Бір миллион қазаққа – бір мектеп
2014 ж. 09 шілде
2249
3
Ежелден қазақпен қойы қоралас, ауылы араласып жатқан орыс елінде бір миллиондай қаракөз тұрады. Ресми деректер, әрине, азайтып көрсететіні белгілі, дегенмен біздің демографтарымыздың мәліметі осы. Жақында жол түсіп көрші мемлекетке іссапармен барып қайттық. Негізгі тақырып Қазақстан, Ресей және Беларусь үштігі құрған Еуразиялық экономикалық одақ болғанымен, шетте жүрген қандастарымыздың да қал-жағдайын назардан тыс қалдыра алмадық.
«ӨЗ МИНИСТРЛЕРІҢ ҚАЗАҚША БІЛМЕЙДІ»
Аграрлы әрі өндірісі мықты аймақ саналатын Қорған қаласы Қызылжардан бар-жоғы 300 шақырым жерде жатыр. Сондықтан, таң ағара автокөлікпен жолға шықтық. Кейбір азаматтар тарапынан көп сынға ұшыраған Кеден одағының бір пайдасын шекарадан өткенде көрдік. Қазақстан тарапынан да, Ресей жағынан да еш кедергі жоқ, көк куәлікті көрсетесің де өте бересің.
Шекарадан 20 шақырым жүре көлікті Петухово қаласына бұрдық. Бұл жерде бізді Қорған қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы, Қорған облысы губернаторының кеңесшісі Әсет Бейісов ағамыз күтіп алды. Аман-саулық сұрасқан соң, қарап тұрмай алғашқы сұхбатты ағамыздан алуды ұйғардық. Камерамызды тіктеп, микрофон, диктофонымызды ұсына бере ағамыз орысша ағыза жөнелді. Қазақша сөйлесеңізші дегендей ыңғай танытып едік: «Теледидардан Қазақстанның министрлерін көріп жүрміз ғой, кілең орысша сайрайды, журналистер үнемі аударып беріп жатқаны. Сондықтан, жатжұртта жүрген маған қазақша сөйлемедің деп мін тақпассыңдар» деді. Біз ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадық.
Қорғандағы қазақтар ауқатты тұрады екен. Мемлекеттік, гуманитарлық салада еңбек ететіндер баршылық, дегенмен, дені жеке кәсіппен шұғылданады. Қазақтардың басшысы Әсет Шақанұлының өзі жиырма жылдай көмір саудасымен айналысады екен. Ресейдің Қорған облысына бір қысқа шамамен 200 мың тоннадай көмір қажет болса, соның 30 мың тоннасын қандасымыз басқаратын «Энергоуголь» компаниясы жеткізіп береді. Ресейлік кәсіпкер қажет «қара алтынның» 70 пайызын Қазақстаннан сатып алатынын айтады. «Қорған облысының бюджеттік мекемелеріне тендер арқылы көмір тасимын. Бес ауданның мектептері мен ауруханалары, негізінен, қазақстандық көмірге қыздырынып отыр. Қазір Кеден одағы құрылуымен екі ел арасында сауда-саттық жасау айтарлықтай жеңілдеді. Бұрынғыдай кедергі жоқ», дейді Әсет Шақанұлы.
«ҚАЗАҚТЫҢ КӨБІ – КӘСІПКЕР»
Сапарымыз үш күнге жоспарланғандықтан шама келгенше қазақтармен кездесіп қалуға тырыстық. Қазақстаннан журналистер келіпті дегенді естіп сәлем беруге келгендердің бірі – Құзыр Дәулетов болды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы қудалау кезінде біраз қазақтың Ресейде бас сауғалағаны белгілі. Дәулет ақсақал Қорған облысына тұрақтапты. Бүгінде сол бір әкеден тараған бес жігіт облыстағы ірі шаруашылықтардың бірін басқарып отыр. «Ата кәсібіміз малмен және егіншілікпен шұғылданамыз. 15 мың гектар егіс алқабына дән септік, тағы 8 мың гектарды парға қалдырдық. Одан қалды 500 бас сиыр және 100 шақты жылқы ұстаймыз», дейді шаруашылық басшысы Құзыр Дәулетов.
Ағайындылар кәсіп аясын кеңейту мақсатымен Петухово қаласында құрылыс материалдары және тұрмыстық техника дүкендерін де ашыпты. Ал биылдан бастап құрылыс компаниясын құрып, мемлекеттік бағдарлама бойынша үй салуға кіріскен. «Жат жерде жүрсек те, жүрегіміз әркез Қазақстан деп соғады» дейді отбасының үлкені Сайлау Дәулетов. Сайлау жеке кәсібімен бірге қоғамдық жұмыстарға да білек сыбана кіріседі екен. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін өзі жетекшілік ететін аудандық қазақ этно-мәдени орталығы арқылы өзгелерге насихаттап жүр әрі Петухово аудандық думасының депутаты деген қызметі тағы бар.
Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақты сынаушылар арамыздан табылып қалып жүр. Олар импорт тауар қазақтың өндірісін тұралатады, ал экспортқа шығаруға қауқарсызбыз, қазақтың өнімі ешкімге керек жоқ дегенді алға тартады. Алайда біз Қорғанда көрген жағдай бұл уәжге мүлдем кереғар. «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар өнімдерге Ресей нарығында сұраныс артып келеді. Әсіресе, біздің құнарлы азық-түлікті іздеп жүріп сатып алушылар көбейген.
Жасы отыздан енді ғана асқан кәсіпкер бауырымыз Артур Есетов осыдан үш жыл бұрын 300 мыңнан астам тұрғыны бар Қорғанда азық-түлік дүкенін ашқан. Айтуынша, қазақстандық өнімдерге сұраныс жақсы. «Қазақстаннан өнімдер әкеліп сатуды әкем ұсынды. Негізінен, шай мен кәмпит тасымалдаймыз. Алматының «Рахат» және Қостанайдың «Баян сұлу» кәмпиттерін көп алады. Өнімді Қазақстаннан қоныс аударғандар, сондай-ақ жергілікті орыстар да жақсы көреді. Қазақстандық фабрикаларда шыққан кәмпиттер артық қоспасыз, бұрынғы ескі технологиямен жасалады деп ойлайды. Балалық шақтың дәмін татқандай болады», дейді Артур.
«СОҢҒЫ САНАҚТА САНЫМЫЗ АЗАЙЫП ҚАЛЫПТЫ»
Енді Ресейдегі қазақтардың санына байланысты мәліметтердің әртүрлі болып келуіне тоқталсақ. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қытай, Өзбекстан мен Ресейдің әрқайсысында бір миллионнан астам этникалық қазақтар бар дейді. Ал сол мемлекеттердің ресми мәліметтері біздікілермен сәйкесе бермейді. Оның себебі те түсінікті, әр ел ішкі саяси мәселелеріне байланысты өзінің тұрғылықты халқын көбейтіп, жатжұрттықтарды азайтып көрсетуге тырысатыны анық. Мысалы, Ресейді алайықшы, әр он жыл сайын өткізілетін халық санағындағы мәліметтер төмендегіше (кестеде).
2002 жылға дейін қазақтардың саны өсіп отырғанын көреміз, ал 2010 жылғы санақта аз да болса азайып қалыппыз. Бұны қандастарымыздың Қазақстанға оралман ретінде қоныс аударуымен түсіндіруге болады. Дегенмен, бұл мемлекетте өзге ұлт өкілдерін жаппай орыстандыру саясаты жүріп жатқанын көбіміз біле бермейміз. Күштеп болмаса да төлқұжатқа ұлтын орыс деп жаздыру үрдісі бар. Соның есебінен болар, соңғы санақта бұл мемлекеттегі орыспын дегендер 111 миллионнан асып жығылыпты.
Қазақтар ең көп шоғырланған облыс Астрахань, онда 150 мыңдай жерлесіміз бар екен, екінші орында Орынбар – 120 мың және үшінші орындағы Омбыда 80 мыңдай қазақ тұрады. Біз ат басын бұрған Қорған облысында да 15 мыңнан астам қаракөзіміз түтін түтетіп отыр.
«КЕЗІНДЕ 200 ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ БОЛҒАН»
Алайда осы аталған облыстардың бір де бірінде қазақ мектебі жоқ. Тек алып империяның қысымына төтеп беріп, балаларын өз ана тілінде оқытып отырған жалғыз ауыл бар. Ол Алтай аймағына қарасты Құлынды ауданының Керей ауылы. 80 отбасы тұратын ауылдағы мектеп 1925 жылы құрылғаннан бері тек қазақ тілінде білім беріп отыр екен. 1960-70 жылдары барлық қазақ мектептерін жауып жатқан кезде ауыл тұрғындары қарсы шыққан, естеріңізде болса сол кезде Ресей түгіл Қазақстанның өзінде жүздеген оқу орындары орысшаға көшкені белгілі. Кейбір деректерде РСФСР-де бір кездері 200 мектепте оқу үдерісі тек қазақ тілінде ғана жүргізілген екен. Енді міне бір миллион қазаққа бір ғана қазақ мектебі қалып отыр. Амал нешік...
Ал алып мемлекеттің қалған аймақтарындағы қазақтар тілін, салт-дәстүрін ұмытпау үшін не істеп жүр дейсіз ғой? Өлместің күні сол. Кейбірінде қазақ тілі пәні қосымша сабақ ретінде кіреді. Ал Қорған облысына келсек, қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Әсет Бейісовтың сөзінше, Қорған қаласы мен тағы бір ауданда ғана арнайы курс жұмыс істейді.
Аптасына екі рет өтетін сабақтардың біріне біз де кірдік. Тіл маманы Несіпгүл Бегімбетова 9-10-шы сынып оқушыларына қазақ әліпбиін үйретіп жатыр. Бейне бір шет тілі сабағында отырғандай әсер алады екенсің. Былай қарасақ, Ресей үшін қазақ тілі шет тілі, әрине, алайда ондағы қазақтар үшін емес қой.
Ертеректе Омбы облысына қарасты Қасқат ауылына жолып түскен болатын. Таза қазақ ауылы. Бәрі қазақша сөйлеседі, алайда сабақ орысша өтеді. Жалпы, Омбыда 17 ауылды тек қазақтар ғана мекендейді екен. Жергілікті қазақтардың «Мөлдір» мәдени орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісованың айтуынша, қазақтар тұратын 17 ауыл мен қаланың екі мектебінде қазақ тілі пән ретінде ғана оқытылады.
«ЖАСТАР ҚАЗАҚША АМАНДАСУДЫ ДА ҰМЫТҚАН»
Қорғандағы қазақ балаларының туған жеріне деген, ондағы қандастарына деген жылы лебізін, сәлемін білдіруін өтініп микрофон ұсындық. Алайда оншақты баланың бірі де екі сөйлемнің басын құрай алмады. Осыған қарап шеттегі бауырлардың, әсіресе, жастардың тамырларынан алшақтап бара жатқанын көресің.
«Балалар сабаққа алғаш келгенде қазақша амандасуды да білмейтін. Қазір алфавитті, санау мен жазуды үйренді. Бір қиын тиіп тұрғаны арнайы оқулықтың жоқтығы», дейді қорғандық ұстаз Несіпгүл Бегенәліқызы.
Ең бірінші алаңдататыны – ана тілі мәселесі. Мектептегі білім орысша, жоғары оқу орысша беріледі, жұмыста орысша сөйлеген соң қандастарымыз қазақшаны ұмыта бастаған. 2002 жылғы санақта Ресейдегі қазақтардың 72 пайызы қазақ тілін білеміз деп көрсетіпті. Одан бері он жылдан астам уақыт өтті, бұл көрсеткіш өсе қоймағаны бесенесінен белгілі.
Көрші елде ұзын саны 200-ге жуық этностың өкілдері тұрып жатыр. Қазақстар саны жағынан солардың арасында оныншы орында. Бүгінде қандастарымыздың дені, әсіресе, жастар жағы туған тілдерінен, салт-дәстүрлерінен айрылып қалды. Тіпті қазақ болмысын жоғалтып алуы да ғажап емес.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
Солтүстік Қазақстан облысы