РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІК –қазақ тілін азат ету
2010 ж. 24 желтоқсан
4177
0
Ел егемендігін алғанына жиырма жылға жуықтаса да, қазақ тілінің мәселесі әлі күнге мінберден түспей келе жатыр. Қазақ жерінде тұрып қазақ тілінің мұңын мұңдау, оның жоғын жоқтау қандай өкінішті десеңізші.
Кейде зиялы деп ел ардақ тұтқан базбір ағаларымызбен сұхбаттасудың сәті түсе қалады. Осындайда әңгіме ауанын қазақ тілі мәселесіне аударғанымызда, әлгіндей ағаларымыздың бірі қабағын тарс түйіп алып: «бұл енді жауыр болған мәселе ғой» дейтінін қайтерсіз?! Өз тілінің мәселесінен өзі жауыр болған халықты сіз көрдіңіз бе? Жоқ. Мұндай халық жер бетінде жоқ. Бұл жәй ғана сөз. Бізге осылай данышпансудың қажеті қаншалықты.
Сонда деймін-ау, әлгі ағамыздың сөзіне сенсек, тіл мәселесі біздің елде жауыр болды деп, мұны жылы жауып қоя салуымыз керек пе? Қазақ тілі шын мәніндегі азат тілге айналғанынша, әрбір қазақ тыным таппауы қажет емес пе? Бірақ сол бар қазақ жабылып, байбалам салса да, мемлекеттік тіліміз шынайы мәртебесіне ие бола алмай келе жатқаны ғана өзегіңді өртейді. Өйткені қарапайым халықтың қолынан келер қайран жоқ... Бар кілтипан билікте.
Мұны кезінде батыр Баукең жетер жеріне жеткізіп айтқан. «Тілді байытам деген ақ, адал ниетінің негізі – ана тілін толығымен сақтап, жаңалықтарды оның үстіне қосып дамыту, таныту әбден айқын, әр халықтың тарихында бар жолнұсқа... «Балық басынан шіридінің» кері келіп, бізде ант ұрғанда, алдымен оқымыстыларды ант ұрып, балдыр-батпаққа солар салып, тілді сақтап тұруға үлгі болудың орнына, әбден тілімізден айыруға себепкер болып барады. Ана тілін сүймегендік, білмегендік ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады», – деген болатын. Бұл жерде батыр атамыз оқымыстылар деп кейбір аға буын өкілдерін меңзеген болса керек.
Анасының сүтімен бойына даруға тиіс ана тілін білмейтіндер біздің елде қаншама?! Ал, ана тілін білмеген адамның оны сүйе де алмайтыны айтпаса да түсінікті. Сол кездің өзінде-ақ Бауыржан атамыз ана тілінде сөйлей білмеген адам, ана тілін сүйе алмайтынын тіптен ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудыратынын ашып айтты.
Жарайды, қазақ тілін белгілі бір себептермен білмедік делік. Бірақ осы уақытқа дейін неге білуге талпынбаймыз?
«Тілсізді айуан дейді. Тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Тіл адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін өнеркәсібін, мәдениетін,қоғамдық құрылысы мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрі мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері...», – дейді тағы да Бауыржан Момышұлы. Өзінің туған тілінен жеріген адам әрине ол тілсіз адаммен тең. Ал, Баукеңше айтсақ, тілсіз адам ол айуанға пара-пар. Тілін білмеген адамды бұдан артық неге теңеуге болады, айтыңызшы? Сонда ұлт жанашырының осындай сөзін естіп, біле тұрып, тіл білуге ұмтылмағандарды қалай түсінуге болады.
Өз ана тілін білмеген адам – өз анасына да құрмет көрсете алмайтыны, өз анасын қадірлей алмайтындығы белгілі. Туған тілімізге көрсетілген құрметті, туған шешемізге көрсетілген құрмет деп түйсініп, өз ана тілімізді өзіміз өрге сүйрейтін дәрежеге жететін кез әлдеқашан келіп қойғаны анық ағайын.
Қарап отырсақ, қазақ бар нәрсені өзінің көңілшектігінен тауып отырған сияқты. «Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар», деп өз тіліміздің жолында бар күш-жігерімізді сарп етіп, жанқиярлықпен жұмыс жасаудың орнына, өзгеге құшақ жаямыз да тұрамыз. Өзімізді емес, өзгені жарылқауға құмбылдығымыз қалмайды.
Басты қателігіміз сол – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде ресми мойындатқанмен, қағаз жүзінде жазғанмен, Қазақстанда тұратын басқа этностардың тілімен қатар қоямыз. Жаңылысып жүрген тұсымыздың бірі осы. Әрбір ұлт тілінің мәртебесі өз жерінде асқақтап тұрғанын ескерсек, өзгеге емес, өзіміздің тілімізге бет бұрғанымыз жөн емес пе? Осы «Үш тұғырлы тіл» турасында қазақ тілінің жанашыры, Асылы Осман апамыз: «Үш тұғырлы тіл» деп айтылады. Ағаштың да бір діңі болады емес пе? Бір тамырдан нәр алған бұталары жапырақ жая берсін… Бірақ, тұғыр деген сөзді әу баста тек қазақтың тіліне тән ету керек еді. Қазақтың тілін ғана тұғырына қондыруымыз қажет. Басқа этностардың тілі өз атажұрттарында тағында отыр. Неге өзге тілді мемлекеттік тілге қосарлаймыз? Бізді кері кетіріп тұрған осы. Орыс тілінің қызметін сақтаймыз дейміз, мен осыған қосылсам да, оны әрі қарай дамытамыз дегенге қосылмаймын», – деген еді. Жөн-ақ. Пейілі дархан даладай кең қазақ, өзгеден кем қалмаймын десе, өзгені емес, өзін ойлауы керек.
Бұл мәселеге келгенде биліктің де кемшін тұсы бар екенін көз көріп жүр. Қазақ тілінің мәселесі айтылудан да, жазылудан да кенде қалып жатқан жоқ. Тек бұл іске келгенде билік басындағы ағаларымыз қарапайым халыққа ықпал етуші күш ретінде бастамашыл бола алмай келеді. Билік «балық басынан шіридінің» керімен қазақ тілінде бірауыз сөз сөйлей алмай, былдыр-батпаққа малынып жатқанда, өзгесіне қалай ренжиміз?
Билік қазақ тіліне қырын қарап отырған жоқ. Тілді дамытуға барын салып-ақ бағып жатқан сыңайлы. Биылғы жылы да «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жасалды. Бағдарламада мемлекеттік тіл ұлт бірлігінің негізгі факторы екендігі тайға таңба басқандай аталып, мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға бетбұрыс жасалуы қажет екендігі көрініс тапқан. Бағдарламада тіл мәселесін шешудің жолдары жақсы қарастырылыған. Сөз жоқ бағдарлама алдымызға қойған бағдаршам іспетті, жақсы нәрсе. Бірақ оны бақандай 10 жылға жасау бізге қаншалықты тиімді? Егемендікке қол жеткізген жиырма жылдың ішінде тіл мәселесі түбегейлі шешілмегеннен кейін, алдағы 10 жылда бар мәселе шешіле қалады дегенге сенудің өзі қиын. Бұл бағдарламаны тым құрығанда 5 жылға жоспарлағанымызда, шапшаңырақ қимылдар ма едік кім білсін?! Әлі пәленбай жыл бар деп арқаны кеңге салып жүргенімізде, уақыт оздырып алатынымыз анық.
Қош, жасалатын бағдарлама жасалды. Енді әліптің артын баққаннан басқа амал жоқ.
Шынын айтқанда көп адам бағдарламаның берері мол деп есептемейді бүгінде. Көбісінің көңілі күпті. Бағдарламада айтылған ойларға, ондағы орындалуы тиіс міндеттерге, межелі жоспарларға көңілі толмағандықтан емес, әрине. Тек осы бағдарламадан бір қайыр болатынына күмәнді. Өйткені осы уақытқа дейін де қанша бағдарлама жасалғанымен, олардың барлығы бірдей орындалмай, жарты жолда қалып қойды. Анығын айтқанда желге ұшты. Осы күнге дейін жасалған бағдарламалардың бәрі орындалған болса, айымыз оңынан туған күн әлдеқашан орнап қояр еді десеңізші.
Елбасымыз бір сөзінде: «Біз өзіміздің ұлттық ойлау жүйемізді, тарихи танымымызды, рухани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке қол жеткізуіміз керек» , - деген еді. Шын мәніндегі рухани тәуелсіздікке қол жеткізудің бірден-бір жолы – қазақ тілін азат тілге айналдыру. Мәселенің тетігі – тек тілде. Мұны елеп, ескерер кез жетті ендеше.
«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай, қазақ ұлты жер бетінде мәңгі ғұмыр кешу үшін, туған тіліміз – қазақ тілін жоғалтып алмаудың жолын қарастыруымыз керек.
Бұл мәселеге бүгін ден қоймасақ, ертең кеш болары белгілі.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