Шапағат шуағын шаша жүрейік
2016 ж. 05 қыркүйек
3833
0
Жалғанды жалпағынан басып өтсе де мына жарық дүниеге ешбір пенде тойған емес. Адам баласына берілген қамшының сабындай қысқа ғұмыр зымырап өте шығады. Бақилық босағасын түбі бір аттармын деген саналы адамның «Мен мына жалғанда не жақсылық жасадым?!» деген сұрақ алдынан шығары хақ. Сол кезде өміріңнің кейбір босқа өткен тұстары мен айналаңдағы адамдарға шапағат шуағын шаша алмағаныңа өкінесің... Бүкіл ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған зейнеткер Салықбек Мұсаұлы ағамыздың ағынан жарылған әңгімесін жастарға ғибрат ретінде ұсынып отырмыз.
ИМАНДЫЛЫҚ ЖҮРЕГІҢНІҢ ТҮБІНДЕ ЖАТСЫН
Біз өміріміздің басым бөлігін кеңестік кезеңде өткізгендерміз. Дін жөнінде азды-көпті түсінік берген ата-әжелеріміз үнемі адал, таза жүруге тәрбиелейтін. Мектепте «Құдай жоқ» дегенді естіп қалып, үйге келе салып әжеме: «Әже, Құдай жоқ дейді ғой!» дедім. (Мені кешірек туғандықтан ба, анамды әже деп кетіппін). Әжем үндемей, ақырын ғана жаныма келіп, бетіме біраз қарап тұрды да, жалынышты үнмен: «Салықбек, мұғалім сұраса айтарсың, бірақ бұдан былай басқа ешкімге Құдай бар немесе жоқ деп айтпай-ақ қойшы» дегенін әлі ұмытқан жоқпын. Кеңестік кезде дін туралы ауыз ашуға болмаса да имандылық әжемнің жүрегінің түбінен мықтап орын алғанын кейінірек түсіндім.
Мен өзім жылдар бойы жинаған қаржыммен 2012 жылы үлкен қажылыққа барып келдім. Баруға себеп, бірінші – мұсылмандық парыз, оның үстіне біраз уақыт қатты ауырған едім. Тағы бір себеп, мұрағат қағаздарымды қарап отырсам, атамыз Құттық-Тілеп Оспан қажы Өтеновтың 1912 жылы қажыға барғандығы жөнінде деректі оқуым. Бидан әжем де атасы Оспан қажының 1901 және 1912 жылдары қажылыққа барғанын айтып отыратын. Аралығы тура 100 жыл екен! Бұл маған керемет әсер етті, қажы атам маған да парызыңды өте дегендей болды. Қатты сырқаттанып, аман қалдым. Алла маған тағы да бір жақсы іс істесін деп тірі қалдырған болар деген ойлармен мен де қажылыққа баруды шештім. Сөйтіп, жиырма күндей Меккеде, Мәдинеде болып, жұртпен бірге қажылық парызымды атқарып келдім.
Атамыз 1915 жылы туған тұңғыш немересін Мәруа деп атапты. Ағайындары: «Ау, атасы, мұныңыз қалай?! Немереңізге қыздың атын қойғаныңыз не?!» деп шулапты. Сонда: «Жоқ, бұл қыздың аты емес, Меккедегі Сафа, Мәруа деген екі таудың бірінің атауы» деген екен. Осы бір жәйттер соғыста Псков маңайында қалған ағайым Мәруаның рухына дұға бағыштау керектігі де мені Меккеге шақырғандай болды. Бұл сапарым менің тән ауруынан арылтып, жан тазалығын сыйлады деп анық айта аламын. Құдайға шүкір, қазір кеңес кезеңіндегідей емес, дінге тиым жоқ. Ислам діні – рухани тазалықтың, имандылықтың жолы. Құранды қолыңа алып оқысаң оның әрбір парағы ізгілікке жетелейді. Айналаңдағы адамдарға жақсылық жасауға, кем-кешіндерге қамқорлық көрсетуге, қолыңды созуға үндейді. Бүгінгі заманда бізге жетіспей жатқаны да осы адамдардың бір-біріне деген мейрімі мен шапағат шуағы емес пе?!
АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫСЫ НЕНІ АРМАНДАДЫ?
Әжемнен Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының менің атам Оспан қажының үйіне екі рет келгенін естігенім бар. Бір келгенінде таңертеңнен түске дейін қажымен оңаша сөйлесіпті. Сонда әжем (жас кезі ғой) екеуіне анда-санда сусын беріп, кіріп-шығып жүргенінде Ахметтің сөзінен Меккеге өзі баруды армандайтынын, не өзге біреуді жіберу туралы ойлайтынын ұғыпты. Ахаң тағы бірде әйелімен келгендігін, бірақ әйелінің сөзін естімегенін, тек анда-санда еңкейіп, Ахметтің құлағына бірдеңе деп сыбырлағанын есіне алғаны бар. Әжем Ахмет, Міржақып, Тоймағамбет, Әліби, Байеке жөнінде айтқан әңгімесін біздің көңіл қойып тыңдамайтынымызға қабақ шытып, ренжігендей де болатын еді. Бір отырыста Ахметтің әйелінің аты Бәдрисафа екенін айтып қалды. Сонда атамның өз немересін Сафа демей, Мәруа деп ат қоюында осындай бір сыр бар екен-ау деп ойлағаным есімде. Тағы бірде «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты» деп басталатын Ахметтің «Аққұм» өлеңін сөз қылғанда, бір зерттеуші жігіт «Ахметтің айналасында Іңкәр деген қыз болған емес» деді. Сонда Бидан әжемнің: «Ахмет үйленбеген, жақсы көрген қызының шын атын елге қалай ашсын, ғашығым, іңкәрім демей, оның келешегін ойламай ма?!» деген-ді. Тағы бірде Ахмет, Міржақып тойына Торғайға қазақтың бетке ұстар ақын-жазушылары келеді, Алаштың ардақтыларын көрген адамдармен сөйлеседі дегенді естіп, елеңдеп күтумен болдық. Бірақ, ешкім келген жоқ. Кейін білсек, комиссияны басқарған біреу әлдекімдермен ренжісіп қалып, уақыт тапшылығын сылтау етіп, той туралы шала-пұла бірдемелер түсіртіп әкеткенін жергілікті журналистерден естідік.
Бидан әжем 1991 жылы тоқсан жеті жасқа қараған шағында көп ауырмай көз жұмды. Біз біле алмаған, естіп, тыңдай алмаған бірталай құнды деректерді өзімен бірге бақилыққа ала кетті. Тұнып тұрған тірі тарихтан көз жазып қалғанымды сонда ғана түсіндім. Қазір кезінде неге ойламағанбыз, оның айтқан сөздерін құлағымызға құйып, жаттап алмағанбыз деп өкінгенде өзегім өртенеді.
ҚИЛЫ КЕЗЕҢДЕР
Әкем Мұса 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып кеткенде мен екі айлық сәби екенмін. Анам оншақты құрсақ көтерген адам. «Халық жауының» отбасы болғандықтан ба, басымыздан көп қиындық өтті. Аштан өлген екі қызын әжем өзі жерлепті. Туыстар көмекке келуге қорыққан. Абысындары есіктен сығалап, жылап жүріпті. Ал кейбіреулері Балалар үйінен жоғалып кеткен, қалғандарын әлдекім аты-жөнін өзгертіп, асырап алғандай. Ал, үлкеніміз Мәруа 1944 жылы майданда жүріп хабар-ошарсыз кетті. Әжем намаз оқығанда арасында дұға бағыштайтын. «Мәруа тірі емес шығар, тірі болса келетін кезі болды ғой. Егер олай-бұлай болса, қиналды ма екен, бетін жапқан ешкім болды ма» деп қамығып отырғанын талай естідім... Ия, мың өліп, мың тірілген қазақтың басынан не өтпеді? Талай нәубетті көрді ғой. Оның бәрін айта берсең сөз жетпейді, тек соның енді қайталанбасын тілейік. Сол көп қазақтың бірі біздің де отбасының ойраны шыққан кездер болды ғой. Орнында бар оңалады демекші, шүкіршілік. Бүгінгідей «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда «Жақсыдан шарапат...» дегенді есте ұстап, бір-біріміздің қадірімізді біле жүрейік деген тілегімді үнемі айтумен келемін.
