Қуыршақтарды күлімдетіп, сәбилерді сергелдеңге түсірген... қайран Қытай

игр Қазіргі таңда, кез келген базарға бас сұға қалсаң, балаларға арналған ойыншықтар қаз-қатарынан тізіліп-ақ тұрады. Қызылды-жасылды, көздің жауын алардай жылтыраған ойын­шық­тарды көргенде, балалар түгілі, үлкендердің өзі, қызығатыны анық. Байқап қарасақ, бүгінде ойыншықсыз жүрген баланы көрмейсің, тіпті сәбидің ажырамас серігіне айналғандай. Қайда жүрсе де қолынан тастамайды. Кейде оны аузына салып, бірге ұйықтап та қалатын кездері аз емес. Ал, сол ойыншықтардың бала денсаулығына зиян екенімен ата-ананың еш шаруасы да жоқ. Олай дейтінім, сауда орындарында тауардың сапа сертификатын талап етіп жатқан ешкім жоқ.

Ойыншықтар баланың көңiлiн аулайтын, мазасызданғанда алдандыратын дүние болғанымен, өсіп келе жатқан бала үшін аса қауіпті екені белгілі. Кішкентай бүлдіршіндердің қолына тиген кез келген затты ауызына салып, сора бастайтынын ескерсек, әлгі зиянды, улы заттардан жасалған ойыншықтар бала ағзасына түсіп, түрлі ауруға ұшырататынын ойлаудың өзі қорқынышты. Мысалы, Қытайлық ойын­шықтардан шығатын түрлі дыбыстардың да шамадан тыс асып түсетіні анықталған. Әрине, мұндай дыбыстар баланың есту қабілетінің төмендеуіне, тіпті саңырау болып қалуына әкеліп соқтыратыны анық. Сәбилер тұрмақ ересек адамдардың өзі әлгі дыбыстарды естігенде жүйке жүйелері сыр бере бастайтыны жасырын емес. Жалпы, осы дыбыс шығаратын ойыншықтарды жасағанда поливинилхлоридті және тағы да басқа химиялық ингриденттер пайдаланады екен. Соңғы жүргізілген зерттеулерге қарағанда, бұл заттар ағзаға түссе, жинала келе адамның қорғаныс қабілетін нашарлатып, бауыр мен бүйректі зақымдап, құрамындағы кандерогендік заттар қатерлі ісіктің пайда болуына әсер етуі де мүмкін екен. Сондықтанда, поливинилхлоридтен жасалған ойыншықтардан сақ болған жөн. Әсіресе бала тістеп ойнайтындарына жіті назар аудару керек. Негізінен мұндай ойыншықтардың целлулоидтан жасалғандарын алған дұрыс. Ол ағзаға зиянсыз зат болғандықтан денсаулыққа кері әсері жоқ. Осы мәселелерді зерттей келе, бірнеше жыл бұрын еуроодақ елдері улы материалды қолдануға қатаң тиым салған. Алайда, күнге дейін қытай елі қолданып келеді. Ал, біздің елімізге келіп жатқан ойыншықтардың барлығы дерлік қытайдан әкелініп жатыр. Осы ойыншықтарды пайдаланған балалардың иммунитеті әлсіреп, аллергиялық ауруға сондай-ақ, асқазан, ішек дерттеріне жиі ұшы­райтындықтарын дәлелдеген. Сонымен қатар, енді жетіліп келе жатқан бала қолындағы ойыншық арқылы өмiрдi, қор­шаған ортаны тани бастайды. Сол себепті, бүлдіршіндерімізге тәрбиелік мәні бар, сапалы дүниелерді беруге тырысуымыз қажет. Бүгінгі таңда, буыны енді қатайып келе жатқан балаға, оның келешегiне балалық шағында ойнаған ойындары тiкелей әсер ететіні айтпаса да белгілі. Мұндай жағдайды ескеретін болсақ, өсіп келе жатқан балаларымыздың көпшілігі қатiгездiкке үндейтiн фильмдердi көрiп, жамандыққа шақыратын ойыншық­тармен ойнап өсіп келе жатқаны буынсыз жерге пышақ ұрғандай. Ертеңгi күнi ол балалардан қандай азамат шығады? Осы, балаларымыздың ойнап жүрген ойыншықтары қандай, олардың тәрбиелік мәні бар ма? Әрине, жоқ. Өйткені, осы ойыншықтардың дені – шетелдің мультфильмдері мен қиял-ғажайып киноларының кейіпкерлері. Тіпті, үлкендердің өзі біле бермейтін, бірақ тілі шығып үлгермеген баланың өзі «Шрэк», «Өрмекші адам», «Спандж Бопты» айна қатесіз, жаңылмастан айтып береді. Ең сорақысы, әлгі кейіпкер-ойыншықтардың теледидардан көрген іс-қималдарын қайталап, қатігездікке тәрбиеленіп жатыр. Мәселен, Барселона елінде үш жасөспірім теледидардан көріп, өздерін таңдандырған «трюкті» жасаған. Кешке қарай» олар көшеге пластинкалық лента байлап қойып, ол лентадан өтіп бара жатқан мотоциклшінің мойнын кесіп түсіргеніне қарап, қызықтап тұрған. Ал мотоциклші сол жерде қаза тапқан. Шетел түгілі мұндай жайттар өз елімізде де белең алып келеді. Тағы бір мысал, өзіміздің отандық психологтар «Барби» сияқты қуыршақтармен ойнап өскен қыз баланың бойында өзiн-өзi қорсыну яғни төмен санау сезiмi қалыптасатынын анықтаған. Өйткенi, кiшкентай бойжеткеннiң «Барби» қуаршақтың сұлулығына, көркемділігіне ұқсағысы келіп ынталанады. Сұлулығында еш мiн жоқ «Барибиге», өзін ұқсата алмай қорланатын баланың психикасы әлсіреп, бұзылып, өз бойындағы табиғи әдемiлiгiне деген сенiмнен айырылып қалуы да әбден мүмкін екен. Осы мәселелерді ескере отырып, билік басында отырған ағаларымыз ойланып, өз елімізде тәрбиелік мәні бар қуыршақтарды шығаратын орындарды қолға алуы тиіс. Алайда, отандық тауар өндірушілердің сапалы ойыншық шығаруға құлықтары жоқ па, әлде шамасы келмей ме белгісіз. Соңғы уақытта, бір қуантарлығы отандық тауарлар сапасы жағынан да шетелдік маркалардан асып түсе бастады. Өйткені, белгілі әнші және продюсер Қыдырәлі Болманов ұлттық нақыштағы ойыншықтарын ойластырып, шығарды. Енді, сәбилеріміз қытайлық акценттегі емес, таза мемлекеттік тілде сөйлейтін қуыршақтармен ойнайтын болады. Тіпті, амандасып, қысқа сөз қайырып, мемлекеттік тілде ән салады екен. Алдағы уақытта, осындай ойыншықтар көптеп шығарылып, өзге елдің тауарларына балаларымыз телмірмесе екен. Өйткені, қарапайым халық жиі баратын базарда не көп, жылтыраған, дыбыс шығаратыны, қимыл жасайтыны, билейтіні, күлетіні дейсіз бе, әйтеуір, неше түрлі қытайдың ойыншықтары көп. Соған қарамастан, олардың бағалары да қолжетімді, арзан. Мұндай ойыншықтарды ата-аналар балаларын қуантайын деп, ақшаларын аямай, баласының еріксіз бір қуанғанын көру үшін алып беріп жатады. Бірақ, бұл ойыншықтардың көбі –улы, сапасыз дүниелер екендігін олар көбіне мән бермейді. Байқап қарасақ, бұл ойыншықтардың көпшілігі қытайда заңсыз өндірілген өнімдер екені айтпаса да белгілі. Негізі, кез келген сауда орындарында ойыншықты аларда сатушыдан оның қауіпсіздігін растайтын сертификат сұрау қажет емес пе? Өкінішке орай , біздің елімізді ешкім оны қадағалап сұрамайды. Бастысы, баласына керегін әперді болды. Ал, әлі жетіліп болмаған бала ағзасына сапасыз ойыншықтармен ойнаудың қауіпті екені маңызды емес. Бірде, арнайы ойыншықтардың базардағы сатылымы қандай екенін білу мақсатында қарапайым халық жиі баратын «бархолка» базарына бардым. Кіре берістен-ақ, балаларды қызықтырып, өзіне еріксіз елітетін ойыншықтар бірінен-бірі өтіп, тізіліп тұр. Бір қарағаннан-ақ, қытайдың ойыншықтарын жазбай танисың. Ойыншықтар қатарына кіргеннен бастап, тынысың