Келін оңбай, елің оңбайды
2016 ж. 28 наурыз
4196
1
Бүгінде статистикалық мәлімет бойынша, үйленген жастардың жыл сайын үштен бірі ажырасып жатады. 10000 ы үйленсе, соның 3300 жұбының шаңырағы ортасына түседі. Сонда он жылда 33 мың отбасының ойраны шығады. Одан әрі солай жыл сайын қосыла береді, тірі жетім мен жесірлер, жалғыз басты аналар еселеніп көбейе береді.Сонша трагедия деген сөз. Сонда тойда айтылған: «Босағаң берік болсын, шаңырағың биік болсын», деп берген ақ бата мен ақ тілектеріміз қайда қалды? Кім кінәлі?
Жақында «Хабарда» көрсетілген «Условие контракта» атты кинода бір келіншек: «Күйеуге тиюге ақылым жеткенмен, сол күйеуді ұстап тұруға ақылым жетпеді», деп өкінеді. Қыздарымыз «күйеуге шықсақ болды, бақытты бола саламыз» деп ойлайды. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп мақалдағанда таңдайымыз тақылдайды. Ал үй болу несімен қиын? Сол қиындықты қалай жеңіп, қалай жақсы отбасы болу керек? Осыны мектептер мен басқа да оқу орындарында жастарға кім айтып, кім үйретіп жатыр?
Ешкім де. Жас отбасылардың босағаларын қалай бекітеміз, мынадай масқара көлемде ажырасуларын қалай тоқтатамыз? Қыздарымызды жақсы келін болуға қалай тәрбиелейміз? Мектептер тәрбие бере алмаса, басқа қандай жолы бар?
Енді осыған байланысты жанымды ауыртып әрі ашындырып жүрген бір жағдайды айтып, соны мысалға келтірейінші. Менің Қазалы қаласында тұратын С. есімді балдызым бар. Көрікті де сымбатты жігіт, жақсы мамандығы, қызметі бар. Соның біраз жыл бұрын келіншегі қайтыс болды, екі қызы қалды артында. Сондағы бір мектептің мұғалимасының күйеуі қайтыс болыпты, оның да екі қызы бар екен. Содан екеуі қосылған. Сөйтіп екеуі төрт қыздың ата-анасы болып, көп ұзамай келіншек ұл туып, басында жап-жақсы тұрып жатқан. Жігіттің бұрын мұғалім болып істеген зейнеткер шешесі бар. Ауылына, туыс-туғандарына сыйлы да қадірлі адам. Ұл туып орныққан соң, келін мінез шығара бастайды. Енесіне ежірейетін, айтқанын тыңдамайтын, тіпті тіл тигізетін болады. Жігіт анасын қорлағанына шыдай алмай, әйелді өз үйіне қуып жібереді. Іште бала кетіп, тағы бір ұл туады. Арыстай екі ұл. Ішің қалай удай ашымайды? Жігіттің анасы: «Шайпау мінезіне төзейік, екі ұлды көзіміз қиып қалай шыдап отырамыз, келінді алып кел», деп ұлына қолқа салады.
Сөйтсе әлгі әйел: «Шешеңмен, қарындасыңмен бірге тұра алмаймын, менің қолыма кел», деп шалқаятын көрінеді. Не деген бетсіздік, не деген көргенсіздік десейші! Жігіт: «Мен анамды тастап, сенің қолыңа кіретін ақымақ емеспін», деп жауап берген. Міне, бұған не деуге болады?! Әлгі әйел сол Қазалының бір мектебінде мұғалима болып істейді. Мынадай көргенсіздікпен ол қалай ұстаз болып жүр, балаларға қандай тәрбие беріп, өнеге көрсетеді деген сұрақ туады. Бұрын ақсақалдар мен билер төрелігі болған. Қазақта ажырасу деген мүлдем болмаған ғой. Енді мынадай жағдайларда не істеу керек? Меніңше, жігіт сотқа беріп, үлкен ұлын қайтарып алуы керек. Бұған бүгінгі заң мен заңгерлер нендей билік айтады?
Бұл бір ғана мысал. «Күйеу бала қолымызға кірмеді», деп қыздарын бақытынан айырып, ажыратып алып жатқан ата-аналар қаншама. Келіншек кезінде енесімен сыйыспаған бір әйел қазір өзі ене болғанда қос келінін қуып жіберіп отыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Кеңес заманы кезінде де ажырасатын. Бірақ дәл қазіргідей емес-ті. Өйткені, партия, комсомол, кәсіподақ ұйымдары болды. Күйеуі кінәлі болса, әйелінің арызы бойынша мәселесі қаралып, партиядан, комсомолдан, қызметінен шығарылатын, газетке жазылып әшкереленетін. Туыстарының үлкендері жиналып бітістіруге күш салатын. Қазір ондай ұйымдар жоқ, ақыл айта алатын ақсақалдар да қалмай барады. Енді не істеу керек? Осынау нарық қысқан заманда, үлкен өмірден түк хабары жоқ жас отбасыларды қиындықтармен бетпе-бет қалдырып, қол қусырып қарап отыра береміз бе?
«Отбасы – шағын мемлекет», деген қанатты сөзіміз бар. Шынында да солай. Олай болса, мемлекет ішіндегі ыдырап жатқан шағын мемлекеттерімізді қалай қорғаймыз? Егер дұрыс есебін шығаратын болсақ, олардың саны миллионнан асып жығылады. Мұның сыртында отырса да орнын таппаған қыздарымыз жүз мыңдап саналады. Олардың біразы «басыбайлы жарымыз болмаса да ана болып, бала сүйейік» деп, көңілдестерінен бала туып, жалғызбасты аналар санын көбейте түсуде. Сонша әкесіз өсіп жатқан балалар, сонша көз жасын көл қылып жүрген жалғызбасты аналар деген сөз. Олар «Жар құшпадым құшағымды жандырып» деп бір ақын әйел жыр еткендей, жап-жас кезінде жесір қалып, жар құшағын аңсаумен өмірі өксіп, күн кешеді емес пе. Мұны жүрекпен де, баспен де ұғып түсінсек керек.
Әлгі ақын қыздың жалғыздығын жыр еткен мұңды өлеңі мені қатты тебірентіп, «Жаралы жүрек жалғыздар» деген өлең шығардым. Ол бұдан 25 жыл бұрын «Ана тілі» газетінде жарияланып, үлкен талқылау айтысқа мұрындық болған.
Газеттің келесі бір санында Тараз қаласынан Сая деген қыздың: «Екінші әйелі болғым келеді», деген мақаласы жарқ ете қалды. Саяның бұл мақаласы сол тұста бұлтсыз ашық күнде күн күркірегендей әсер етті. Компартияның әлі бар кезі. Газет редакторының оны жариялауға қалай батылдық еткені таң қалдырады. Сая: «…Мен ақын аға жыр еткендей отырып қалған сұлу қыздардың бірімін. Оқу, оқу, қызмет деп жүргенде қатарымнан қалып қойыппын. Әйтсе де жар құшып, бала сүйіп, ана болғым келеді. Кейбіреулердей көденең көңілдестен бала тууға намысым жібермейді. Енді қайтпек керек? Оның бір-ақ жолы бар. Бұрынғы қазақ салтымен бір жақсы ағаның етегінен ұстап, екінші әйелі болу. Сонда заңды күйеуім, баламның заңды әкесі болған болар еді. Ешкім көзтүрткі қылмас еді», деп ағынан жарылған-ды.
«Ана тілі» газетінің беттерінде қоғам еркек пен әйел болып екіге жарылып, Сая қыздың мақаласын алты ай бойы талқылады. Ерлер: «Ақылыңнан айналайын, қостаймыз» десе, әйелдер: «Қу бетпақ, көк етіктіні іздеп, көн етіктіні менсінбей жүріп отырып қалған өз обалдарың өздеріңе, енді сүттей ұйып отырған отбасымызға ойран салмақпысыңдар?» деп дүрлікті. Мақала қорытындыланғаннан кейін бұл айтысты «Қазақ әдебиеті» газеті көтеріп әкетті. Сая мақаласы талқыланып, бастап берген мен жайыма қалдым. Бірақ еңбегім зая кетпеді. Сол талқылау мақалалардың қозғау салған дүмпуімен неке заңының «екі әйел алуға болмайды» деген бабы алынып тасталынды. Парламентте де екі рет сөз болды. Газет беттерінде де ауық-ауық қайта талқыланып жатады. Өзім де мақалаларыммен тамызық тастап тұрамын. Қазір әсіресе, оңтүстік өңірлерде мешітте некеге отырып, екінші әйел алып жатқандар, ағасы өлсе жесірін қаңғытпай жеңгесіне үйленгендер көптеп саналады.
