Қазақстандағы мемлекеттік жердің мүддесі үшін орыс пен өзге ұлттардың өздері күресу керек
2016 ж. 26 сәуір
4074
3
Ұлтымыздың мүддесі үшін біз айқай көтерсек, біз ұлтшылмыз, ал Мәскеуде өздерінің тілі, жері үшін күресіп жатқандардың барлығы патриоттар...
Жалпы, бізді қазір яғни Атырау халқын "ұлтшыл" деп атап жүр. Олар еш уақытта заңнан тысқары шыққан емес. Олар "Анасын" ардақ тұтты. Олар бар болғаны – өз жерінің мүддесі үшін ғана күресіп жүр. Қазақстандағы мемлекеттік жердің мүддесі үшін орыстың өзі күресу керек. Қазақстандағы өзбектер, ұйғырлар және немістер күресу керек. Мемлекеттік жердің мүддесі үшін. Жұтқан ауасы үшін,қыл тамағынан өткен ас үшін. Ал егер жойылуға кетіп бара жатқан ұлтымыздың мүддесі үшін біз айқай көтерсек, біз ұлтшылмыз, ал Мәскеуде өздерінің тілі, жері үшін күресіп жатқандардың барлығы патриоттар. Көріңіздер ме қандай жағдайға бізді алып келді? Бізге осындай айып таққаны үшін сотқа беруге болар еді кейбіреулерді. Қандай ұлтшылдық бар? Мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ, керек десеңіз. Бұл таза, мемлекеттің мүддесін көтеріп отырмыз. Ал бізде мемлекеттік тілге деген көзқарас құлдырап кеткен. Міне осыны айтсаң, біз ұлтшылмыз. Сондықтан бұл көзқарас мүлде дұрыс емес. Қолына ұзын сыпырғыш алып жүрген қазақтың өз жерінің иесі екенін сезіндіру қажет. Қашанға дейін мемлекеттің адамы үшін жер сыпырсын? Жер дауы өте күрделі. Әр депутат "өз пікірім" деп сайрап жатыр. Өз пікіріңіз мол болса,Атыраудың мінбесіне кеп сайраңыз. Жеке журналистке жауап қатпаңыз, халыққа айтыңыз! Бес жылға кетті. Бізде демократияның иісі де сезілмейді, демократия "жемократия" болып кеткен. Ал оның орнына қоятын депутаттардың көпшілігі "жепутатқа" айналып кеткен. Халыққа керегі уәде немесе ауыздан шыққан сөз емес. Халыққа "Анасы" керек. Өз Анасының бауырында таршылық көрмеу қажет.
Мұхтар Шаханов
qazaquni.kz