МИНИСТР МЕШІТ ПЕН ШІРКЕУДІ ШАТАСТЫРҒАНЫ МА?
2016 ж. 26 қыркүйек
3338
5
Астанада «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысы болып өтті.
Ордалы отырыста қоғам қайраткері Мұxтар Тайжан Қазақстандағы экстремизм мен терроризмнің негізгі себептерін атады. «Меніңше, осы экстремизм мен терроризмнің басты себебі – кедейшілік және жұмыссыздық. Сондықтан. осында отырған Үкімет мүшелерінің жауапкершілігі зор деп ойлаймын. Елімізде кедейшілік пен жұмыссыздық болмауы тиіс. Себебі, Қазақстан – бай мемлекет, 17 ақ миллион xалқы бар. Әрине, экстремизм мен терроризмнің тағы бір себебі – білімсіздік. Әсіресе, орта білім саласында осыған байланысты үлкен реформа жасау қажет», – деді Тайжан. Қоғам белсендісі өзіне дейін баяндама жасаған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты сынап өтті. «Сіз өз ойларыңызды тек орыс тілінде ғана айтатын болсаңыз, жастар сізді түсінбейді. Өйткені, жастардың көбі қазақтілді. Сондықтан сіздің мешіттердегі уағыз орыс тілінде болуы керек деген ұсынысыңызды қолдамаймын. Себебі, мешітке барып отырған жамағаттың 99 пайызы қазақ тілінде сөйлейді», – деді Тайжан.
«Апама жездем сай» демекші, судай жаңа министр де оразасын орысшамен ашатын бұрыннан келе жатқан әріптестерінен озып кете алмады. Ислам дінін ұстанатын қазақ қоғамында, оның үстіне Құдай үйі – мешітте орысша уағыз айту дегеніңіз ешқандай санаға сыймайтын «жаңалық». Министрге салсақ, енді «Во имя Отца и Сына и Святого Духа» деп мешітте шоқыну ғана қалған сияқты
З.Абажан.
qazaquni.kz