Төлен Әбдікұлы: Әдебиеттегі алаяқтыққа келіп тірелеміз...
2016 ж. 17 ақпан
5288
3
Ойланбастан қазақ әдебиетінің қазынасы деп айтуға болатын жазушылар бар. Солардың бірі –Төлен Әбдік. Сөз зергерінің қолданған философиялық ойлары, психологиялық жағдаяттары, көкейтесті мәселелері мен жазу стиліндегі ерекшелік әлдеқашан мойындалған. Әлемдік деңгейдегі жазушыларға берілетін Франц Кафка атындағы Еуропалық алтын медальдің де иегері – осы даңқты жерлесіміз. Еркін күрестен спорт шеберлігін орындады. Сондай-ақ, домбырашылар оркестрінде күйші болған Төлен Әбдіктің басқа да қандай қырлары бар? Әдебиетте жарты ғасыр жүрген, жетпістен асқан жампозбен сұхбаттасу үшін арнайы Астанаға іздеп бардық. Жазушы әкенің үйіне кіргеннен бастап, қалыптасқан қазақылықтың белгісі болса керек, жылылық, қарапайымдылық сезілді. Жұмыс бөлмесін шағын кітапхана дерсіз. Кітап сөресінде Абай бастап, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлиннің шығармалары қойылыпты. Әлихан Бөкейхановтың жеті томдығы көзге басылды. Әлем және орыс әдебиетінің классиктерін молынан жиған екен. Шекспир, Гете, Гессен, Джек Лондон, Фолкнер, Марк Твен, Ницще бастаған қатар Толстой, Достоевский, Пастернак, Булгаков, Шолохов болып жалғасыпты. Төлен Әбдікұлы сөз алды.
- Кішкентай кезімізден Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты естіп өстік. Бірақ үлкен кісілер олар туралы көрген-білгенін сыбырлап қана ортаға салатын. Алаш азаматтарының атын да айтқызбайтын кез ғой. Осы тұста бір адамның есімін айта кетуге тура келіп тұр. Ол – Сейтбек Нұрханов. Менің ғана емес, халықтың ағасы деуге тұратын адам. Өзі филолог болса да, тарихпен көп шұғылданды. Өте білімді. Болашағы зор болар деп күттік. Дақпыртқа жол көп осы кезде ғылыми ортада жағымпаздық, алаяқтық, ұрлық-қарлық деген көп болды ғой. Жүрегі таза, жаны жұқа Секең сол ортаның атмосферасына шыдай алмай, ғылымнан кетіп қалды. Маған алаштың тарихын айтып берген де бұ кісі. Есімде, бір күні маған өлең оқып берді: «Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде, Бұл күнгі көп көсемдер,– Сұраймын, сонда қайда едің?.. Сарыарқа сайран жерлерін, Көкорай шалғын көлдерін, Бәрін жауға алдырып, Асқар тау – биік белдерін, Қысылып қазақ тұрғанда, Данышпандар қайда едің?.. Құландай үркіп елдерің, Қалдырып мекен жерлерін, Жаяу-жалпы, жалаңаш, Қатын, бала, ерлерің Аштықтан қырғын тапқанда, Сыпыра жомарт қайда едің?.. Енді бүгін кім жаман, Данышпан емес, кім надан?.. Көсем емес, кім жалтақ, Шешен емес жоқ адам. … Бәрі білгір, бәрі де ер, Жеткіздің, Алла Тағалам». Мен аң-таң. Мынадай ғажап өлеңді бұрын-соңды естімеген секілдімін. Авторын сұрағанымда: «Кейін білесің, бұл өлең жайлы ешкімге айтпа»,- деді. Жылдар өткен соң анықтадым, Міржақып Дулатовтың өлеңі екен. Дегенмен, үзіп-жұлып айтылған осындай әңгімелер біздің жүрегімізге ұлт тағдырына деген бір айрықша сезім отын тұтандырып кеткендей болды. Кейінірек әдебиетке келіп, алғашқы шығармаларымызбен көзге түсіп, әлем әдебиетінен сусындап, өмірге, қоғамға деген өзгешелеу көзқарастарымызды қалаптастыра бастаған кезде ұлт болашағына деген алаңдаушылық біздің ұрпақтың көкейінде бұрынғыдан да күшейе түсті. Оған тағы бір себеп – алпысыншы жылдары Совет одағы әдебиетінде, жалпы қоғамдық санада жаңа үрдіс, наразылық көңіл күйі белең ала бастаған еді. Біз тарихтан теперіш көрген халқымыздың ауыр тағдырын шығармаларымызға қалай арқау етсек екен дегенді ойлай бастадық. Ол кезде цензура деген болды. Шығармалардың саяси астарын аңдып отыратын органдар бар. Елдің ауыр тағдырын айтсаң, отызыншы жылдарғы аштықты, репрессияны айтсаң, шығармаңның жарық көрмейтіні өз алдына, қарақан басыңа қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан шындықты тура айтпай, астарлап, мардымды етіп меңзеп, тұспалдап айту тәсілі қажет болды. Мен де қазақ топырағындағы оқиғалардан тұратын шығармамның жарық көрмейтінін білдім. Алайда осы тығырықтан қалай шығуға болады деген сауал көкейімізден кетпейтін. Қазақтың бойындағы тағдыр басқа елдерде де бар. Ойлана келе өзге жұрттың жағдайын, тарих-тамырын баяндау арқылы өз ұлтымның ұқсас тағдырын көрсете аламын ба деп «Тозақ оттары жымыңдайды» деген повесть жаздым. 1971 жыл болатын. Мен отызға да толмағанмын. Жазу қиынға соқты, себебі, Бразилияда болған емеспін, табиғатын білмеймін. Сондықтан бір жылдан астам тек Бразилия туралы кітаптар оқыдым. Уақытымның көбі осындай дайындыққа кетті. «Вокруг света» деген журнал болушы еді. Он бес жылдық нөмірлерін жинап алдым. Өзіме қажетті материалдарды құрастырып, оқиғаны көз алдыма елестете алатын дәрежеге жеткеннен кейін барып, жазуға кірістім. Шығарма Бразилияны мекендеген жауынгер араку тайпасының тұқым-тұяғы қалмай құрып кеткендегінің мұңды баяны сияқты. Алайда, менің көздегенім бұғауда күн кешкен аз ұлттардың, қала берді, қазақтың тағдырына алаңдаудан туған толғау-тын. Данышпан дәрігер Эдуард Бейкер бала кезінде айырылған атамекеніне келіп, араку тайпасының ең соңғы адамын құтқара алмайды. Өмірінің зая кеткенін есіне түсіріп, құлазиды. Қазақтың басына түскен мұң-зарды, үндістер көрген қорлықпен байланыстырып, егжей-тегжейлі көрсеткім келді. Негізгі идея: «ұлт тағдыры – сенің өз тағдырың» деген ойды жеткізу еді.
