Елдің тыныштығын, тұрақтылығын сақтау бәріміздің қасиетті борышымыз - Назарбаев
2016 ж. 06 мамыр
2984
1
Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге сіңірген аса үздік еңбегі, әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
«Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен, Ұлы Жеңістің 71 жылдық мерекесімен шын жүрегімнен құттықтаймын. Бұл екі мереке - ата-бабамыздан бізге мирас болған елдік дәстүрді жалғастыратын кезең. «Ел ерлерімен еңселі», дейді халқымыз. Біз кешегі баһадүр бабаларымыздың ерліктерін қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Еліміздің тұтастығын қорғау - Отан күзетіндегі әрбір азаматтың қастерлі парызы. Елдің тыныштығын, тұрақтылығын сақтау бәріміздің қасиетті борышымыз. Берекеміз бен бірлігіміздің арқасында аспанымыз ашық, заманымыз тыныш», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай бейбіт өмірде де ерлік жасауға болатыны дәлелденгенін баса айтты.
«Дәл қазір араларымызда ерен ерлігімен дараланған бүгінгі күннің батырлары тұр. Өз басын қатерге тігіп, адамды өрттен құтқарған Данияр Қалиев ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Арамызда ел қауіпсіздігін нығайтуға зор еңбек сіңіріп жүрген азаматтар да бар. Халықаралық деңгейде танылған мерген қызымыз Әсем Жакенованы атап өткім келеді. Жоғары жетістіктермен көзге түскен ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы бүгінгі марапатқа ие болып отырған азаматтар әскери қызметпен бірге азаматтық парызды абыроймен атқарып жүргендігін атап өтті.
«Ел сүйсінген ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз ұрпаққа өнеге. Жастар өздеріңізге қарап бой түзейді. Мейрам қарсаңында ерлігімен, жеке еңбегімен елге танылған азаматтарды марапаттау игі дәстүріміз болып келе жатыр. Жоғары мемлекеттік марапатқа ие болу сіздерге құрметпен бірге зор жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта да осы сенім мен жауапкершілік үдесінен шығады деп сенемін. Еңбектеріңіз елге үлгі бола берсін», - деді Н.Назарбаев.
Дерек көзі: ҚазАқпарат