«Шерлі Түркістан» поэмасы – Қасымхан ақынның азаматтық сөзі
2016 ж. 14 сәуір
5695
1
Тәңірі Тағала әркімнің маңдайы дүниеге келер алдында тағдырын жазады. Дәухіл-махфузға жазылған тағдырыңның қалай боларын ешкім білмейді. Маңдайға жазылғанын көресің. Ұлы Жаратушы Құдай Тағала әрбір пендесіне өзінің ырзық-несібесін берген. Кейбір адам баласы ақын, жазушы, суретші сияқты өнер адамы болып туылады. Бұл, әрине, жақсы қасиет. Дарын.Талант. Шебер Құдай Тағаланың берген дарынымен бүгінде көптің ықыласына бөленіп, махаббат ақынына, лирик ақынға айналған жігіт ағасы – Қасымхан Бегмановтың шығармашылық зертханасымен танысып, оның шығармаларының көкөзегін байқап, оның шығармашылығы хақында аз-кем ой толғайық деп шештік. Осы күнге дейін әдеби орта, ғылыми орта Қасымхан Бегмановты «махаббат ақыны» деп бағалап келді. Енді көптің бұл ойы 180 градусқа өзгерер... «Егемен Қазақстан» газетінің 9 сәуір күнгі №67 санында жарық көрген «Түркістан тағдыр» атты тарихи дастаны – оқырман қауым арасында үлкен әсер тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып келеді. «Түркістан тағдыр» арқылы ақынның тағы бір қырын, ерекшелігін байқап, оның азаматтығына сүйсінесіз. Біз, осыған дейін Қасымхан Бегмановтың Мұстафа Шоқай бабамыздың құрметіне арнап жазған «Мұстафа Шоқай жолымен» ғылыми-зерттеу еңбегімен де, осы аттас деректі фильммен де жақсы таныспыз. Сонымен Қасымхан ақынның шығармашылық әлеміне енейік.
Қасымхан Бегманов – қазақтың көрнекті ақыны ғана емес, қоғам қайраткері. «Қайраткер» деген сөздің қадірі қашқан заман болды ғой өзі. Қатардағының бәрі «қайраткер». Өзінің айтуы бойынша 300-ден астам әні бар, бірақ халық соның бірде-біреуін жатқа білмейтін Нұрлан Еспанов деген жарты «құдай» да өзінше «қайраткер». 28 жастағы Жанар Доғалова да «қайраткер». «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атағы барларды санасаң, саусағың жетпейді. Тіпті, санынан жаңылысып тынасың. Ал, біз айтып отырған «қайраткер» деген ұғым – қай мағынасынан алсаң да, биік һәм абыройлы. Абыройлылығы сол – ол өзінің ұлттық құндылығын дәріптеп, руханиятқа жанашыр болып, ұлттың шынайы тірегі болады. Ақын Қасымхан Бегманов осы топқа жататын қайраткер. Оның қайраткерлігі сол – рухты жырлар жазуы, Мұстафа Шоқайдың мұрасын насихаттауы, шоқайтануға үлес қосуы, қазақтың салт-дәстүріне адалдық танытуы. Енді осындай шығармашылық адамын қайраткер демесек, кім дейміз?!
Қасымхан Бегманов – қоғам қайраткері. Республикалық деңгейде «Дәстүр» атты ұлттық этнографиялық журнал шығарып, қазақтың мынадай алмағайып заманда ұмытыла бастаған дәстүрін жаңғыртып, салт-санасын ұлықтап, жас ұрпақтың келешегі үшін байырғы қазақтың жазылмаған «дала заңы» мен бабалар институтын қалыптастырып, оқырман қауымға ұсынуы. Бабалар институты дегеніміз – ежелден бергі ұстанып келген дәстүрі, ұлттық менталитетіне сай өзіндік ерекшелігі, ырым-тиымы. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік заманда қазақтың ділі мен тілі, салт-санасы солақай идеологияның құрбандығына шалынып, цензураның қайшысымен туралып кетіп еді. Ал, егемендік алып, азаттық таңына жеткенде, қазақтың салт-санасының титтей бөлшегі ғана қалып еді. Оның өзі нарық заманына келіп, тағдыры таразыға тартылды. Жаңа ғасырдың жаңа буыны – космополиттік ауруға шалдықпасын деп, исі қазаққа «Дәстүр» деген журнал шығарып, ескілікті жоқтап, ескілікті жырлады. Шүкір, бүгінгі күні «Дәстүр» журналы – мерзімді басылымдар арасында өзінің тұрақты аудиториясы мен оқырманын қалыптастырған, ел іздеп оқитын, сұранысқа ие басылымның бірегейі. Түркілік сарынмен ұлттың рухын оятып, кешегі жыраулардай кесек толғайтын көк бөрі ақын – Темірхан Медетбектің «Дәстүр» журналына әдеби редактор болып келуінің өзі – ұлы Тұран ұлдарының берекесі мен бірлігін дәлелдеді. Темағамыз «Қазақ ақындарының салт-дәстүр антологиясын» жасап, журналдың әдеби мазмұнына ерекше жаңалық әкелді.
Қасымхан Бегманов – азамат ақын. Қазақ поэзиясында тарихында «азамат ақын» деген бағаға лайық ақындар санаулы ғана. Мысалы, «Оян, қазақ!» деген Міржақып Дулатұлы, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам...» деген Сұлтанмахмұт Торайғырұлы сынды арыстарды тілге тиек етуге болады. Бүгінгі қазақ поэзиясынан «азамат ақын» деуге тұрарлық ақын болса, ол – осы Қасымхан Бегманов. Қара өлеңнің биігіне айналған Қадыр Мырза Әлі ағамыз Қасымхан Бегмановтың «Ташкентпен қоштасу» өлеңін жоғары бағалаған еді. Иә, онысы шындық. Ақынның «Ташкентпен қоштасу», «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым», «Мен өзімнен бөле алмадым Тұранды» деген өлеңдерінен ақынның азаматтық келбетін көресіз. Ол туған жерін жан-тәнімен өліп-өшіп сүйеді. Шетсіз-шексіз сүйеді. Иә, адам баласының бәрі өзінің туған жерін ерекше қадірлейді. Алайда, Қасымханның туған жеріне деген махаббаты өзгелердікінен тым бөлек, ерек, алабөтен. Себебі: оның жүрегінде мұң мен шер, нала бар. Мұң мен шері өзегін өртеп, намыс-жігерін алаулатып, көңілінің құтысын сындырып, жүрегінің түбінен азаматтық сөзін өлең қылып шығарады. Міне, өлең деген жүректегі сезімнен туады дейтініміз сондықтан. Жоғарыда мысал еткен Міржақып бабамыздан бұрын қай ақын «Оян, қазақ!» деген еді, айтыңызшы... Міржақыптың ауызына «оян, қазақ!» деген сөзді Жаратқан Хақ Тағала салған емес пе! Міржақыптың басқа ақындардан ерекшеленетіні де осы. Ал, Қасымханның «Ташкентпен қоштасуы» – Қадыр ақын айтқандай, «поэтикалық құбылыс» .
Қасымхан Бегманов шығармашылығының негізгі көкөзегі (лейтмотиві) – ұлы Тұран даласы, Тұран перзенттері. Туған жерінің тарихын білмеген бала, кейін өскенде оның дамуына үлес қоса алмайды. Ал, Қасымхан 1975 жылы мектеп бітіріп, Алматы шаһарына келіп, политехникалық ннститутта оқи жүріп, «Түркістан» деп жырлап, филфак пен журфакты бітірген қатарлас ақындармен тең дәрежеде тұрды емес пе! Осы сөзімізді кім жоққа шығара алады! Сенбесеңіз, талантты эссеист Бауыржан Омаровтың «11-ші қаламұшын» оқып, Қасымхан ақынның сол кездегі КазГУ қалашығындағы ақындармен тең дәрежелі болғанын байқаңыз.
Қасымхан Бегмановтың «Шерлі Түркістан» поэмасының ерекшелігі – ақын поэзия тілімен өткен дәуір мен бүгінгі қоғамды салыстырып, Мұстафа мен оның сүйіктісі Мариямның бір-біріне деген махаббаттарын хат, эпистолярлық мұралар арқылы өрнектеп, Мұстафаның жүрек сөзін монолог тәсіліне салып, бейнелеп, суреттейді. Ақын – суретші. Ақынның суреті – Мұстафаның портреті. Ақынның суреткерлік политрасында қазақтың Мұстафасының қоғамдық-саяси қызметі, оның санаулы ғұмырында атқарған игі істері мен егемендік жолындағы көзсіз ерліктері бәрі-бәрі қамтылған. «Шерлі Түркістан» поэмасы – дәуірдің тынысын, қазақтың мақтанышына айналған таутұлғаларының тағдырын жас ұрпаққа дәріптеуге шақыратын шығарма. «Шерлі Түркістан» поэмасы – азамат ақынның жүрек сөзі. «Шерлі Түркістан» поэмасы – оқып отырған оқырманына ұлттық рух пен намыс сыйлап, жүрегіне туған еліне деген махаббат сезімін ұялататын құдіреті күшті шығарма. «Шерлі Түркістан» поэмасы – қазақтың ары мен ұятын, мақтанышын қалыптастыратын, патриоттық сезімін арттыратын әсерлі де қуатты, рухты да ұранды шығарма.
Қадірлі оқырман, Сіздің назарыңызға қазақтың көрнекті ақын, қоғам қайраткері Қасымхан Бегмановтың Алаштың ардақтысы, мұқым түркі жұртының басын бір арнаға тоғыстырып, үлкен мемлекет құруды армандап өткен Мұстафа Шоқай бабамыздың тағдырына, өткен өмір жолына арналған «Шерлі Түркістан» атты поэмасының толық нұсқасын ұсынып отырмыз.
Елдос Тоқтарбай, әдебиеттанушы
«ШЕРЛІ ТҮРКІСТАН» ТАРИХИ ДАСТАНЫ ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ
Мұстафа Шоқай. Оның өмірі, Түркістан үшін жүргізген арпалысты күресі, шығармашылық мұрасы, кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті – бүтін бір университет. Әнуар Әлімжанов, Айтан Нүсіпхан, Көшім Есмағамбетов – бұл аталған авторлардың әрқайсысының шоқайтануға қосқан үлесі бар. Иншалла осы сияқты ізденістердің әлі де сәтті жемістері болатындығына сенуге болады. Міне осы көп салалы шоқайтануда, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың өз орны бар. «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын екі томдық кітаптан тұратын айтулы еңбегі, Наршоқыдан Берлинге дейін жүріп түсірген төрт бөлімді деректі фильмі, ең негізгісі Өскемен қаласында болып өткен шулы сот процесінде М.Шоқай есіміне жеке араша түсіп, сотта жеңіп шығуы оның бұл тақырыпқа деген адалдығының анық көрінісі. Енді міне, «Шерлі Түркістан», – деп аталатын тарихи дастаны дүниеге келді. Қасымхан ақын бір нәрсеге иманындай сенеді: Мұстафа Шоқайдың биік тұлғасы үшін күрес – бұл идея үшін күрес, Түркістан халықтарының тұтастығы мен болашағы үшін күрес. Бұл мәңгілік тоқтамайтын майдан. Ақын Қасымхан Бегмановтың бұл дастаны Мұстафа Шоқайға, Мұстафа Шоқай сүйген ұлы Түркістанға арналған. Мағжан, Шолпан, Абдулла Қадыри сынды алыптар жырлаған гөзал Түркістанға.
Ақын М.Шоқай сүйген, оның ақ жүрек серіктері сүйген, бәрі бірігіп бақыт жолына салуды армандаған Түркістанды, Түркістанның сол бір биік тұлғалы перзенттерін санамен сарылып іздейді. Сол Түркістан, тарихи Түркістан, тұтас Түркістан неге бізден алысқа ұзап кетті деген оқырманға сауал тастайды. Дастанның өзегі де, дәні де осы бәрімізге ортақ, бәрімізге таныс ғажайып ойды, арманды дәл жұптай беріп, әлі де болса біржола сөне қоймаған ошақтағы күлге қозғау салып, оның астындағы шоқтың бетін жалаңаштағандай сезімге бөлеуінде болса керек! Ірі тақырыпты тек ұлттық бағыттағы ірі дарындар ғана шебер жырлай алтыны ақиқат. Менімше Қасымхан Бегманов жан-жақты осындай ірі дарын иесі. Ендеше, біздің қазақта кеше тебіреніп Мағжан Жұмабаев, бүгін буырқанып Қасымхан Бегманов толғай жырлаған, Мұстафа Шоқай шексіз сүйген, Мұстафа Шоқай армандаған Ұлы Түркістанның амандығын тілейікші, ағайын.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор
ШЕРЛІ ТҮРКІСТАН (поэма)
КІРІСПЕ
Жүз жылдықтар ағады, Құранның асыл парақтарында, Ғасырдың қатал сабақтарында. Домбыралардың сағақтарында, Қазақтың тартқан табақтарында.
