдап жатса, соның өзі мен үшін жоғары баға. Соңғы жеті кітабымда қазақтану ілімінің негіздері мен кезеңдері қабаттаса өрбітіледі. Мәселе – істелінген тірлікте ғана емес, алда күтіп тұрған нақты мақсат-міндеттерде. «Қазақтану» орталығын ашып, оның танымдық, әдістемелі және мәдени маңызын ашып беретін деңгейге жетсем, әлгі сіз айтқан «нағыздың» бір қырына көтерілгендей сезінер едім. Әзірге осы мәселелерді түсіну, міндеттерді қолдау болмай отырғаны мені күйзелтеді.

Заманына бейімделген қандастарымызға «жаңа қазақ» деген айдар тағуға бола ма?

–Тәуелсіздігімізді алғасын, рыноктық қатынасқа «тез» бейімделе алған жас буындарды, кәсіпкерлерді жұртымыз «жаңа қазақ» деп, біреуі қызыға, біреулері қызғана айтып жатты. Расында, жаңа мәртебеге әркім әртүрлі жолмен, оның ішінде «құптарлық» көзқарастың да, сұқ қолмен шұқып көрсететін келеңсіз жайлардың да қатар орын алғаны рас. «Жаңа қазақтардың» кейбірі Россия нышандарына еліктеп, өз елінің емес, батыс дәстүріне бой ұрушылыққа, әйтеуір байлыққа құнығушылыққа ұрынды. Бөтендікке ұрынушылардың арасында байлыққа қол жеткізуді ұлттық мүддеден алшақ қараушылық етек алды. Сонымен «жаңа қазақ» ұғымын алғаш теріс мағынада қабылдаушылық, қараушылық орнықты.

Ендігі тәуелсіздігіміз ел ішінде, әлемде ықпалын арттырған сайын, «жаңа қазақ» туралы түсінік те, оған деген көзқарас пен талапта жаңғырды. Әлемдік өркениет пен стратегиялық даму бағдарына ілесу үшін бәрімізде түрленуіміз, жаңаруымыз керек. Тек ұлттық мәдениет пен ұлттық мүддені үйлестіретін, оларды көтермелейтін арнадан шығып кетпей, өзімізді өзімізбен жақындататын дәстүр, амал-әрекет аясында жетілуіміз керек. Содан қазақтың жаңа бейнесін, беделін және белсенділігін қалыптастыру ауадай қажет. Бүгінгі іргелі міндет: өзін – ұлтымен, ұлтын – әлемдік қарқынмен теңестіретін бәсекелі рух қазақтың жаңа қауымдастығы мен ұрпақтарын қалыптастыруға шешуші ұйытқы болмақ.

Өзұлтыңызды зерттеуші ретінде бүгінгі қазаққа қандай баға бересіз?

–Қабілетті шыңдау бәсе­келестігі озат орталарда етек алатыны, тамыр жаятыны мәлім. Қазақтың қайдан шыққанын, қандай болуын білмей, қазақи ұрпақты тәрбиелеудегі «жеңімпаздық» деуге тіл батыл бұрылмайды. Әншейінде ескеріле бермейтін мына бір нақты сауалға ой жүгіртіп көрелікші: «ел көңілі мен көзіне іліккен намыстылар қай ортада қалыптасқан және олар халқымыздың қанша пайызын құрайды?» деп мамандардан сұрап көрелік. Тиянақты жауапты есіте бермеспіз. Зерттелінбеген мәселе. Озаттарды, намыстыларды, патриоттарды бірдей қалыптастыру жұмыстарының идеялық, әдістемелі негіздері қалыптасқан ба десек, тағы да тіліміз күрмеледі. Осы тектес қасиеттер рухани сезімталдығымызды қалыптастыруға және ұлттық мүддемізге қарымды қызмет етпесе, қазақтың ұлттық мәртебесі және ұлттық мемлекеттің айбыны арта бермейтіні айғақ. Қалған жайды оқырман өзінше бағалай жатар.

Ұлтымыздың діңгегі – ислам дініне, дүниетанымымыз – Шығыс мәдениетіне негізделген. Бірақ «рухани тамырымыздан» алыстап кеткен жоқпыз ба?

–Қазақтың көне тағдыры мен тарихына үңілсек, оның әрбір жаңа дәуірі мәдениеттер тоғысындағы рухани бастаудан, түрлі әлеуметтік белсенділіктен нәр алғанына күмәнданбаймыз. Өркениеттің рухани бастаулары сабақтас, бірақ оны жүзеге асыратын әлеуметтік қатынастар мен құрылымдар қатып-сеніп қалған біркелкі емес. Шығыс мәдениеті көне, ислам өркениетінің өзіндік тұнық тұнбалары бар. Бұрынғы бабаларымыздың даналығы сол, қос арнаны еуразиялық кеңістіктегі қан мен жанға сіңген әдет-ғұрыпқа икемдеп, көзжұмбайлық еліктеуден біртіндеп арыла бастады. Іргелі бетбұрыстарда ел үшін ерлік жасалынды, ерлік елдің еңсесін көтерді. Рухани тамырымыздан тәлім алатын тарихи сабақтың үлгілері ерлік пен елдіктің тұтастығында.

Бүгінде тарихымызды да, мәдениетіміздің түп-тамырын да саптай алмай жатқанда, сіз айтып отырған «рухани тамырымыздан» ауытқушылық та, мінез-құлықтағы құбылмалық та орын алуда. Қазақтың рухы мен ұлттық рух – үйлес ұғымдар. Бірақ қазақ рухы ұлттық қауышудан бұрын қалыптасқанын, ұлттық қатынаспен шектелмейтінін кейде ескерсекте, терең ұқпаймыз. Қазақ рухына өмірлік мән ендіру – тарихи өрнекті сабақтау, бірақ басқа ұлттың мәдениетін қабылдамау немесе өмір салтымен есептеспеу емес. Екі жақты бір-біріне айдап салатын қыңырлық таптық күрестің құралы, біржақты идеологиялық ұстанымның ушығы екенін ескерелік. Қазақтану, керісінше, рухани сезімталдықты тәрбиелеуге, рухани тамырды баптаудың дәйекті құралын баптауға қызмет етпек. Оны қазақстандық келісімді құрайтын идеялық негіз, қазақ елінің іргесін нығайтуға жол ашу деп ұғамыз. Түсінігімізді осындай деңгейге көтермелейтін шешуші бетбұрыста өмір сүріп жатқанымыздан тиісті қорытынды жасалық, қажетті шешім ұсыналық.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тоты СЕРІКБАЙҚЫЗЫ