Бүгін – мемлекеттік рәміздер күні. Осыған орай тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздерін әзірлеу, талқылау, оларды бекіту үдерісі барысындағы Елбасының рөлі мен қайраткерлік қызметінен сыр шертетін бірнеше фотоматериал мен Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік рәміздерін таныстыру салтанатында сөйлеген тарихи сөзінің ықшамдалған нұсқасын көпшілік назарына ұсынып отырмыз.
Бүгін – мемлекеттік рәміздер күні: Елбасының 1992 жылы ҚР тұңғыш рәміздерін таныстырғанда сөйлеген сөзі
2016 ж. 04 маусым
5198
4
Алматы қаласы, 5 маусым, 1992 жыл.
Қадірлі отандастар!
Біз бүгін аса маңызды тарихи оқиғаны бастан кешіп отырмыз. Бәріміз асыға, сарғая күткен күн енді тарих жылнамасына енетін болады.
Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ елінің шежіресінен ойып тұрып орын алатынына күмән жоқ. Өйткені, бұл кезең – ежелден еркін жүріп, еркін тұрып үйренген бұл халықтың басқа түскен бұғалықты серпіп тастап, егемен ел, тәуелсіз мемлекет болуға бет бұрған кезеңі; өйткені, бұл кезең – жаншылып қалған ұлттық сананың, жасып қалған ұлттық рухтың, қасиетіне сөз жетпес ана тіліміздің, қиын-қыстау тұстарда медет болған дініміздің, не ықылым замандардан келе жатқан ата дәстүріміздің дүр сілкініп, түлеп сала берген кезеңі; өйткені, бұл кезең – қазақ халқын, Қазақстан Республикасын дүйім дүние түгел танып, өркениетті әлемнің ең мәртебелі халықаралық қауымдастығы – Біріккен Ұлттар Ұйымына толық құқылы мүше болып қабылданған кезеңі. Иә, қадірлі бауырлар, осының бәрі де айналасы екі-үш жылдың жемісі. Сәтін салса, сұқ көзден, суық сөзден сақтаса, қазір халықты қинап тұрған жоқшылық та, қымбатшылық та өтер деп кәміл сенемін. Олай дейтініміз – тағдырдың талай-талай теперішіне төзіп, дала өмірінің даналығын санаға сіңірген ұлтымы бар, бір-бірімен қоңсы қонып, сыралғы болып кеткен, ежелден татулықты ту еткен көпұлтты халқымыз бар. Олай дейтінім – ата-бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған ұлан-байтақ жеріміз, сол жердің астында да, үстінде де тұнып жатқан байлығымыз бар. Олай дейтінім – бізде туған еліміздің егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының жан-жақты ойластырылған стратегиясы бар. Бұл жөніндегі тұжырымдарымды мен жақында баспасөзде жариялағанымды жақсы білесіздер.
Тәуелсіз мемлекет, егемен ел болудың қыруар қиындығы, ерекше жауапкершілігімен қатар бірқатар шарттары, басты-басты белгілері бар екені мәлім. Солардың арасында елдің елдігін танытып тұратын айрықша мәнділері – Жалау, Елтаңба және Әнұран.
Бүгінгі салтанатты мәжіліске бізді алдыңғы күні Жоғары Кеңесіміз қабылдаған тарихи шешімдер жиып отыр. Енді тәуелсіз Қазақстанның өзінің мемлекеттік символдары, яғни айшықты нышандары бар. Республика Конституциясын бірінші оқылымында қабылдау, мемлекеттік нышандарымызды бекіту арқылы біз еліміздің қоғамдық-саяси құрылысының дамуындағы маңызды кезеңіне – оның конституциялық тұрғыдан хатталу кезеңіне аяқ басып отырмыз. Қазақ елінің тәуелсіздігі осыдан жарты жыл бұрын жарияланғанымен, мойындалғанымен, жүзеге аса бастағанымен, оның тайға таңба басқандай айқын танылатын белгілеріне енді ғана ие болып отырмыз. Осы қуанышымыз құтты болсын!
Бұл жерде мемлекеттік айшықты нышандарды қайтадан жасау не үшін қажет болғанын айтып жату артық деп ойлаймын. Жаңа нышандарды дүниеге келтіру оңайға түспегені белгілі. Осы орайлы сәтті пайдаланып, Қазақстан Республикасының Президенті ретінде еліміздің мемлекеттік нышандарын жасауға атсалысқан, ой қосқан, жанашырлық танытқан, тілектестік білдірген, көмек көрсеткен азаматтардың баршасына алғысымды айтқым келеді.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», – деген ғой бабаларымыз. Расында да, құрамына халық қалаулылары, ғылым мен мәдениеттің белді өкілдері, зиялы қауым енген арнаулы комиссияның жұмысы жемісті болды деп айтуға әбден негіз бар.
Жаңа Жалау мен Елтаңбаны қабылдау, Әнұранның әуені жөнінде бір ұйғарымға келу халық депутаттарының тарихи жауапкершілікті терең сезінуінің, ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарауының арқасы екенін айрықша атап айтқым келеді. Сессиядағы күні бойғы ақылдасу республиканың ішкі-сыртқы саясатының темірқазығына айналған бейбітшілік, ынтымақ, ізгілік пен келісім рухын өнер тілінде бейнелейтін нышандарды дәл табуға қол жеткізді. Жаңа ғана мен тізерлеп тағзым еткен, шашағынан сүйген Жалаудың түсін дәл табу оңай болған жоқ. Он ойланып, жүз толғана келіп тоқтаған осы зеңгір көк түстің мағынасы өте терең. Мұнда біздің ашық аспанды, яғни бейбіт күнді айшықтайтын кіршіксіз көңіліміз бар, мұнда көкті Тәңір тұтқан ата-бабаларымыздың арман-аңсары бар, мұнда біздің халқымыздың біртектілігін, мемлекетіміздің бөлінбейтінін білдіретін ұлы Тұтастық идеясы бар. Мына алтын күн алаулаған зеңгір аспанның аясында баяу қалықтаған дала бүркіті, қиял бүркіті, арман арқалаған алтын бүркіт қазақтың қыран көңілін, дарқан да ақ, бітімшіл де бейбіт көңілін шырқау биікке алып шыққандай. Мазмұнына өрнегі жарасқан тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін, күніміз мәңгі сөнбесін! Елтаңбамыз да көп көңілінен шығады деп ойлаймын. Ұлттық рухты осыншама кемел жеткізген Елтаңба әлемде сирек кездеседі десек те, артық болмас. Қазақ өмірінің ұлы белгісі – шаңырақтан тараған таң шапағындай уықтар аясындағы ай мүйізді, алтын қанатты ғажайып пырақтар халқымыздың болашаққа ұмтылған асқақ арманының бейнесіндей болып көрінеді. Қос пырақтың ортақ шаңырақты қанатымен қорғап тұрғаны да көп ой салады. Елтаңбада өте-мөте келісті көркемдік шешімін тапқан ұлы идея – Еркіндік идеясы біздің есімізге қазақтың: «Отан үшін күрес– ерге тиген үлес» деген қанатты сөзін салып тұратын болсын. Айбынымызды асырып, рухымызды аспандатар Елтаңбамыз құтты болсын!
Ардақты ағайын!
Бүгінде өз тағдырын өзі айқындаған қазақ ұлтының жас егеменді мемлекеті, Қазақстанның бүкіл халқы мен экономикасы жаңаша жағдайда тұр. Қазіргідей алмағайып заманда, күрмеуі көп күрделі дүниеде ешкімге есемізді жібермеу үшін, өз сыбағамыз өзімізге бұйыруы үшін бізге ерекше ауызбірлік керек, ерекше жауапкершілік керек, ерекше парасаттылық керек, ерекше еңбекқорлық керек.
Міне, жаңарған Жалауы, Елтаңбасы, Әнұраны бар ел болдық. Бүгінгі салтанатта тек жаңа мемлекеттік нышардарды елге жария ету рәсімі ретінде қарамасақ деймін. Жалауымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз біздің халқымызды, көп ұлтты Қазақстан жұртшылығын ортақ мақсатқа жұмылдырып, қасиетті істерге шақырып, жігерлендіріп, рухтандырып тұрса деймін.
Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Жалауын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы. Қуанышымыз құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін!
Мәлімет Ақорданың баспасөз қызметінен алынды
qazaquni.kz