Жүз жылдықтар ағады, Аэропорттардың кассаларында, Самолеттердің қанаттарында. Әлемнің алуан баспаларында, Шенеуніктердің қабақтарында, Париждің түнгі кабактарында, Жүз жылдықтар ағады.
...Түнгі Париж, қаңғыдым жалғыз Шанзелия көшесіменен, Шарапты тартты шайырлар кесесіменен, Жоғалған уақыт... толады есесі немен. Мұстафа Шоқай сан жүрген жабырқап жалғыз, Шеллде Мариям, Берлинде Мұстафа... қабыр қап жалғыз. Жүз жылдықтар... жанымды ауыртты менің, Арманын оның дос түгіл жау ұқты дедім. Қайран Түркістан бөлшек боп бөлініп кеткен, Анталап келіп, жан-жақтан желігіп жеткен.
Мұстафа Шоқай рухы, өкпелі ме екен, Мариям ару көз жасын төкпеді ме екен. Жарық жұлдыздар аспаннан ағып барады, Тұлғалар тағы дүниеден өтпеді ме екен.
Қош, Париж, Шеліңмен*, Ножаныңменен*, Қайдамын бүгін, уақыттан озамын деп ем. Жұмағыңменен, тозағыңменен, Аспанға қолды түбі бір созамын деп ем. Самарқан, Қоқан, Ташкент, Астанам сосын, Түркістан, Cауран, Cозағымменен.
Мариям жазған оқыдым сырларды ғажап, Меңгеріп жатты бұл кезде қырларды қазақ.
...Шындықты елі апыр-ай, кеш біліп тұрды, Кларнетаның мұңлы үні естіліп тұрды.
Жүз жылдықтар ағады...
*Жер аттары * * *
Жұлқысқанмен жұлқысқан, Қырқысқанмен қырқысқан. Атқа мінсе ерлері, Қара бұлттай тұтасып қайыстырып жер бетін шығатұғын әр тұстан. Бөлшектелмеген баяғы, Шерлі де, мұңлы Түркістан.
Түркістанда мемлекет құрам деп, Дар алдында кірпік қақпай тұрам деп.
Мұстафа Шоқай ер шықты, Қару алып көшеге кәпірлерге бағынбаған ел шықты.
Түркістанның тұтастығын аңсаған, Жанын қиды осы жолда қанша адам. Беу, жас ұрпақ, не айтайын мен саған.
Адал ұлдар елге қарай бұрылған, Қоқан менен Орынборда құрылған. Түркістан мен Алашорда атына, Шығысымнан, Сырымнан, Хат кеп жатты ойдағы ел мен Қырымнан, Сол бір қайран ерлердің, Рухы аңқып тұрса болды жырымнан.
* * *
...Қаншама өзен тасыған, Қилы да қилы ғасырлар өтсін басынан, Көргем жоқ кезін жасыған, Тәуелсіз ұрпақ, сендерге қарай асығам. Келмесін енді қаралы көштер қаралы таудың басынан, Өлмесін тұлпар баяғыдай боп Сағынайлардың асынан, Қайғымды кімнен жасырам, Келер ұрпақ алдыңнан сенің шуақ боп мәңгі шашылам, Өзіңе ғана ашылам.
Ұлы Түркі дүниесі, бәріне тас боп бекінген, Дұшпанының үстінен арыстандай ақырып барып секірген, Ата жаулары алдында тізерлеп тұрып, қатындай жылап өкірген. Шыдай алмастан сесіне, Келдім деп мұнда несіне.
Еңбектеген қалтырап, Тұра қашқан сонадайдан төбелері көрінсе, құйрықтары жалтырап.
Жігіттері жаужүрек, Қас-қағымда шешетін бітпейтіндей дауды көп. Шімірікпеген жүздері, ет кессе де етінен, Ержүрек батыр шетінен.
Әлсіздерді жоймаған, Ат үстінде ойнаған. Алшаңдаған осы біздің қазақты, Құл қылам деп ойлаған.
Ежелгі дұшпан артынан тоз-тоз боп кеткен Қалмағы, Өз алдына дербес бір ел болып та қалмады.
Сол түркінің қарағайға қарсы біткен қазақ дейтұғын ұрпағы, Жерден де ауыр сөйлесе сөздерінің салмағы. Ат үстінде ұшқан құспен жарысып ақ сағымға сіңетін, Қарсыластың әлсіз жерін тамыршыдай білетін. Аттан түссе алшаң басып жүретін, Киіз үйдің іргесін қатындары түретін. Жын тілін де білетін, Құс тілін де білетін, Су тілін де білетін, Қу тілін де білетін. Мынау сайын, жұмбағы көп, біздің туған далада, Еркін өмір сүретін. Ерегіскен дұшпанның езулерін тілетін, Қоқаңдаған батырын, көзіне ілмей күлетін.
Бірде жеңдің, жеңілдің, Он сегіз мың мынау жұмбақ өмірдің. Құпиясын меңгерген, Қарашасын хан ұлымен тең көрген. Қайран біздің бабалар, Жетім-жесір, мүсәпір саясына сағалар, Дәл осындай болғанына шүбәм жоқ інілер мен ағалар, Біздің батыр бабалар, Сіздің батыр бабалар! Шайырлары қара түнде жыр жазар, Ханымдар мен мырзалар! Ал қыздары нәп-нәзік, Ат үстінде қалқитын, қой жайылған қоңыр белде жап-жазық.
Күлкілері сыңғырлаған қоңырау, Аршын төсі топ-томпақ төңкерілген омырау, Елең етер еріксіз түк естімес саңырау.
Қылдырықтай белдері, Бұлдырықтай төлдері.
Гүл көмкерген көктемде, Қаздай қалқып өткенде.
Қой қайтарар малшылар, Бозбалалар қара терге малшынар.
Күлкілері таудан құлар бұлақтай, Қимылдары тербетілген құрақтай. Нәркес көзі жанып тұрған шырақтай, Өн-бойында артық ет жоқ құр аттай. Қылықтары жауабы жоқ сұрақтай. Айдай әсем, күндей сұлу тотылар, Міне, қазақ арулары – осылар! Көрген сәтте тіл байланып, тосылар, Қыз-жігіті шын ғашық боп қосылар. Сатылмайтын, сатпайтын жанында ерткен досы бар! Мал жаймаған егінге, Басты ұраны – артқа қарай ешқашан да шегінбе! Тектілерден текті туар тегінде.
Кенесары басын берген халқым деп, Бұл далада найзағайдай жарқыл көп.
Мұны бізге сұлтан менен бегім берді дейсің бе, Бұл даланы қазаққа тегін берді дейсің бе?
Түркістаным бір тұйыққа тірелді, Арқа тұтып көрмек боп көрші жатқан ірі елді. Қыйлы-қыйлы кезеңдерден, Өткел бермес өзендерден аман-есен өтіп кеп, ...Бұйрық бере бастады келімсектер жетіп кеп!
Талай сырды ұғарсыңдар жырымнан, Астамсынған үн естіліп қырымнан. Бар биліктен шеттетілген, сырылған, Осы тұста Алашорда үкіметі құрылған! Әлихан мен Мұстафалар күресті, Империямен тіресті!
Сұрасаңыз Мұстафаның аталары би болған, Хан түсетін үй болған. Ер Мұстафа осы жолға текке түсті дейсің бе, Кекке түсті дейсің бе?
Жүріп өткен жолына басыңды иіп құласаң, Бұл Мұстафа Шоқайдың түп атасын сұрасаң, Сүт анасын сұрасаң, Құт анасын сұрасаң, Түбі оның ер Түрік, Дұшпандарын алдына тізерлетіп келтіріп, Дандайсыған неменің басын шауып өлтіріп, Кеткен біздің бабамыз айналайын ер Түрік!
Ойнағаның, күлгенің, Бақытты боп өміріңді сүргенің, Ен далада алшаң басып жүргенің. Жеңістерін әр жыл сайын тойлаған, Арқасы ғой ұрпақ қамын ойлаған, Ер Күлтегін, Төныкөк пен Білгенің!
Қыран құстай самғаған, Бәрін ерте қаршадайдан аңдаған. Бұл Мұстафа Шоқайұлы, Күлтегіндер жүріп өткен, Қасиетті ұлы жолды таңдаған.
Жауда қалған жерлерін, Дауда қалған белдері мен көлдерін. Шейіт кеткен ерлерін. Ер Мұстафа Шоқай мырза шексіз сүйген, Түркістанның жаздым қалқам шерлерін!
Арманымды түсіндің бе, сен менің? Маскүнемге тең бе едім? Қаскүнемге жем бе едім? Тірідей-ақ жерледің, Отқа жақты өлмедім. Суға салды батпадым, Жасырынып жатпадым. Ел үмітін ақтадым, Жер үмітін ақтадым. Ата тарих саған деген сезімді, Жүрегімнің түкпірінде сақтадым.
Жаратушым бізді бәлкім осындай ғып жаратқан, Тәуелсіздік таңы атқан.
Тұста мынау Шоқайұлы Мұстафаның сан қилы, Жолдарымен өткенмін. Париж бенен Берлиніңе жеткенмін. Қабіріне барып мен, Құран оқып кеткенмін. Оңашада көздің жасын төккенмін, Шуағына шомылып сол бір мұңлы көктемнің.
Шелліңе де барғанмын, Шөліңе де барғанмын, Көліңе де барғанмын, Таң-тамаша қалғанмын, Сан оңаша қалғанмын, Бәлкім содан бақ дарып, Архивтерді ақтарып, Сырын ұқтым жалғанның, Жүрегімді баураған, Шоқайұлы Мұстафадан қалған мұң!
* * * «...Руководствуясь ст.358 ч.З ГПК РК, судья апелляционной судебной коллегии ПОСТАНОВИЛА: Решение Усть-Каменогорского городского суда от 18 мая 2012 года отменить и вынести новое решение. Апелляционную жалобу представителя истца Хван Г.Г. удовлетворить частично. Признать несоответствующими действительности и порочащими честь и достоинство Бегманова К.С. сведения, содержащиеся: -в статье Д.Данилевского «Национал-демократы против таможенного союза» в газете «FLАSН» от 26.06.2011 года, «на днях в г.Усть-Каменогорске состоялась презентация документального фильма «Дорогами Мустафы Шокая», повествующего о деятеле, который в годы войны сотрудничал с гитлеровцами, создавал из пленных красноармейцев т.н. Туркестанский легион. Мустафа Шокай – это, по сути, казахский Власов», «А месяц спустя тоже по госзаказу уже написать о фашистском прихвостане, стоящем но другую сторону окопа». -в статье Михеева С.Н. «Как черное становится белым», где автором указано следующее: «по причине смерти несостоявшегося правителя-гауляйтера Казахстана и Средней Азии» (о Мустафе Шокае). «И ни слова о пресловутом «Туркестанском легионе», одним из идейных руководителей был, с убедительной доказательностью сего факта, Мустафа Шокай». Обязать редакцию газеты «FLАSН» опубликовать опровержение по указанным сведениям. Взыскать с ответчиков Данилевского Дениса Георгиевича и Михеева Сергея Николаевича в равных долях в пользу Бегманова Касымхана Сейтхановича в возмещение морального вреда 100 000 (сто тысяч) тенге, а также судебные расходы по делу - возврат госпошлины в сумме 1618 (тысяча шестьсот восемнадцать) тенге, оплату услуг представителя в сумме 100 000 (сто тысяч) тенге»*.
Бір ұлы едім Бабайқорған мен бабамдар кеткен Байсынның, Жолыңмен өттім жарқырап туған ай сындым, Қай жырым менің үзілді ұшына жетіп қай шыңның. Жабылып бәрің соңына оның түсердей, Жолыңды кесті ол қайсыңның?
