Тарпаң мінезді Маралтай
2016 ж. 18 қазан
6815
0
Маралтай Райымбекұлының «Тарпаң» жыр жинағы қақында
...Ойларымды жинай алмай шашылған Мен уақыттың өтіп барам қасынан М.Райымбекұлы «Автопортрет» ...Бұл қай уақыт? Білу үшін «Тарпаңды» біз де мініп, Кентавр болмысты Маралтайдың екпініне ілесіп, оның кіндік қаны тамған топырақтың жапсарындағы терең тамырлы тарихқа бет алайық. ....Алдынан алдиярлап сый қамдады, Түркістан – Яссы, Қарнақ, Иқан бәрі. Қылыштың жүзіменен тізерледі Көшпелі... отырықшы ел дихандары. Шаң-тозаң арайлаған таңды көміп, Қақпалар қаусап жатты мәңгі берік. Жетікент, Шаш, Испиджаб, Мәруеннаһр Найзадан сорғалаған қанды көріп. (Баба Түкті Шашты Әзіз бен Баб ата). Бұдан біршама көне қалалардың тұсынан өтіп, қасіретті көзбен көргендей егілдік. Мұндағы қанды тарихтың әділетіне заманауи көзқарас тұрғысынан жауап беру Маралтайдың еншісінде емес. Әйтсе де,шығармашылық шымылдығын шынайы тарихпен ашып, ең бастысы поэзиясы арқылы белгілі жайттардың бас-аяғын жинақтауға қатысты. Ал, халифаттың әкелген иманына құдайдай сенетіндігін мына бір шумақтар дәлелдейді: ...Ықпайтұғын ұлы жолды мықтыдан, Қалай, қайтіп бұл халыққа ұқтырам?! Сен болмасаң бұл халыққа, Бурахан, Хаққа сену жолын қалай жұқтырам? ..... ...Махаббатсыз Құран бетін ашпаған, Таһаратсыз қара жерді баспаған... ...Әргі бабаң Баб атамен келген дін Әлі толы исінген жоқ санаға. (Қарабура әулие мен Қожа Ахмет Яссауи). Діни болсын, саяси болсын, кез-келген идеология заманауи жағдаяттардан туған философиялық сұрақтардың бәріне зорлықсыз, күштеусіз жауап беріп, сол континенттегі этносқа қолайлы қоғамдық формуламен сәйкес келгенде ғана ықтиярлы түрде санаға сіңіп исінеді. Құдай – көкте, Мен – Жердемін, Жердегі – Қаламымда тағдырымның кермегі. Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі. .... ...Игере алмай иірімге кетем бе, - деп ойлаушы ем, – жат билеген санамды. ... ...Тапсам дағы бірлігімді жоғалған Қайдан табам тарихымды тоналған? (У қайтару). Шынында да жат билеген санамыздағы уды қайтарып, тезірек айығып, ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегінен тоналған тарихымызды, өз бет-бедерімізді ажырата білсек, Маралтай айтқан иірімнен де, Вермудтың үштағанынан да сол қайта жаңғырған этностық болмысымыз құтқарар еді. Жүздеген ғасырда жүздеген жатжұрттық ықпал жүздеген түрлі жолмен келіп, әрқайсысы ондаған ғасыр санамызды отарлады. Әрқайсысы соңғы көшбасшы ретінде мәңгілік табындыруға әрекет жасады. Оның белгілі болғандарының ішінде парсы да, қытай да, моңғол да, араб та, орыс та бар. ...Исламның әдет-ғұрпы – шариғат. Сопылықтың түп-тамыры – тарихат. Діннің жолын танып білу – маһрифат. Жаратқанға жақын бару – хақиқат. (Қ.ә.Қ.А.Я.)Бұл өлеңнің құрылымы Абайдың: ...Фзули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Қожа, Хафиз, бу һаммаси, Мәдәт бер, иә шағри фариад, – деген жыр шумағын еске түсіреді. Маралтайдың бұл шумағындағы барлық сөзді арабшалап жіберсе ұйқасы дайын тұрған бұл шумақ тұтастай арабша өлең болып шыға келеді екен. Ал, жаратқанға жақын апаратын ақиқат жол ислам екендігінің және сопылықтың Тұран тарихымен байланысы бар-жоқтығының дәлеліне жету – Маралтайдың ғана емес, басқа да бірқатар зиялы қауымның ықыласын тудырып отырған өзекті мәселе. ...Алпыс үш жасқа келгенде тәрік қып бәрін, Жан-жүрегімен ұғынған тамұқтың мәнін. (Қ.ә.Қ.А.Я.) Ақын бұл жолы милиондаған жыл адамзат түсінігімен бірге жасап келе жатқан тамұқтың мәнін кейіпкер алпыс үшке келгенде ғана ұғынады деген ой тудырмай оның сапалы түрде санасына жеткен уақытын дәлелдесе керек. ...Келмейді мені мойындағысы Өркениеттік ділдегі ынсап.(Кентавр) Кентаврдың адамға қосары – жылқының сергектігі мен жүйріктігі, құстың қанаты. Күш-көлігі жоқ қоғамда туған бұл мифтік тотонимді екі жақты көзқараспен түсіндіруге болады. Бірі – әсіре лириктердің модернистік бағыты, екіншісі – философтардың парасат деңгейіндегі материалистік бағыты. Кентаврда бар қасиеттің өзінде де барын сезген лирик қана: ...Солардан қалған жүрек қой мынау – Жүрегім неге кісінемейді? (Кентавр), – дер еді. Ақынның өзі туған жерін бабалар арқылы ұлықтаған өлеңдері – Қаратау тарихының көркем көрінісі. Тараздың екі мың жылдық ғұмырнамасының да сақталуы – әр дәуірдегі осындай перзенттерінің арқасында шығар. Алты алаштың тағдырымен біте қайнасқандығын сездіріп, ордалы жерден оның шашбауын көтеру үшін, Алатауға бет алып бір белеске шыққасын: ...Алатау, сен де биік, мен де биік, Қосылсақ – қосылғандай шерге күйік. Сені Күн, мені күншіл менсінбейді, Тұрған соң табанымыз жерге тиіп. (Алатау)... – дейді. Мұнда атажұрт пен жан азаттығынан дарыған асқақтық, пендеге тән кішілік пен кісіліктің арасындағы қайшылықтар арқылы таразылауға келмейтін адамдық қасиеттерді көрсетеді. Сол белестен ұшы-қиыры жоқ өлкемізге тамсанып, ойға қарап, шалғайдағы Жайыққа да көз тастайды: ...Ақ Жайық – атамыздың белбеуі еді, Белінен түсіп қалған тарқатылып. ... ... Беліңнен тарқатылып мен де кеткем, Ешкім жоқ одан кейін еркелеткен. ... ...Мен саған түбі әйтеуір ораламын Аяғы әйбәт біткен ертегідей. (Адасқақ). Белбеуге Жайықты теңесе, Жайыққа дейінгі сағыммен жарысқан көкжиектің өзі де Еуразия белдігінің әбзелі сияқты. Әсірелеп көрсеткеніне қарап, ақынның атажұрты да сол өлкеде шығар дейсің.Өлеңнің аты«Адасқақ» болғанымен алаштың ақыны атажұрттың ішінде адаспайды. Десек те: ...Бағытынан жаңылысқан құс көрсең Маған – оны, Оны – маған мысал ет! (Күзгі палитра), – дейді. Ақын ар жолынан аяғын шалыс баспаса адаспайды. Ал, Маралтайдың адасуы – екі дүниенің арасында қиялымен саяхат жасап, парасаттың картасын сызып жүргендігі болар. Енді бір қатар образды жыр жолдарына назар аударайық: ...иығымнан басымды алып лақтырып: Меніменен бітелсе деп тесігің, Қақтым сосын о дүние есігін, (Жұтылу). ...О дүниеге о бастан-ақ мүше едім (Жұтылу). ...Тірілердің бәрі өледі – мұңдаспыз, Өлгендердің бәрі тірі – құрдаспыз! Немесе, ...Бататын күн шығу үшін батады, Жалғыз біз бе жетпей кеткен ақ таңға. ...Маралтай деп қол қоюым шарт емес О дүниеден жауап келмес хаттарға (О дүниеден хат) ...Бұл дүниеге қайтып келіп несі бар Іздегені о дүниеден табылса.(Бір қыз туралы аңыз). ...Пәк қалпында алып кеткен жанымды Ақ қалпында қайтып берсем болғаны. (Игілік). Маралтай Таразда суреттің оқуын оқығандардың ішіндегі кеңістікті қамтуы жағынан ең ауқымды суретшілердің қатарына жатады. Өйткені, оның өзге суретшілерге қарағанда бір-екі құрал-сайманы артық. Ол – қаламы мен абстрактіні танитын көкірек көзі.Жоғарыдағы жыр жолдарында көп құбылыстың ішіндегі біздің санамызға жеткен екі дүниенің суреті әр қырынан көрініс табады. ...Жазылмаған жырымды оқып тұрамын Қазылмаған қабірімнің қасында (Қызыл өлең). Қабірді қиялмен төңіректеген ақын енді бірде қыршын кеткен дарын иесі Бауыржан Үсеновке: ...Алқымнан алған ажалға Қаламмен қабір қазбас па ең?! (Қазанама), – дейді. Жаратушының қалауынсыз кіндік қаның тамған фәниден қашу – ол да күнә. Сондықтан қабірді адамға емес, ажалдың өзіне қазған абзал. ...Адамдар сыйған табытқа Ақындар, бірақ, сыймайды.(Қазанама)....Дұрыс айтады. Ақындыққа лайықты болып туған ақынның табытқа «сыймайтындығы» тағы бар. Төмендегі өлең жолдарын оқығанда айтып отырған Б.Үсеновтың өзі де еске түседі. Бәлкім тағдырларында бір ұқсастық бар шығар. ...Байлауы бұл фәнидің ән болмаса Кеудемнен көкала үйрек кетсін ұшып. (Жырау. Б.Тілеуханға) ...Торға тығар торғай емес еді ғой, Құс төресін қаматтырып түрмеге (Ақиық. А.Асқаровқа) ...Құс төресі төре болып қалады Қанша жерден таласа да құзғындар (Ақиық) Соңғы жыр жолы ел азаматының тағдырын суреттеуге арналғанымен оған балама ретінде алынған компоненттер – құстар. Айтар ойымызды анықтай түсу үшін Маралтайдың «Зоологиялық терминдер» деген туындысын зерделейік: ...Канденді көргем пілдерді үріп үркіткен, Күлейін десем көзімнің қаны тамады-ау, Қарғалар әлі ойнап жүр көкте бүркітпен.(Зоологиялық терминдер) ....Маймылдар сынды айнаға сәлем беретін Наданды көргем аумайтын сырты адамнан. (З.Т.). ...Адамды Кентаврға теңеп ұлықтасақ жарасады. Өйткені, ол ешкімнің таласы жоқ қияли болмыс. Ал, құс төресі – қыранға, сұңқарға, жердегі арысқа, барысқа, басқаға теңесек, сол тіршілік иелерінен жапа шеккен басқа хайуанаттарды неге теңейміз. Олар да сондай болғысы келеді. Сондықтан өзіне бұйырған табиғи кемшілігі үшін кінәлі болмас. Гегель негізін қалаған материалистік ілімді идеализмнен мүлде ажыратып алуға ат салысқан Фейербах «Терістеуді терістеу» заңын одан әрі ілгерілетіп, Дарвиннің «Тіршілік үшін күресін» қуаттады. Мұнда «әлділер жеңіп, әлсіздер жем болуы шарт» десек, оның бақилық қайтарымы, дүние кезегі болуы керек еді. Бірақ, материализмде фәни – томаға-тұйық (вакум). И.Ньютонның «Бар нәрсе жоғалып кетпейді, жоқтан бар пайда болмайды» деген қағидасына бағынады. Мұны екі дүниеге ортақтастырсақ ғаламдық тепе-теңдікті сақтаған болар едік.Поэтикалық-танымдық жағынан өзіме аздап ұқсататын екі ақынның бірі – Тыныштықбек болса, екіншісі – Маралтай. Бәлкім, бұл жолы Маралтай хайуанаттарды өзара сатылап, алалаудан гөрі олардың табиғи орнын анықтап, көркем тілмен жеткізу ниетінде болған болар. Адам да, аң да – жыртқыш. Бірінің қаруы – тіс, екіншісінікі – ми. ...Иесі бар иттер талап жатса да, Киесіне табынбаған бөрі едім (Қызғыш). Иттерді де табиғи тәуелсіздігінен айырған адам. Енді оған еркіндік берсең де кірерге тесігі жоқ, бекер қаңғып өледі. Өйткені, болмысты өзгертуші – табиғи және қоғамдық эволюция. Сөйте тұра жаман адамды итке теңейді. Кинодағы соғысқан американдар мен вьетнамдықтарды салыстырсаң американдар табиғи бітімі мен физикалық күш-қуаты жағынан әлдеқайда басымдау тұрады. Оған қарап күштісін ұлықтамаймыз ғой. Қарсылықтар заңына байланысты өзімнің ертеректе жазған «Құзғынның шері», «Шайтанның мұңы» деген өлеңдерім осыған жауап береді. Маралтай – өзіндік сүрлеуі бар дара ақын. Ақын ешкімге ұқсамаса жалғыздықтан жапа шегеді. ...Жалғыздық әнін айтамын, Жалғыз болмасқа қақым жоқ, Немесе, ...Оянам қайта досы жоқ Махамбет түсіп есіме (Махамбеттің мүсіні). Досы жоқ адам қоғамда жетім болса да, өмірде өзіне өзі дос. Достық – мүдде тоғысатын жерде ғана пәрмені бар сыйластық. Ал, шынайы пікір ортақтығы болмаса туғаның да дос емес. Ақын бұл жолы «Дос» деген өлеңін «...Аспан келіп қолтығымнан демеді» деп, табиғатпен астастырады. ...Бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр мұңға мінгесіп, Мұнар күннің маңдайынан нұр кесіп,...(Дос) ...Жаным қалқып барады қауырсындай Бірге жүрген достарым, (дос бар ма еді?) (Оптимизм). Бұл жыр жолдарында достықтың теориясынан гөрі суреткерлікке мән берген. ...Ару сүйдім ерінімді күйдіріп, Шарап іштім шараяққа құйдырып, Соның бәрін жүрегіме сыйдырып Мен өзіңнен алып кетем, Игілік.(Игілік). «Шарап іштім» дегенде Темірхан Медетбектің «Әйтеуір абырой болғанда, күндердің күнінде Маралтай да «бөтелкенің қасынан» босанып шықты-ау» дейтіні қисынды.18 жыл Сталиндік қуғын-сүргінді көрген молда атам – Серікбай ата: «Пайғамбардың бәрі де шарап ішкен, түбінде бәрі де қойған» дейтін. Маралтай ол кезде ішсе де Мұқағали сияқты сапалы дүниелер жазды. Және сергек жазды. Тіптің Құдайдың өзін жырға қосса тіл тигізбей, ой еркіндігімен парасат тұрғысынан жарасымды жырлайды: ...Қарсы тұру қиын, рас, Құдайға Дегенменен жасау керек бір айла(Дос). ...Өксімейтін де өлмейтін Құдайда құйттай арман жоқ (Ібіліс). Сөз арасына Құдайды қалай қосса да, ол да Құдайдың өзі берген еркіндік. Маралтайда сөзбен салынған сурет жеткілікті. Мен сын жазудағы өз дәстүрім бойынша, ел құсап тұтас өлеңді көшірмей, тоқетер жолдарын ғана ғана жинап, тізбектесем де мақалама сыймайтын сияқты. Соның азғанасына көз жүгіртейік: ...Жүрегімнен жүз бұтақ өріп шығып, Айналып кетсе, шіркін, талға денем. (Оптимизм) ...Сән күледі олар сүйген әлемде (Қобыз) .... Мен таныдым қазақтың жанарынан Ұлып тұрған ұлуды бөрі құсап.(Ұлу жылы). ...Бүкіл ғалам сыйып кеткен кітаптан Қашып шығып алдыңызға тұрмын кеп.(Шешім). Иеңді сенің киесін білмей көмгенбіз, Қамыға көрме, қамыға.(Бозінген). ...Алатаудай асқақ едім мен бүгін, Сені көріп аласарып барамын. (Игілік) ...Бірге жамап жүрегінің жыртығын, Көшесінде мең-зең болып жүремін (Күз.Алматы.). ....Арбасқан ойдан ми ысып, Қараңғылыққа кіремін. Көлеңкелермен сүйісіп, Қарайған сәтте реңім. (Қараңғы)., ...Қарап қоям айнасынан уақыттың Маңдайдағы тағдыр дейтін тақтаға. (Өмір), Әрине, тағдырыңа тиесілі құбылыстарды көркем жырлау – ақынның шеберлігі. Ал, жүрек тамырын қозғап, ғашықтық дертіне шалдықтыратын махаббат тақырыбы жеңіл әндер мәтініндегідей «күйдім-сүйдім» емес, керісінше азаматығы бірге байқалып тұратын лирикалық композицияны құрайды. Мысалы: ...Қаншама қыздарды ұнаттым, Жылаттым... білмеймін себебін. Осынау есалаң сұрақтың Жауабын сен айтшы, өлеңім. (Махаббат). ...Шашып шашу албырт ойға, Жүрек сүртіп тұр көзін(Той). ...Қанымды ішіп қойды қабарған мұң (Сен мені ойлайсың ба?). ...Махаббат мәңгіліктің мәңгүрттігі Кететін бірге еріп ғарышқа да (Кездеспей кеттік). Мұның бәрі де шынайы сезімнің тілімен өрілген. Алматы қаласының батыс жағындағы өзіміз іргетасын қалап, атын қойған «Алтын бесік» ықшамауданында тоқсаныншы жылдары аштық жариялап басып алған жеріміз бар еді. Соған Зайсандағы зілзалаға материал тасыған көліктер арқылы ауылдағы інім Бауыржанның бір кигіз үйін алдырып, тігіп қойғанмын. Түгім жоқ болса да айналадағы темір-терсекті жинап, «времянканың» құрылысын бастап кеттім. Тұрып жатқан жеріме Маралтай, Сәндібек Жұбаниязов, Бекжан Әшірбаев, Махмұт Қосманбетов, Серік Қалиев, тағы-тағылар жиі келетін. Бір күні түс ауа келген Маралтайға күрек ұстатып едім, дәл сол күні қуат-дәрменінің жоқтығы байқалды. Қарадай шаршап-шайқалақтай бергесін кигіз үйге кіріп, дем алуын өтіндім. Ол қарсылық білдіріп: – Айға қарап жатып, далаға ұйықтаймын, – деді. Айтқанына көніп, ертесінде тұрсақ Маралтай жоқ. Бір кезде түс ауа қайтып, келіп, мені үйдің қасындағы зираттарға ертіп барды. Ішінен қара құлыптасы бар зираттағы қыздың суретін көрсетті. Сосын «Мен осы қызға арнап, өлең жаздым» деп, қолындағы өлеңін оқи жөнелді. Бәрі де керемет. Мен одан: – Бұл қыз сенің кімің болады? – деп сұрадым. Маралтай ол қызды мүлде көрмегендігін, және танымайтындығын айтты. Мен оған – Өзіміз көріп, әсерленген адамға өлең жазып тауыса алмаймыз, тірісінде көрмесе де айдаладағы зираттағы адамға өлең жазғанды бірінші рет сенен көрдім, – дедім, қайран қалып. Бұл оқиғаны Таң телеарнасына сұхбат берген Маралтайдан тағы да естідім. Ол қыздың аты өлеңіне аттас – Әдилә еді. Ұмытпасам 1973 жылы туған, суреттегі кескіні әдемі, қолаң шашты қыз болатын. Өлеңнің мәтіні төмендегідей: ...Сау қанатым қалмаған соң күймеген, Рухымды қан мен сүтке илеп ем. (Саған жаным ашитыны тағы рас Емшегіне еркек ерні тимеген). Е, Әдилә, айналайын, Әдилә! Қапелімде шыға келіп нұрдан сіз – Мұңдана алмас мисыздарды мұңданғыз. Қара түсті қалампырды құшақтап, Құлыптастан күліп қарап тұрған қыз. (Әдилә). Маралтай тағы бір күні үйімізге жайырақ келіп, әңгімесін айтты.Естіген жаңалағым: Кейін марқұм болып кеткен талантты ақын курстасым – Серік Томанов Қалқаманнан жер алып, үй салуды бастаған екен. Маралтай оның жұмысына көмектесіп, жүргенде ойына жайшылықта келе бермейтін образды өлең жолдары түсе беріпті. Ондай қажеттілікті тез ұмытатын ақын жазып ала қоюға не қағаз, на қалам таппай, ақыры бір кірпіштің сынығына шегемен жазып ала келіпті. Сөйтіп, Серіктің құрылыс жұмысы үлкен бір дүниенің қаңқасын жоғалып кетуден сақтаған екен. Маралтайға қатысты мұндай әңгіме айта берсек жеткілікті. Маралтайды Ш.Мұртаза Кентаврға, И.Жақанов Моцарт, Гайдн, Бетховен сияқты модернист композиторларға, А.Әшімов оның әр өлеңін бір спектакльге, басқасы басқаға теңеп, лайықты баға беріпті. Қысқасы: ...Тас та сөйлеп кетердей Көзің түссе бір рет (Шебер) ...Бүкіл жанды, жансыздар Сізге мұқтаж еріксіз! (Шебер), – деп, Маралтай нақ шебердің шеберлігін қалай суреттесе, оның өз шеберлігін өз шығармашылығы аспандата суреттеп жатқандай... Аманғазы Кәріпжанәулеті qazaquni.kz