тарылып, мазасыз күй кешесің. Себебі, жағымсыз бір иіс тұла бойыңды тітіркендіріп жібереді. Соған қарамастан, саудагерлер өз тауарларын мақтап, алмасыңа қоймай, қызу сауда жүріп жатады. Тіпті, сөрелерге балаларды қызықтырып, қуыршақтарды билетіп, әртүрлі қимылдар жасатып қойған. Әрине, оны көрген бала қалай алмасын. Жалпы, еліміздегі базар, дүкен сөрелерін қытай тауарларының жаулап алғанына да біраз уақыт болды. Себебі, ол ойыншықтардың бағасы арзан яғни елу теңгеден бастап, бес-алты мың теңгенің айналасында екен. Кез келген сәбидің не нәрсе болса да әуелі ұстап, сосын аузына салып көретінін бәріміз жақсы білеміз. Ал мұндағы иісінің өзі қолқаны жаратын ойыншықтар баланың қолына түссе, не болмақ? Айналаңызға бір мезет зер салып қараңызшы, ол қандай ойыншықтармен ойнайды, теледидардан не көреді? Басты себеп осында болуы мүмкін. Кез келген үйге бара қалсаңыз, қаптаған түрі ұсқынсыз Халк, Шредер, Бэтман, Супермен, Өрмекші адам және тағы басқа кейіпкерлердің мүсіндерін бейнелеген ойыншықтар және атаулы кейіпкерлердің желісіне түсірілген мультфильмдердің дискілерін, суреттерін байқауға болады. Осы тұста, американдық зерттеушілердің пікіріне назар аударсақ, балалар мен жасөспірімдер телеаудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді. Ол орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын дәлелдеген. Қандай сұмдық десеңізші. Міне, осылай балаларымызды өз қолымызбен улап жатырмыз. Сонда не болғаны? Бұған тоқтау бар ма? Еш болмаса, сапасына алаңдамай алатын жақсы ойыншықтарды балаларымызға қайдан аламыз? Ойыншық баланың тек ермегі ғана емес. Әрбір ата-ана өз баласын өзге балалардан кем етпеу үшін ештеңеден аянбайтыны белгілі. Ал баланың серігі де, ермегі де ойыншық болғандықтан, баласына оның түр-түрін әперуден ата-ананың жалықпайтыны да жасырын емес. Дегенмен, ата-ана сол ойыншықтардың қаншалықты бала ағзасына қауіпті екенінен хабарсыз болғандықтан, осы жансыз заттың балаға қаншалықты қатерлі екендігін біле бермейді. Оның үстіне елімізде ойыншықтар нарығын зерттейтiн арнайы мамандар жоқтың қасы. Осы мәселелерді қолға алып, сырттан келетін ойыншықтың сапасына тиісті орындар айрықша көңіл бөлуі қажет. Тіпті бұл – қатаң қадағаланатын мәселе. Өйткені ойыншық – ұлттық қауіпсіздіктің басты мәселесі. Алайда бізде ойыншық жасау ісі әлі күнге дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтанда, осы мәселелерді ескере отырып отандық ойыншық өндірісін дамытатын кез жетті. Ойыншық мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Ойыншық арқылы баланың ойлау қабілеті артады, сол арқылы өмірге бейімделеді. Сондықтан ұлт боламын деген, ұрпағын ойлаған ел балалар ойыншығына, әсіресе, сырттан әкелінетін ойыншықтың сапасына, зиянсыздығына ерекше көңіл бөлуге, қатердің алдын алуға міндетті. Қазақтың баласы тамырынан қол үзіп қалмасын десек, ұлттық нақыштағы, бүлдіршіндерді қызықтыра білетін, бір көргенде елітіп әкететін ойыншықтарды, мультфильмдерді түсіру керек. Өскелең ұрпақтың қоғамның толыққанды, парасатты тұлға болып қалыптасуына оның қолындағы ойыншықтары мен көгілдір экранның тигізетін әсері мол. Сондықтан да, ел боламыз десек, осы мәселелерді қолға алғанымыз жөн. Әсел РЗАЕВА