— Кісі болмысының жұмбақ жаратылысы, пәлсапалық ой, парасат-пайым, адалдыққа араша тұру Төлен Әбдікұлының қай шығармасына да тән екені аян. Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» мен «Парасат майданының» арасындағы ұқсастық талай пікірталасқа арқау болды да. Өз кезеңіндегі қазақ әдебиетінің басты жаңалығы ретінде танылған «Оң қолды» жиырма бес жасыңызда, Еуропаны елең еткізген «Парасат майданын» алпысты алқымдағанда жазып бітірдіңіз. Алдыңғысы екіншісінің жалғасы ретінде туды ма деп қаласың… — Байланыс болуы мүмкін. Сыртқы өмірдің, қоғамның әлеуметтік бейнесін адамның ішкі әлемінен іздеу екеуіне де ортақ. Адамның ішкі жан-дүниесіне үңілуді маған дейін де әлем әдебиетінде талайлар қозғаған. Адам айна секілді. Өмірде орын алып жатқан оқиғаны сен көресің, ал оның сәулесі ішіңе түседі. Сол себепті, қоғамдағы қарама-қайшылықтар, болмыстық құпиялардың барлығы адамның бойында. Ұмытпасам, Францияның әйгілі Поль Гоген деген суретшісі: «Өмірді сол күйінде көшірудің қажеті жоқ, сен оны қалай көріп тұрсың, сол өзіңнің ішіңдегі өмірді полотноға түсір» деген. Медицинада «тұлғаның жарылуы» (раздвоение личности) деген термин бар. Адамның ойы мен сөзінің және ісінің арасындағы алшақтық оның ішінде бірнеше тұлғаның бар екенін білдіре алады. Жай өмірде де оны анық байқауға болады. Мысалы, сен жиналыста отырсың делік. Лауазымды адамның айтып жатқан сөзіне іштей наразысың, бірақ соңында көпшіліктен бөліне алмай, қолдап, қол көтересің. Яғни ішіңде бір адам қарсы, ал екінші адам екіжүзділік танытып қолпаштап отыр. «Оң қолдың» шығуына себепкер болған Чезаре Ломброзо деген итальяндық психиатр дәрігердің «Гениальность и помешательство» деген кітабын екінші курста жүргенімізде таласа-тармаса оқыдық. «Оң қолға» сәйкес келетін көрініс сол Ломброзода кездеседі. Бір қыз баланың болмысы екіге жарылады, бірақ, онда «сол қол» жайлы әңгімеленеді. Ұйықтап жатқанда әлгі қыздың үстіндегі көрпе түсіп қалса, соны сол қолы көтеріп, қайтадан үстіне жабады, ал көрпе қашықта болып жете алмаса, шешесін түртіп оятып, көрпені көрсетіп, ақылға сыймайтын әрекеттермен елдің зәресін ұшырады. Жалпы кез келген сирек кездесетін оқиғалардың ар жағында терең философия жатады.
— Тұлғаның қаққа жарылуы турасында көп жаздыңыз. Ал Төлен Әбдік өмірде қандай? «Сананы тұрмыс билейдіге» қалай қарайсыз? Мысалы, кейбір ақын-жазушыларымыз қанша жерден шедевр жазса да, күнделікті тірліктері, саяси көзқарастарында басқаша. Шекпені мықтылардың шылауынан шықпайды. — Бұл – тұлғаның бойындағы әлсіздік. Үлкен ерлікке, батылдыққа бара алмағандықтан туады. Жәңгір ханға «хан емессің, қасқырсың» деген Махамбет қана. Басқа да ақындар болды, бірақ ешкім айта алған жоқ. Творчество – ерлік. Шындықты айту барлық уақытта да қиын болған. Ащы шындықты ұнатпайтындар көп. Шындықты айтқан адам қиындықты да, қиянатты да көп көруі мүмкін. Бірақ соның бәріне төзе білсең, әйтеуір бір, жұлдызды күніңнің туатынына сөз жоқ. Адам кісілік келбетін жоғалтпау үшін іштей іздену керек. Кемелдену керек. Сонда оның адамгершілік, қиянат деген этикалық категорияларға көзқарасы дұрыс қалыптасады. Михаил Булгаков 1925 жылы «Собачье сердце» деген повесть жазды. Бір жағынан, фантастикалық туынды. Шығарма оқиғасы бойынша әйгілі ғалым бұралқы итке жаңа қаза тапқан адамның миын салып, адам қалпына түсіреді. Кейін ол адам сол кездегі орнап жатқан совет өкіметінің айқұлақ белсендісіне айналады. Бүгінгі ұрдажықтау, сауатсыз, топас белсенділерді келеке қылатын «Шариков» деген ат сол итке қойылған ат. Әрине, Булгаков совет өкіметін келеке қылған бұл шығармасының жарық көрмейтінін білді, бірақ сонда да жазды. Бұл шын мәнінде ерлік еді. Алайда кейін коммунистік қатал цензура әлсірей бастаған кезде, 1987 жылы, яғни арада 62 жыл өткенде бәрібір жарық көрді. Шын жақсының өлмейтіні осы шығар. Соцреализм тәсілімен жазылған советтік әдебиеттің совет үкіметімен бірге тарихқа кетуі заңдылық. Өйткені совет әдебиеті советтік шындықты жазды. Ал советтік шындық дегеніміз ,шын мәнінде, өтірік болатын. Сол әдебиетті оқып өскен ұрпақ қазақ тарихында Алаш азаматтары болмағандай, халқымыздың тең жартысы аштан қырылмағандай, ең аяулы азаматтары репрессияның құрбаны болмағандай, жалған түсінікпен өмір сүрді. Әрине Кеңес үкіметі тұсында өз заманынан биік тұрған әлемдік деңгейдегі Мұхтар Әуезов секілді жазушы болды. Бірақ оның үздік шығармаларының соцреализмге, советтік шындыққа қатысы жоқ еді. Алайда, осынау жалпылама түсінікке сыймайтын тағы бір феномен бар. Ол – Бейімбет Майлин. Бейімбет Совет үкіметін ашық қолдап жазды. Дегенмен, совет үкіметі құлағаннан кейін өз оқырманын жоғалтқан жоқ. Оның себебі – Бейімбеттің көркемдік құдіреті яғни ғажайып юморы болса керек. Бүгінгі көзқараспен қайта оқыған кезде, жазушының совет үкіметін келеке қылғаны көрініп тұр. Бірақ осының бәрін ол саналы түрде жасады ма, әлде құдай берген ішкі суреткерлік түйсік коммунист Бейімбеттің еркіне бағынбай кетті ме – ол жағын дөп басып айту қиын. Совет өкіметі үлкен қасіреттерді жазуға қарсы болды. Кеңестік шындық деп, позитивті ғана жаздырды. Бұл тоталитарлық мемлекеттер үшін қалыпты жағдай.
— Осы арада сананың бөлінуіне қайта келеміз. Туындыларыңыздағы кейіпкерлердің күйзелісі тек психологиялық құбылыс ретінде ғана емес, заманның бет-бейнесін анықтайтын рухани өлшем ретінде айқындалған. «Парасат майданының» өзегі – ізгілік пен зұлымдықтың айтысы. Шығармадағы осы қитұрқы текетіресті алып шығу қаншалықты ауыр болды және мұның өзегі сонау антикалық әдебиетте жатқан жоқ па? - «Парасат майданы» жазылмас бұрын санамда ұзақ жүрді. Өйткені айтар пәлсапаң қанша терең болғанмен, көркемдік сипатқа түспесе, ол әдебиет емес. Әдебиетте философия жан айғайы мен азабы түрінде берілуі керек. Сонда ғана оқырманды сілкіндіре алады. Өмір – күрес. Адамдар өз ара алғашқы қауым тұсында алдымен жұдырықпен, таяқпен, найзамен күрессе, одан кейін мылтық, зеңбіректерді ойлап тауып, ақырында жаппай қыратын қарулармен соғысатын болды. Енді сол текетірес руханият әлеміне еніп, ақыл-ой, көзқарас соғысына, парасат майданына әкелді. Сол соғыс қазір санамызда жүріп жатыр. Бұл адам баласына үлкен жауапкершілік жүктейді. Жер бетіндегі зұлымдықты жеңу үшін, адам өзімен өзі күресуі тиіс. Сондай-ақ, ізгілік те, зұлымдықта өзіңнің ішіңде. Адамның өзін өзі жеңуі ең ұлы жеңіс болмақ. Сонда ғана жер бетінде шынайы адами тіршілік орнауы мүмкін. Айтар ой – осы. «Парасат майданы» қайғылы аяқталады. Ауыр қасіретті арқалап, жан азабын кешкен науқас, ақырында, ешқандай да бейтаныс хат жазушының жоқ екені, жан алысып, жан берісіп, айтысып жүрген қарсыласы өзі екенін білген кезде өзіне-өзі қол салып өледі. Бірақ рух тазалығы үшін болған шайқас әлі жалғасып жатыр. Отан үшін жан қиюға болатын секілді, ізгілік те жан қиюға тұратын ұлы құндылық.
ПАРАСАТТЫ ПАЙЫМ
— Қоғам қалтарыс-бұлтарыссыз емес. Мынаны зерделеңіз: жас ана шақалағын неге қоқыс жәшігіне лақтырады? Аптал азамат неге балаларды зорлайды? Жастардың өзіне өзі қол жұмсауы көбейді. Дүмше діндарлар да пайда болды. Бір жыныстылардың некелесуі туралы естиміз деп ойладық па? - Қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылыстардың себебін бір ауыз сөзбен айту мүмкін емес. Кез келген оқиғаның өзінің себебі бар. Оқиға ұқсас болғанмен, себептері бөлек болуы әбден мүмкін. Алайда қылмысты оқиғалар көбейіп жатса, қоғамда адамгершілік ұстаным саласында проблема бар деген сөз. Қытайдың ұлы философы Конфуцийдің: «Егер адамды заңға бағыныштылық рухында тәрбиелесе, ол адам қылмысқа бармайды, үйткені заңнан қорқады, бірақ бұл қылмыстан толық бас тарту емес, адам саналы түрде өз еркімен қылмысқа бармауы үшін оған адамгершілік тәрбиесі керек» деген сөзін білеміз. Адамгершілік тәрбиесін беретін – бірінші,отбасы содан кейін әдебиет пен өнер. Бәріміз жас кезімізде ұлы шығармаларды оқу арқылы өзіміздің өмірлік, адамгершілік ұстанымдарымызды қалыптастырдық. Ендеше, әлгі айтқан сорақылықтармен күресу үшін әдебиетті, өнерді мемлекеттік деңгейде көбірек насихаттауымыз қажет. Бірақ, бұл – мәселенің бір-ақ жағы. Адамның кісілік келбеті белгілі бір дәрежеде тұрмысқа байланысты. Кедейлік, қайыршылық, еріксіздік, зорлық-зомбылық – осының бәрі адамды кісілік қағидаларды бұзуға итермелейді. Сондықтан қоғам тазару керек. «Заман түзелсе, жаман да түзеледі». Өмірде жолы болмаған, сана сезімі төменгі дәрежедегі адам әр нәрсеге ұрынғыш келеді. Толып жатқан діни секталарда жүрген жастарды мен сондай топтарға қосар едім. Мен өзім мешітке барып тұрамын. Байқағаным, оған келетіндердің көбісі жастар. Қайсы бірімен сөйлесе қалсаң, инлелектуалдық деңгейлерінің төмен екенін байқайсың. Олар діннің мәнісіне түсініп жүр деп ойламаймын. Бұрынғы қазақтар да жас кездерінде жас адамша өмір сүрген. Жас келіп, өмірдің ыстық суығын көріп, жақсы мен жаманды, арам мен адалды таразылай алатын, ақиқатты тани алатын дәрежеге жеткенде барып, дінге бой ұрған. Бұл заңдылық. Абайдың: «Есіңде бар ма жас күнің, Қайғысыз, ойсыз мас күнің, Көкірегің ашық, басың бос, Кімді көрсең, бәрі дос», — деген өлеңі бар. Ақын бақытты жастық шақты еске алып отыр. Осы тақырыпқа қайсы бір замандастарыммен әңгімелессем: «Арақ ішіп, наша тартып, көшеде жүргенше, мешітке келгені дұрыс емес пе» дегенді уәж қылады. Бір есептен ол да дұрыс шығар, бірақ жастар мешітке бармаған кезде, міндетті түрде арақ ішіп, наша тартуы керек пе? Өз басым жастардың еркін өмір сүргенін, кітапханада көбірек отырғанын, ғылыммен шұғылданғанын, бос уақытында театрға, спортқа барғанын қалар едім. Өркениет – ұлы көш, көштен қалмау үшін бүгінгі заманның адамы бола білгеніміз абзал.
— «Таңғы тамақ — тәңірден» деп жайбарақат жататын жайдақ уақыт алысқа кеткен. Бүгінгі қазақстандық қоғамда сізді толғантып отырған мәселе қандай? - Толғантатын мәселе көп қой. Соның бірі – біздің азаматтық қоғамға қол жеткізе алмай жатқанымыз. Кешегі советтік сана бойымыздан әлі кетпей жатыр. Советтік сана дегеніміз, турасын айтсақ, құлдық сана. Көнбістік. Бас изеушілік. Жағымпаздық. Менің тағдырымды, мен емес, басқа біреу шешеді деген ескі ұғым. Әркім өз тағдырының қожасы болуға тиісті. Өз тағдыры үшін күресе білсін. Ол үшін заманның парқы мен нарқынан хабары бар, озық ойлы бүгінгі заманның адамы бола білу керек. Заман өзгереді, заманмен бірге жаңа құндылықтар келеді. Ендеше адам да, халық та өзгеруі тиіс. Азаматтық сананың қалыптасуына ықпал жасаушы – зиялы қауым. Зиялы қауым жалтақ, қорқақ болса, орта ғасырда отырғандай жұртқа орта ғасырлық ақыл айтса, өркениетті елге айналу қиындай береді. Кейде, осы кәсіптік деңгейі биік, тура жүріп, тура сөйлейтін, білікті мамандар біздің қоғамға керек пе деген сұрақ туындайды. Өйткені, өмірде қабілеті де, кісілігі де биік азаматтардан гөрі алаяқтардың алға шығып кететін кезі аз емес. Өркениетті елдерде демократиялық принцип, яғни ойлау еркіндігі басым келеді. Дамудың жоғарғы сатысына шыға алмай жатқан елдерде мифтік аңыздармен өмір сүру, жалған намысшылдық басым болатыны белгілі. Ондай елдердің ақынында да, батырында да, көсемінде де мін болмайды. Әдебиетінде сын орын алса, бүкіл ұлт қорланғандай болып, шу көтеріледі. Біз өзіміз пір тұтатын, жақсы көретін адамдарға да сын көзбен қарай білгеніміз жөн. Нақ осы – өркениеттіліктің айқын дәлелі.
