Ермек Тұрсынов: «Біздің жүйкеміз тозған»
2016 ж. 27 мамыр
2866
14
Редакциядан: режиссер Ермек Тұрсынов қазіргі жағдайға, бүгінгі жүйеге және жер дауына қатысты көзқарасын ашық білдіріпті. Аударып бастық. Ықшамдап ұсынып отырмыз.
Елдегі ахуал мазасыз. Мұның арты қалай аяқталарын ешкім білмейді. Биліктің бұқарамен сөйлескісі жоқ. Кіммен сөйлесуі керек? Оппозицияның басын алған, зиялы қауымға алақан жайғызып қойған. Ресми ақпарат құралдарына ешкім сенбейді. Сауатты, байсалды пікір айтар ешкім жоқ. Есесіне айғай-сүрең, қорқыту мен үркіту басым.
Тұрғындардың ой-санасын үрей билеген. Үрей жүрген жерде, ақылға орын жоқ.
Қазіргі дабыраның бәрі тектен-тек емес. Елдегі жағдай жақсы болса ешкім үндемес еді. Бірақ, біз осындай жағдайға, осындай күнге жеттік. Ендігі жерде бәрі кеш… Барлығын полиция мен ОМОН-ның мойнына артуға тура келеді. Бірақ, бұл да ұзаққа созылмасы белгілі. Тозған жүйке үзілудің аз алдында тұр.
Біз осы жағдайға қалай жеттік?
Мен саясаткер де, экономист те емеспін. Менің көзқарасым – қарапайым адамның көзқарасы. Мына мәселеге назар аударуды сұраймын.
Bloomberg агенттігінің дерегінше, былтырғы жылы Қазақстан әлемдегі экономикасы ең осал мемлекеттердің ондығына енген.
Демек, ең нашар. Ал біздің билік ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді көксейді. Соны қақсап қаншама жыл бойы айтып келеді. «Әне-міне, енді-енді жетіп қалуымыз керек» дейді билік.
Ал Bloomberg бекер айтпайды. Аталған агенттіктің сарапшыларына Қазақстандағы жағдайды ойсыратып көрсету үшін «Госдеп» ақша төлемеген болар.
Ал Transparency International Қазақстанды әлемдегі ең жемқорланған елдердің қатарына қосты.
Иә, жемқорлық бізде ғана емес, басқаларда да бар. Әр ел коррупциямен өз бетінше күресуде. Қытайда пара алғандарды өлім жазасына кессе, Еуропада айыппұл салады, түрмеге тоғытады, алыстағы Африкада жемқордың дене мүшесін шауып тастайды екен…
Бізде де жазалайды. Бірақ таңдап жазалайды. Біз білетін жемқорлық дауларының дерлігі анығында кландар қақтығысынан басқа ештеңе емес. Ұры-қарылар майлы шелпекке таласып жүріп, бір-бірінің әрекетін әшкерелеуде. Сайып келгенде бізде коррупциямен күрестің аты ғана бар. Қазақстанда қазынадан қаржы ұрлағандарды емес, абайсызда арандап қалғандарды қамайды.
Адам дамуының көрсеткіші бойынша Қазақстан 69-шы орында тұр.
Демек, біз шала дамығанбыз. Дамуымыз жағынан қалып қалғанбыз. Біздің сәл ауытқуымыз бар. Жоқ, ақымақ емеспіз. Бірақ, ақылдылардың қатарына жатпаймыз.
Соған қарамай жер көлемі жағынан әлемде 10-шы орындамыз. Халқымыздың саны 17 миллион.
Осыншалықты ауқымды территориямыз бола тұра әлемдегі ең кедей әрі көштен қалған халықтардың қатарында жүргенімізге таңғалам. Жарайды, жеріміз жыл бойы тамшы тамбайтын шөлейтті дала болса түсінер едім. Жоқ, бізде бәрі бар. Қазба байлықтың барлық түрін табасыз. Билік «Менделеев таблицасының барлық элементі кездеседі» дейді.
Сол элементтер қайда? Ұшты-күйлі жоғалды ма?
Жоқ. Бұлардың барлығын халықты көрмейді, білмейді деп ойлайтындар әлдеқашан алып сатып жіберген.
Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 22 мың 859 теңге. Ал доллардың бағамы 330 теңге. Демек, біздің мемлекетте айына 70 долларға өмір сүріп отырған адамдар бар.
Қазақстандағы 113 адамның біреуі мүгедек-бала. 36777 жетім бала тағы бар. Қазақ жетім деген түсінік болмаған. Бұл нонсенс еді. Осының өзінен-ақ елдің саяси-экономикалық саласынан бөлек, моральдық тұрғыдан азып бара жатқанын байқауға болады.
Қазақстан суицид саны жөнінен әлемде 3-ші орында екен. Сағат сайын Қазақстанда біреу өз-өзіне қол жұмсайды деген сөз.
Біздің жүйкеміз тозған. Жүйкенің тозу деңгейін қалай анықтайтынын білмеймін. Анығы, бүгінгі Қазақстанда өмір сүру мүмкін емес.
Осы себепті де Қазақстан полицейлердің саны жөніне әлемде 6-шы орында тұр.
Жүйкесі тозғандарды қатаң күзету керек, себебі. Сары уайымға салынғандарды бақылауда ұстаған жөн, олар кез-келген уақытта морт сынуы мүмкін. Сол кезде дойыр мен темір тордың қажеті туады. Жүйкесі тозғандармен күресудің жалғыз жолы осы. Жер дауы соны дәлелдеді. Мұндай кезде тіліңе абай болған жөн. Айғайлап сөйлеуге болмайды. Осы себепті де сөз бостандығы жағынан Қазақстан 154-ші орында тұр.
Асырып айтып жіберуім де мүмкін. Бірақ, жоғарыдағы деректерден қашып құтыла алмаймыз.
Экономикалық зерттеулердің ұлттық бюро басшысы Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, осы 25 жылда Қазақстаннан көшудің үш толқыны тіркеліпті: 90 жылдары немістер көшкен. 2000 жылдарда орыстар қоныс аударған. Ал қазір осы елдегі негізгі ұлт қазақтар Қазақстаннан кетуде.
Азаматтар үшін қайда, қай елге көшкен маңызды емес, бастысы бұл арадан кету керек. Қазақстаннан көшудің өзі – бүгінгі жүйеге деген қарсылықтың көрінісі. Көшіп жатқандардың дерлігі елге берері бар, талапты, талантты азаматтар. Орта тапқа жататындар, жастар…
Неге көшеді? Себебі, болашаққа сенбейді. Сенбейтін себеп көп. Білімнің төмендігі, лайықты жұмыстың аздығы, карьералық өрлеудің жоқтығы.
Анығында, әрі қарай бұдан да ауыр, бұдан да қиын болады. «Ауруын жасырған өледі» деп қазақ бекер айтпаған.
«Алаңға шыққандардың ішінде азулы дегендерін, атылып тұрғандарын түрмеге жапсақ, қалғандары тым-тырақай қаша жөнеледі» деп ойлау үлкен қателік. Мен еліміздің аудан-ауылдарында жиі боламын. Халықпен сөйлесемін. Адамдар әбден шаршаған. Әбден қажыған. Сөзінен, жүзінен білінеді. Олар осы күнге дейінгі былықтың бәріне көз жұма қарап келді. Бірақ, әрі қарай бұған төзе алмайды. Билікке деген қарсылық осы уақытқа дейін іште түйдектеліп келді. Осы энергияны сыртқа шығару үшін ілкі себептің өзі жеткілікті. Содан да шығар жер дауы басталғанда мен іштен тындым. Шынымен де қорқынышты еді.
Бұдан бұлай биліктің «бізде бәрі керемет» деуі және бұған халықты сендіруге тырысуы бекер. Қолынан келмейді. Бұған ендігі жерде ешкім сенбейді. Халықпен сөйлесу, халыққа шығу керек. Олармен кездесуден қашудың қажеті жоқ. Бұқарамен бетпе-бет сөйлесетін кез келді.
Былықтарды тоқтату қажет. Билік бүгінгі бетінен таймаса ауруын асқындыра түседі. Жауапкершілікті алдымен билік мойнына алуы керек.
Саяси элита орнында. Бірақ, бұлар аздық етеді. Интеллектуалды элитаның көмегі қажет. Иә, олар аз қалды. Бірақ, бар. Бұлар билік пен халықтың арасында жүруі тиіс. Қазіргі мәселені полиция мен ОМОН-ды араластырып шеше алмайсың.
Қазіргі күннің ең басты проблемасы – моральда. Мораль жоқ. Осы себепті де адамдар мешітке жүгіруде. Олар өздерінің қорқыныштары мен үрейлерінен осы жерде арылғысы келеді. Мешіттен көмек күтеді, құтқарарына сенеді.
Дамыған елдерде моральдың шарттары қоғамдық-саяси құрылымға негізделген. Біреулерде бұл – демократия, ал енді біреулерде – шариғаттың шарттары, үшіншісінде сұлтанаттың ұстанымы басым.
Өкінішке қарай, қазіргі Қазақстанның қоғамдық-саяси құрылымы – кім күшті, соның сөзі, ісі дұрыс деген ұстанымға негізделген. Бірақ, бұл ереже мәңгілік емес. Халық мәңгі-бақи бас шұлғып өтпейді. Жоғарыда отырғандар міне осыны түсінуі керек.
Қазіргінің құдайы – ақша. Ақшаның культі. Байлық. Адамдық құндылықтардың ішіндегі ең арзаны. Сонымен бірге ең аяусызы да осы…
Анығы, әрі қарай бұлай өмір сүруге болмайды. Біз көш соңында қалдық. Ілгерідегі деректер соның дәлелі. Қазіргі биліктің үлгісі өзін-өзі ақтай алмайды. Ендеше оны қайта қарап, қателігін табу керек және соған сай жаңа үлгіні қайта құруға тиіспіз.
Дерек көзі: Ratel.kz
Аударған, Думан БЫҚАЙ