Қазақ қызы түрiк жiгiтке тигенiн мақтан еттi (фото)
2016 ж. 27 наурыз
6036
7
Қазақ қызы Әйгерiм мен түрiк жiгiтi Хакан Ешильчимендер тату-тәттi отбасын құрудың сырымен бөлiстi.
СУРЕТТЕР: BNEWS.KZ
Мериям мен Ейлюль есiмдi қыздары бар жанұя ең бастысы – отбасындағы мiндеттердi ердiкi не әйелдiкi деп бөлмеу керек деген пiкiрде. BNews.kz тілшісі екi түрлi тiл мен дәстүр тоғысқан жанұямен әңгiмелесiп қайтты.
«Хакан екеуміз Астанадағы клубта таныстық. Ол достарымен барған. Ал мен таныстарымды алып кетуге көлiкпен келгенмін. Сол клубта таныстық, бірақ, телефондарымызбен алмаспаған едік. Бір қызығы, бір апта өткеннен кейін мен көлікпен келе жатып, Хаканның сауда үйінің жанында тұрғанын байқап қалдым. Көлiгiммен дiттеген жерiне апарып тастадым, солай сөйлесіп кеттік. Мен ол кезде жігіт туралы, тіпті басқа ұлттың жігітімен кездесу туралы ойламаппын. Ол кезде Алматыдан Астанаға ендi көшiп келгенбiз. Сондықтан жаңа қалада басқа жоспарларым болған. Екеуміз араласып жүрдік, одан кейін бірге жұмыс істеп, солай достасып кеттік. Осылайша, кездесе бастадық, дегенмен, ол маған уақытты созбай, ата-анаңнан рұқсат сұра, келіспесе, одан әрі кездеспей-ақ қояйық деді. Мен өзiм қорқақтап ата-анама көпке дейiн айта алмай жүрдiм», - дейдi Әйгерiм.
«Мен тұрмысқа шығамын дегенде ата-анам қуанды. Қай жақтікі, руы қандай деп сұрастыра бастады. Ол қазақ емес, түрік деп едiм, анам маған ренжіп, сөйлеспей де қойды. Ол бірден түрік жігітке тұрмысқа шықпайсың деді. Ал әкем керісінше маған сенетінін айтты. Дегенмен, жiгiтiммен танысқаннан кейiн келiсiмiн бердi. Осылайша, тұрмысқа шықтым. Ал жолдасымның ата-анасы оның үйленгеніне қуанған, өйткені, Хакан бұған дейiн мүлдем үйленбеймін деп жүрген екен», - дейдi Әйгерiм.
«Шынымен де солай. Мен үйленемін деп жүргенде 36 жасқа келiп қалғанмын. Ата-анам үйленгеніме қуанды. Ал мен Әйгерімдi өте мейірімді, адал жан деп санаймын, сондықтан болар таңдауым Әйгерiмге түстi», - дейдi Хакан.
«Түркияда өткен тойдағы ерекшелікке келсек, онда жас жұбайлар мойындарына қызыл түсті лента тағып тұрады. Қонаққа келген адамдар жас жұбайларды құттықтаған кезде лентаға ақша тағады. Тойға әдетте мыңдаған адам шақырылады. Ыстамбұлда осыншама адамды күту оңай емес, оны тек ауқатты адамдар жасайды. Біз осындай той жасадық, бiр қызығы олар сыйлық емес, тек ақша бередi. Онда дастархан қазақтардағы сияқты мол жайылмайды, есесiне, тойда жиналған ақша жас жұбайларға беріледі. Қонақтардан ешкім тілек айтпайды, тек билейді», - дейдi Әйгерiм.
Әйгерiм Түркиядан келген қонақтар қазақтардың дастарханының молшылығына таң қалғанын айтты. Қазақстанда қанша жүз адамға дастархан жайылып, әртістер шақырылып, түрлі шоу-бағдарламалардың өтетiнi де түрiктердi таңғалдырған екен.
«2013 жылы тұңғыш қызым, бiр жылдан кейiн екінші қызым дүниеге келдi. Тұңғышымның есімі – Мериям, екіншісінің есімі – Ейлюль. Ейлюль «алтын күз» деп аударылады. Бiр қызығы, бірінші қызымның есімін жолдасым Ейлюль деп қойғысы келген, бірақ, мен көктемде босанғандықтан басқаша қояйық дедім. Жолдасымның Ейлюль деп атағысы келгені соншалық, едел-жедел екінші қызым да дүниеге келдi. Ол күзде туғандықтан оны Ейлюль деп атадық», - дейдi Әйгерiм.
Ал Хакан балалардың болашағы үшiн Түркияға әзірше көшкім келмейді дейдi. Қазақстанда өсiп-өну балаларға тиiмдi дейдi жiгiт.
«Балаларымыздың Қазақстанда оқығаны тиімді, себебі, олар Қазақстанда оқыса, кем дегенде 3 тілді: қазақша, орысша және түрікше біледі. Онымен қоса, ағылшын тілі бар. Түркияда бұл жағы қиындау. Балалардың мектепті, лицейді осында оқығанын қалаймын, ал одан кейін көреміз. Осы уақытта олар өте тәжірибелі маман болып қалыптасады, өйткені, 4 тіл дегеніміз аз емес. Және де Түркияда соңғы кезде болған оқиғалардан кейiн, Қазақстанда өмiр сүру қауiпсiз» - дейдi Хакан.
Хаканның өзi туған тiлiнен өзге орыс және қазақ тiлдерiн бiледi. Ол Қазақстанда 10 жылдай уақыт тұрса, бұған дейiн 10 жылдан астам уақыт Мәскеу мен Бакуде бизнеспен айналысқан екен. Қазiр ендi астаналықтарды түрiк тағамдарымен қуантып, жеке бизнесiн дөңгелетiп отыр. Хакан қазақ халқының асылған етiнiң дәмi керемет деп есептейдi.
«Біздің отбасы ерекше шығар, бірақ, біз бұған үйреніп қалдық. Ал бастапқыда бірге жүргенде барлығы бізге назар аударатын. Түркияда мені балалар «жапон абла» деп атайды», - дейдi Әйгерiм.
«Иә, шынымен де, біз бір жерге барғанда көпшіліктің 90 пайызы назар аударады. Ал Түркияда бірге жүргенде барлығы Әйгерімді жапон қызы деп атайтыны да рас. Одан кейін ол «мен жапон емеспін, қазақпын» деп айтады. Олар қазақтарды таныса да, Әйгерімді көбі жапон немесе қытай қызына ұқсатады», - дейдi Хакан.
«Хакан маған отбасылық өмірде әрдайым көмектеседі. Оған үй шаруасымен айналысу қиын емес. Ол үй жинап, тамақ істей береді. Балалардың киімін ауыстырып, тамағын да бере салады. Біз отбасында бір-бірімізге көмектесеміз. Үйіміздегі міндеттердi ердікі, әйелдікі деп бөлмеймiз», - дейдi Әйгерiм.
Ал Хакан Түркия отбасыларында ер адамның тамақ істеп, үй жинауы қалыпты нәрсе дейдi. «Бастысы, қыздарым бар. Мен балалы болғым келетiн, қазiр олар менi жұмыстан шаршап келгенде папалап қарсы алады. Және қыздарым өзiмнен аумай қалған», - дейдi Хакан.
«Жолдасым мені «аңсап күткен жұбайым» деп атаса, ата-енем «ұзақ күттірген келінім» деп атайды. Маған қолдау көрсеткен ата-анам мен туған-туыстарыма ризамын. Мен өз өмірімде осындай таңдау жасап, Хаканға тұрмысқа шыққаныма өкінбеймін. Бізді өмір, тағдыр қосты», - деп ойын түйiндедi Әйгерiм.