Дүниені кезіп архив ақтарып, сары қағаздарға үңілдім, Сұқсұрдай мынау сүмпиген сұрқыңнан сотта түңілдім. Сорақы болды-ау бүгінгің, Құлжабайұлы Мәмбетке барып жүгіндім.
Баурайында гүл аңқыған қолаттың, Шолтаң етіп өте шықты-ау шолақ күн. Құдайдан да қорықпай Мұстафадайын асылдың, Ғайбат сөздерді соңынан қалай бораттың.
Болмаса тек еліккен... бірер ессіз кей кісің, Бүгінгі есті ұрпақты саған сенер деймісің. Қарш та-қарш шайнасып, Ұлы тарихшымен оңашада ойласып, Қара қазанға қойды асып.
Мұстафа Шоқай жолымен өткенде жүріп көктемде, Алысқа сапар шеккенде – Құс ұшырып төбемнен, ит қосқанмен топтасып, Ана иттермен соттасып, Мына иттермен қоштасып.
Тамтығым қалмай кетсе де, Тағдырымды шешетұғын сотта да сыр берместен өткенмін, Шуағына шомылып сол бір күз бен көктемнің.
Талқыға түскен тар шақта бұлт ете қалған сол ағам, Жүрегі оның жаралған екен қоладан. Намысымды таптаған, ортаңнан сенің таппаған, Әділдік пенен бақытты, Табам ба барып моладан.
*«Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмінің Өскемен қаласында өткен тұсаукесер көрсетілімінен кейін «FLАSН» газетінде жарияланған мақалалардағы Мұстафа Шоқайға тағылған аса сорақы жалалардың жалғандығын дәлелдеп Өскемен қалалық сотына жүгінген едім. Өскемен қалалық сотының 18.05.2012 жылы менің Флеш газетінің журналистерімен «ар-намысын, іскерлік беделін қорғау және залалды өтеу» туралы талап-арызым бойынша қараған азаматтық істің М.Шоқайды фашист деп қаралаған қарсы тараптың пайдасына шешілген шешімін 12.07.2012 жылғы (2а-1883/2012) Шығыс Қазақстан облыстық апелляциялық және 27.09.2012 жылғы (2к-1300-12) кассациялық сот алқалары жойып, М.Шоқайды ақтап шықты.
***
...Қайтейін қалмаған соң басқа амалым, Тарихты өткен, кеткен ақтарамын. Асау жыр боп оянып көкірегіңде, Хат болып кейінгіге сақталамын.
Қағазға барлық сырын ақтарыпты, Кей сөзі ескі өлеңдей жатталыпты. Ножаннан Түркістанға келген хаттар, Әр жерде мұрағатта сақталыпты.
Бұл жырды сақтап қойсын барша оқыған, Дерек пен керегіңді алшы осыдан. Сіздерге сәлем сырлы Шиеліден, Сіздерге сәлем мұңлы Наршоқыдан.
Төгілген аспан жақтан нұрға балап, Жазылған көңіл аудар жырға, қарақ. Көміліп бүкіл ауыл қалған екен, Құранды оқыдық біз құмға қарап.
Қара жол ойдым-ойдым тынған анық, Құлаған ескі столба сымға оралып. Мұстафа Шоқай ердің атажұрты, Бұйығып жатыр екен құмға оранып.
Япырай қилы кезең, кезеңдердің, Сырларын ішке бүккен сезем белдің. Шоқайдың ауылына баратұғын, Өзгерткен арналарын өзендердің.
Айырылған ауыл екен келбетінен, Ұшқан құс көре алмайсыз көл бетінен. Арнасын өзендердің өзгертіпті-ау, Бұл әулет жоқ болсын деп жер бетінен.
Осы істі істегенді сұмға балап, Отырдым ойға шомған қызға қарап. Империя тілегі қабыл болмай, Оқыдық құранды біз құмға қарап.
Ескіден есіңді алар сыр ұққасын, Өткен мен кеткендерді сұрыптасын. Қазақты көк бөрідей ұлытпасын, Арыстанмен алысқан асыл ерім, Мұстафа Шоқайды ұрпақ ұмытпасын.
МУХТОРИЯТ
Туркистон мухторияти... Темур хоқонининг чин болалари ёнинда, туркистонли тубчак турклари орасинда, мундан ӯғурли, мундан муқаддас, мундан суюнчли бир сӯзни борлиғига ишонмайман. Туркистон туркининг қонини қайнатғучи, имонини юксалтгучи бир қувват бор эса, ёлғуз шу сӯзда бордир: Туркистон мухторияти. Элли(к) йилдан бери эзилдик, таҳқир этилдик, қӯлимиз боғланди, тилимиз кесилди, оғзимиз қопланди, еримиз босилди, молимиз таланди, шарафимиз юмурулди, номусимиз ғасб қилинди, ҳуқуқимизға тажовуздар бӯлди, инсонлигимиз оёқлар остига олинди, тӯзимли турдик, сабр этдик. Кучга таянган ҳар буйруғга бӯйинсундик, бутун борлиғимизни қӯлдан бердик. Ёлғиз бир фикрни бермадик, яшрунтурдик, эмгакларимизға ӯраб сақладик: Туркистон мухторияти! Маҳкама эшикларидан йиғлаб қайтғанда, ёруқсиз турмаларда ётғанда, йиртғучи жандармнинг тепгуси билан йиқилғанда, юртларимиз ёндурулғанда, диндошларимиз осилғанда онгимиз йӯқолди, миямиз бузилди, кӯзимиз ёғдусиз қолди, бирор нарсани кӯролмадик. Шул чоғда, тушкун руҳимизни кӯтармак учун шул қоп-қоронғу дунёнинг узоқ бир еринда ойдин бир юлдуз ялқиллаб тура (р) эди. Бирор нарсага ӯтмаган кӯзимиз шуни кӯрар эди. Ул нима эди? Туркистон мухторияти! Биз аниқ била(р) эдикким, золим Николай ҳукумати қанча яшарса яшасун, адолат ошиқи бӯлған... рус демократияси, ҳақға таянган бир инқилоб, ҳар миллатнинг ӯз ҳақларини қайтарур. Инқилоб бӯлди. Русиянинг «қӯшма халқ жумҳурияти» усули билан идора этилури жарланди. Шул эълон узра ясалган Украина, татар ва бошқа миллатлар мухториятлари тасдиқ этилди. Қӯнуқ Туркистонники эди. Туркистоннинг тарихий хонбалиқлариндан иккинчи бӯлған Хӯқанд шаҳринда тӯпланган Туркистон қурултойи 27 нӯйабрнинг «миллий лайлатурқадримиз бӯлған» ярим кечасинда Туркистон мухториятини эълон қилди. Лекин шуниси борким, бир миллатнинг мухторияти ёлғуз бир съезднинг эълони билан тамом бӯлмас. Мухториятни олмоқ ва сақламоқ керакдир. Съезд ӯз ишини қилди. Қолғанлари бутун миллатнинг вазифасидир. Мухториятни сақламоқ учун куч лозим. Мухториятни бажармоқ учун ақча керакдир. Буларни миллат ҳозир қилсун. Абдурауф Фитрат*
Өткен ғасыр, сырлы Қоқан, он сегіздің ақпаны, Мұстафаға құрылған бұл қызылдардың қақпаны. Дәл сол күні ит ұлыған, бүгін бізге белгісіз, Көк аспанда қанша жұлдыз із тастамай аққаны.
Екі-ақ айдай өмір сүрді сол бір ұлы үкімет, Жанталасты құлатуға қаншама уақыт күтіп ек. Ферғананың жазығында жалғыз кетіп баратты, Содан кейін қара қайғы арқалап, қанды жасты жұтып ек.
«Айырмаймын халқымды мен мынау байтақ жерімнен», Күресті ол, тіресті ол кетіп мәңгі елімнен. Қаншама рет қыл ұшында тұрды ілініп өмірі, Қаншама рет аман қалды тіке келген өлімнен.
Қанды Қоқан содан кейін шықпай қойған түсінен, Тәуелсіздік биігінен Мұстафаны түсінем. Қоқандағы мына бейіт пана болған бір апта, Аруақтай түрегелді ол молалардың ішінен.
Өлгендермен қатар жатты жасырынып молада, Еркін өскен қайран ерім сағым жүзген далада. Үш күн бойы көзі ілінсе, қара терге малшынып, Түсіне енді Наршоқы мен аяулы ана, жан ана.
Сондай ерді ұлықтауға кешігуге бола ма, Тарихымды теріс жазса кешіруге бола ма, Тасқа түскен таңбаларды өшіруге бола ма? Тар лақатта тірі жатып шешінуге бола ма?
Мұңды уілмен жел еседі сағым қашқан қырымнан, Жасырынған уайыммен нұр еседі жырымнан. Бұл Қоқанда сол бір түні аязында ақпанның, Он мың адам... ана, бала бір-ақ күнде қырылған.
Жас келіншек қара шашты, қара көзді, тісі аппақ, Құлап жатыр қос қолымен қос сәбиін құшақтап. Ой нәлеті-ай, шімірікпей бауыздапты пышақтап. Бүктетіліп қария жатыр мызғып кеткен тәрізді, Қапталында бір кейуана шүберектей түсі аппақ.
Мұстафаны бұл қырғыннан сақтап қалған құдайым, Ғайбат, жала, өсектерден ақтап та алған құдайым! Айтыс-тартыс, қуғын-сүргін оттарына тозақтың, Артық туған асылымды қақтап та алған құдайым.
Түркістаным шерлі, зарлы атсын тағы ақ таңың, Бір ұлыңның тым алысқа көрдің қанат қаққанын. Қанша сөзді естіген соң, әдейі іздеп сарсылып, Қаншама елдің архивінен кемшілігін таппадым.
Жанарлары жасаураған кетерінде Кетіктен, Толқындарын теңіздердің жалғыз кесіп өтіп пе ең? Ұзай-ұзай біржолата ғарыш жаққа жетіп пе ең? Қайта оралмас туған жерге қарай-қарай кетіп пе ең?
Бүкіл түркі дүниесінің тұтастығын аңсаған, Ұлы адамды шексіз сүйді оны білген қанша адам. Қара нанға зар боп жүріп жат өлкеде, жат жерде, Қасіретін Түркістанның жер жүзіне жар саған!
Тәуелсіздік алған кезде, елге оралды есімің, Француздың Шелль шаһары, қалған сонда жесірің. Қаншама жыл өтсе-дағы қалғымайды жауларың, Қанша ғасыр өтсін мейлі жасамайды кешірім.
Сот үстінде ешкім оның қоя алмады айыбын, Жалақорлар мәселенің түсінбеді байыбын. Мәңгілікке Шеллде қалған, алыстағы жерде қалған, Қиын шақта серік болған үнсіз сүйді ол зайыбын.
Жасамаса жасамасын, сұрамайды кешірім, Айқара ашқан жасқанбастан екі дүние есігін. Түркістанды шексіз сүйген, осы жолда жан қиған, Шоқайұлы Мұстафаның қастерлеңдер есімін!
Күнәсі жоқ, бардым, көрдім жасуындай иененің, Дәлелдепті елін, жерін жүрегімен сүйгенін. Үш құрлықты аралап мен өткенімде жолымен, Осы болды қалқам мәңгі көкірекке түйгенім.
Қанша ғасыр өтсін мейлі қалғымайды жаулары, Ұмытпайды Түркістанның қыраттары, таулары. Ұмытпайды бұл өлкенің өзендері, баулары, Ұмытпайды бүкіл түркі дүниесінің аумағы.
Осы жолда жанын берген, барын берген асылым, Жыры қалды жазылмаған, сыры қалды жасырын. Қаршадайдан құран жаттап, ерте есейіп ержеткен, Бұл өмірдің о, адамдар, соңы қайғы, басы мұң.
Ауыртады жүрегімді қимай күннің батқаны, Ауыртады жүрегімді аңсап таңның атқаны. Ауыртады жүрегімді бөлшектелген Түркістан, Ауыртады жүрегімді жат өлкеде жатқаны.
Ауыртады жүрегімді бұ дүниенің жалғаны. Ауыртады жүрегімді жат өлкеде қалғаны. Қаншама жыл сағыныштан жапырақтай сарғайып, Түркістанды бір көре алмай өзегінің талғаны.
Қанша ұрпақты «үйреткен-ді» өткізуге күнді ептеп, Тиым салған еске алуға, ұмытуға міндетті ек. Қайран қазақ не көрмеді шерге толған жүрегі, Сары аязда лагерлерде жалаңаяқ дірдектеп.
Тәуелсіздік Мұстафаның ұлы есімін қайтарған, Тартып алған халқы оны саясаттай сайқалдан. Тұлға қайда Түркістанның қасыретін айта алған, Қасиетті тұлпарым-ай төрт тұяғы тайпалған.
...Бұл жылдары арманы асқақ Алматыда тұратын, Нені іздейді, сауал болса, сұра, аспан, сұра, түн. Мұстафаның жолыменен экспедиция басқарып, Сол Қоқанға келе жатты елес қуған бір ақын.
Көзілдірік жасаураған жанарларын жасырып, Ферғанадан жолға шықты, келе жатыр асығып. Сырлы Қоқан, мұңлы Қоқан жүрегінде тербеліп, Ағаштардың жапырағы желмен жатты шашылып.
Өзбек жері мына топты қарсы алған жоқ ән-жырмен, Бір елестің ізіменен сол Қоқанға бардым мен. Ортасында баяғыда, мемлекет құрарда, Осы жолмен ары-бері Мұстафалар сан жүрген.
Толқып, қорқып кездесеміз сол бір асқақ шақпенен, Жүрегімде буырқанған асып-тасып жатты өлең. Түркістанның астанасы шерлі Қоқан болды деп, Мұхаметжан, Мұстафалар талай өткен атпенен.
Алпыс төрт күн астана боп... ештеңені тоспастан, Арманы асқақ асылдармен бір-ақ күнде қоштасқан. Мұңлы Қоқан жылап тұрды, көшелері қан-қан боп, Осы жол ғой содан кейін иір-қиыр ап қашқан.
Сол ақпанда оларменен қоштасып та жатпастан, Мына жолдар сол жандарды ары-бері ап қашқан. Ұмытылған бұл жылдары сол бір күндер, сол жылдар, Тар кезеңде сатып кеткен, қызылдарға жақтасқан.
Ұмытылған, саналардан біржолата өшіріп, Сыр айтпайды қариялар оңашада шешіліп. Жауабы жоқ сұрақтар көп мынау жердің бетінде, Құстар қайтты жылы жаққа биыл неге кешігіп?
Қаншама жыл іздемеген, мән бермеген талайлар, Аралардай талар мені алуан ойлар сан айлар. Мұрағаттар құжаттарды сарғыш тартқан сақтаған, Күлді маған ыңғайланғыш қасқа маңдай ағайлар.
Бар ғұмырын ұлы майдан, күрестерге арнаған, Өтті өмірден жоқ іздеген, отаным деп зарлы адам. Қыран аз ба, бұл өлкеде қанаттары талмаған, Мұстафадай ұлың да өтті, қайғы арқалап көз жұмды, Беу, опасыз жалған дүние, кімнен кейін қалмаған.
ҚОҚАН. 19 ақпан, 1918 жыл.
...Тап бүгінгідей есімде. Таңертең сағат он бірден жиырма минут өткенде қасыма большевиктердің өкілдері келді. Бұл жолы жаңа талаптар қойылған ультиматум алып келіпті. Большевиктер онда: 1. Автономиялы үкіметтің кеңес өкілдерін мойындауын, 2.Түркістан халықтарын Кеңес үкіметіне бағынуға шақыратын мәлімдеме жариялауды, 3. Түпкілікті тұрғындарды қарусыздандыруды, халықтың қолындағы бар қаруды большевиктерге тапсыруды, 4. Ұлттық үкіметтің милиция органын таратуды және басқаларды талап еткен. Осы сәтте үкімет мүшелерінен Мир Әділ, Абдрахман Орази, Хидаятбек Юрғули, және мен Қоқанда едік*. Біздің жауабымыз қысқа болды. Біз бұл ультиматумды орындаудан бас тарттық. Жолдастарымның талабына орай мен большевик өкілдеріне: – Сіздерде күш басым. Бізде әзірше өзіміздің ұлттық құқымызды танудан басқа күш жоқ. Бұл күресте бізді жеңетіндеріңіз даусыз. Әйтсе де сіздердің әкімшілік құқыңызды мойындамаймыз. Түркістанда кеңес үкіметін мойындаудан бас тартамыз,-деп жауап бердім. ...Большевик өкілдері шығып кетті. Жиырма минуттан соң, яғни сағат он бірден қырық минут өткенде большевиктер біз отырған үйге оқ жаудырды. Зуылдаған оқ астында Қоқанның ескі көшелеріне кіріп кеттік...
Мұстафа Шоқай
Бәрі де қараң қалады, Сенбес ем біреу десе мен. Мұстафа Шоқай барады, Қоқанда ескі көшемен.
Қолында барлық дерегі, Қайтарар қалай есесін. Жалғыз ол кезіп келеді, Қараңғы Қоқан көшесін.
Түтігіп кеткен түр өңі, Сұсындай суық қарудың. Боп-боз боп кеткен реңі, Кездескен қарсы арудың.
Большевик сөгіп, тілдейді, Басқаша сөйлеп басында. Кім қайда кетті білмейді, Әскери поляк қасында.
Үмітін елдің ақтайды, Суық ой бойды қарыды. Ешқашан мұны сатпайды, Поляктың мынау нар ұлы.
Бәрінен сол сәт түңілген, Өзгерді талай қоғамдар. Ары да бері жүгірген, Абыр да сабыр адамдар.
«Кім қарсы, түгел өледі, Өртеңдер, бәрін бұзыңдар». Қырып сап бәрін келеді, Қалаға кірген қызылдар.
Сабырмен соңын тоспасаң, Сан рет үкім етіп ек. «Түркістаныңда ешқашан, Болмайды», – деді үкімет.
Тарады аңыз сан қыйлы, «Төбеңді бұлттар торлайды. Түркістан мынау қанқұйлы, Тәуелсіз енді болмайды.
Анық қып бәрін жазайық, Ұмытқын жайды әуелгі. Империяға «ғажайып», Түркістан мәңгі тәуелді».
Бір-бірін іреп жүндеген, Шаршады ел түрлі өкілден. Шешендер түспей мінбеден, Жиналыстарда көпірген.
Таба алмай қайтты сабылып, Жер көкті тінтіп шарлаған. Кемпірге жатты жабылып, Қолдарын созып зарлаған.
Сорлы ана қайтсін зарламай, Айырылса түгел туыстан. Түркістан тағы сорлады-ай, Сусыған бағы уыстан.
Жалғанда, жалған, жалғанда, Қоқанның қоңыр көктемі-ай. Қол созым жер-ақ қалғанда, Бағының тайып кеткені-ай.
Әрқайсы тұлға, ірі екен, Қиырға салды замандар. Қай жерде қазір жүр екен, Ақпейіл сол бір адамдар.
Аз екен тағдыр опаңда, Қағазға жазсаң сыр қалар. Бір жүрген Ташкент, Қоқанда. Қайда екен сол бір тұлғалар.
Көрмеген жандар шағынып, Өртеніп жүрек күйеді. Еске алам бүгін сағынып, Қай жерде қалды сүйегі.
Сыр қалар бәлкім, жыр қалар, Қоймаса-дағы құлыптас. Сендерді асыл тұлғалар, Түркістан мәңгі ұмытпас.
* * * ...Осы кезде менің қасымда Польшаның әскери штаб офицері бар еді. Есімі жадымнан шығып кетіпті, әскери ұйымымыздың бөлімше бастығы болатын.
Мұстафа Шоқай
Қан толған сай мен салалар, Қолдарын жайған аналар. Өртенген күл боп қалалар, Панасыз қалған балалар.
Сұмдықты көрген кейіпті ел, Қамкөңіл жанды күй ептер. Ашылып қалған бейіттер, Шашылып қалған сүйектер.
Қалайша тұрақ таба алар, Тоғытып елді торға олар. Өртенген кітапханалар, Айдалған байлар, молдалар.
Атылды айтқан, сыр қылған, Сенбесең өзің келіп көр. Аштық пен соғыс, қырғыннан, Тау болып қалған өліктер.
Ханменен кеше тең болған, Ғұрпың мен ата салтың-ай. Қарға құзғынға жем болған, Қайран да менің халқым-ай.
Қайтпайды алған бетінен, Сөнгенше соңғы жарығы. Қаланың тапты шетінен Бейітті поляк нар ұлы.
Тағы бір ақ таң атарда, Тағдырға қатал налыды. Лақатқа алғаш жатарда, Суық ой бойын қарыды,
Кінәмшіл тіпті боп алды, Бәрінен тез-ақ жеріді. Азық ап қайта оралды, Офицер поляк серігі.
Сенетін кім бар сырына, Анасы шықпай түсінен. Поляктың адал ұлына, «Қарызбын», – деді ол ішінен.
* * * ...Шоқайұлы болса Ферғана таулары арқылы Ташкентке қашқан. Шоқайұлының басын әкеліп берген адамға большевиктер 1000 рубль беруге уәде етеді. Алайда оны достары тығып қойып, құтқарып қалған. Саясатта болсын, жеке өмірінде болсын, онымен араласқан әрбір адам оны сыйлайтын, оған сүйсінетін.
Мария Шоқай
Мұндайды бұрын көріп пе ең, Сезгендей тіпті боласың. Пана ғып жатты өлікпен, Қоққанның шеткі моласын. Атпайды таң да, күн шығып, Өтпейтін ұзақ түндер-ай. Өлгендерменен тұншығып, Қатар бір жатқан күндер-ай.
Ештеңе жанды жылытпас, Тілекті алла бермеуін. Ғұмырда қалған ұмытпас, Лақаттың тап-тар ернеуін.
Қозғалса маңдай тиеді, Сенімді жанды сатпаңдар. Өмірді шексіз сүйеді, Өлікпен қатар жатқандар.
Әрекет тағы қыла ғой, Аруақпен қолы тиіскен. Тітіркенеді тұла бой, Қолаңсы ащы иістен.
Өшірер қалай зейіннен, Қозғалсаң көктей соласың. Түсінде көрді ол кейіннен, Өзбектің мынау моласын.
Бәрі де, бәрі жүректе, Жазылған хаттай тұрыпсың. Тірідей жатқан түнекте, Зиратты қалай ұмытсын.
Ұмытуға оны бола ма, Жүздері жасқа боялған. Жатқандай әлі молада, Малшынып терге оянған.
Алыста қалған жерім деп, Жүрегі шаншып ұратын, Ұйқыдан кейде, елім деп, Ауа жоқ... атып тұратын.
Көңілді қайғы торлаған, Ауа жоқ, қатты тұншықты. Қызыл үкімет орнаған, Басына үлкен құн тікті.
Жуымай бір жан қасына, Көп жайдан үміт күтіп ек. Мұстафа Шоқай басына, Құн тікті қызыл үкімет.
Өзгерер ме екен замандар, Жалалы айып тізбеген. Жосып жүр қанша адамдар, Сабылып бұны іздеген.
Жаc жанын қатты қинайды, Астында оқтың қалғандар. Дүниеге мынау сыймайды, Адыра қалып армандар.
Ел білмес мынау қанша сыр, Күнәһар жандай боласың. Ұмыта алмады қанша жыл, Қоқанның мұңлы моласын. * * * ...Большевиктер бізге өкілдерін жіберіп, мені «Қоқан әскери революциялық комитетіне» тапсыруды талап етті.
Мұстафа Шоқай
Әкеден ерте жас қалған, Өртелген әрбір кек қуды үй. Самарқан жақты басқарған, Махмуд қожа Беһбуди.
Жат жерде қалған жерлер-ай, Айырылдық ұлыс, үлестен. Қайран сол ғазиз ерлер-ай, Түркістан үшін күрескен.
Сарғайған құжат сақталды-ау, Жасалған бұл бір жақсылық, Жіберуге де шақ қалды-ау, Әскери сотқа тапсырып.
Құдиярдан қалған қорған бұл, Хат-хабар күткен Жайықтан. Сатқындар құрған тордан бір, Бір Алла қақты-ау ғайыптан.
Айласын жасап түлкінің, Төніп бір келген тажалдан. Үмітін бүкіл Түркінің, Бір Алла қақты ажалдан.
Жауын ап көздің құртының, Гүлдердей ерте солатын. Үміті түркі жұртының, Осы үкіметте болатын.
