Ресейлік бауырлар
2011 ж. 24 қаңтар
2064
0
Ресейде тұратын қазақтар қазы-қартаны кертіп жейді, сары қымызды cапырып ішеді. Ислам жолын ұстанған қауым жат әдеттен бойларын аулақ салып, ораза ұстап, құрбан шалады. Қариялардың біразы бес намазын қаза қылмайды.
Бақытжан Қарсақбаевтар әулеті Ресейде Челябинск облысының Агапов ауданына қарасты бұрынғы «Магнитный» совхозының Южный деп аталатын бөлімшесін көп жылдардан бері мекен етіп келеді. «Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, жылқысын көптігінен баға алмайды» – деп «Қыз-Жібек» эпосында жырланатын Жағалбайлы жұрты бұл өңірді өздерінің ата қоңысы деп есептейді. Магнитогорск қаласынан 45 километр қашықтықта орналасқан елді-мекен тұрғындары шөбі шүйгін, топырағы құйқалы жерде малын бағып, сиырын сауып, төрт түліктің еті мен сүтін сатып, нәпақасын тауып отырған ел еді. Нарық соққысы оларды да шашыратып жіберді.
Совет үкіметі құлағаннан кейін әулеттің үлкені Бақытжан Қарсақбаев елі көшіп, иесіз қалған елді мекенді жекешелендіріп алды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін 10 мың гектардан астам егіс алқабын, 3 мың гектарға жуық жайылымдық және шабындық жерді 49 жылға жалға алды. Сүйтіп, қанатын жайған фермерлік шаруашылықта қазіргі уақытта 600 жылқы, 150 ірі қара, мыңға жақын қой-ешкі, ұзын саны 300-ден асатын қаз-үйрек және тауық бар. Шаруашылықты Бақытжан қажының ұлы Айдархан Қарсақбаев басқарады. Ол аз уақыттың ішінде ауыл шаруашылығына қажетті техниканы – 8 «Дон» комбайнын, 6 «К-700» тракторын, «ДТ» бульдозерін, «Беларусь» тракторын, т.б. шөп шабатын, егіс алқабын өңдейтін ауыл шаруашылық жабдықтарын сайлап алды. Ауылдағы фермаға қажының кіші ұлы Қайырхан иелік етеді. Қажының үлкен ұлы Әбдірахман Магнитныйда пельмен және манты жасайтын цех ашып, халал тағамдар жасауды жолға қойды. Бұл цехтың өнімдеріне сұраныс көп.
Осыдан бірнеше жыл бұрын мұсылманшылдықтың бесінші парызын өтеп, Меккеге барып қайтқан Бақытжан қажының оннан артық немересі, бірнеше шөбересі бар. Олар да ата жолын қуып, Жайнар, Ермек,Құрманғазы секілді немерелері біреуі қаржыгер, біреуі прокурор болып қызмет атқарса, оныншы сыныпта оқып жүрген немересі Қажымұқан атасымен бірге сәждеге жығылды, бес намазын тастамай, жергілікті молдадан дін оқуын меңгеріп, Құранды өз бетімен оқитын дәрежеге жетті. 2009 жылы Құран оқудан өткізілген облыстық байқауда бірінші орынға ие болды. Амал не, айтпай келген ажал оны жалғаннан ерте алып кетті.
Бақытжан қажының күйеу баласы Нығметжан Орысбаев Агаповта сауда базасында директор болып қызмет істейді. Сүйтіп, ағайындардың бірі өнім өндірсе, екіншісі жинақтайды, үшіншісі таратады.
Көп болып қолға алған іс берекелі болмай ма? Ағайын-туғанның ынтымағы арқасында Южныйда қымыз цехы, Магнитныйда пельмен цехы, Агаповта ешкі сүтінен сусын жасайтын цех жұмыс жасай бастады. Жыл сайын жаз айларында жайлауда 100-ге тарта бие сауылып, айына 15 тоннаға жуық қымыз өндіріледі. Ауылда оны пісетін, сақтайтын және ыдысқа құятын арнаулы орындар бар. Қымыз зауыттық үлгімен ыдысқа құйылып, сақталу мерзімі белгіленіп, саудаға түседі. 2008 жылы Қарсақбаевтар қымызы Ресейдің халық шаруашылық жетістіктері көрмесіне қойылып, алтын медальға ие болды.
Бақытжан қажының немере інісі, бұрын осы өңірде совхоз директоры болып қызмет атқарған Құрманбек Тұрғанбаев жүзден астам ешкіні сауғызып, Агапов ауданы орталығында ешкі сүтінен қымыз тектес сусын жасап, елге таратып жатыр. Бие сүтінен ашытылған қымыздан көрі сәл қоюлау, дәмі қымыздан аумайды. Ол да өндірістік жолға қойылған, сусын арнайы ыдыстарға құйылып, қымызбен бірдей бағаға сатылады.
Бақытжан Қарсақбаев есімі елге белгілі ақын. Оның Қостанай қаласында жарық көрген «Насихат» («Проповедь) кітабы (2005 жыл) Ресей қазақтарымен қатар Қазақстанның Қостанай, Ақмола секілді облыстарында таратылды. Оның:
«Шақырғанға бармай қалсам,қас болам,
Көп жиында ішпесем де, мас болам.
Ішіп алып мүйіздейді талайы,
Бұл қауыммен қалай енді дос болам?» – деп ақтарылып айтқан шыны талайдың көкірегін ашты, тағылымды жырлары ел ішіне үлгі-өнеге болып жайылды. Арақпен ауызданған жұрт жаман әдетті тастап, ата-баба сусыны қымыз ішуге көше бастады.
Бақытжан қажы Қызыл ауданында алғаш мешіт салғызуға мұрындық болған кісі. Қазір де аудандық мешітке, Челябинск қаласында орналасқан мұсылмандар медіресесінде оқитын шәкірттерге, «Магнитный» мекеніндегі балалар үйіне, жергілікті мектепке, т. б. мұқтаж адамдарға қайырымдылық көмек көрсетіп тұрады. Өз қаражатына ауылында мешіт салғызуды қолға алды. Оның жалпы құны 2 миллион сомға (Ресей рублімен) бағаланған.Бұл мешіт 2010 жылы ашылып, оған қажының сүйікті немересі Қажымұқанның есімі берілді.
Ақылбек Шаяхмет, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты.