СӘКЕН ЖОЛЫ ҚИЯЛАРҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Сакен Сейфуллин«Шежіре» көштің шертері көп «Шежіре» аталатын экспе­ди­ция­лық топ 1980 жылы Сәкен орта мектебінде құрылған еді. Биылғы сапар «Шежіре-2014» деп аталыпты. Бұл жолғы мақсат Сәкен­нің «Айша» повесіндегі оқиғалар тізбегі өткен жерлерге жорық жасау. Повестегі жер атауларын, өлке тарихын Сәкен мектебі оқушыларына жете таныстыру. «Атың барда жер таны желіп жүріп» демей ме атам қазақ?! Біз де атпен шықтық. Мектеп мұғалімі Мұхтар Кәденов бастаған жоғары сынып оқушылары – Құдайберген Оркен мен Абдрахман Дулатов және Асқар Сағынтаев пен Шыңғыс Жаңбырлы. Астарындағы аттары таңғы салқынмен қылаң ұрады. Жетекшіміз Файзулла Нұржанов, мен және бейнетаспаға түсіруші Асылбек Жанкелді. Бағытымыз – Нілдінің батысындағы Әлихан ауылы. Қарт ұстаз Сәкеннің «Асығып тез аттандық» өлеңін қаперледі. Бұғылы-Сілеті болысының Ахмет төре ауылында мұғалімдік қызмет атқарып жүрген ақын революцияны естіп, осылай деп Ақмолаға тартыпты. Біз де соны ырымдап, жүріп кеттік. Әлихан ауылы Алғашқы аялымыз – ауылдан үш шақырым қашықтағы Қағыл төбе. Көктем келісімен, қары ерте кетіп, төбесі бірінші қарайғандықтан, Қағыл атаса керек жұрт. Сүрі қардың үстімен шұбырып, тебуге титығы құрыған ауылдың қойы алғаш ерте көктемде осында жабысып қалатын. Көшбасшымыз Ф.Нұр­жанов төбенің үстінде тұрып оқу­шыларға маңайды таныстырып тұр. «Анау – Тікенді. Мынау жатқан Нілдінің біте беріс ұштығындағы бөлек шоқы – Әлінің жалы. Кезінде 1905 жылы Өспен мыс кенішінде жұмысшылар ереуілін бастап шыққан Байшағырдың Әлісі сол. Бүгінде ұрпақтары ауылда отыр. Нілдінің Өспен аты осы кеніш атауына байланысты қалған. Нілді ешқандай да ағылшын қызы Нельа емес. «Ніл» араб тілінен аударғанда, көк деген мағына береді. Біздің бала күнімізде таудың етегі көкпеңкөк тастан көрінбейтін. Жіті қарасаңдар, әлі де жеткілікті көк тастар. Сонау оқшау тұрған Бөріктас. Қазір сендер шатастырып Бергітас немесе Беріктас дейсіңдер. Маңайынан оқшауланып, биігірек жатқан соң Бөріктас атаған. Үстінің бәрі жақпарланған тас». Бұдан соң Қумола мен Қойтастың арасындағы Қатыныққан қарағанын қиып өте шықтық. Алдымыз – жылмырайған жазық. Кеңес өкіметі тың жерді жыртып, қолдан шөп еккен. Сол жағымызға таман ені жіңішкелеу ұзын сызашық – Қарағандыөзек. Ауылдан шыға басталатын осы сызашық 15 шақырым бойы Бұрмаға дейін созылып барып, тұйықталады. Тың игерген жылдары жерді жыртып шөп еккен, одан қалса, егістік алқап етіп, егін салған. Біз Өкіргенге шыққанда, сағат таңертеңгі 08.55. Салт аттылылар да салып-ұрып іле жетті. Жиғаны мол жетекшіміз қайта ағытылды. «Мына біз тұрған Жепе қазір – Өкірген. Жепе – Тоқаның бір бұтағы Досқананың бәйбішесі. Осы төбеге жерленген. Анау етектегі қараған – Жепенің қалыңы. Бұрын ормандай ну еді. Кейін де өртеніп, түгі қалмапты. Ертеде керуен тартып бара жатқан көш кеш бата осы Жепенің тұсына қоныпты. Түн ортасы ауа бір әйелдің көзіне елестеді ме, әлде, шын естілді ме, «бейіт жақта біреу өкіріп жатыр» деп өре түрегеліпті. Содан көш алды-артына қарамай, үдере көшіп, төбенің Жепе аты қалып, Өкірген аталып кеткен. Анау төбесі қарайған – Әлихан ауылы». Әлихан Өкіргеннен он бес шақырымдай екен. Бұл – Сәкеннің «Айша» повесіндегі Бименде көпестің ауылы. Әлиханның негізгі аты – Бәйменденің Шиі. Сәкен «Айша» повесінде Бименде деп көрсетеді. Қазір қадымдағы соны шидің жұқанасы ғана қалған. Бәйменде бай – оқыған, көзі ашық адам болған. Кезінде өкімет өкілдері «мына жер кімдікі?» дегенде, қоластындағы жағдайы жұпыны жалшысы әрі туысы Әлиханды көрсете салыпты. Содан хатқа Әлихан деп жазылып кеткен. Бұл – ХХ ғасырдың басы, тәркілеудің алдында болса керек. Қарағандыдағы Әнгелбай Әлиханов көшесі осы Әлихан ұлының атына берілген. Қарағанды көмір бассейнінің дамуына үлес қосушы мемлекет қайраткері. Асығып аттандық Әлихан ауылының кіре берісінде Арқаның атақты атбегісі Жолдыбай ақсақалдың үйі. Сонда түсіп, аттылыларды күттік. Бірден қазан көтертті Жолдекең. Қазақы тәрбие ғой. Қазір Арқадағы атбегі атаулының атасы осы – Жолдекең. Биыл 75-ке толып, ауылдағы (Нілді) мамыр тойында бәйгіні осы кісі мен үзеңгілес досы Рахман ақсақал екеуі берді. Сонда барам деп қойып, жете алмай қалып ем. Бәрі бір дидарласуды жазыпты Құдай. Хатқа кейін түсер. Мамыр тойында бас бәйгіге Нарторыны қиыпты Жөкең. Бір емес бес автокөлік әперген тұлпардың өзі. ...Біз Жолдыбай атбегінің жұртынан жөнелгенде, сәске түстен екіндіге құлап бара жатқан күн түйіліп, төгіп-төгіп жіберді. Желмен бірге есіп, жануарларын желдіре жөнелген оқушылар Сәкен салған соқпақпен сапарлап бара жатқандай сезілді. Сәкеннің өзіне берейік тағы. «Қуантуға ел-жұртты, асығып тез аттандық!..». Бекжан БАҚЫТҰЛЫ, Қарағанды облысы