ТАЛҒАРДАҒЫ №25 МЕКТЕПТІ КІМДЕР АРАЛАС ЖАСАМАҚШЫ?
2022 ж. 26 тамыз
2136
1
Бұл мәселе, яғни Талғардағы 25 мектептің қазақ тілінде болатыны бұдан тура төрт ай бұрын министрлік деңгейінде шешілген еді ғой. Біз Алматы қаласында Ұлттық кітапханада зиялы қауымның кездесуін өткізіп, оған елордамыздан арнайы барып қатысып, сөйлеп едік.
Бір топ журналистер де болған. Талғардан тіл жанашыры Қамнұр Тәлім келіп баяндама жасаған. Сол мектептен Сания Нүсіпалы бастаған мектеп мұғалімдері қатысып сөйлеген.
Мен өзім биыл 22 сәуірде Ағарту министрлігіне хабарласып, министрдің бірінші орынбасары Шолпан Таңатқызы Каринованың жазбаша жауабы келген уатсабыма.
“Талғар мектебі бойынша облыс әкімдігімен ұзақ жұмыс істедік. Қазір ол мектеп қазақ тілінде ашылатыны шешілді.
Жалпы осы мәселені үнемі көтереміз. Министр барлық облыстық басқармаларға тапсырма беріп келеді, тек қазақша ашу керек деп.
Тыңдамайтындары бар, 28 сәуірге Е.Л.Тоғжановтан жиналыс сұрадық. Сол жерде облыс әкімдерінің орынбасарларына тапсырма беріледі”-деп нақты жауап берген болатын.
Енді не болып қалды?
Жалпы осы ұлттық идеологиямызға қарсы жұмыс істеп жатқан топ бар секілді жоғарыда. Өткенде Алматы, Нұр-Сұлтан және Өскемен үш қаладағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде де қазақ болғаны, озат болғаны үшін орыс бөлімінен 200-дей бал жоғары алып тұрса да, өтпей қалған оқушылардың жылағанына куә болдық.
Енді міне, Алматы облысы Талғар қаласында тағы да шу көтерілді.
“Бақсақ, бақа екен” дегендей, министрлік шешіп қойған мәселені енді неге жаңадан құрылған Алматы облысы әкімдігі шулатып, қазақ ата-аналары мен балаларын жылатып отыр?
Бұрын шешіліп қойған мектептің тілінің ауысуы облыстың қайта құрылып, әкімнің ауысуына байланысты емес пе деген сұрақ көпшіліктің көкейінде кептеліп тұр?!.
15 тамызда ауданда ата-аналар мен облыстық білім басқармасы басшылары қатысқан жиында Талғар ауданының құрметті азаматы Кәмнұр Тәлімұлы тағы да сөйлеген. “Жаңа мектепке барғысы келетін 900 баланың тізімі менде бар, 30 жылдан бері не ойын алаңы жоқ, не спорт залы жоқ, терезесі де дұрыс ашылмайтын, бөлмелері тар осы ескі мектепте қазақ балалары оқып келді, 345 қазақ баласы жаңа мектепке барғысы келеді, жаңағы 900 ге осы 345 ті қосыңыз. Сондықтан бұл талқылайтын мәселе емес, жаңа мектепті қазақтарға беріңіздер”. деп, нақты сандарды келтірген. (qazaqtimes.com)
Журналист Қарагөз Сімәділдің жазуынша “Талғар аудандық Білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызы «Қала мектептерінде жалпы бала саны 10 562 оқушыны құрады. Оның ішінде қазақ сыныптарындағы бала саны 8005 оқушы, орыс сыныптарында 2557 оқушы» деген қағазға қарап тұрып айтып берді. Қағазды әріптесім Меліс Сейдахметов суретке түсіріп үлгерген. Жалпы бөлім басшысы осы қазір айтқан сөзінен оп-оңай бас тарта алатынына бірнеше рет куә болдық. Алдында әлеуметтік желіге тамыз басындағы видеосын да салғанбыз. Онда Қарлыға Айсабекқызы: «Бұл мектеп-гимназия қазақ тілінде ашылатын болады. Себебі, негізінен, 800-900-ге жуық оқушы қазіргі таңда қазақ кластарына тіркеліп отыр. Орыс сыныптарына тікелей ата-аналар өздері келіп тіркелген саны 100-ге жаңадан жетті. Сондықтан да бұл мектеп қазақ тілінде ашылатын болады. Қазіргі таңда бұл мектепке қабылдау база ашылмауына байланысты қағаз түрінде жүргізіліп жатыр. Мектепте іс жүргізуші отыр, мектеп директорының қызметін атқарушы бар. Сол кісіге барып тіркелесіздер» дегенін жазады өз парақшасында. “Енді білім бөлімі басшысы ол сөзінен де бас тартып отыр. Оның себебін кешегі жиналыс бойы «қазір түсіндіріп беремін» деді де, сол күйі түсіндірмей кетті.”-дейді.
Яғни, бұл жерде Алматы облысы, Талғар ауданы, бойынша мектеп мәселесінде қып-қызыл әділетсіздік орнауда деуге болады. Бұны кім және не үшін істеуде? Әрине, қазақ мектебіне қарсылық! Балаларын #25 мектепке беріп қойған ата-аналар енді неге Талғар аудандық Білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызына “балаларымыз ол мектепке бармайды” деген жазбалар жазып, ол тарап жүр интернетте? Бахтияр Қабас бастаған Ұлт жанашырлары осындай жазба көшірмелерін салуда парақшаларына. Ата-аналарды айныту кімнің тарапынан не үшін қарқынды жүруде?
Білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызы не үшін екі сөйлеуде және бұған не деп жауап береді? Білім бөлімі басшысын жоғарыдан кім айнытып отыр?!.
Ұлт зиялылары Ұлтаралық араздық тудыруға себепкер болмақшы деп әлеуметтік желіде жазып жатқан Талғар ауданы әкімі Қайдар Әбдіханов пен Талғар аудандық Білім бөлімінің басшысы Садвакасова Қарлыға Айсабековнаға орыстілді қауым неге өздерінің чатында ерекше рахмет айтуда?!. Бұл саяси саяз тірліктерімен бұл екеуі жаңа сайланған Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевке кір келтірейін деп жатқан жоқ па?!.
Біз бұған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтан, Оқу-ағарту министрі Askhat Aimagambetovтен және Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтан нақты жауап күтеміз!
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты