Қазақ елі даңқты ұлымен қоштасты
2016 ж. 09 наурыз
2462
0
Алматыда қара жамылған халық Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында еркін күрестен Қазақстанның 11 дүркін чемпионы Әбілсейіт Айқановпен қоштасты.
Қаралы жиынға келген қауымға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Республикасы Президентінің көңіл айту хатын оқып берді:
«Әбілсейіт Айқанов бұрынғы Кеңес Одағының ауқымында ғана емес, көптеген халықаралық жарыстарда жеңімпаз атану арқылы зор жетістіктерге қол жеткізген аса үлкен дарын иесі еді. Ә.Айқанов өз жеңістері арқылы халқымыздың рухын көтеріп, жастардың спорттың осы түрімен айналысуына ықпал етті. Көптеген жас оған еліктеп саламатты өмір салтын ұстануға, қажырлы, қайратты болып өсуге талпынды. Білікті бапкер ретінде де көптеген даңқты спортшыларды тәрбиелеп, өсірді. Спорттағы жетістіктері үшін түрлі марапаттарға ие болды», - делінген жеделхатта.
Әбілсейіт Рүстемұлы Айқанов еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның 11 дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, КСРО-ның «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
Ол 1938 жылдың 15 сәуірінде Алматы облысы, Сарқанд ауданы, Покатиловка ауылында дүниеге келген. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын тәмамдаған.
1957-1970 жж. әр түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанып, олжалы оралып отырған.
Спорттық карьерасын аяқтаған соң бапкерлікпен айналысқан.
Ә.Айқановтың шәкірттерінің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері А.Бұғыбаев, спорт шеберлері Ж.Көпебаев, Н.Нұрманов, А.Мұсабековтер бар.
1983-1986 жж. еркін күрестен Ауғанстанның ұлттық командасының жаттықтырушысы болып, 22 халықаралық сайыстардың жеңімпазын, төрт халықаралық дәрежедегі спорт шеберін тәрбиеледі.
Ә.Айқанов спорттың дамуына зор үлес қосты. Ол Ұлттық олимпиада комитетінің мүшесі, Қазақ ұлттық «Күрес» Федерациясының президенті, еркін күрестен Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық «Күрес» Федерациясының вице-президенті, Моңғол халқының күрестен «Консатай» ұлттық Федерациясының вице-президенті және Алматы облысының құрметті азаматы болған.
Гүлмира Ғосманәли
Дерек көзі: ҚазАқпарат