"Ел анасы" журналының тұсаукесері өтеді
2016 ж. 02 наурыз
4782
1
Өздеріңіз жақсы білетіндей, қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық болмыс, ұлттық тәрбие мәселелері өте өзекті тақырып. Соған орай біз қазіргі уақытта ізгі ұрпақ тәрбиелеуге, отбасы бірлігін сақтауға үндейтін қыз-келіншектерге арналған жаңа жобаны қолға алып отырмыз. Осы жоба барысында арамызда жүрген үлгілі аналарымыздың өнегесін басшылыққа ала отырып «Ел анасы» отбасылық журналын жарыққа шығардық.
Қазіргі қоғам АНАҒА зәру! АНАНЫҢ аялы алақанына зәру! «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» Аналар бүгін бар ма? Бар болса қайда?! Ұрпағың азарда Анаң ардан безер. Ал бүгін ұрпағымыз азып барады дегенді көп естиміз. Сонда Ана деген ардақты атқа дақ түскені ме? АНА есімі бүкіл адамзатқа ортақ. Демек, Алланың бары қанша ақиқат болса, әр адам баласының да Анасының болары ақиқат! Адамға ауа қанша қажет болса, Ел болуда, ұрпақ өсіруде Ананың алар орны да сонымен тең!
Бүгін тұсауы кесіліп, ақпарат айдынына жол алған «Ел Анасы» журналының да ұстанған бағыты осы. Күллі адамзаттың өміріне нұр сыйлаған Аналар ғұмырының жарқын жақтары мен тағдырының тәлімді тұстарын ұрпақ кәдесіне жарата білу. Журнал аты айтып тұрғандай, Елге Ана бола білген жандарды дәріптеуді көздеп отыр. «Анаға, Анаға, тағы да Анаға, сосын барып әкеге құрмет», – деген ғой Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Олай болса, жұмақтың кілті табандарының астында дейтін, жүздеріне ақыл мен парасат, мейірім мен шапағат ұялаған осынау абзал жандар жайлы біз не білеміз, әрі олар жайлы келер ұрпаққа не айта аламыз? Бұл сұрақтар «Ел анасы» журналының негізгі ұстанымы.
Патшаны да, пақырды да ана дүниеге әкеледі, тәрбиелейді. Қандай сала қызметкері болмасын ана тақырыбынан айналып кетпесі анық. Өйткені, әрбір тұғыры биік тұлғаның артында перзентінің мерейі үстем болуын көксейтін аяулы АНАСЫ тұратыны шындық. Бала күнінен небір зұлматты күндердің куәсі болып, отты жылдарда қайсар мінезімен, қажыр қайратымен тек өз ұл-қызына ғана емес, айналасындағы қаншама жанға шарапатты, игілікті іс жасаған аналар өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі ету бізге парыз.
Қазақ даласы ерлік пен рухқа толы. Ол қашанда ұлын ұлықты, қызын қылықты етіп өсірген. Ұлықты ұлдары ұлағатты ұрпақ әкелсе, қылықты қыздары қырық рулы елге билік айтар даналарға тәрбие бере білген. Ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы мен тал бесіктен басталар тәрбиенің негізі Аналардың аялы алақанынан, мейірімді жүректерінен басталары сөзсіз. Олай болса, «Ел Анасы» – адамзаттың, азаматтың Анасы, Ұлт Анасының аялы алақаны болу үшін барша қазаққа қызмет етпек!
Қандай да бір саяси ойдан ада, бүгінгі қазақ қыз-келіншектеріне заманауи дұрыс бағыт беруді ғана көздейтін игі бастамамызға тілекші болып, жақсының жаршысы болыңыздар.
Өтетін орны: ОҚО Мақтарал ауданы, Жетісай қаласы,
Таңатов көшесі 4, Абай атындағы №4 мектеп-гимназиясы
Уақыты: 3 наурыз, сағат 9:30-да
Байланыс тел: 87757598885