Конституциялық реформа – ел өмірін өзгертуге бағытталған батыл қадам - Кәсіпкер ассоциациясының төрағасы
2023 ж. 09 қараша
838
0
Қазақстан кәсіпкерлері ассоциациясының төрағасы Ермек Әбілдин конституциялық реформа туралы, өзі мүше болып табылатын партия жұмысы туралы редакциямызға берген сұхбатын оқырманға ұсынамыз.
Алдағы конституциялық референдум, елдегі саяси өзгерістер, партияның қызметі туралы бірқатар өзекті тақырыптар қамтуға тырыстық.
- Ермек Төлеуұлы, партияның саяси бағдарламасында Алаш мұрасына ерекше көңіл бөлінген болатын. Осыған байланысты, партияның Қарағанды облыстық филиалы Алаш мұрасын насихаттау бағытында қандай шаралар атқарып келеді?
- Рахмет! Енді, біріншіден, мен өзім Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келгенмін. Ақтоғай ауданы дегенде бүкіл Алаш галереясы көз алдымызға келеді. Ақтоғайда қазақтың үш арысы – ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков мен Жақып Ақбаев дүниеге келген. Ия, партияның саяси бағдарламасында «Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы» ең бір маңызды бағыттың бірі болып қабылданғна болатын. Алаш мұрасын насихаттау бойынша Қарағанды облыстық филиалы атқарған елеулі жұмыстардың бірі – декоммунизация саясатының аясында Қарағандыдағы бірқатар көшелер мен аудандардың аттарын өзгерту мәселесін көтердік. Мысалы, өткен жылы Октябрь ауданына ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілген. Оның алдында бізде Ленин көшесі Абай атамыздың есімімен аталды. Сондай-ақ, партиямыздың Жастар қанаты бар. Сол қанаттың Жастар клубы аясында біз мектептер мен ЖОО-да Алаш идеясы тақырыбында насихат жұмыстарын жүргізіп, түрлі дебаттар ұйымдастырамыз. Жастар Алаш мұрасын зерделеу бағытында өз ғылыми жұмыстарымен партия ұйымдастырған конкурстарға ұдайы қатысып жүреді. Бұл бағыттағы партияның ең елеулі жобасы «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық байқауы. Он жыл бойы үздіксіз, дәстүрлі түрде өтіп келеді. Одан бөлек филиал көркем сурет байқауларын өткіземіз.
Өзіңіз білесіз, Қарағандыда Әлімхан Ермековтың зираты бар. Жұбайы Рахия апамыз да сол қорымда жерленген. Алаш арысының зираты қорымның ортасында. Іздеп, рухына тағзым етіп, құран бағыштаймын дегендер үшін оны табу қиын. Сондықтан, біз жергілікті белсенділермен осы мәселені көтеріп, ұлт қайраткерінің зиратына дейінгі жолды төсеу, зират маңайын аббаттандыру мәселесін көтеріп жатырмыз қазір. Жергілікті өзіміздің «Алаш клубы» да осы бағытта қолғабыс етіп жүр.
- Партияның бір қанаты - ұлттық интеллигенция болса, енді бір қанаты - кәсіпкерлер. Нақтырақ айтқанда, бизнесті қолдау партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Өзіңіз басқарып отырған филиалға кәсіпкерлер бүгінгі таңда қандай мәселелермен жүгінуде? Бүгінгі Қазақстанда шағын және орта бизнес алдында қандай сын-қатерлер тұр?
- Партиямыз шағын және орта бизнестің мүддесін әрдайым қорғап келеді. Өз басым партияның облыстық филиалының төрағасы ғана емес, Қазақстан кәсіпкерлерінің қауымдастығы және сервистік қызмет ассоциациясының төрағасымын. Партия ШОБ-тың көптеген мәселелерін көтеріп, олар өз шешімін тапқан болатын. Атап өтсек, осыдан үш жыл бұрын кәсіпкерлердің үстінен Салық департаменті мыңдаған сотқа арыздар жіберген. Былайша айтқанда, екі заңды тұлға бір-бірімен келісімшарт жасасып жұмыс істесе, соның бір тарабы салық төлемеді деп үстінен арыз түсірген. Әрине, кәсіпкерлердің арасында адалы да бар, пайдакүнемдері де бар. Мысалы, сіз екеміз келісім жасасып, сіз мердігер ретінде маған қызмет көрсеттіңіз дейік. Есеп айырысып, жұмысты қабылдап алдық. Сөйтіп, сіз үшінші бір тараппен тағы келісім жасасып қызмет көрсетесіз. Ал, ол үшінші тарап салық төлемеген болып шығады. Сондай жағдайда салық органдары оны сотқа береді. Сот одан өндіріп алайын десе оның ақшасы жоқ, жұмысты атқарған сізге келеді, сізде мүлік жоқ. Ақыры түк қатысы жоқ маған келеді де, менің сізбен арамыздағы келісімшартымыз үшін, үшінші біреудің салығын менен өндіріп алады. Осындай жағдайлар да орын алған кезінде. Біз жүзден астап кәсіпкердің басын қосып, дөңгелек үстел өткіздік. Оған Бас прокуратура, Жоғарғы сот, Кіріс комитетінің өкілдері келді. Сол мәселе партияның тікелей араласуымен Жоғарғы сот қаулысына өзгерістер енгізіліп бұл «абсурдты» мәселе шешілген болатын.
Бүгінгі таңда бізге үй жанындағы дүкендер иелері өз мәселелерімен жүгініп отыр. Оның ішінде тауар маркировкасы, жөнелтпе құжаттары, электронды счет фактуралары бар. Осы бойынша орталық аппаратта бірқатар мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, біраз сұрақтар шешілген болатын. Қазіргі уақытта аяқ киімді таңбалау мәселесінің күшіне ену уақыты ұзарып отыр.
Тағы бір айта кететіні, пандемия кезінде локдаун салдарынан бизнеске көп ауыртпалық түсті. Кәсіпкерлер қарапайым аренда төлеу мәселесімен бізге келіп жүгініп жатты. Тойхана, кафелердің жұмысы шектеліп жатты, олар да наразылық танытып жатты. Соның біразын депутаттық сауалдар ретінде құзырлы органдарға жолдаған болатынбыз. Біразы оң шешімін тапты.
- Қазір қоғамда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған Конституциялық реформа мәселесі әлі кеңінен талқылануда. Осы өзгерістерге қатысты көзқарасыңыз қандай?
- Ия, былтыр жалпыхалықтық референдум өткені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалар ел ішінде кеңінен талқыланды. Біз халық арасында түсіндіру жұмыстарын барынша жүргіздік. Конституцияның 30-дан астам бабына өзгертулер енгізілді. Бұл қандай баптар, оның маңызы неде, реформа не үшін керек деген сауалдар бойынша ауыл-аудандардағы халықпен пікір алмасып, оларға егжей-тегжейлі түсіндірдік. Барлық енген өзгерістерді дұрыс деп санаймын. Бұл өзгерістер ел өмірін өзгертуге бағытталған батыл қадам. Бұрын елімізде бірнеше рет референдум өткен болатын. Бірақ, ол референдумда Парламент депутаттары ғана дауыс берген еді. Ал, былтырғы референдум тарихи деуге негіз бар. Халық өзі шешті.
Өзгерістердің айқын оң көрінісі – 6 баптың 3 тармағында қолданыстағы заңда «Жер және су қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі мемлекет меншігі» деп жазылып тұр. Ал, жаңа редакцияда «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деп көрсетілген. Бұл өте маңызды, дұрыс өзгеріс.
15 бапта «Ешкім адам өмірін өз бетінше қиюға һақысы жоқ. Өлім жазасы заңмен белгіленеді» делінген. Жаңа редакцияда «Ешкім адам өмірін өз бетінше қиюға һақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады» деп өзгертілген. Бұл да дұрыс. Адамға жанды беретін де, алатын да Жаратушы иеміз.
Біз сайлауалды бағдарламамызда бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан мәселе 43 бапқа қатысты. 43-і баптың 3-і тармағына толықтыру ретінде «ҚР Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде саяси партияға мүше болуына тыйым салынады» делінген. 4-і тармағында «ҚР Президентінің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметтері, квазимемлекеттік субъектілерде лауазымды басшылық қызметтерді атқаруға һақысы жоқ» деп көрсетілген.
Одан бөлек, Тұңғыш Президентке қатысты бапты да Ата заңнан алып тастады.
Адам құқықтары жөнінде маңызды өзгерістер енгізілді. Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот болды. Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен мәртебесі Ата заңмен айқындалды. Өлім жазасы жойылды. Мұның барлығы азаматтардың құқығы мен бостандығына бағытталған маңызда қадам деп санаймын.
- Өзгеріс демекші. Елдің саяси өміріндегі соңғы жылдардағы ең елеулі өзгеріс ол ауыл әкімдерін сайлау. Жалпы, Қарағанды облысында сайлауға түсіп, бүгінде табысты қызмет етіп жүрген ауыл әкімдері бар ма?
- Ия, бізде Қарағанды облысында ауыл әкімі сайлауында жеңіске жетіп, бүгінде Ұлытау ауданы, Ақтас селолық округынде еңбек етіп жүрген азаматымыз бар. Біз ол округке барғанбыз. Халықпен жүздесіп, көкейдегі шерлерін тыңдап қайттық. Мысалы, ауылда су мұнарасы құлап, ауыл тұрғындары сусыз қалған болатын. Күніне матор арқылы бір-екі сағатқа ғана қосылады. Жарық мәселесі де өзекті болып тұрды. Округке екі ауыл қарайды: Ақтас және Пионер. Жезді ауыл орталығынан жол жоқ. Қыста мүлдем жүру мүмкін емес. Біз осы мәселелерді депутаттық сауалдар арқылы көтердік. Қазіргі уақытта су мұнарасы көтерілді, жарық мәселесі шешілді, ендігі жол салынып жатыр.
- Сайлау жүйесі де өзгерді. Белгілі бір мөлшерде мажоритарлық сайлау жүйесі енгізілді, квоталау қолданылды. Осы туралы не ойлайсыз?
- Мажоритарлы сайлау жүйесі қаңтар оқиғасынан кейін пайда болған уақыт талабы деп есептеймін. Әрине, ол да керек. Жергілікті аудан, қалалық мәслихаттарда 100 пайыздық мажоритарлық жүйемен өтті сайлау. Облыстық мәслихатта 50/50. Партиялық тізімнің болғаны да дұрыс еді ауыл, қалалық жерлерде. Себебі, жаңадан келген депутаттардың тәжірибесі жоқ болып жатады. Қандай мәселемен қандай мемлекеттік органға жүгіну керек соның өзін білмей жататын жағдайлар кездесіп жатады. Ал, оның артында партия болса, партияның заңгерлері, мамандары болады. Олар көмек көрсетеді. Ал, бізде мәслихатта аппарат болғанымен, олар бұл бағытта көмек көрсетпейді.
- Бүгінге партияларыңыздан Қарағанды облыстық және қалалық, аудандық мәслихаттарында қанша депутат қызмет атқарып жатыр? Олар қаншалықты белсенді? Қандай түйткілді мәселелердің шешілуіне тікелей себепкер болды?
- Бүгінгі таңда Қарағанды облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарында жалпы саны 17 депутат бар. Республикалық деңгейде ең жас депутат бізде Сарань қалалық мәслихатының депутаты Алима Көшікова болып табылады. Бастапқыда біраз қиыншықтарға тап болғанымен, қазір өте белсенді қызмет етіп жүр.
Түйткілді мәселе таяуда ғана орын алады. Қарағанды мен Шахтинсктің арасы 45 шақырымдай жер. Екі арада 121 маршрут автобусы қатынайды. Автобус жүргізушісі Шахтинск қаласына кіріп адамдар жинайтын. Себебі, ондағы тұрғындардың көбі Қарағандыда қызмет етеді. Жергілікті құзырлы органдар бұл автобус тек Шахитнсктің кіре берісіне тоқтауы керек деп және жүру уақытын шектеу бойынша шешім қабылдаған. Жергілікті халық наразылық танытты, әрине. Біздің Шахтинсктегі депутаттарымыз бұл мәселені көтеріп, нәтижесінде автобус мәселені шешімін тапты.
Одан бөлек, мектептердегі тамақтану, құрылыс нысандарын салатын мердегерлер бойынша мәселелерді көтердік. Адал емес мердігерлер жерді заңсыз иемденіп құрылыс жүргізетін жағдайлар болады. Осы бағытта біздің депутаттық сауал нәтижесінде Қарағанды бойынша 90 астам заңсыз құрылыс нысаны анықталған. Рұқсат құжаттары жоқ құрылыс компанияларының жұмысын Прокуратура тоқтатқан болатын. Мысалы, қазақтың көрнекті ақыны Қасым Аманжолов туған Қарқаралы ауданында (Қасым Аманжолов ауылы) жаңадан мектеп салынды. Мектепті салып, футбол алаңын салуды ұмытып кеткен мердігер. Біздің депутаттар бұл туралы арнайы сауал жолдап, қазір бюджетке қосқызып, сол футбол алаңын салғалы жатыр енді.
Одан бөлек, бізде «Қазақмыс» деген ірі кәсіпорын бар. Бір көлдің жанына рудадан шыққан қалдықтарын төккен кезде, біз депутаттық сауал жасап, оны тоқтатқан болатынбыз.
Бұқар жырау ауданында Ботақара ауылы деген жер бар. Онда апатты жағдайдағы мектеп бар. Соны апатты деп тану бойынша да біраз жұмыстар атқардық. Қазір жаңадан мектеп салынайын деп жатыр.
- Рақмет сұхбатыңызға. Расымен де бірқатар игі істерге себепші боп жүр екенсіздер. Алдағы уақытта да жұмыстарыңыз табысты, ел ішіндегі абыройларыңыз бұдан да биік болсын деп тілеймін. Ақ жол!
Сұхбаттасқан:
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні