ҚАЗАҚ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ КЕТІГІНЕ КІРПІШ БОЛЫП ҚАЛАНҒЫМ КЕЛЕДІ

МаксатМақсат Әбдіқадырұлы Медицина ғылымдарының магистрі, аға дәрігер. Қытай Қазақ емшілік-дәрігерлік қоғамының бас хатшысы және инемен емдеу қоғамының мүшесі:  

– Аға, өзіңізді оқырман қауымға таныстырып өтсеңіз?

– 1968 жылы 15 ақпанда қытайдын Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келгенмін. Балалық шағым бақытты отбасында, көреген әке-шешенің тәлімді тәрбиесінде өтті. Мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаздардан сабақ алып, үздік бітірдім. Содан, 1987 жылы 21 қыркүйекте ШҰАР-дағы ордалы білім ордасы болған Шынжаң Медицина университетінің «Шығыс медицина ғылымының Клиникалық факультетіне» оқуға түстім. Содан, 1993 жылы 12 қазанда Іле облыстық «Күйтун» шипаханасының балалар бөліміне шипагер болып орналастым. Жұмысымдағы еңбегімді бағалап, екі жыл ішінде шипахананың Қазақ шипагерлігі бөлімінің орынбасары етіп тағайындады. Осындай еңбектерімнің арқасында қатысты орындарды яғни 1998 жылы аға шипагер атағын берді.

-Осы ізденістеріңіздің дәлелі ретінде қандай еңбектеріңізді айта аласыз?

-Көптеген ізденіс жасап, нақтылы тәжірибелерім мен зерттеулерімді қорытындылап, біршама құнды ғылыми дүниелер жаздым. «Ілме», «Тума ұршық буын шығудың ауру себебі және оташылық жолмен емдеу» атты мақалаларым шықты. Қазіргі заманғы медицина журналы жағынан үздік ғылыми шығарма болып бағаланды. Соның нәтижесінде 2006 жылы шілдеде Іле облыстық қазақ шипагерлік, дәрішілік ғылыми қоғамының бас хатшысы болдым. Сонымен қатар, «баланың ми сал ауруы» туралы жазған мақалам, мемлекеттік сыйлық алды. 2006 жылы тамызда неше жылдық ізденіс жемісі іспетті «Қазақтың шипалы дәрілері мен емдеу әдістері» атты ғылыми кітабым жұртшылықпен жүздесіп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.

-Осы шығыс медицинасында қолданып жүрген, емдік дәрілерге тоқталып өтсеңіз? Жалпы қай аймақтарда көптеп өседі.

ҚХР бойынша арнайы зерттеу жүргізілген еді. Бүкіл қазақтың даласы бар барлығын аралап «Шыңжаң шөп дәрілері» деген кітап жасадық. Сол кезде араласқан бір Қытай маман және Әукен деген қазақ бауырым бар, осы екі кісіні ертіп қазақтың жайлау, қыстауын түгел он бес күн уақыт араладық. Бізде теория жүзінде еліміздің қай жерінде қандай дәрілер бар екенін білгенімен, көзімізбен көрмегенбіз. Сондықтан да, қазақтың даласынан көптеген дәрілік шөптерді таптық. Онымен қоймай, осы жаққа келгеннен кейін, тағы еліміздегі тауларды аралап көрсем, Қытай өлкесінде болмаған біршама емдік шөптерді таптым. Енді олардың барлығы әлі тәжірбиеден, зерттеуден өтпеген. Сондықтан, осының барлығын жинақтап бұрынғы шығарған кітабыммен қосып шығарып, Қазақстан халқына өз пайдамды тигізсем деген ойым бар. Сонымен қатар, ол жақтағы жинақтаған тәжірбием бар, осы жақтағы бар барлығын қосып, бір-екі жылдың көлемінде үлкен жинағымды шығарсам деген мақсат қойып отырмын.

-Осыншама жылдан кейін, еліңізге келіп, өз ісіңізді бастауыңыздың түпкі мақсаты неде?

- Өзімнің отаным, туған өлкем болғандықтан, азда болса өз үлесімді қоссам деген мақсатым. Былтыр яғни 2010 жылы желтоқсанда Алматы қаласында «Мақсат Шығыс клиникасы» медициналык орталығын заңды тіркеуден өткіздім. Бұл мекемеде қытайдын озық медициналық аппараттарын енгіздім, алдағы жерде қытай емшілері және басқа да мамандарды ұсыныс етіп істетпекшімін. «Мақсат Шығыс клиникасы» алдағы жерде ауруға бүкіл ынта пейілмен қызмет көрсетеді және қазақ қоғамының сау-салауатты болуына ыстық ықыласпен қызмет жасайды деп уәде беремін. Бұл менің үлкен арманымның бірі ғана. Осы арқылы, Қазақ медицинасының кетігіне кірпіш болып қаланғым келеді.

-Емханыңыздың сапасы қандай деңгейде?

-Жалпы науқас, сапа, қызмет ету, сенімділікке алғы шарт, ажалға арашашы ауруға медет, бүкіл ынта пейілменен науқас үшін қызмет көрсетеді. Емханамыз шығыс медицинасының тамыр ұстап диагноз қоюмен қатар заманауи медицина аспаптарын бірлестіре отырып әр түрлі күрделі науқастар, қантты несеп ауруы, тыныс жол аурулары, жүрек қан тамыр аурулары, жүйке (нерв) жүйесінің аурулары, ас қорыту жүйесінің аурулары, балалар ауруы, әйелдер мен ерлер аурулары қатарлы күрделі ауруларды емдейді. Сол жолда барлық күш жігерімді саламын.

-Нақты емдеу әдістеріне тоқталсаңыз?

-Инемен емдеу, массажбен емдеу, жануарларды пайдаланып емдеу, табиғи шөптермен емдеу, бұлаумен емдеу, арасанмен емдеу, ток аппараттармен емдеу және тағы басқа емдеулердің түрлері бар.

-Елімізде көбінесе қандай сырқаттар белең алып отыр?

Бұл жақта балалардың ми сал аурулары яғни «черепной давление» өте көп. Бұл негізінен ананың ішінде жатқанда баланың инфекциялануынан болады. Екіншіден іште жатқанда оттегі жетіспеу. Үшіншіден, жатырдағы кезде анасы тымау тиіп, дәрі қолданса бір келеңсіздік болуы мүмкін. Ең негізгісі ана босанғанда баланың тұншығуы. Осыған, ата-бабаларымыз қарғалдақ деген шөпті пайдаланған. Ол осы Алатауда да бар. Қыстың күні қардың үстінде аппақ гүл ашып тұрады. Соны кептіріп алып, бір-екеуін қайнатып, босанғалы жатқан анаға ішкізсе, дереу толғақ келіп, бала қиналмай дүниеге келеді. Сондықтанда қазіргі заманда осындай шөптерді неге пайдаланбасқа. Мысалы, таяуда жақын інімнің келіншегі ішіндегі баласы жеті ай кезінде көп күш түскен болуы керек, қатты қиналып емханаға барды. Барардың алдында екі қарғалдақты қайнатып ішкізіп жібердім. Негізі бұл келінімізді айтқан, бір жақ бүйрегі кіші, бір жақ бүйрегі үлкен яғни бір бүйрегі әлсіз деп. Содан, олар өзі босаналмауы мүмкін, енді қалайда операцияға дайындау керек деді. Қалай десе де біз оған келіспей біріншіден Аллаға, екіншіден әлгі шөп дәрінің көмегі тиер деп сендік. Сонымен көп ұзамай екі-үш сағаттың ішінде босанды. Егерде сол шөп дәріні бермегенде операциямен алар еді. Қазір құдайға шүкір жақсы.

Осы жаққа келіп, біраз емханаларды аралап көрдім. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын. Бір кемшілігі балалардың ми сал ауруын емдейтін арнайы орталық жоқ екен. Олар тек азғантай емдері мен массаждарын жасайды екен. Одан бала тәуір болмайды. Содан ата-анасы баласын Қытайға, Еуропаға апарып, аяқтарынан тозып жатқаны. Сондықтан мен Қытайдан түрлі емдік аспаптарды және Қытайдың үлкен бір университетінде даярланған дискіні әкелдім. Онда барлығы айтылған, түрлі жаттығулардың үлгісі де бар. Әлгі дискіні осы жаққа әкеліп, қазақша орысша нұсқасын даярлатып жатырмын. Өйткені, клиникаға баланы әкеліп емдету қиын. Бірінші қомақты қаражатты талап етсе, екіншіден толық емін алу керек. Бұл тұста көбісі немқұрайлы қарайды. Егерде дискіні ата-аналардың қолына беріп, сосын емханаға келгенде қалай жасау керек екендігін толық үйретсем ем нәтижелі болады. Негізі ең жақсы емші ата-ана, баланың қасында көп болады. Сондықтан да менің берген тапсырмаларымды орындаса, осы жерде өзімнің емімді жасасам құлан таза айығып кететініне кәміл сенемін.

-Сіздің алдыңызға қатты сырқаттанып келіп, аяғынан тұрып кеткен науқастарды айта аласыз ба?

