Баукең туралы әңгімелер

БауыржанБАУЫРЖАННЫҢ МӘСКЕУДЕ ӨТКЕН ТОЙЫ Қаңтардың 14-і. 2002 жыл. Бір шаруамен Қазақстан Жазушылар одағына бара қалған едім, екінші қабаттың дәлізінде Қалекең (Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов) қарсы ұшыраса кетті. Сәлемдесіп, жаңа жылмен құттықтадым. – Сен мені күте тұршы, айтатын сөзім бар, – деді Қалекең. – Қазір қайтып келем. Қабылдау бөлмесіндегі жұмсақ орындыққа жайғасып, «Қазақ әдебиеті» газетін оқуға кірістім. Қалекең бір қауым уақыттан кейін келді. Кең кабинетіне еніп, төрдегі орнына асықпай жайғасып, столының үстінде жатқан екі-үш қағазды қолына алды. Шашы сиреп, бетінің әжім сызықтары сай-сай боп, екі иығы салбырап, еңкіш тарта түсіпті. – Шынымен қартайғаны ма? – деп іштей аяп, өзімнің де ол ахуалдан алыс емес екенімді ойлап, «апырма-ай, жай отындай жарқылдап жүрген күндеріміз кеше ғана емес пе еді?» деп көңілсізденіп қалдым. Қалекең жанқалтасынан қаламсабын алып, әлгі қағаздардың соңына асықпай қолын қойды да, қабылдау бөлмесінде отырған жас қыздың атын атап, өзіне шақырды. – Мыналарды тездетіп пәленшеге апарып бер! – Қыз басын изеп, бөлмеден шығып кетті. Қалекең асықпай столының үстін реттеп (бұл әбден үйреншікті дағдысына айналса керек) болған соң ғана маған көзінің астымен сүзе қарап: – Саған Баукең Елена атты қызы туралы айтып па еді? – деді. – Айтқан. – Мен Баукеңнің Мәскеуде өткен тойына қатысып қайттым. Той тамаша өтті. Оны ұйымдастырған Ресей үкіметі. Мен жиырма бес жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып жүріп мұндай тамаша өткен тойды кездестірген емеспін. Залды да, шақыру билетін де Ресей үкіметі дайындаған. Залда ине шаншар орын болмады. – Мұндай құрмет өзіміздің атақты адамдарымызға да сирек жасалады, – деді Ресей Жазушылар одағының екінші хатшысы, ақын Пяпин. Өзі өте ақылды, парасатты жан екен. Ол тебірене сөйлей келіп: «За нами Москва, отступать некуда» деген сөзді алғаш Бауыржан Момышұлы айтқан екен. Оны қандыкөйлек жауынгер досы Клочков қайталаған. Бауыржан Момышұлының ұлылығы – бұл менің сөзім еді деп таласпаған, – деді. Қалаубек аға мұңайған кейіпке еніп: – Ол тойға арнайы шақырылса да, Баукеңнің ұлы Бақытжан да, келіні Зейнеп те бармады. Жолы, тамағы тегін, намыс үшін барулары керек еді. Соған көңілім қатты қоңылтақсыды. Керісінше, Елена қарындасыма риза болдым. «Бұл тойда мен емес, Бақытжан ағам сөйлеуі керек еді» деген сөзі мені терең ойға қалдырды. Көңілім қалған тағы бір келеңсіз жайды айтайын. Генералымыз Бақытжан Ертаевқа сөз берілгенде әй-шай жоқ, бізбен ақылдаспастан, Баукеңнің кілемге салынған үлкен портретін Ресейдегі елшілігімізге табыс етті. Оны біз Москва Жазушылар одағындағы фойеде аса көрнекті көп жазушылармен қатар ілулі тұрған Мұхтар Әуезовтің портреті жанына қойылатын сый ретінде апарғанбыз. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дегеннің зардабы осы-ау деп өкіндік. Елшілігіміздегі жігіттерге: «Баукеңнің ол портретін Мәскеу қаламгерлер үйі фойесіндегі аса көрнекті жазушылар портреттерімен қатар тұрған Мұхтар Әуезов портретінің жанына апарып іліңдер» деп қайта-қайта өтініш айттық. Олар бұл өтінішімізді орындай ма, орындамай ма, белгісіз. Орындаса, Мұхаң мен Баукең бір-бірін толықтырып, біздің халқымыздың абырой-беделін асыра түсер еді. ТОСЫН МІНЕЗ Басшы ер кісілерден ешкім болмай қалып, Баукеңді Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Дүйсенкүл Бопова поездан түсіріп алады. – Бастығымыз осы кісі, – дейді қасындағы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, жас жігіт Қаһар. – Қара қатыннан басқа іліп аларларың жоқ па? – деп Баукең қитығып, Дүйсенкүлдің машинасына мінбей, Қаһардың машинасына мінеді. Ертеңіне облыстық партия комитетінде кездесу болады. Облыстық партия комитетінің хатшысы кездесуді ашып, Баукеңе сөз береді. Баукең мінбеге шығып: – Мен қателеспеймін, қате­лессем, ешкімнен кешірім сұрамаймын дейтін топтан емеспін. Қазір мына отырған қара қыздан кешірім сұраймын, – дейді Дүйсенкүл Боповаға қарап басын иіп. – Осы қара қыздан кешірім сұраймын. Кеше менің тарапымнан артықтау сөз айтылып кетіпті. Кешір, қарағым, – деп сөзін ары қарай жалғайды. ТОҚЫМҚАҒАР Кеңес Нұрпейісов ағаның каби­неті. Екеуміз сөйлесіп отырмыз. – Академик Ақай Нүсіпбеков Баукеңді жетпіске толған тойына шақырғанда, «өзі неге келмейді» деп Баукең шамданған көрінеді, – деген маған: – Жоқ, ол бекер, – деп Кеңес аға күле отырып, мән-жайды түсіндірді. – Баукеңнің К.Маркс (бүгінгі Қонаев көшесі) пен Гогольдің бұрышынан жаңа пәтер алған кезі. Ақай аға маған: «1979 жылы 9-желтоқсан күні пәлен сағатта салтанатты жиналысым, пәлен мейрамханада тойым өтеді» деген жазуы бар шақыру билетін Батырға апарып бер, – деді. Тездетіп Баукеңнің үйіне бардым. Есікті жеңгей ашты. Іргедегі төсекте әбден қу сүйек боп қалған шүйкедей қара шал жатыр. – Мені Ақай Нүсіпбеков аға жіберді, – деп шақыру билетін ұсындым. Баукең жастықтан басын көтеріп, түзуленіп отырып: – Әй, шырағым, біздің академиктерде ақыл бар ма, жоқ па? – деді маған көз тоқтата қарап. Мен: – Бар шығар, – дедім жасқаншақтай тіл қатып. – Шақырғанына рақмет. Тірі өлік сияқты боп жатқан мына жағдайымды көріп отырсың. – Тура солай деді ме? – Тура солай деді. – Жүріп-тұруым қиын. Академикке сәлем айт. Біздің елде тоқымқағар деген болады. Ол той тезірек, сәтті өтсін деп ағайын-туыстың басын қосатын кәде. Өзім бара алмаймын, маған сарқыт керек емес, тойдың тоқымқағары керек. Түсінсе, түсінсін, түсінбесе, өзі білсін, – деді қабағын түйіп. Іле маған: – Берменірек жақын отыр, – деп жұмсақ тіл қатты. – Мен саған ұлым Бақытжан үйленгендегі Ақай академиктің қалай құттықтағанын айтайын. Мен отырған кресломды жанына жақындата түстім. – Келінің құтты болсын. Құдаң қай жақтан? – деді ол телефон соғып. – Құдамның заты – түрік, құдағиым – Албан Қызылбөріктің қызы. – Онда келін бізге жиен болды ғой. – Әй, сенің ақылың қашан толысады? Қалай академик атанып жүрсің? Әкесі – түрік, анасы – қазақ болғаннан кейін ол бүкіл қазақтың жиені, сенің кішкентай Қызылбөрігіңнің жиені емес, – деп едім: – Бауке, «Кішкентай тастан қауақтай бас жарылады» дегендей мені оңдырмадың, – деді күліп. – Ақылың толыса бастағандай ма, қалай? Мұндай сөзді бұрын тауып айтпаушы едің, – деп едім: – Саған ұқсап баққаным ғой, – деп тағы жол тауып кетті. Осыны айтып, Баукең біраз күліп алды. Ол кісілер бір-бірімен қатты қалжыңдасатын. Баукеңмен қоштасып, Ақаңа барып, сәлемін айттым. – Ой, сабазым-ай, сабазым, – деді де, Ақай аға бір қойды сойғызып, күйеу баласы екеумізге: – Тоқымқағар дегенді білесіңдер ме? – деді. Біз: – Білмейміз, – дедік. – Ол – жақын адамдарына келешек тойдың ырымын жасайын деген ниеттен туған кәде, – деді де, коньяк, арақ, аққайнар, қазы-қарта, түрлі жеміс-жидек, бір қойдың етін жылтыр қағазға бөліп-бөліп оратып: – Мұны Батырға апарып беріңдер, – деді. Апардық. Күйеу бала сыртта қалды да, мен ішке ендім. Баукеңе сәлем беріп: – Тойдың тоқымқағарын алып келдім, – дедім. Баукең: – Біздің академиктеріміздің ақылы кіресілі-шығасылы еді. Мына Ақайдың ақылы толған екен, – деп дауыстай күлді. ҚҰНДЫ ҚҰЖАТ Ішке енсем, Баукең жазушы Есенжол Домбаевтың қалың мұқабалы кітабын оқып отыр екен. Көзінде көзілдірік. – Бұл кітапты жеңгең өзі қызмет ететін кітапханадан алып келіпті. Маған ұнағаны – автор кейіпкер тілін сақтай біледі екен. Мына жолдарға зер сал, мән бер. Баукең кітаптың өзі белгілеген бетін ашып, дауыстап оқыды. – «Жәй ма? Не болды? – Сейсенғали үндемеді. – Әй, тілің байланып қалған ба? Не болды? Біреу тиді ме? – Анда. – Не анда? Айтсаңшы-ей, жөніңді? – Анда сені басынып жатыр. – Кім басынып жатыр? Кімді басынып жатыр? Кім?! – Анда Камария қатынның үйінде Жұбан жездем сені басынып жатыр. Екеуі бір төсекте жатыр. – Қой, құрғыр!» (132-бет). – «Үйбүй-ау, кім-ау... Мына Кішіқыз сәлемімді де алмады-ау! Үйбай-ау, мұндай әдеті жоқ еді-ау... Ана, кім, Кішіқыз өзі қайда барады, қатындар-ей?» Осы екі үзіндідегі кейіпкер тілі қазақы тәрбиеде өскен ауыл адамын көз алдымызға әкеледі. Олар­дың психологиясынан да хабар береді. Біздің көп жазушыларымыздың кемшілігі – ауыл, қала адамдарының сөйлеу ерекшеліктері барын ескермейді. Ескермегендіктен кейіпкерлерінің кім екені, қандай ортада өскені, яғни, жан дүниесі белгісіз күйде қалады... Баукеңнің осы ескертуі есімде жүретін. Жазушылар одағының екінші қабатындағы фойеде орта бойлы, дене бітімі сылыңғырлау, аса тола емес, мұрны қолақпандай Есенжол Домбаев ағаға кездесіп қалдым. – Кейіпкер тілін сақтаудағы сіздің жетістігіңіз туралы Баукеңнің былай дегені бар, – деп айтып беріп едім, ол кісі өңі нұрлана күлімсіреп: – Сен Баламер Сахариев деген ғалымды білуші ме едің? – деп жауабымды күтпей сөйлеп кетті. – Сол ағаң екеуміздің көңіліміз тату еді. Бірде маған: «Қалтаңда қанша ақша бар?» – деді. – Бір-екі жартылыққа жетеді. – Онда екі шөлмек шарап ал. – Жарайды, – деп екеуміз гастрономға барып, қаруландық. – Енді Баукеңнің үйіне барамыз. – Баукеңің кім? – Бауыржан Момышұлы. Батырға сәлем берейік. – Менің ол кісімен ешқандай аралас-құраласым жоқ. – Менің де аралас-құраласым жоқ. Баукең түнде түсіме еніпті. Барып сәлем бермесем, болмайды. Екеуміз қоңырауын басып, ішке ендік. Есікті Баукеңнің өзі ашты. Көзінде көзілдірік, үстінде қоңыр түсті халат, аяғында сүйретпе. – Жазу жазып отыр едім. Келген кісіге кет дей алмайтын дәстүріміз бар ғой. Төрлетіңдер, – деді қабағын түйіп, сыр бермей. – Бекер келдік-ау, – деп ішімнен қиналыңқырап қалдым. – Жеңгелерің базарға кетіп еді. Сен дастарқанды өзің жөнде, – деп маған бұйыра сөйледі. Ортадағы аласа үстел үстіне қолыма ілінген тағамдарды әкеп қойдым. Екі фужерге шарап құйдым. Баламерім Баукеңмен қатар, төрде қонақ боп шіреніп отыр. – Сен өзіңе фужер қайда?! – деді Баукең даусын көтере сөйлеп. – Мен қуыққа жел айдағаннан басқа бітірері жоқ бұл немені жаратпаушы едім, – дедім. – Тогда встать! Кругом! – деп Баукең бұйрық берді. Мен орнымнан тұрып, теріс айналдым. – Шагом марш! Бұйрыққа бағынып, алға үш-төрт адым аттап, қарсымдағы тоңазытқышқа тіреле тоқтадым. – Аш! – Тоңазытқыш есігін аштым. – Көзің көрген шөлмекті ал да, бері кеп отыр. – Қайта қатарға қосылдым. Шөлмектің тығынын ашып, фужерге жүз грамдай арақ құйдым. Үшеуміз соғыстырып іштік. Әп-сәтте-ақ сөзіміз жарасып, көңілдене түстік. Баукең менің әскери қызметімді қай жерде, қалай өтегенімді сұрады. – Оны айтқаныммен сіз білмейсіз. Армия командашысы өзімнің ет жақын ағам болды, – деп едім: – Ол кім?! – деді даусын қатайтып. – Ол – Асқар Тоқпанов. – Әртіс екенсің ғой, – деп Баукең дауыстай күлді. Шамамда сағатқа жуық сөйлестік-ау деймін. Мен қағынып: – Ескерткішке бірер сөз жазып беріңіз, – деп қойын дәптерімді ұсына қойдым. Ол кісі: «Я очень сожалею, что встретился с этими дураками» – деп сол кездің айы, жылы, күніне дейін жазып, қолын қойды. Қойын дәптерімді қалтама салдым. Баукеңмен сыпайы қоштастық. Екі күннен кейін «Қаламгер» кафесіне енсем, залдың орта тұсында Сафуан Шәймерденов пен Тахауи Ахтанов ағалар отыр екен. Қосыла кеттім. «Жүздетіп», мәзбіз. Айналамыздағы адамдармен ісіміз жоқ. Біраз қызған соң, Баукеңді жамандадым. – Шал таза жынды екен. Балағаң екеуміз үйіне барып, қайтарымызда ескерткішке бірер сөз жазып беріңіз деп өтініп едік. «Я очень сожалею, что встретился с этими дураками» деп жазып бергені, – деп өкпемді айттым. Тахауи ішек-сілесі қатып күлді. – Әй, сен Мұрын бала, Баукеңді білмейді екенсің ғой, – деді. – Неге білмеймін, білемін. – Білмейсің. «Я очень сожалею» дегені Баукеңнің «айналайын» дегені, – деп Тахауи қайта көзінен жас аққанша күлді. Осыны айтып Есенжол аға: – Сол кездесуімді қағазға түсіріп едім, сегіз бет болды. Жеке мұрағатымда талай құжат бар. Солардың ішіндегі ең қадірлісі, ең бағалысы Баукеңнің әлгі жазбасы. Фотоға түсіріп, бір данасын саған берем. Түпнұсқасы өзімде қала берсін, – деді рахаттана күліп. Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