ЗАҢСЫЗ МИТИНГІГЕ РҰХСАТ ЖОҚ! АЛ МИНИСТРГЕ ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ БҰЗУҒА РҰХСАТ БАР МА?
2016 ж. 20 мамыр
6766
7
Елбасының Тіл туралы ерекше тапсырмасын кім орындайды?
ҚР Бас прокуроры Жақып АСАНОВ мырзаның назарына!
Қазір халық ереуілдеп көшеге шықпасын, елдің тыныштығы бұзылады деп, ҚР Бас прокурорынан бастап, барлық арнайы құқық қорғау орындары басшылары мәлімдеме жасап жатыр. Халықты қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшiн арандатуға бой бермеуге, азаматтық ұстаным мен жауапкершiлiк танытуға шақырып, заңсыз митингке шақырғандар, оны ұйымдастырғандар және қатысқандар әкiмшiлiк, қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатынын ескерттi. Дұрыс, рұхсат берілмеген соң, ол заңды бұзу болып табылады. Оның үстіне Президент Жер кодексіне мораторий жариялап, әркім өз пікірі мен ұсыныстарын білдіру үшін Жер туралы комиссия құрылды. Ал мемлекеттік тілді - мемлекет мүддесін табанға таптауға кім рұхсат берді? Құқық қорғағыш Ішкі Істер министрі Қ.Қасымовқа парламентте мемлекеттік тілді - ұлттық мүддені таптап кетуге, мемлекеттің заңын, Атазаңды, Елбасының ерекше тапсырмасын бұзуға кім рұхсат берді? Халықты ызаландырып, көшеге шығаратын тек Жер мәселесі ғана емес - құқығы ең көп бұзылатын Тіл мәселесі де! Осы Қасымов сияқты министрлердің Парламент қабырғасының өзінде, Мәжіліс депутаты Генадий Шиповскихтің Қазақстанның мемлекеттік тіліндегі сұрағының өзіне Ресейдің мемлекеттік тілінде жауап беріп, Мемлекеттік тілді - Мемлекет мүддесін табанға таптауына Бас прокуратура неге үнсіз? Билікке, яғни, Заңды қадағалаушы басты орган - Бас прокуратураға Ішкі істер министрінің бұл Заң шығарушы басты орган - Парламенттегі заң бұзушылығын эфирден көріп күйіп кеткен, күңіреніп кеткен миллиондаған адамның ашу-ызасы еш әсер етпей ме? Министр біліп істесе де, білмей істесе де, міне, нағыз арандату! Біз солай ойлаймыз! Қазақ еш уақытта қарнының ашқаны үшін көшеге шықпайды! Қадірінің қашқаны үшін атқа мінеді! Өткенде ғана, осыдан тура үш ай бұрын 16 ақпанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы жиында сұрақ қойылған тілде жауап бермегендер қызметтерінен қуылсын деп, Президент әкімшілігіне берген тапсырмасы қайда? Елбасының Тіл туралы ерекше тапсырмасын кім орындайды? "МИНИСТР ЗАҢ мен ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНА БАҒЫНБАЙ МА? Депутаттың қазақша сұрағына орысша жауап берген Ішкі істер министрі Қ.Қасымов орынан алынуы керек" ( http://www.qazaquni.kz/?p=51838 ) деген "Қазақ үні" газетінің мақаласын бірнеше БАҚ көшіріп басып, әлеуметтік желіде ашу-ызаларын ақтарып жатқанына үш күн болды бүгін... Қаншама адамар, зиялы қауым хабарласып, Президентке Ашық хат жазайық, петиция ұйымдастырайық деп жатыр... Осындай ұлттық мүддеге қарсылық көрсеткен заң бұзушылықтар жинала келе халықтың наразылығына от тастайтынын мектеп баласы да білгенде, министрлер білмей ме? Осы ең маңызды мәселелердің бірін ширек ғасырдан бері біздің биліктің түсінбей, әлде түсінгісі келмей келе жатқанына таңым бар? Егер биліктің ең нәзік нәрсе - ұлттық мүдде мәселесі - қазір ширек ғасырдан бері жиналып, ең қауіпті мәселеге айналып тұрғанына түсінігі мен еркі жетсе, еркінсіген министрді жазалар еді... Ал мұндай оқиға бізде ондап, жүздеп саналады... Ішкі істер министрлігінің Республика алаңынан жасырылған қауіпті заттар тауып алғаны жарияға жар салынып, алаң уақытша жабылды. Дұрыс, сақтансаң сақтайды! Қырағылықтарына бек разымыз! Халықтың өмірін сақтау ең басты міндет! Ал Ішкі Істер министрі Қ.Қасымовтың Парламент қабырғасында Заңымыз бен Президенттің арнайы тапсырмасын белінен басып бұзуы - алаңда жасырылған жанармайлы құтылар мен қарулардан мың есе қауіпті екенін біле ме екен! Бұл біздің Билікке арналған халықтың сұрағы! Заңымыздың, әсіресе, тіл туралы заңымыздың күнде бұзылып жатқанына ет үйренді. Ең болмаса, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы айтқан сөзі - берген тапсырмасының құны мен қадірі үшін жауапқа тартуға болмай ма? Әлде, Президент тапсырмасын Президент әкімшілігі де орындамауға көшкен бе? Қазыбек ИСА, qazaquni.kz