Бір күндік құрметтің «қадірі»...
2016 ж. 09 наурыз
3906
4
Көктем сайын қазақ қоғамында қос тақырып қайтара қойыртпақтанып жатады. Біріншісі, 14 ақпан - «әулие Валентин күні», екіншісі, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні. Шынтуайтына келгенде, бұл аталған қос мейрамның да тарихы жетісіп тұрған жоқ. Оның үстіне екеуі де қазаққа жат, зорлықпен таңылған даталар. Орыстілді немесе орысқол қазақ бауырларым, әрине, кеңірдектерін созып, уәж айта жатар, бірақ, бәрібір, бәрінікі бос сөз, құр қоқан-лоққы...
«Ұра берсең, сайтан да өледі» демекші, әулиенің күні күңгірттене бастаған сыңайлы, тек басына орысшылдық өтіп кетіп, жүрегіне қара дақ салған топалаң тобыр ғана 14 ақпанда қолдарына жүректің суреті салынған титімдей открыткаларын ұстап, алақтап жүр...
Ең қиындауы, 8 наурыздың нәубеті болып тұр. Аға буын айықпастай уланып, орта буын оңбай омақасқан, тіпті, жас буынның буынына түсіп кеткен Әйелдер күні, бір қарағанда, зиян-зобалаңнан ада, шаймашуақ көктемнің көңілді беташары секілді. Дей тұрғанмен, 8 наурыздың тарихы да тарамыстанып жатыр. Тек, анаға деген құрмет қана қазақтың тілін күрмелтіп, екпінін еңселетіп отыр.
Негізі, 8 наурыз - гүл сатушылардың нағыз мейрамы. Сірә, осы бизнестің өкілдері осы бір-ақ күнде бір жылдық қорын жинап алатын шығар. Құрбан айтында қой саудалаушылар о дүниенің сауабынан гөрі, бұ дүниенің қалауына жеңіліп жатса, 8 наурызда гүл сатушылардың құдайы беріп қалады. Қызғаныш жоқ, еңбек еткен еселеп жесін, бірақ, тағы да ұят пен иманды аттап кететініміз қалай?!. Қалтасы жұқа бір-ақ тал гүл алғанға алара қарап, қалтасы мен қарны қампиып, бірнеше кәрзіңке гүл шоғырларын саудалағанның алдында құрдай жорғалайтынымыз қалай?..
«Мейрамның тарихы» демекші, 8 наурыз туралы ойын білдірген белгілі тележурналист Серік АБАС-ШАХ ағамыз көгілдірлер мен еркекшоралардың ойлары мен қолдарынан шыққан заттарды еркін қолдана беруге шақырыпты. Меніңше, «спорный вопрос»...
Даусыз мәселе, 8 наурыз жайлы қазақ қоғамында біржақты тұжырым жоқ. Бір күндік құрметтің «қадірі» қалай баянды болсын! Аяулы ана мен ардақты ару күн сайын, сәт сайын құрметке лайық.
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz