Тәуелсіздік мерекесінде тек қана отандық әншілер өнер көрсетеді
2016 ж. 07 сәуір
2682
0
Тәуелсіздікті тойлауға бей-берекет ақша шашылмайды. Азаттықтың 25 жылдығын үнеммен өткізуді тапсырған Гүлшара Әбдіхалықова мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына қатысып, жауапты тұлғаларды белгіледі деп хабарлайды 31 арна.
Мемлекеттік хатшы тойды ұйымдастыруды Арыстанбек Мұхамедиұлына тапсырса, ақпараттық-имидждік жағын инвестициялар министрі Исекешевтің жауапкершілігіне қалдырды.
Сондай-ақ сәуірдің 28-іне дейін комиссия мүшелері шаралардың жоспарын бекітуі тиіс, жиын үстінде мерекелік логотип мақұлданды.
Ал мейрамның басым бөлігін «Нұр Отан» өткізетін болады. Азаматтық альянс, ассамблея мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы партияға көмектеспек.
"Если по каким либо причинам отсутсвуют средства лучше отказаться от таких мероприятия. Приоритет отдавать малозатратным мероприятным", - деді мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова.
Сонымен қатар Мәдениет министрлігі бюджет ақшасын үнемдеу үшін концертке тек отандық әншілерді шақыруға уәде етіп отыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Астанада құрамына ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, министрлер кіретін мемлекеттік комиссия ұлан-асыр тойдың жоспарын құруға кірісті. Жалпыхалықтық мерекелер қала, аудан тіпті шалғай ауылдарды да қамтымақ.
Ал ұйымдастыру жұмыстарына жастар да тартылмақшы. Жаппай мерекелік думандар басталмас бұрын, жергілікті әкімдіктер құбыр тартып, ауыз суды ауылдағы әр үйге тартып беруі тиіс. Сонымен қатар шұрық-тесік жолдар жөнделіп, көшелерге тал егіледі. Мемлекеттік комиссия Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тек той тойлаумен емес, тағылымды істермен де есте қалдырмақ ойда.