БАТУМИДЕ ТҮНГІ ЖАҢБЫР ЖАУЫП ТҰР
...Ұшақтан ұшақ ауыстырып, аэропорттардан аэропорттарға қарай ұштық. Траптардан траптарға өттік. Бір мемлекеттен екінші мемлекетке жеттік.Түрлі елдер, қалалардың толып жатқан перрондарынан перрондарына қарай асықтық. Сол елдердің мұрағаттары мен мұражайларында сарсылып отырдық. Сонда көзім анық жеткен бір нәрсе бар. Ол әлдекімдер жазып, айтып шулап жүргендей емес, керісінше Мұстафа Шоқайдың өмір жолында иненің жасуындай кемшілігінің жоқтығы. Бұл имандай шындық. Дәл осы жерде айта кету ләзім, Ной Жордания бастаған сол тұстағы Грузиннің зиялыларымен бірге М.Шоқай жарымен 1921 жылдың наурыз айында Батуми айлағынан эмиграцияға кетті. Дәлел – Батуми мұрағатынан біздер тапқан бұрын-соңды ешкімнің қолына түспеген – Мария Шоқайдың атына берілген ресми анықтаманың көшірмесі. Құжат Батуми мұрағатының құпия бөлімінде сақталған. Онда «Куәлік. № 2905, 7 наурыз 1921 жыл» деп кеткен уақыттары анық көрсетілген. Бұл арада дау тууы мүмкін емес. «Ақпанның 25-і күні Италияның кемесіне мініп, Түркияға аттандық. Бір пәшкі печеньеден басқа жейтін ештеңеміз де жоқ еді» – деп Мария Шоқай естелігінде атап көрсеткен атақты Батуми айлағы– міне, осы. Кіреберістегі оң жақ қалтарыста ағаштан өрнектеп жасалынған желкенді кеме қойылыпты. Бұл ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы су лайнерінің көшірмесі іспетті, сірә. Мұстафа мен Мария Шоқайлардың Түркия сапарындағы мінген кемесі шамамен осындай болса керек деп ойладым. Кемені тамашалап көріп, суретке түсіріп, бейнетаспаға жаздық. Айлақтан шығып, теңіз жағасына дейін жақындап келдік. Желмен тербелген ақжал толқындар іргені үздіксіз соққылайды. Аңдаған адамға теңіз бейне әлдене деп үн қататындай. «Мұстафа Шоқайды білеміз. Оны алыс қиырға шығарып салған біз боламыз, осында болғанына бәріміз куәміз» – деп толқындар жарыса жамырайтындай. Маужыраған жып-жылы түн құшағында теңіз жағалап ұзақ жүрдім.
Автор**
Рахатты ақ нөсерден тауып қыр, Батумиде түнгі жаңбыр жауып тұр. Әлденеге алаңдаймын, неліктен, Көңілімді мазалайды қауіп бір.
Түнгі жаңбыр көрмегендей күй кештім, Жағалауда теңізбенен үйлестім. Алматыға жер жетпейді бірақ та, Еш шаһарды Батумидей сүймеспін.
Құжаттарды ептеп ашып оқыдық, Сайрап жатыр жүрген жолы жосылып. Дерек таптым Мариямға қатысты, Батумиде мұрағатта отырып.
Мені алға жетелеген осы үміт, Жеттім мұнда жігіттерге қосылып. Сарғыш тартқан мұрағатты ақтардым, Батумиде жалғыз өзім отырып.
Ғимараты ерекшелеу өрілген, Жасырын бір әріптермен терілген. Мұрағаттан бір куәлік таптым мен, Мұстафаның зайыбына берілген.
Салқын самал есіп тұрған ақ таңда, Осы сәтті күн де қимай батқанда. Шаңға батып мұрағатта отырдым, Жолдастарым сауық құрып жатқанда.
Ессіз күнді еске алғанда қарағым, Ерке шаққа оймен кетіп қаламын. Есениндей мұңға батсаң, шіркін-ай, Бір жұтып ап Батумидің шарабын.
О, Батуми, cен ұйқымды ұрладың, Ал, мен болсам тауларыңды жырладым. Мына белгі дәлелдейді осы үйде, Есениннің бір жылдары тұрғанын.
Есенин бе, қызық өмір сүріпті-ау, Шаганэмен сауық-сайран құрыпты-ау. Антон Чехов мына үйге түсіпті, Ал мына үйде Чайковский тұрыпты-ау.
Таң тамаша сұлулығын тойлаппын, Алыстағы Батумидей айлақтың. Мұстафадан басқа белгі қалмаған, Есіме алып жиі-жиі ойлаппын.
О, тау елі, менің де асқақ халқым бар, Ат үстінде найзағайдай жарқылдар. Әлдене деп жарысады жағаға, Жел тербеген ақжал асау толқындар.
Көңіл құрғыр сол айлаққа ауып тұр, Тау ауасы дерттерімнен сауықтыр. Толқып жатқан жағасында теңіздің, Батумиде түнгі жаңбыр жауып тұр.
ЕХ, СТАМБҰЛ, СТАМБҰЛ...
Стамбұл көшесінде келе жатып Мұстафа Шоқай армандаған Түркістан идеясының түбі бір жүзеге асатынына көзім анық жеткендей болды. Көп жылдарға созылған үзілістен кейін түрік дүниесінің қайтадан бір арнаға тоғыса бастағанын аңғардым. Мұстафа Шоқайдың түрікшілдік идеясының өміршеңдігін, түбінде бір жүзеге асатынын Ыстамбұл көшелерінде бірде – баспана табылса, бірде – табылмай, шаһар алаңында түнеп жүрген кезінде-ақ көз жеткізген екен-ау... Талай жыл түсімізге кірген сол шаһармен сенің көшеңде келе жатқаныма сене алар емеспін.
Автор**
Ех, Стамбұл, асылым, Бүкіл түркі дүниесімен қолдасқан, Иір-қиыр тарам-тарам жол қашқан. Түркістаным деп толғаған тар кезде, Қазақтарға пана мынау болды аспан.
Көз жетпейтін жағасында Мәрмәрдің, Алыстағы елімді ойлап сандалдым. Есіме алдым екі көзім жасаурап, Ерліктерін Хақ Назардай хандардың.
Ех, Стамбұл, түрік елі, жыр елі, Маңдайдағы бағың сенің бір елі. Арыстандай айға шапқан аяулы, Жүрегімде Мұстафалар1 тұр еді.
Ех, Стамбұл, асқақ шаһар, паң қала, Азаңшыңды тыңдап тұрдым таңдана, Түркілердің жоғын жоқтап алыста, Дүниеге қарап тұрсың шамдана.
Ех, Стамбұл, махаббаттың қаласы, Жазылмады-ау жүрегімнің жарасы. Ақ сағымды сағынышын жолдады, Алыстағы Алашымның даласы.
Ех, Стамбұл, бақша-бауың жайқалған, Теңіздерің көкірегімде шайқалған. Болмысыңнан айналайын, ұлы ел, Бізге туыс екендігі байқалған.
Төңірегім көрінбейді гүлдерден, Сырыңды ұқтым жұлдыз аққан түндерден. Ех, Стамбұл, тағы оралдым жоғалтып, Сонау жылы ағамды мен бір келген2.
Ех, Стамбұл, Құранменен нұрланған, Көкейімде Шоқай айтқан тұрды арман. Кенесары, Махамбетпен, Кейкілер, Кімнен кейін қалмас дейсің бұл жалған.
Жағамнан ап сілкіледі бұл жалған, Билік маған қыр көрсетті сұрланған. Не айтамын бұдан басқа өзіңе, Ех, Стамбұл, Құранменен нұрланған.
* * *
...Оның менің өз анам емес екенін, алайда оны өз анамдай жақсы көретінімді сен, әрине, білесің. Ол идеал ана болатын. Әлі есімде, кішкентай кезімде шешекпен ауырғанымда, ол мені үш апта бойы тізесіне жатқызып қараған-ды. Соның еңбегі мен күтімінің арқасында біз бәріміз де тәніміз бен жанымыз сау боп өстік. Бала кезімде таңертең ерте сабаққа кетер алдында, мен ұйықтап жатқанда, түнде ішіне өкпе-бауыр салып пісірген шелпектерін жегізіп, ыстық сүт беретін. Мен мұны өте жақсы көруші едім. Мені өзі жуындырып-киіндіріп, мектептің жарты жолына дейін шығарып салатын. Ол менің әрбір жетістігіме қуанатын. Оның жалғыз тілегін орындай алмадым. Оның бар арманы – менің әйелімнің қолында тұру болатын. Жан жарым менің, анамның бұл тілегін мен үшін орындайтыныңа кәміл сенемін. Алайда тағдыр бізді, анам екеумізді, айыруды жөн көріпті, қайтейін... 1917 жылы тамызда үйден кетіп бара жатып бір қалтаға біраз топырақ толтырдым да, егер анам мен жоқта көз жұматын болса, қабірге алдымен осы топырақты салыңдар дедім, бізде осындай әдет бар. Мен оған иіссу мен Құран апарып бергенмін. Ол 75 жасында қайтыс болды. Әлі күнге дейін көз алдымда жанды бейнесі елестейді де тұрады. Орта бойлы, толықшы келген, ақ сары жүзді, көздері де керемет болатын. Оның қолдарының жұмсақтығы әрі нәзіктігі сондай, біз бір жеріміз ауыра қалса, аялы алақандарын ауырып тұрған жерімізге қоюын өтінер едік және ауыруымыз бірден айығып кететініне сенетінбіз. Ол шын мәнінде біз үшін ыстық ұя еді...
Мұстафа Шоқайдың аяулы жары Марияға жазған хаттарынан Париж - 6.06.1923 жыл
МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ МОНОЛОГІ
Қыр басында қалған шеше ербиген, Күн сап қарап... шыға салып төргі үйден.
Мүмкіндік жоқ, бөгелуге, қалуға, Өлген кезде қабіріне салуға.
Бір уыстай топырақты түйілген, Аманаттап берген сәтте... күйінгем.
Қайғы-мұңды кете бардым арқалап, Ыстық жасты кірпіктерім қалқалап. Жолдар қашты, шықты алдымнан шартарап, Ұзай бердім қайғы-мұңды арқалап.
Мұрша болмай өмір өтіп барасың, Ойлауына қара бастың наласын.
Түркістаным, қасіретім, байтағым, Өткен күннің естелігін айтамын.
Жан анамның алақанын сағындым, Бауырымның балақанын сағындым.
Жан анамның ертектерін сағындым, Ыстық сүтін, шелпектерін сағындым.
Қартайғанда жанын да мен болмадым, Бір тілегін орындай да алмадым.
Туған ауыл атқан таңын сағындым, Қып-қызыл боп батқан күнін сағындым.
Тағдыр мені неге осылай қорладың, Қара бұлт көкірегіме торладың.
Сезсең ғой сен бұл қасірет салмағын, Қартайғанда қастарында қалмадым.
Қала берді-ау естілместей күлкі үйден, Есімде әлі жұпыны ел үрпиген.
Туыс бауыр қасіретін сезгенмен, Бақыт таппай дүниені кезгенмен.
Атақ, мансап барлығынан безгенмен, Түркістанның қасіретіне төзгенмен;
Төзе алмадым қайғысына анамның, Сағыныштан сарғайғанын санамның.
Мұң-наласын арқалап бар ғаламның, Қабіріне барып ғазиз анамның.
Ең болмаса құран да оқи алмадым, Сезші, жаным, қайғымның бар салмағын.
Мен Түркістан жастарына сенемін, Осы берік сенімменен өлемін.
Арман бар ма кіндік кескен жерде өлсең, Арман бар ма туған жерде жерленсең.
Сол жас ұрпақ тербеткенде бөбегін, Дүниеге қайта айналып келемін.
Тиді-ау менің талайларға кесірім, О, Жасаған, жасай көрші кешірім.
Тағдыр өзі табар ма екен шешімін, Қалса болды естеріңде есімім.
Жалаңаяқ топырағында ойнаған, Күн батқанша қызығына тоймаған.
Ұмытқам жоқ Наршоқының жартасын, Жоғалтқам жоқ Түркістанның картасын.
Түркістанның аша алмадым есігін, Ұрпағымның тербетпедім бесігін.
Тиген болса сырттарыңнан кесірім, Қайран халқым, сұраймын мен кешірім.
БЕРЛИН. БЕЙІТ БАСЫНДА
– Менің міндетім – мешітті таңертең ашып, кешке жабу. 2008 жылғы Ораза айының ішінде, Қадір түніне бір-екі күн қалғанда мешіттің ішінде отырып-ақ, таңсәріде Мұстафа бейдің бейіті басынан жарқырап тұрған нұр көрдім. Көлемі екі еуроның көлеміндей. Бұл көрініс үш күн бойы қайталанды... ...Мұсылман халқында көрген ғажайыбын жария етуге болмайды. «Егер өзге адамға құпиясын аша қалса, ондай кереметпен екінші рет кездеспейді» – деген ұғым бар. Бірақ бүгін сіздерге айтып отырмын. Соншама жерден, Мұстафа бейдің туған елінен арнайы келіп отырған соң жасырып қалуға да қақым жоқ. Мен енді ол нұрды қайтып көре алмайтын болдым. Әйтсе де, бабаларыңыздың аса қасиетті адам екенін сіздер біліп жүретін болдыңыздар. Мүмкін аруақтар кешіріп, әлгі айтқан нұрды тағы да көрермін. Бәрін бір Алла біледі, – деді қабір күзетшісі ауыр күрсініп. Берлиндегі зират күтушісі, ұлты түрік Керим Чечик маған осы әңгімені толқып отырып айтқан еді. Сол бір таңғажайып нұр жайлы мен көп ойландым. Тіпті есімнен шықпай қойды десем де болады. Сол бір сәтте әлі қағазға да түспеген әлдебір өлеңнің өзіме де беймәлім жолдары көкейіме оралып, жүрегімді тербеді. Мұстафа Шоқай ма ол асыл адам, Бабасы ер Түріктей жасымаған. Алыста, тым алыста қалса-дағы, Шуағы шыққан күндей шашыраған... Иә, ұлты түрік зират күтушісі Мұстафа Шоқайдың бейіті төңірегіне сәуле таратып, аспанға нұр шашып жатыр дейді. Мұстафа Шоқайдың шуағы алдағы келетін барлық ғасырларға қарай шашылып кеткендей. Ескіше сауатты құранды, ислам ілімін, барлық шариғаттарын бала кезінен тұла бойына терең сіңіріп өскен Мұстафа Шоқай шет елге өз еркімен кеткен жоқ. Ол елінің тәуелсіздігін көксегендіктен еріксіз кетуге мәжбүр болды. Ислам дінінде мұндай оқиғаны Хижрет деп атайтынын біздің Түркістанның діндәр шалдары үнемі айтып отыратын. Ең бастысы, өмір бойы осы сертінен айнымай елі үшін күресті, осы жолда жанын қиды. Сондықтан, бұл нұр жатқан иеміздің артында перзенті де қалмаған, сүйегі жат топырақта жерленген Мұстафа Шоқайдай ғазиз пендесіне жасаған ерекше бір шапағаты болса керек деп ойладым. Иә, Алла, дәл осылай болғай.
Автор**
Сәті жоқ оның сыр берген, Ұмытпас сірә, бір көрген. Мұстафа Шоқай басынан, Қабірден көкке шаншылған, Жарқырап тұрған нұр көрген.
Қалмасын арман жаншылып, Оянсын қайта қанша үміт. Мұстафа жатқан бейіттен, Аспанға қарай созылған, Нұр көрген тұрған шаншылып.
Қас қақпай, қайтпай тірескен, Империялармен сірескен. Мұстафа Шоқай ер жатыр, Бұл жерде бүкіл Түркінің, Азаттығы үшін күрескен.
Күлтегін туған айбатты ел, Тарихын терең ойлап көр. Бұл жерде мәңгі ұйқыда, Мұстафа Шоқай ер жатыр, Қазақтан шыққан қайраткер.
Халықты қанап илеген, Парықсыздықты сүймеген. Парасат, пайым иесі, Таңғажайып жан жатыр, Дұшпанға басын имеген.
Асуда асу бел жатыр, Шалқар да шалқар көл жатыр. Топырағында немістің, Татпаған дәмін жеңістің, Елім деп өткен ер жатыр.
Қауызы гүл боп ашылған, Жалғасқан көне ғасырдан. Түркінің қамын ойлаған, Ғарышқа қарай созылған, Арманы шығар шашылған.
* * *
...Парижден Құран мен сәлде әкелген болатынмын. Қолының үстіне Құранды қойдық, тақия мен сәлдені мұсылмандардың әдетіндей басына кигіздік.
Мария Шоқай
Айға да оны балаймын, Күнге де оны балаймын. Ақ таңның мынау атысы, Дәл оның осы жатысы, Зәресін алды-ау талайдың.
Биігін алып қыранның. Қайтарып уын жыланның, Тақия қойып қасына, Сәлдені орап басына, Нұрымен аптап құранның.
Адал боп қалған Тұранға, Ерместен түрлі ұранға. Жалтақтап жатсын жар кімге, Кеткендей қалғып әлгінде, Қолдарын қойып құранға. Қазақтың қара нары еді, Заманы неткен тар еді. Ессізді кеткен ертпестен, Ташкенде түнде серттескен, Мариям адал жары еді, Мариям асыл жан еді.
* * *
Мұстафа Шоқай – Берлиндегі Түркия мемлекетіне қарайтын «Түрік шәһитлігі мешіті» аумағындағы зиратта жатыр. Бейіт басындағы ескерткішке жары Мариям Шоқайдың өтінішімен үш латын әріпі мен төрт сан жазылған. Олар Інжілдің бесінші тарауындағы 13-ші өлеңді меңзеп тұр. Бұл жыр жолдары: «Нет больше той любви, как если кто положит душу свою за друзей своих». Бұл жолдарды қазақшалар болсақ: «Жаныңды сеніп тапсыратын ол достар және ол махаббат енді жоқ» деген мағынаны білдіреді.
Автор**
Шуағы күннің сүйеді, Соққан жел келіп тиеді. Ұлан да байтақ ұлы ел, Түркіні тұтас етем деп, Берлинде қалған сүйегі.
Артында қалды жазары, Қардан да аппақ таза ары! Бөленген мәңгі бесікке, Түрікке қарар мешітте, Мұстафа Шоқай мазары.
Қабірге өніп гүл шықты, Сезімге жүрек тұншықты. Латынша қашап жаздырған, Төрт санға сыйған мына сөз, Көзімнің жасын ыршытты.
Сөзімді тыңда жақсылар, Жер емес бұл бір бақ сынар. Ешқашан сені сатпайтын, Қасыңда бар ма, жан досың, Жаныңды сеніп тапсырар.
Көңілді бір мұң торласа. Қиын ба, Алла қолдаса, Түріктер салған, дариға-ай, Моласын қайдан табар ек, Мынандай мешіт болмаса.
Осы бір зират-мешіттің, Аңыздай даңқын есіттім. Берлинге, осы бейітке, Жете алмай іштей тынып мен, Қаншама жылға кешіктім.
Бақытты қайдан табармын, Жұлдыздай көктен ағармын. Түркі деп өткен Күлтегін, Ұрпағы жатыр бұл жерде, Төныкөк, Білге қағанның.
Құрғамас кезі жастың да, Қимасты тасқа бастың ба? Сағыныш, сосын көз жасы, Махаббат пенен зар жатыр, Төрт санның мынау астында. Ақ жаңбыр тағы құйып тұр, Бұл жерде жатыр сүйікті ұл. Өмірдің мынау жалғаны, Түркінің тұтас арманы, Төрт санға қалай сыйып тұр.
Тұрандай байтақ жер жатыр, Шөлдер мен қанша көл жатыр. Осынау шағын бейітте, Алтай мен Қара теңізге, Созылған алып ел жатыр.
Жазылмай қалған жыр жатыр, Айтылмай қалған сыр жатыр. Жазықтар, таулар, еңістер, Ойпаңдар, құздар, тегістер, Тұлпарлар өткен қыр жатыр.
Бермейтін асу шың жатыр, Бұйра да бұйра құм жатыр. Түркінің ұлы үміті, Осынау шағын зиратта, Сағыныш жатыр, мұң жатыр.
Түркідей асқақ ұлт жатыр, Жырақта, бөлек, сырт жатыр. Қанаты құстың талатын, Сүйгенін таңдап алатын, Айбынды асқақ жұрт жатыр.
Жат жерде қалған бел жатыр, Рухты дауыл, жел жатыр. Сызылып кеткен картадан, Осынау мұңлы молада, Ежелгі біздің жер жатыр.
Адал сүт емген төл жатыр, Мөп-мөлдір ғажап көл жатыр. Таппайтын ешбір картадан, Осынау шағын бейітте, Баяғы Тұран-Түркістан, Бөлшектелмеген ел жатыр.
Ешбірін айтпай сырдың мен, Қобалжып, қорқып тұрдым мен. Берлинде бейіт басында, Мұстафа Шоқай қасында, Осылай толқып тұрдым мен. Осылай толқып тұрдым мен.
ПАРИЖДЕГІ МҰСЫЛМАНДАР МЕШІТІ
«Өліміне қырық күн толғанда мен оған арнап Париж мешітінде еске алу рәсімін өткізіп, «Дебасси» залында саяси күн ұйымдастырдым. Оған украин, әзербайжан, грузин эмигранттары мен жалпы кавказдықтар және басқа да ұлт өкілдері қатысып, сөз сөйледі. Бәрі Мұстафа, оның қызметі туралы айтты. Мен естелік ретінде айтқан сөздерін жазып берулерін өтіндім. Менің бұл өтінішімді тек Александр Яковлевич Шульгин ғана орындады, басқа ешкім орындаған жоқ».
Мария Шоқай
Мен экспедиия мүшелерімен бірге Мария Шоқай естелігінде айтатын осы мешітке бардым. Парижде 1922-1926 жылдары іргетасы қаланған екі мешіттің үлкені осы мешіт екен. Біз бесін намазына дөп келіппіз. Күн бейсенбі болатын. Келушілер өте көп. Бір аңғарғаным, намаз оқу алдындағы азан мешіттің мұнарасынан емес, намазға арналған үлкен бөлменің кіреберіс ауласында айтылды. Жергілікті биліктің тәртібі бойынша, жұмадан басқа күндері азан осылайша айтылады екен. Ал жұма намазының азанын мешіттің мұнарасынан айтуға арнайы рұқсат берген. Бірнеше аулалары мен бөлмелері бар еңселі мешіт үйінің салынғанына бір ғасырға жуық болса да, әлі сол қалпында. Ою-өрнек, бояулары еш өзгермеген. Күні кеше салынғандай. Алаңдардағы гүлзар бақтары мен субұрқақтары жаныңды жадыратып, көңіліңді көтеріп тастағандай. Бейнебір «Мың бір түндегі» хан сарайына кіргендей әсерде боласың.
Автор**
Бір ғасыр бұрын салынған, Осынау ескі мешітте. Ою-өрнекпен малынған, Отырдым оң жақ есікте.
Шүкірлік айтты досым да, Аллаға мұнда жеткізген. Мариям өзі осында, Шоқайдың асын өткізген. Берілген асы сабаздың. Париждей әсем шаһарда. Уақыты келіп намаздың, Тұрдым мен келіп қатарға.
Атқылап суы бұрқақтың, Жайнайды гүлзар бақтары. Жегенмен қамын ұрпақтың, Бақытын іздеп таппады.
Жеңілдетеді өмірді, Жабырқау жанға бұл ара. Еріксіз тартты көңілді, Азан шақырған мұнара.
Бір сәлем айтып елден де, Бірдеңе келді сұрағым. Айналып қайта келгенде, Ұмытқан бір шал құманын.
Шариғатты айтқан сөзі де, Оқыған құран мектептен. Мұстафа Шоқай өзі де, Осында талай кеп кеткен.
Қаншама тарих есіттім, Кездесті мұнда ғалым да. Толқыдым сол бір мешіттің, «Дебасси» деген залында...
Тәубәға келер залым да, Жырақтап жылдар кетіпті-ау. Мешіттің осы залында, Шоқайдың асы өтіпті-ау.
МАРИЯ ШОҚАЙ ЖАЙЛЫ ЖЫР
2008 жыл. 28 қаңтар. Күн жұма. Бүгін Францияның Шелль қаласындағы зиратқа жерленген Мария Шоқайдың басына баруды жоспарлаған едік. Екі автокөлік – тоғыз кісілік шағын микроавтобус және төрт адамдық жеңіл машинамен жолға шықтық. Таңертеңнен жаңбыр құйып тұр. Баданадай-баданадай ақ жаңбыр тамшылары төпей түсті. Аракідік қатты селдетіп жібереді. Қыстыгүні Францияда жаңбыр жаууы таңсық емес көрінеді. Алдын ала ескертіліп қойылғандықтан, қорым қараушысы бізді қақпаның аузында қарсы алды. Мария Шоқайдың зираты – кіреберісте, қақпадан онша алыс емес жерде екен. Зиратқа кірген бойда көңілім толқып, жүрегім дүрсілдеп сала берді. Бұл, бәлкім, Мұстафа Шоқайдың адал жары, аяулы серігі, оның көрген барлық ауыртпалықтарын қайыспай, зор адамгершілікпен бірге бөліскен Марияға деген шексіз ризашылық пен құрмет белгісі болар. Жаңбыр жауған кезде-ақ «Әй, бұл Мұстафа мен Марияның көз жасы немесе сағыныш тамшылары шығар» – деп ойлағанмын. Сол ой-тебіреністер жыр жолдарына айналды. Көңіліме шумақ, шумақ өлең жолдары үйіріле берді. Машинадан түсіп, Мария Шоқайдың қабірі басына барған кезде құйып тұрған жаңбыр кілт тоқтады. Кәдімгідей біреу ағып тұрған судың кранын кілт бұрай салғандай. Марқұмның қабіріне гүл шоқтарын қойдық. Өрекпіген көңілімді баса алмай, алғашқы сөзді экспедиция жетекшісі ретінде мен сөйледім. Сонау Наршоқыдан басталған сапарымыздың өз мәресіне жақындай түскен тұсы еді бұл. Міне, енді Мария Шоқайдың бейтінің басында тұрмыз. Бүкіл Алаш, қала берді түркі халқының азаматын алақанында аялаған, бар ғұмырын соның жолына құрбан еткен асыл жар, қайраткер әйелдің қабірі басында тұрып, қалай тебіренбейсің? Бүгін қаншама теңіз асып, мазар басып, Еуропаның бір түкпіріндегі Парижге келсек, ол тәуелсіздіктің арқасы емей не?! Мұстафа Шоқай мен Марияның Ташкенттен басталған «тар жол, тайғақ кешулері» Парижде аяқталыпты. Мария Шоқай да – аса көрнекті қайраткер. Мұстафаның жанында жүрген сенімді серігі, қамқоршысы, аяулы жары болса, қайраткер болмай, кім болады? Оның көрегендігі сол – өлерінен 4-5 жыл бұрын өзі жерленетін қабір орнын өзі сатып алып, барлығын алдын ала дайындаған. Зираттың басына қойылған тастағы жазуды да өзі жаздырған. Міне, қараңыздар: «1888 жылы 22 ақпанда туылған», – деп анық көрсетіп жазыпты. Ал қайтыс болған уақыты жазылмаған. Қанша көреген болса да, өлетін кезін ешкім білмейді ғой. Орны бос тұр. Өзі мәңгілік дамылдаған аядай жер үшін Мария қаншама еңбектенді десеңізші. Тағдыр қосқан жары Мұстафасының көзіндей болған ақ пианиноны сатып, осы алақандай жерді сатып алған. Біз қабірдің шаңын сүртіп, төңірегін тазалап, машинаға беттедік. Көлікке отырысымен жаңбыр қайта құйды. Апырай, а! Бұл не болғаны сонда? Қалай таңғалмайсың? Әлде бұл – біздің алыстан келіп, зиярат еткенімізді Табиғат-ана да кұптап, қолдағанының айғағы ма? Кім біледі, бәлкім, солай шығар...
Автор**
Осылай Париж бенен Шелльге жеттім, Мариям Шоқай жатқан жерге жеттім. Cуретінен мұңдана қарайды ол, Мұстафа шексіз сүйген елге жеттім.
Мариям адамзаттың гүлі екен ғой, Сақтаған сандықтағы сыры екен ғой. Шелліңіз Ножаныңнан қашық емес, Француз халқы жомарт ірі екен ғой.
Ілезде ұмытылып сарсылғаным, Қабірге қарай жалғыз аршындадым. Мариям адамзаттың асылы екен, Жеткізген Мұстафаның жан сырларын.
Жазылғанмен өмірге келген жылы, Бейітте жазылмапты-ау өлген жылы. Бастапты естелігін Мұстафаның,*** Дүниеге шыр етіп мен келген жылы.
Мариям қандай сұлу, ірі неткен, Қаптаған көп қатынның бірі деп пе ең. Ташкен мен Алмания аралығын, Мұстафа Шоқайменен жүріп өткен.
Мариям қандай ғажап, ірі неткен, Сөзі бал, бұлбұл әнші, нұры көктем. Қиындықтың бәріне бірге төзіп, Шіркіндер қол ұстасып жүріп өткен.
Мариям неткен қайсар, парасатты, Болжаған, көре білген болашақты. Айырылып қалғаны сүйгенінен, Жазылмас жүрегіне жара сапты.
Жазықсыз жерде қанша жазықты еткен, Қиялы ғасырлардан озып кеткен. Есінде Петербург, Тбилиси, Барлығын естелік қып жазып кеткен.
Мариям жар ғана емес серігі еді, Ән салған сахнаның көрігі еді. Орыстың орманында еркін өскен, Қиғаш қас, ай маңдайлы елігі еді.
Көңілі қазақтардың даласындай, Пейілі түріктердің қаласындай. Көңілі шалқып жатқан теңіздейін, Ұлттың ұлағатты анасындай.
Ақ жүзі аспандағы ай секілді, Шырайы жаңа шыққан шәй секілді. Табиғи жаратылыс, ерке болмыс, Мінезі гүл жайнаған май секілді.
Еріні Өгем таудың өрігіндей, Жүрісі Жезқазғанның елігіндей. Жалғанда дәл осындай жар көрмедім, Мұстафа Шоқай ердің серігіндей.
Жанары көк аспандай мөлдіреген, Жібектей орамалы желбіреген. Мейрімі алашымның әжесіндей, Шаштары ақшыл тартып селдіреген.
Кездейсоқ аман қалған атылмаған, Сақтаған архивтерде хатын маған. Мариям жар ғана емес досы да еді, Тар жерде сыр бермеген, сатылмаған.
Мариям неткен берік, төзімді еді, Ешкімнен өзін төмен сезінбеді. Апырай, Мұстафа үшін өмір бойы, Аянбай еңбек етті, көз ілмеді.
Әдебі жаңа түскен келіндердей, Ешнәрсе екеуіне тегін келмей. Бір ғана Мұстафа үшін мәңгілікке, Өткізді бар өмірін елін көрмей.
Қазақтың үкі таққан бесігіне, Күні-түн дамыл болмай есігіне. Анкара мен Ташкеннің күн туар ма, Көшесін беретұғын есіміне.
Екеуі бірге өткізген сыр түндері, Мариямсыз аман қалу мүмкін бе еді. Астана бір ескерткіш қояр-ау деп, Асыға күтіп жүрмін бұл күндері.
Жырыма жарығыңды түсір, жаным, Қиялдың кептерлерін ұшырмадым. Өмірін Мариямдай асыл жанның, Ұрпаққа үлгі етіп ұсынғаным.
Бұл өлең, өлең емес қарапайым, Әр жолын зерделерсің балақайым. Саяңа келген ғашық жандар білсін, Аулақта сырын бүккен дара қайың.
Мариям Шоқай атын ұлықтаңдар, Тарихтан мұрағаттан сыр ұққандар. Мариям, Мұстафадай қол ұстасып, Аяулы жандар өткен ұмытпаңдар!
* * *
«Ей, түркі билері! Қырылайын деп жатқан елге, өмір бердім, жалаңаш жүрген елге, киім бердім, кедей халықты бай қылдым, саны аз халықты көп қылдым. Маған адал болған хандар мен елдерге жақсылық жасадым. Дүниенің төрт бұрышындағы халықтарды бейбітшілікке көндірдім. Ей, түркі билері! Көк Аспан Қара Жерді езбегенше, Жер жарылып бөлінбегенше, біліндер, түркі ұлыстары, түркі елдері, түркі отбасылары – түркілердің билігі бітпейді. Біздің өзендей төгілген қанымызды, таудай жатқан сүйектерімізді ақтаңдар! Ей, мәңгі түркі елі, осыны біл де мақтан!»
Білге қаған
О менің, қайда ұлы қағандарым, Айтайын ойларымның саған бәрін. Жылпос пен жағымпазға жаға алмадым, Халқыма берер бақыт таба алмадым, Түлкідей қырдан қашқан, жалт бердің- ау, Тағдыр-ай, неге мені тағы алдадың.
Баяғы ұлыстарым, өлкелерім, Не деген байтақ едің, көркем едің. Бір кезде сәбидейін еркеледім,
О, тағдыр, неге мені желкеледің. Тыңдайтын, түсінетін бір жан болса, Үзілген тарихымды шертер едім.
Айбыны арыстандай Түркілерім, Білдің бе, жағаңнан ап сілкілерін. Жаңыңа жақындатып түлкілерін, Сезбедің кездігімен бір тілерін. Өз жұртым қиналғанда жылап тұрып, Өзгенің байқап қалдым күлкілерін.
Есіме ап әр жерде бір хаттар барын, Кейбірі жүректерде сақталғанын. Келмейтін жаққа мәңгі аттанғанын, Намыстың қара жердей тапталғанын. Өз жұртым жәбір көріп жылағанда, Өзгенің сездім, қалқам, шаттанғанын.
Көк аспан қара жерді езе алмайды, Қайғыны қара жүрек сезе алмайды. Түбі бір туыстардан безе алмайды, Арыға бұдан әрі төзе алмайды. Бөлінген шекараға күзеттерден, Өз жерін өзі еркін кезе алмайды.
Жан-жақтан соғып тұрған жел болатын, Сулары шалқып жатқан көл болатын. Тілімнің мәртебесі төр болатын, Дұшпанның жымысқы ісі нөл болатын. Түркілер бірігетін, ел болатын, Құмы да гүлзар бақты, орман тоғай, Баяғы Тұран дейтін жер болатын.
Баласын аманат қып тірі ұстады, Шошытып жүрістері, тұрыстары. Осылай болу керек, дұрыс бәрі, Аспанға көтерілген қылыштары.
Бабамның қанды майдан ұрыстары, Қайғыңды жер қабылдап, қыр ұстады. Қайтадан тұтас болып бірігіңдер, Ежелгі түркілердің ұлыстары.
Қабырғам бірте-бірте сөгілгені, Қанымның қара судай төгілгені. Жаныма батты атамның егілгені Жүйкеміз жүйке емес, темір ме еді, Қу көңіл қара түндей көмір ме еді?
Жан-жаққа қараңыздар, бауырларым, Қайда алып бара жатыр өмір мені. Мылтықты бекер ешкім оқтамайды, Атсейіс тұлпар босқа баптамайды. Мәні жоқ сөзіңді ешкім сақтамайды, Сатқынды ешқашанда жоқтамайды.
Біріксең, біреу келіп таптамайды, Жалтақты ешбір пенде жақтамайды. Бұл күнде бөлек-бөлек ел боп кеткен, Түркістан үшін майдан тоқтамайды.
Бақытсыз ақ босаға аттамайды, Қайғыңа қалың қазақ қаптамайды. Өлгеннің сыбағасын сақтамайды, Ақымақ ел үмітін ақтамайды. Дүниеге талай ұрпақ келіп-кетер, Түркістан үшін күрес тоқтамайды.
Бұл күнде бар да қайғы, жоқ та қайғы, Бұл жолға бөтен келіп топтамайды. Қайғыңа қалың Түркі қаптамайды, Кейбірі үмітіңді ақтамайды. Жақсылар бәрін кек қып сақтамайды, Түркістан үшін тартыс тоқтамайды, Бір алла, Түркі жұртын сақтағай-ды.
Туады, туады әлі данышпандар, Қиялы ғасырлармен жарысқандар. Дұшпанмен қайтпай мәңгі алысқандар, Әлихан, Мұстафадай арыстандар. Ежелгі ата салтқа жақындаңдар, Жат діннен біржолата алыстаңдар!
Дүниеге келер, туар ұландарым, Самғайтын көк жүзінде қырандарым. Сендерден бір-ақ тілек сұранғаным: Түркі мен Алаш болсын ұрандарың. Мына елге пана болып тұрар дарын, Жат жұрттың жақындатпай қағып таста, Ысқырған жеті басты жыландарын.
Қыздарға ақ босаға аттататын, Құранның сүрелерін жаттататын. Дәстүрді жат жұрттыққа сақтататын, Дұшпанға қимастарын жоқтататын. Шешуші аспанға бір оқты ататын, Туады бір Түркі ұлы Түркістанға, Жаулардың жорықтарын тоқтататын!
Бақытқа қарай аттан, жосылыңдар, Жаманнан қара ниет шошыныңдар. Мынауың, анауыңмен, осының бар, Байтағың, ірілі-ұсақ, қосының бар. Тарыдай шашыраған, бауырларым, Қайтадан мемлекет боп қосылыңдар!
Шырқарың әуелетіп бір ән болып, Жаттайтын ұлы сөзің құран болып. Түркістан, Түркі сөзі ұран болып, Туларың көкте самғар қыран болып. Қайтадан дәуірлейтін заман келіп, Түркілер, бірігіңдер Тұран болып!
ҚАСИЕТ ПЕН ҚАСІРЕТ немесе соңғы сөз орнына
Соғыс жүріп жатты, тұтқындар да бірінен соң бірі беріліп жатты. Оларды топқа ұйымдастырып, неміс әскери киімдерін кигізіп, француз майданына жіберу жалғаса берді. Олардың көбісі менімен кездесіп, ұлттық жетекшілерінің жағдайын білгісі де келіпті. Көбісі Мұстафаны олардың лагеріне барғанында көрген екен, кейбіреулері тек қана атын естіген болып шықты. Келіп менен Мұстафаның суретін сұрайтын. Олардың арасында нағыз коммунистер, қазақтар, өзбектер, татарлар, башқұрттар бар еді. Кейбіреулері мәдениетті, енді біреулері кәдімгі қарапайым адамдар болатын. Олармен әңгімелесу барысында маған өте қиын соқты. Олардың біреуі Мұстафаның шет елдердегі қызметі туралы арсыздықпен әңгімелеп отырды. Тағы бір таңданғаным, қырғыз, қазақтар мен татарлар ауыздарына не келсе соны айтып жатқанда, өзбектер Мұстафа жайлы ләм-лим демегені. Бір ретінде маған алматылық қазақ келді. Өзінің кім екенін, қай жерден екенін айтып таныстырған соң, нағыз коммунист екенін, Сталиннің арқасында адам боп отырғанын, Сталин үшін жанын пида етуге даяр екенін айтты. Егер Шоқайұлы тірі болғанда, дәл осы жерде оны өлтіре алатынын да менен жасырмайтынын айтты. Мен одан «коммунистерге қарсы шыққандарды жек көретін болсаң, маған не үшін келдің, тез үйімді босат» – дедім. Оның жанарынан жек көрушілік пен ызаның табын байқадым. Оның қаруы бар болатын. Бірақ мылтығын үйге кірген сәтте коридорда есіктің қасына қойып кеткен еді. Мені өлтіру үшін не барып қаруын алуы немесе буындыруы керек еді. Алайда оның сөзге келместен үйден шығып кете барғаны мені қатты таңқалдырды. Қалай болса да мені Құдай сақтады.
Мария Шоқай
Түркістаным, атсын күліп ақ таңың, Алуан-алуан гүлге оранып бақтарың. Көп адамдар мән бермейтін секілді, Қасіретіңде қасиетің жатқанын.
Тау теңселіп, төңірегіне шашып от, Ұмытылмайды ол, мейлі қанша ғасыр өт. Түркістаным қос рельс тәрізді, Қасиет пен басыңдағы қасірет.
Уақыт шіркін ағын судай өтеді, Тарихымыз ұмытылмайды кешегі. Мұстафаның қасіретін о, Алла-ай, Әлі күнге ұқпайтындар жетеді.
Осы жолда қанша жанмен достастым, Қанша доспен қимасам да қоштастым. Алматыда өлең үшін алысып, Өскеменде Шоқай үшін соттастым.
Ардақтым ол, есімнен бір шықпайтын, Тұлға таптым бұл ісімді құптайтын. Жанды көрсем пергім келіп тұрады, Мұстафаның қасіретін ұқпайтын.
Дүниеге келер ұрпақ білімді, Қабылдайтын кеудемдегі күнімді. Төңірегімде толып жүрген топастар, Ділім түгіл түсінбейді-ау тілімді.
Шексіз сүйді ол Түркістанның тауларын, От боп жанып, алау болып лауладың. Ешқашанда илікпейтін, қайтпайтын, Өскеменде сотта көрдім жауларын.
Даңқын оның аз ба адамдар күндейтін, Аз ба адамдар түсінбейтін, тілдейтін. Талай қандас пақыр көрдім, япырай, Мұстафаның кім екенін білмейтін.
Тірісінде молада да жатып ап, Күресті ол жауларымен, ақымақ. «Шоқайыңды білеміз ғой», – дейтіндер, Жала жапқан кітаптарды оқып ап.
Бәйтергім, асқар тауым, еңселім, Ойларыңнан қуат алам жеңсе мұң. О, дүниеге ала кеткен өзіңмен, Қасіретіңнен айналайын мен сенің.
Ғасырларға шашып тұрған жарығын, Түсінбейтін пенделерге налыдым. Соңғы түрік қалғанша сен тірісің, Қасиетіңнен айналайын Алыбым!
*«Истиқлол қахрамонлари» сериясымен шыққан «Таланган асарлар» кітабынан Тошкент шаһары, «Маънавият» баспасы, 2003ж. **Автордың «Мұстафа Шоқай жолымен» атты тарихи-деректі, танымдық сапарнама кітабынан алынған үзінділер ***Мария Шоқай 1958 жылдан бастап «Менің Мұстафам» атты естелігін жаза бастаған. 1 Екі Мұстафа: Мұстафа Кемал Ататүрік, Мұстафа Шоқай. 2 Ақынмен тоқсаныншы жылдары Стамбұлға бірге барған қазақтың ұлы жазушысы марқұм Сәкен Жүнісовті айтып отыр.
ТҰЯҚ СЕРПУ (Толғау)
Касіретті қара пышақ қайралды, Қара бұлт Қаратауды айналды, Қара қойдың аяқтары байланды. Жынды жел де тына қалды бірер сәт, Жұлқылаған сұр даланы, сайларды.
Қарулы қол қара қойды бүктеді, Осып өтті, осы ма еді күткені? Момыным-ай, ең соңғы рет тұяғын Серпіп қалды... кетті үзіліп жіптері.
Құлағың сал, дін-мұсылман баласы, Канға бөкті Созақтың сай-саласы. Қара жіптің үзілген сол ұшынан Басталады сайын қазақ даласы.
Автор
«Осыдан алпыс жыл бұрын, ешбір кінәсі жоқ, кең далада мал баққан, жай жатқан момын халықтың ар-намысын аяққа басып, қорлаған басшылардың, әсіресе Голощекин сияқтылардың жантүршігерлік озбырлығын қазіргі кезде не деп бағалауға болады? Созақ халық көтерілісі жөніндегі шындықты айтудан қорқып, оны Совет үкіметіне қарсы бай — кулактардың көтерілісі дегенге сене бердік. Бұл халық көтерілісі қазақ халқының XX ғасырдағы қайғылы тарихының қақ төрінен орын алуға тиіс...».
(Ауыл қариясының әңгімесінен)
Адамзат – келер-кетер, жүзге келер, Пендені үйде өлсе де, түзге көмер. Құдая, иманымды саламат кыл, Ағайын енді қайда бізді іздеп келер?..
(Кұлыншақ).
«Қос құдық жайлаушы едік, қыстаушы едік, Кәмшаттан бешпент, бөрік тыстаушы едік»1. Көкашық, сарт Сауырбай, Баба-Атаны, Созақтың қаласындай ұстаушы едік.
Тас сарай*, Дала базар* мекенім-ай, Сендерді қалай қиып кетемін-ай. Топтасқан тоғайдағы тораңғыл тал, Білдің бе дәуреніңнің, өтерін-ай.
Қан- қызыл қоңыраулы шеңгелдерім, Бұл күнде серігімсің сендер менің. Баба түкті шашты Әзиз әулием-ау, Батты ма жаныңызға сенделгенім.
Қарттардың құлақ аспай басуына, Себеп болды топанның тасуына. Созақ жақ дөңгеленер көз алдыңда, Шыққанда Суындықтың асуына.
Тассарай, Балықшы ата шатқалында, Қан төкті қызылың да, ақтарың да. Аңғармай күннің мынау батқанын да, Аңғармай таңның сонау атқанын да.
Жалайыр**, Қаңлы**, Қыпшақ**, Тарақтылар**, Таманы інісіне балап тұрар. Тыныш жатқан ауылдың шаңын қақты-ау, Белсенді қатын құмар, арақ құмар.
Қара үйдің іргесінде созған кепті, Шұбатын алып момын Божбан** жетті. Маңғытай**, Саңғылымен** көлеңкеде, Қайтадан қоздырады қозған кекті.
...Қайтейін, не көрмеді момын қазақ, Момыннан жатқандар аз жоғын санап. Бізге еріп шыққан бұлт жауып кетті, Созақтың ойлы-қырлы жонын сабап.
Сол бұлт жауып өтті момын елім, Тамыздың шілдесінде тоңып едім. Сан сұрақ сілкілеген күндіз-түні, Көкірегім қайғыға толы менің.
Төмпешіктер, молалар, мың сыры бар, Сол сырдан қара перде бір сырылар. Құлағымда аттардың дүрсілі мен, Аққудың қанатының сусылы бар.
Молалар, біздің мола, менің молам, Молалар, сіздің мола, сенің молаң, Бесік пен бейітімнің арасында, Басыңа сан келермін сенің, Бабам.
Бұл күнде көрінбейтін егістерден, Бұл бейіт – біздің бейіт тегістелген. Ауған тәуіп, Ақ ишан, ер Сұлтанбек, Шағынардай шыға сап... тегіс көрден.
Аттылар ана жолмен өтпегендей, Үспіде* ауыл орын теппегендей. Ығы-жығы молалар сарбаз болып, Созаққа жаяу-жалпы беттегендей.
Баратқан айдау жолдың тозаңын-ай. Өксігін ішке тартқан Созағым-ай. Алаш боп желбіреді сары ала ту, Намыс буған, кек куған қазағым-ай...
Қазағым-ай, кімдермен алыспаған, Арманы ақ сағым боп алыстаған. Жолаушыға мінгізіп жалғыз атын, Өздері келісінде тары уыстаған.
Мұңдылау жүрегіме батып бір ән, Шақырады... мола боп жатып қыран. Алпыс жылдай өтсе де содан бері, Кек қысып төсегімнен атып тұрам.
Сұм дүние, білді олар өтеріңді, Шашаңа шаң жұқтырмай кетеріңді. Ажал боп тақағанда Голощекин, Теріскей дауыл болып көтерілді.
Кеше алмаймын мансапқа сатылғандар, Қандасқа қарулы әскер шақырғандар. Сендерге бәйіт жаздым, – дұғам болсын, Созақтың базарында атылғандар. Атылғандар о, қайсар кектілерім, Асыл ойым көміліп кетті менің. Сызған жақта өсетін қызыл гүлдер, Қызыл қаннан нәр алған деп білемін.
Қызыл қанды қыратқа шашыраған, Өтінем жұла көрме, асыл адам. Әлі күнге өкпелі тәрізденді, Етпеттеп жата қалған тасы маған.
Әжім басқан жесірдей құба далам. Ұрпақ жоқ бұл қайғыны сұрамаған. Толғамау бұл тарихты күнә маған, Жырламау бұл тарихты күнә саған. Қайтейін бір күнің жоқ сенің-дағы, Өксігін ішке тартып жыламаған.
...Үнсіздік айқайлайды, шақырады, Елеусіздеу молалар жатыр әні. Жасырады... жусаны, селеуі де – Көңілім әлдеқайда асығады...
...Құлазыған көңілге қарамастан, Ақ сағыммен астаса араласқан. Бәрін көрген сөзім бар саған аспан, Бисмилләһир-рахмәәннир-рахим ал бастадым, Қасіретті, қайғылы дала дастан.
1Мәделі ақынның сөзі. *Жер аттары. **Ру аттары.
qazaquni.kz