ПАРЫЗДЫ ӨТЕУГЕ ДЕ ПӘКТІК КЕРЕК
Иә, қажылықтың, Қағба, Мекке, Мәдиненің ерекше әсері бар. Ауырыңқырап барған мен ауасының ба, зәм-зәм суының шипасы ма, әлде рухани тазарудың септігі ме едәуір оңалып қайттым. Келгенде ағайындардың көбі таңғалды.
Пенде болған соң көптеген сұрақтар туады, бәріне жауап тапқың келеді. Ол жақта көбірек әңгіме болған, көңіліме қоныңқырамаған – қажылыққа бірнеше мәрте бару мәселесі еді. Арамызда он рет, тіпті, отыз төрт мәрте келгендер бар екен. Бұл қалай?..
Әрине, мұнда тұрған дәнеңе жоқ сияқты. Расында да, әркімнің барған сайынғы жол ақысы, құрбан шалуынан түсетін пайда болмаса, зияны жоқтай. Тек: «Мен қажылыққа бәлен рет бардым!» деген кеудемсоқтық (шын қажылық қағидасына мүлде сәйкеспейді) маңайындағы елдің көңіліне тимесе болғаны. Әрбір мұсылман баласына бір рет бару парыз, ал екі-үш реттен оралу – әркімнің өз қалауы, мүмкін, әр келген сайын ерекше бір күйге келіп, тазара түсетін де шығар. Ал, менің бұл сұрағым (Алла кешірсін), кейбіреулер не мақтаныш үшін, не саудаға бола барып жүрген жоқ ба деген күдіктен туындаған. Мұндай жағдайларды естіген де кездер бар. Тіпті, әлгі сапарда бір ағайынның ұшаққа мінерде алған жүгі рұқсат етілген межеден анағұрлым ауыр болғандықтан, артық нәрселерін өзіме алып, көмектестім де. Ал сол заттар өзіміздің базарда да толып тұр. Кейбір қажылардың: «Мен – қажымын, төрге отырамын, арақ ішкен жерде, тойда (кезінде өзі арақтың «түбін түсірген») отырмаймын деп, шақырған жердің берекетін кетіретіндерін де көріп жүрміз. Ал, мұндайлардың ел көзінен тасада не істеп, не қойып жүргендерін жақсы білеміз. Әрине, ондайлар көп те емес шығар... Қажылыққа баруды сәнге айналдырмай, жүректің қалауымен, таза ниет етіп барғанға не жетсін!
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп Абай айтқандай, бұл жағдай, меніңше, көптеген үлкендердің басында болатын іс қой деп ойлаймын. Мен де алпыстан кейін не істедім, не бітірдім, көп нәрсеге мән бермеген тұстарымды ой елегінен өткіздім. Енді қалған ғұмырымда қолымнан келер жақсылықтарды аямауға, елге жәрдемдесуге, тоқыған ойыммен, жинаған іс-тәжірибеммен бөлісуге, жастарды жақсыға әуес, жаман әдеттен жиіркендіруге ден қойдым. Жалпы жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Ең бастысы – шын көңілің мен таза ниетің болсын. Өзіңнің нақты ізгі ісіңмен өзгелерді соңыңнан ерте біл.
Көп қабатты үйде ертеңгілік көршілердің есік алдына қоя салатын қоқыс қораптарын сыртқа бірге ала кетуді әдет қылдым. Өзімше бұл да – жақсылық. Көмектің бір түрі.
Үйдің кіре берісінде ұшырасқан көрші келіншек:
– Ағай, білесіз бе, біздің есік алдына қалдырған қоқыс қаптарымызды біреулер алып кетіп жүр! – деп аң-таң болып тұр. Сөйтті де, менің сол сәттегі қалпымды байқап қалып, қатты қысылды. Жағдайды дереу түсініп қойды. Осыдан кейін есік алдына қоқыс тастап кетуді доғарды. Бұл жай ғана қарапайым мысал. Үлкен істің бәрі кішкене ғана ниеттен басталады. Қоғамдық көлікте қарияларға орын бере қою, кемтар адам көрсең қол ұшын созу сияқты кішкене ғана ізеттілік – үлкен істердің бастауы болып табылады.
Иә, елден естіген немесе өзіміз куә болған кейбір жағымсыз істерге налып отыратынымыз бар. Шашын жалбыратып, ашық-шашық киім киген кейбір қыз-келіншектерді көргенде жабырқаймыз. Осындай жастардың ата-әжелері жоқ па екен деп те торығасың. Сондайда тәрбиені үлкендердің өзінен бастау керек шығар деген де тоқтамға келесің. Алдымен біз өзгелерге, жастарға қандай тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге беріп жатырмыз деген сұрақ мазалайды. Сол кезде бізді өсіріп-өндірген ата-бабаларымыздың тәлім-тәрбиесінің қаншалықты құнды болғанын еріксіз мойындап, өзіміз сол міндетті атқара алмай отырғанымызға қынжыласың.
Құдай бізге естіген, оқыған, көрген-білген жәйттерді санамызда сақтайтын қабілет берген. Пікір алысып рухани дүниемізді байытуға да мүмкіндік берген. Газет-журнал оқып, өзара ой бөлісу деген бүгіндер жоқтың қасы. Көбіне жоғарыдағы, елге беделі бар деген ағайындардың аузына қараймыз да отырамыз. Өткенде, бір үлкен қаламгер, мемлекеттік сыйлық иегерінің елдік мәселеде лайықты пікір айтуы былай тұрсын, «Мен қазақ газеттерін оқымаймын» деген сұхбатын оқып қайран қалдым. Ал мұндай «зиялыдан» не үміт, не қайыр?! Сол секілді, бұқаралық ақпарат құралдары Батысқа еліктеп негізгі ұлттық бағыттарын өгертіп алды. Кейде анықталмаған ақпараттарды басады. Бір газет: «Әлемдегі ең үлкен сағат Москвадағы «Детский мир» дүкенінің үстінде» деп жазыпты. Меккеге барған қажылардың біреуі болмаса бірі: «Жоқ, олай емес!» деп жауап жазар деп үміттеніп ем, ешкімнен ешқандай пікір естілмеді, көрінбеді. Ал, шындығында жер жүзіндегі ең үлкен сағат Меккеде – Мукаррама сағаты. Сағат орналасқан мұнараның биіктігі 601 метр. Сағаттың өзі жерден 400 метр жоғарыда орналасқан. Сағаттың қысқа тілінің ұзындығы 18 метр, ұзын тілі – 22 метр. Әртүрлі асыл тастармен, әйнекпен әшекейленген. Мұнараның төрт жағында осындай төрт сағат бар. Сағаттың әрбір тілінің өзі 6 тоннадан асатын көрінеді. Өз салмағы 36 тонна. Мекке сағаты күн ашық түннің өзінде 30 шақырым қашықтықтан көрінеді. Бұл ғажап туынды емес пе! Көңілге мақтаныш тудырмай ма?! Неге үндемей, шаттанбай қалуға болады. Мәселе қай сағаттың үлкендігінде емес шығар. Мәселе ақпараттың шындыққа сәйкес келуінде. Ақиқат алыстаса адамдар адасады. Біз өзіміздің адасқанымызбен қоймай өзгелерді де ақиқат, әділдік жолынан тайдыруымыз мүмкін. Сондықтан әрбір адам алдымен өзінің әрбір ісіне жауап бере отырып, өзгелердің де дұрыс жолда жүруіне үлгі-өнеге көрсетсе ғажап ғибрат болар еді. Сонда мына қоғамымыз, туған еліміз өркендеп, дами түсер еді.
Менің айтқалы отырғаным – ең болмаса айналамыздағы адамдардың адамгершілігін, игі ісін бағалай білсек, дін маңайында да әділдік, шындық болса екен, сонда халықтың да имандылыққа деген талпынысы, сенімі нық болар еді. Ал имандылық бар жерге барлық жақсылық жақын жүреді.
Салықбек МҰСАҰЛЫ,
зейнеттегі дәрігер,
Еңбек майданына қатысушы
qazaquni.kz