Соған байланысты жоғарыда сөз етілген жақсы келін тәрбиелеу, жас отауларды қорғап, ажырасуларды азайту, жетімдер мен жас жесірлерді көбейтпеу мақсатында не істеуіміз керек, қандай шаралар қажет? Мектеп пен ата-аналардан қайыр жоқ. Мектептер оқулықтарды көбейткен үстіне көбейтіп, үстін-үстін төпелеп оқыта беруді ғана біледі. Оқушылардан «оқуың қалай?» деп сұрасаң, «жақсы» деп жауап береді. Ал «тоқуың қалай?» деп қайыра сұрасаң, не жауап берерін білмейді. Себебі, мектеп оқулықтары мен мұғалімдерінің лексиконында «оқу, оқыту» деген сөздер бар да «тоқу, тоқыту» деген сөздер жоқ, қолданылмайды. «Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» деген Ыбырай өлеңіндегі талап оқушылардан талап етілмейді. Қыздар жағы «тоқу білмеймін» деп жауап береді.
Мен бастауыш мектепте де, орталауда да, педагогикалық жоғары оқу орнында да мұғалім де, оқытушы да болып тер төккен, өмірімнің 20 жылын педагогикаға арнаған адаммын. Жай тер төгіп қоя салмай, сол салада бастамалар көтеріп және соларды өз қолыммен жүзеге асырып тәжірибелік жұмыстар жүргізгенмін. Кезінде орталық баспасөз беттерінде солар туралы мақалаларым жарияланып тұрған. Бұдан 50-55 жыл бұрын мектептерде тоқыту мен тәрбие қалай болмаса, қазір де тап сол күйінде екен. Неге десеңіз, тәрбиелік оқу құралы әлі күнге дейін жоқ. Ал әр сыныпқа арналған тәрбиелік оқу құралынсыз, арнайы тәрбие сағаттарынсыз оқушыларға этикалық, эстетикалық, патриоттық, адамгершілік тәрбиелерін қалай беруге болады? Осыған ешкімнің басы ауырмайды.
Бір кезде орыс патшасы І Николайдың атынан А. С. Пушкинге жасөспірімдер тәрбиесімен айналысып, сол жөнінде еңбек жазуға тапсырма беріледі. Ақын мектептерді мұқият тексеріп, патшаның тапсырмасын бұлжытпай орындайды. 1826 жылы ол тәрбие проблемалары жөнінде «Халықтық тәрбие туралы» деген трактат жазып ұсынады. Дарқан дарын, көл-көсір ақыл иесі А.С.Пушкиннің кемеңгерлігі осы трактатынан да айқын көрінеді. Ол мынадай данышпандық қорытынды тұжырым жасайды: «Всюду ощущается недостаток наук нравственных, развивающих личность учащихся, их способность мыслить и объективно судить о событиях и проблемах. В государственных заведениях главной заботой должно стать нравственное воспитание». Бұдан Пушкиннің данышпан ақын ғана емес, кемеңгер қоғам қайраткері екенін де көрсетеді.
Бірақ қай заманда да патшалар мен әкімдер ақындардың ақылын алған ба, Пушкин айтты деп адамгершілік тәрбиесі туралы ақылды оқулық құрал жазылмағанға ұқсайды. Кеңес заманы кезінде де ондай оқулық болған жоқ. Егер Ресейде болса, бізде де болған болар еді ғой. Енді орыс ақыны Пушкин мен өзіміздің әл-Фараби бабамыздың: «Адамға алдымен тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзатты апатқа ұшыратады», деген тұжырымын салыстырсақ, арғы данышпан мен бергі данышпанның ойлары бір-бірімен үндесіп тұр. Екеуінің арасы тоғыз ғасыр. Әл-Фарабиді Пушкин, мүмкін, оқыған да болар. Тәрбиесіз берілген білімнің салдарынан қазір адамзат апатқа ұшырап жатыр емес пе. Демек әл-Фарабидің кезінде де тәрбие оқулығы болмаған. Егер болған болса, бабамыз мына сөзді ашынып айтпаған болар еді. Жоғарыдағы әл-Фарабидің қанатты сөзін бәрі жатқа біледі, бірақ ол сөздің мәні мен маңызына ешкім мән беріп жатпайды. Жарықтық айта салған ғой деп жүре береді.
