Биыл елімізде наурызға деген дайындық самарқау
2016 ж. 16 наурыз
2575
0
Наурыз мерекесін тойлауға бір апта ғана уақыт қалды. Алайда еліміздің әр өңірі бұл мерекені түрліше тойлайды деп хабарлайды 31 арна.
Әдетте оңтүстіктен бастау алып, солтүстік өңірлерге дейін бір ай бойы тойланатын ұлық мейрамға биылғы дайындық та кеш басталды. Жаңа жыл мерекесін тойлауға дайындықты бір ай бұрын бастап кететін Қазақстан қалалары Наурыз мейрамы қарсаңында сылбырлық танытуда.
Алматының басты алаңында Наурыз мерекесіне дәл бір апта қалғанда Наурыз нышандары пайда бола бастады. Жалпы қаладағы мерекелік көңіл-күйдің қаншалықты екенін Алматы тұрғындары айтып берді.
"Кеңестік кезде де бір-екі ай бұрын дайындалатын. Көшенің бәрінде ілулі тұратын. Сауда орындары ойыншықтары бар, басқасы бар жылтыратып іліп қоятын. Жұрттың көз жауын алып тұратын. Ал Наурызға ондай дайындық байқалмайды", - дейді Алматы тұрғыны Рүстембек Шойбеков.
"Қалада сезіліп жатыр. Енді көшелерде сыртқы жарнамаларда, билбордтарда көрсетіліп тұр Наурыз жақындағаны. Енді ауа райы болмаса", - деді тұрғындардың бірі.
"Наурызға дайындық сезіліп жатқан жоқ. Аудан-аудан болып дайындалу керек қой. Наурыз деген - қазақтың жаңа жылы", - дейді Алматы тұрғыны.
Мырзахметовтің тұсында Наурыз мерекесін 9 күн тойлайтын оңтүстік өңір қаланы безендіріп, мерекелік сән беруге асығар емес. Наурыз алаңы да әзірге қаңырап бос тұр.
Ал Өскемен қаласы Ұлық мерекеден хабар берер билбордтарды барынша көптеп ілуге тырысқан екен. Қыстың сызы кетпесе де шығыс өңірдің мерекеге дайындығы байқалады. Былтыр Ұлыстың ұлы күнін хайуанаттар бағында өткізген Алматы әкімдігі биыл ерекше дайындық жүргізуде.
"Негізгі іс-шара 22 наурыз күні Астана алаңында өтеді. Бұл - қалалық іс-шара. Сонымен қатар, қалада орналасқан сегіз аудан 22-сі күні өздері орналасқан аудан көлемінде мерекелік думанды бағдарлама жасайды", - деді Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бас маманы Айнұр Баженова.
Бұдан өзге Алматы әкімдігі "Мың жасаған шаһар" атты наурыз мерекесіне арналған ақындар айтысын ұйымдастыруда. Елімізге танымал 12 ақын мен Моңғолия және Қырғыз елінен бір-бір ақын әкімдік жүлдесін сарапқа салады. Бейресми деректер бойынша жүлде қоры 22 миллион теңге.