Менің осы жаққа келіп, жұмысымды бастағаныма 2-3 айдың көлемі болды. Сол себепті, мені әлі ешкім тани қойған жоқ. Дегенмен осыдан аз ғана уақыт бұрын бір жұмысшы кісі келді. Ауыр нәрсе көтергендіктен, белінен ұстап, ешнәрсеге икемсіз болып қалған. Содан мен тексерейін деп, арнайы үстелге жатқызсам ет-бетінен жата да алмайды. Дереу арнайы нүктелерге инені шаншып, белін ары-бері айналдырып біраз жаттығу жасаттым. Ертесіне қайтып келді, жақсы ұйықтадым, біраз тәуір болып қалдым дейді. Қазір емін жалғастырып жатыр, аяғынан тұрып кетті.

-Шығыс медицинасының ерекшелігі неде?

-Шығыс медецинасында бірінші ерекшелік инемен емдеу деп айтар едім. Осы жерде бір айтарым, инені қолданғанымен де, оны дұрыс пайдалана білу керек. Көбісі нервке салады, ол дұрыс емес. Нервке салғанда қатты ауыртады, ал арнайы нүктелерге салғанда ұйыған сияқты сезінеді. Екіншіден табиғи шөп дәрілермен емдеу . Шөп дәрілердің ешқандай теріс әсері жоқ, пайдасы болмаса. Десе де, көпшілігі мынау шөп дәрі зияны жоқ деп, көп мөлшерде ішуі мүмкін. Ол дұрыс емес. Қанша дегенмен емдік шөптер ғой. Сондықтанда көп мөлшерде ішіп, екінші ауруды қоздырып алмау керек. Мысалы, қан қысымы бар ауруларға қарақаттың тамырын қазып алып, көлеңке жерге ауа өтетіндей етіп, кептіріп қояды. Содан оны ішкенде 5 -10 грамман асырмай, шәйға ұқсатып, қайнаған суға бұқтырып ішсе қан қысымын көтереді. Ал кейбіреулер бұл шөп дәрі деп, көбірек 20,30 грам ішіп қояды. Содан қан қысымын бірақ түсіріп жібереді. Ол өте қауіпті.

-Осы емшілік жолда көп еңбек етіп, өз еңбектерін сіңірген емшілерді айта аласыз ба?

Сахара мәдениті саңлақтарының бірі болып, адамзат мәдениеті қорына айтарлықтай қомақты үлестер қосқан ұлтымыздың ұланғайыр тарихында таудай-таудай табысты мәдени ұлттық өнері ұшан теңіз. Әне, сол ата-бабаларымыздан қалған, әлемге әйгілі өлмес өнердің бірі, бірі болғанда бірегейі ұлтымыздың емшілік өнері — дүниеге «Қазақтың дәрі дармектері және емдері» деген атпен әйгілі болған, тарлан тарихтың ұзақ сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге бүлінбей жетіп отырған, дүние емшілігіндегі елеулі еңбектердің бірі «Шипагерлік баян». Емшілік саласында осындай зор еңбек жазып қалдырған қазақтың емкөс қара шалы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атамыз жалаң сахара мәдениеті дәуірінде, оқу-білім ордасы, ешбір тәжірибе аспабы жоқ, мешеу шарт-жағдай астында, өз басын тәжірибе сынағы ете отырып, алуан ауруға ем іздеп, не бір шипалы дәрі шөптер мен дауалы ауру рецептерін адамзат игілігіне жаратты. Осыдан-ақ, ұлтымыздың ұзақ тарихында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атамыздай әйгілі емші аталарымыздың емшілік еңбектері бейне қаза берсең шыға беретін таусылмас кен байлықтарындай баршаның бағына ашыла берері даусыз.

Өйткені, қазақ емшілері тарихтан бері ұзақ уақыт науқастарды емдеу барысында емшілік және дәрішілік жағында көптеген құнды тәжірибелерді топтады, әрі шәкірт тәрбиелеп, ұрпақтан ұрпаққа қазақ емшілігіндегі тәжірибелерін қалдырып отырды. Мен қазақ емшілігімен шұғылданған қысқа ғана уақыт арасында, аға шипагерлерге шәкірт болып, құнды тәжірибелер үйрендім, атадан балаға жалғасқан қазақ емкөстерінен естелік қалдырдым әрі практикадан өткіздім.

- Еліңізге келгеннен кейін, қол ұшын беріп, көмектескен жандар болды ма?

Бұл жерде жаман емес, көптеген үлкен ағаларымыз көмектерін аяп жатқан жоқ. Қолдарынан келгенше жол көрсетіп келе жатыр. Осы орталықтың ашылуына ат салып, керекті құжаттарымды дайындасты. Бір байқағаным, Қазақстанда тазалық жағынан өте қатал, қатаң қадағалау жасайды екен. Соған өзім қатты қуандым. Қытайда барлығы жақсы деп айта алмаймын, ол жақтағы емханаларда тазалық нашарлау. Ол жағынан келгенде Қазақстанға жетпейді екен.

-Әңгімеңізге рахмет!

Әсел РЗАЕВА