Енді мына бетімен жіберілген тәрбие мәселесін не істейміз? Солай бетімен жібере береміз бе? Менің алдыңғы бір жылы «Егемен Қазақстанда» «Бетімен жіберсе бетімен кетпегенде қайтеді» деген мақалам жарияланды. Онда бірінші емен ағашын Президентіміз өз қолынан отырғызған «Жерұйық» саябағын бетімен кеткен жастардың бүлдіріп жатқанын, аққайыңдарды дәптерге айналдырып, аттарын шимайлап жазып, кейбіреулерінің қабығын сыпырып қуратып өлтіріп жатқандарын айтып дабыл көтергенмін. Бір жеті өткеннен кейін Алматы ауданы әкімінің өзіне телефон соғып, не шара қолданып жатырсыздар деп сұрасам, ешқайсысы оқымапты. «Бұларыңыз қалай? Президентіміздің өзі күн сайын қарап отыратын бас газетімізді оқымайтындарыңыз ұят емес пе» деген соң оқып, бірер аптаның ішінде парктің төрт жағына түнде жабылатын қақпалар орнатты; жұмыс уақыттарын жазғызды; тәртіп бұзғандарға шара қолданылып, тиісті мөлшерде айыппұл салынатынын ескерткен тақтайшалар ілінді.
Мен бұл жартылай шарамен тоқтап қалмай, мақаланың көшірмесін көбейтіп, өз аттарынан қосымша тапсырма беріп, аудан көлеміндегі барлық мектептер мен жоғарылы-төменді оқу орындарының бәріне жіберуді ұсындым. Бірақ оны орындамады. Тәрбие дәйектілікпен жүргізілсе ғана нәтиже беретінін бізде біле бермейді. Айтқанымдай-ақ, біраз уақыттан кейін бұзақы жастар әлгі тәртіпке шақырған тақталарды тепкілеп қиратып бұзып тастады. Бұл бір ғана мысал.
Мәселенің тоқетерін айтқанда, мектептердің барлық сыныптарының оқушылары мен басқа да оқу орындарының студенттеріне арналған әл-Фараби мен Пушкин айтқандай және өмір талап етіп отырғандай, «Адамгершілік тәрбиесі» (Нравственное воспитание) атты тәрбие оқулығын авторлар бірлесіп жазып шығаруымыз керек. Оның ішкі шекесіне жоғарыдағы екі данышпанның әлгі қанатты сөздері жазылып қойылады. Онсыз бәрі бос сөз болып қала бермек. Мен өзім өзгелерге жол салып берейін деп, қыздар мен болашақ келіндер тәрбиесіне арналған «Келіндер оңбай, қазақ оңбайды» атты жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған оқулық жазуға кірістім. Ол «Көңіл күні – махаббат!» атты поэмаммен ашылады. Қыздарымыз поэманың бас кейіпкері Ақмаңдайлым секілді сөз салған жігітінің шын ғашық, шын сүйетініне әбден көз жеткізіп, өз сынағынан өткізіп барып үйленсе, ажырасулар болмайды, махаббаттары да мәңгі сақталады.
Екіншіден, әйелдердің өздерін өздеріне таныта түсу мақсатымен жазылған «Әйел кім?!» деген поэмамды әлеуметтік желіге шығарып едім, «Әйелдерді, аналарды осынша ардақтап, бейнемізді асқақтатқаныңыз үшін көп рахмет сізге, Алланың нұры жаусын!» деп алғыстарын жаудырып жатыр. Оқулыққа ақындар мен жазушылардың осындай тәрбиелік маңызы зор шығармалары енгізіледі. Авторлар тартылады.
Сонымен бірге, жастарға адамгершілік те, патриоттық та тәрбие берумен тікелей айналысатын жастар газетін шығару мақсатында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы патриоттық қордың төрағасы Махмұт Нәлібаевқа және тең төрағаларына сондай басылым болуға ынталы болып, тілек білдірген бір газетті қор қарамағына алу жөнінде ұсыныс хат жолданды. Олар ойласып жатыр. Президентіміз жастарға патриоттық тәрбие беру жөнінде тапсырмалар беруде. Бірақ онымен нақты айналысып отырған ешкім жоқ қой. Сондай газет шығаруға жоғарыдағы қордың күші аздық етсе, Президент қорының өзінен көмек сұраймыз. Жастар тәрбиесі үшін қандай да батыл қадамдарға баруымыз керек. Осы бастаманы қолдауға шақырамын.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
АСТАНА.
Дерек көзі: "Егемен Қазақстан"