«ӘДЕБИЕТТЕГІ БУЫН АЛМАСУ КЕЗЕҢІ ӘР ДӘУІРДІ БӨЛІП КӨРСЕТЕДІ»
— Әлем әдебиетінің қатпарлары жақсы таныс сізге. Заман үдерісіне үңіліп, ғаламторға жүгінген халықтан кітап оқу жайын сұрасаң, «кітап қайда, біреу қайда?» – дейді. Неге біз әлем әдебиетіне қосыла алмай жатырмыз? Неге бізді әлем әдебиеті мойындамай жатыр? — Әлемдік әдебиеттің оқырмандарына жетпей жатқанымыздың себебі – аударма мәселесінің жолға қойылмай жатуы. Шығармалар әлемдік тілдерге, оның ішінде,негізінен, ағылшын тіліне аударылуы қажет. Қазақ әдебиетінде аударуға тұрарлық құнды туындылар бар. Поэзияның өзі бір төбе. Рас, поэзияны аудару қиынның қиыны. Ал прозаға келсек, Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырауы» мен «Ханша Дария хикаясынан» бастап, Мұхтар Мағауиннің «Шақан шерісі», Дулат Исабековтің «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекші» повестері аударылуға сұранып-ақ тұр. Дұрыстап сараптаса, әлемдік оқырманға ұсынатын талай шығармалар табуға болады. Біздің өкшемізді басып келе жатқан буынның ішінде тамаша таланттар бар. Солардың ішінен, жақында ғана бір кітабы жарық көрген Тұрсынжан Шапайды айрықша атар едім. Кітап шығаруды дұрыс жолға қою керек. Бәрі қаржыға тіреледі ғой. Жазушы бес жыл отырып роман жазады, бірақ жарытып қаламақы алмайды. Жазушылықпен күн көру қазіргі жағдайда мүмкін емес. Өйткені тираж аз, кітап тарамайды. Жалпы кітап саудасы жоқ деуге болады. Бәрі соған тіреліп тұр. 1930 жылы Ремарктың «На западном фронте без перемен» атты романы жарық көрді. Кітаптың танымал болғаны соншалықты, жарты жылдың ішінде бір миллионға жуық данасы шықты. Көркем әдебиеттің тарихында мұндай оқиға болған емес. Мемтапсырыс деген шықты. Үш мың дана кітап шықса, оның екі мың данасы кітапханаларға тарайды, қалғаны талан-таражға түседі. Автор күн көретін ақшасын үкіметтен алады. Бітті. Мәселенің бәр осыдан басталады. Әдебиеттегі алаяқтыққа келіп тірелеміз осы жерде. Кімде ақша бар – сонда кітап, атақ. Қаншама талант көлеңкеде қалып қойып жатыр. Біздің ұрпақты жоғарыда айтқан кеңестік принциптен құтқару мүмкін болмас. Жас ұрпаққа алаңдаймын. Кейбір жастарды білемін, билікті мақтап, кісі жағалап, кітап шығаруға асық. Әдебиеттегі ең жаманы – арзан ұпай алуға тырысу. Осындайларға бұйыққан жағдайдан соң аударма туралы айтсақ, кең сахараға бір қасық суды себезгілегендей боламыз.
— «Сенің көзің күміс көлдің жарқыраған айдыны, Ғашық болдым сол бір көзге, есімде жоқ қай күні. Білетінім – жанымды өртеп, қапияда жалт еттің, Сенен басқа жар сүймеске Алла атымен ант еттім». Осылай басталатын өлеңді «Өліарадан» оқыдық. Бұл жолдардың автордікі екенін кейінірек білдік. Шығармашылығыңызды ақындықтан бастапсыз. Екеуін қатар алып жүрген кезде, бәлкім… — Студенттік кезде бірнеше өлеңдерімді Жазушылар одағына алып бардым. Ол кезде жас ақын-жазушыларға ақыл айтып, түзеп отыратын кеңесшілер болатын. Мен барған кезде Мұзафар Әлімбаев отырды. Өлеңдерімді көрсеттім. Мұзағаң бес-алтауына белгі қойды да: «Машинкаға басып алып кел, «Қазақ әдебиетіне» шығаруға тырысамын»,- деді. Оның алдында бір әңгімемді «Лениншіл жасқа» апарып бергенмін. Үшінші курста жүрген уақытым. Машинкаға бастыруға ақша жоқ, ол туралы ойлаған да жоқпын. Бір күні курстас досым, бұл күнде көнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Сені Жазушылар одағында белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев шақырып жатыр» демесі бар ма. Ештеңеге түсінбеген күйі келесі күні келдім. Зекең менің «Райхан» атты әңгімемді мақтап ала жөнелсін. Қайдан алғанын да білмеймін. Ақыры белгілі болды. Қазақстан жас жазушыларының «Таңғы шық» атты әңгімелер жинағы жарық көрмек екен. Соған менің әңгімем де еніпті. Әлі кім боларын білмей жүрген студентте не ес қалсын, қуанышымда шек жоқ Содан кейін ойланып-ойланып, осы бір жанрға тоқтағаным дұрыс болар деген шешімге келіп, прозаны таңдадым. Поэзияны мүлде тастадым деп айта алмаймын, бірақ тек өзім үшін жазамын..
— Кей шығармаларыңыздағы кейіпкерлер, типтік образдардар – ауылда. Елге деген сағынышыңыз сарқылмақ емес. Туған жеріңізге – Торғайыңызға келіп, ат суытып кетпейсіз бе? — Туған жерге деген сағыныш, онда өткізген балалық шақ – осының бәрі үнемі жүрегіңді тазартып тұратын секілді. Қолыңа қалам алсаң, көз алдыңа елестеп тұрады. 1992 жылы Дулат Исабеков, Әбіш Кекілбаев, Әшірбек Сығай сынды замандастарымды ертіп, барып қайтқанбыз. Біздің ауыл мен облыс орталығының қашықтығы қандай!? Ал Дулат оңтүстікте өскен бала, әрбір алты шақырым сайын ауыл-ошақтар бар. Сонда алыс жолдан шаршаған оның: «Дүниеде қайда баратыныңды және қашан баратыныңды білмеген жаман екен»,- деп күлдіргені есімде. Көптен бері аурып-сырқап бара алмай жүрмін. Бірақ жоспарда бар.
— Қазіргі әдебиеттегі өзіңіз жақсы бағалайтын қаламгерлерді атап өтіңізші? Егер поэзияны алсақ, әрі ірі ақын, әрі алған жолдан таймайтын, қайсар қайраткер Мұхтар Шахановтың орыны ерекше деп есептеймін. Одан кейін бүгінгі поэзия көшінде ат суытпай өлең жазып жүрген ақындар тобының басына азаматтық, адамгершілік принципі биік Темірхан Медетбековті қояр едім. Одан кейін Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Жәркен Бөдешұлы, Гүлнар Салықбай, Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы, Несіпбек Айтов, Серік Тұрғынбеков болып кете береді ғой. Ауызға түспей қалған жақсы ақындар кешірер. Кейде аты аталған ақындарды да қайсыбір пендешілікпен жазған өлеңдері үшін сынап қоятын кездерім бер. Бірақ таланттарына күмән келтірген емеспін. Ал прозада тізімді Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауиннен бастайтын дәстүріміз бар. Оған олар лайықты да. Жасы сексеннен асса да, шығармашылық қуаты жасымай келе жатқан Әкім Тарази бір төбе. Одан кейінгі топтың басына Дулат Исабековті қояр едім. Ол топтың ішінде үлкен таланттар жетерлік: Қабдеш Жұмаділов, Әнес Сарай, Тынымбай Нұрмағанбетов, Бексұлтан Нұржеке, Қажығали Мұханбетқалиев, Кәдірбек Сегізбай т.б. Біздің артымыздан ілесе келген топ – жеке әңгіме. Әрине, ауызекі әңгімеде тізім деген атүстілеу бола береді. Мәселе, қазақ әдебиетінде тақырыптық жағынан әр алуан, өзіндік ерекшілігімен танылған талантты қаламгерлердің барлығында. Бұл менің пікірім. Басқа біреу тізімді басқаша жасауы мүмкін. Талғам үшін таласудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
— Қазір не жазып жүрсіз? — Бірінші кітабы баяғыда жазылған «Өліара» романымның екінші кітабын жазудамын. Оның үстіне аяқ астынан басыма тағы бір идея келіп, соны да қаузап жатырмын. Бірақ оны жария еткім келмейді. Шығармашылықтың құпиялау болғаны жақсы.
— Әңгімеңізге рахмет.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов Дере көзі: kostanaytany.kz