"ЖЫЛ АДАМЫ – 2021" АНЫҚТАЛДЫ
2021 ж. 23 желтоқсан
5412
37
«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2021 жылғы «Жыл адамдары» сараланды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдай алды. Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізілді. Арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2021 жылдың үздіктерін анықтады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай таңдалған «Жыл адамы – 2021» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!
Жылдың басты оқиғасы – 2021 жылдың 12 қарашасында Стамбулда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VIII саммитінде Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Түркі кеңесінің атауы Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілгенін мәлімдеді. Жаңа атау мен құрылымның арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің мүддесі үшін белсенді түрде дамып, нығайып, күшейе түспек.
Жыл датасы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы.
Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы.
Жыл жетістігі - Мәжіліс депутаттары палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста мемлекеттік тілдің рөлін одан әрі күшейтуге бағытталған заң жобасын мақұлдады. Түзетулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен енгізілген. Заң жобасын әзірлеген жұмыс тобының жетекшісі - Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы. Бұл заң жобасы сыртқы жарнама мәтіндері мен белгілерінің, басқа көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде дұрыс берілуіне және аудармасының түпнұсқалығына қосымша талаптарды белгілеуді көздейді. Алайда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізу туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «Ақ жол» фракциясы атынан жасаған ұсынысына Қазақстан Республикасы Үкіметі қарсы шықты. Егер осы Тіл заңнамасының сақталуы Кәсіпкерлік кодексте болған болса, ешкім көше аралап, сатушылармен дауласпаған болар еді. Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде жарияланған Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІНІҢ НЕ КЕРЕГІ БАР?» атты мақаласында егжей-тегжейлі айтылған. Жалпы, аталмыш заң жобасы қоғамда үлкен қолдауға ие болды. Онымен бірге Ресей мемлекетінің кейбір саясаткерлері де бұл заң жобасына қатысты керітартпа ойларын айтып қалды. Тіпті, Мемлекеттік тілді қолдануды күшейтуді көздейтін бұл заң жобасын Ресейдің Думасында талқылау керек деген көрші елдің саясаткерлері.
Жыл драматургі - Дулат Исабеков.
Жазушының «Бөрте» тарихи драмасы сахналанып, көрермен тарапынан ыстық ықыласпен қабылданды. Жазушы «Аналар галереясын»: төрткүл дүниені жаулаған Шыңғыс ханның анасы Уәлін Әжін мен «төрт бөрінің анасы» Бөртенің образдарын ірілете алып шықты.
Автор, «Әйел. Ана. Ене» образы тайпадан асып – Империяға ұласу жолында жиһангерге жойқын ықпалы барына тереңінен мән береді. Қандай да бір ұлы қолбасшы, не, билеушінің артында сүйеуі һәм тіреуі Әйел екенін асырып көрсеткен. Қазіргі уақытта әлемнің бірқатар мемлекеттерінің театрлары Дулат Исабековтың бұл туындысын сахналауға өтініш беріп, ұсыныс жасап үлгерді.
Жыл жазушылары – Тұрсынхан Зәкен және Нұрғали Ораз.
Жазушы-тарихшы Тұрсынхан Зәкеннің «Атилла. Балқан тауға барғандар» атты тарихи романы оқырман қауымнан жоғары бағасын алды. Осынау тарихи маңызы жоғары роман қазақтың арғы аталарының бірі ретінде бағаланатын ғұндар жайлы баяндайды. Кесек туынды қамтып отырған мезгілінің қомақты болуымен ерекшеленеді.
Сол сияқты, прозашы Нұрғали Ораздың «Қыз мұнарасы» аталатын кітабы Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысында ерекше аталып өткен шығармалардың бірі. «Қыз мұнарасы» – ұлттық әдебиетіміздің қоржынына қосылған құнды туынды» деп Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өте жоғары баға берген-ді.
Жыл ақыны – Алмас Ахметбекұлы.
ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше жыр кітаптарының авторы, ақын Алмас Ахметбекұлы биыл мерейлі 60 жасқа толып отыр. «Көк тудың желбірегені» атты шығармашылық кешімен еліміздің барлық өңірін аралап шықты.
«Туған жерім – балалығым», «Сәуірдің бұлты», «Бозінген», «Аптап» секілді алғашқы тырнақалды өлеңдерімен-ақ өзінің жыр атты алып додаға белін бекем буып түскенін анық аңғартты. Туған жерге, отанына, ұлтына деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім ақын жырларының алтын арқауы.
Жылдың айтыскер ақындары – Бекарыс Шойбеков пен Еркебұлан Қайназаров.
Айтыстың ақтаңгері атанған Бекарыс Шойбеков Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Мәңгілік ел жырлайды» атты республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ, Бекарыс Шойбеков ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының бас жүлде иегері.
Еркебұлан Қайназаров – «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында алдыңғы толқын аға деп Бекарыс Шойбековке жол беріп, азаматтықтың шынайы үлгісін көрсетті. Бұған дейін талай рет айтыстың аламанында асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атанып жүрген Еркебұлан осы жолы да халықтың ерекше ықыласына ие болып, «Айтыстың ақтаңгері» атанған болатын.
Жыл саясаткері – Дос Көшім.
Ол саясаткер ретінде елімізде кеңінен танымал. Демократияның принциптерін түсіндіру бағытында «Демократия негіздеріне кіріспе», «90-жылдардың қара сөздері», «Қазақстандағы демократия мен саясат туралы 100 сұраққа 100 жауап», «Қазақтарды қалай көтеруге болады?» және т.б кітаптардың авторы.
Жыл қайраткері – Марғұлан Боранбай және Құрмет Талапқазы.
Марғұлан Боранбай –Тәуелсіз мемлекетіміздің қазіргі конституциялық құрылысына қарсы солшыл коммунистерге ашық батыл қарсы шығып, ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай: “Тәуелсіздікті аспен де, таспен де қорғап”, Ұлттық мүддеміз үшін, тіліміз үшін күресіп жүрген нағыз қайраткер.
Құрмет Талапқазы – Маңғыстау, Қызылорда облыстарында қуаңшылық болғанда қол қусырып отырмай, шөп орып, асарлатып қарапайым халыққа қол ұшын созған азамат. Қандай құрметке де лайық Құрметтің ісі ерлікпен пара-пар.
Жыл режиссерлері – Мұрат Есжан мен Болат Қалымбетов.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы San-Francisco Film Academy бітірген қазақстандық жас кинематографист. Мұрат Есжанның «I’m going to Paris» дебюті Америка сценаристер гильдиясында жоғары бағаға ие болды. Сондай-ақ, Мұрат Есжан «Ахмет.Ұлт ұстазы» сериалының режиссері ретінде ел арасында есімі кеңінен таныла бастады.
Болат Қалымбетов – ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор. «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Өзі де 50-ден астам киноға түскен. Осы жылы режиссер ретінде «Мұқағали» көркем фильмі арқылы ақиық ақынды жаңа қырынан таныта білді. «Мұқағали» фильмі қалың көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Жыл актері – Байғали Есенәлиев.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Киностудиясында «Хабар» телеарнасының түсірген телевизиялық фильмдерінде да әр жылдары жемісті еңбек етіп, қаншама кейіпкерлерді шебер сомдады.ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. Көрерменнің көзайымына айналып үлгерген «Ахмет.Ұлт ұстазы» сериалында басты рөлді өте жоғары деңгейде сомдап, өнерсүйер қауымның алғысына бөленді.
Жыл әншісі – Рухия Байдүкенова.
Рухия Байдүкенова Витебск қаласында өткен 30-шы халықаралық «Славян базары» өнер фестивалінде Гран-при жеңіп алды. Рухия Қазақ ұлттық өнер университетінің эстрадалық вокал мамандығының студенті. Ол республикалық деңгейдегі көптеген жарыстардың жеңімпазы.
Жыл өнерпазы – Жанғали Жүзбай.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор. Қаратау, Арқа, Шығыс, Жетісу күйшілік дәстүрлерін тең ұстаған шертпе күйдің шебері, композитор. Көптеген хрестоматиялық еңбектердің, ғылыми мақалалардың авторы. Биыл асқаралы 60 жасқа толып отырған күйшінің шәкірттері де Республикалық және Халықаралық конкурстардың лауреаттары, белгілі күйшілер.
Жыл депутаты – Мақсат Раманқұлов.
Фейсбуктағы «Қазақ үні» парақшаларына, поштасына жазылған пікірлерді саралау нәтижесінде ең көп дауыс Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Исаға берілді. Бірақ, Қазыбек Жарылқасынұлы өз қалауымен бас тартқасын, одан кейін ең көп дауыс жинаған, зиялы қауым өкілдерінің қолдауына ие болған Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Мақсат Раманқұлов «Жыл депутаты» атанып отыр. Мақсат Раманқұлов 2021 жылы бірқатар өзекті тақырыптарды көтеріп, депутаттық сауалдарды жолдады. Олардың арасында коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлердің жалақысын қалпына келтіру, толық вакцина алған шағын және орта бизнестің жұмыс уақытын шектемеу, салықшылардың халықты тонамай, офшорлардағы миллиардтарды қайтаруды, әлеуметтік саладағы қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру сынды бірқатар батыл талаптар бар. Сонымен қатар, халық қалаулысы Қарағандыдағы «Абай» шахтасында кеншілердің қаза тапқанын мысалға келтіре отырып, осындай жұмысы қауіпті мамандардың зейнет жасын қайтару мәселесіне баса тоқталды.
Жыл сенаторы – Алтынбек Нұқұлы.
Сенатор Алтынбек Нұқұлы биылғы жылы Үкімет басшысы атына депутаттық сауал жолдап, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына лайықты деңгейде өткізу керектігін айтқан болатын. Депутаттық сауалға орай Премьер-министр Асқар Маминнің атынан келген жауап хатта Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтіп, оған бюджеттен 55,9 млн. теңге бөлінгені айтылған. Аталған мерейтойды ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы даталар күнтізбесіне енгізу туралы өтінім Ұйым Хатшылығына 2020 жылы 25 қарашада ресми түрде (Беларусь, Тәжікстан, Түркия және Иранның қолдауымен) енгізілді.
Жыл министрі – Ерлан Тұрғымбаев.
Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы қоғам сынына жиі ұшырайтын полиция қызметі саласында бірқатар реформа жасады. Атап айтқанда, артық шығындарды қысқартып, қызметкерлер жалақысын көтеру, Қазақстан қалаларының ең криминогендік аймақтарында 71 полиция пункті ашылды, полиция қызметкерлерінің білім сапасын арттыру үшін ІІМ қарасты ЖОО саны 12-ден 5-ке дейін қысқартылды. Тағы бір ерекшелік түрмеден босап шыққан қауіпті қылмыскерлерге электронды браслеттер кигізіледі. Жалпы, реформа нәтижесінде Қазақстанда қылмыс деңгейі 5% төмендеді. Атап айтқанда, кісі өлтіру 15, ал тонау және бұзақылық 20% азайған.
Жыл әкімі – Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Әбдірұлы Алматы қаласына әкім болып келгелі, шаһардың шет аймақтарына, облыстан қосылған елді мекендерде су, газ, жол, электр желілерін жүргізуді бірінші кезекте қолға алды. Халықтың талабы бойынша былтыр «Желтоқсан» саябағы ашылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, осы саябақта монумент орнату туралы тиісті шешім қабылдап, оның іргетасы қаланды. Қазіргі уақытта «Желтоқсан» ескерткішінің эскизін әзірлеуге конкурс жарияланған. Сонымен қатар, «Желтоқсан» саябағында ашық аспан астындағы мұражай ашылды.
Жыл суретшісі – Тілеуберді Бинашев.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты мүсінші, Түркістан облысының «Құрметті азаматы»
Тілеуберді Бинашевтың әрбір туындысы халықтың көңілінен шығып келеді. Абылай хан, Кейкі батыр, Қарасай батыр, Шақшақ Жәнібек, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би және т.б көптеген тарихи тұлғалардың мүсінін жасаған. Түркістанда жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының алдында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған ескерткіш орнатылды. Алматы қаласында мүсіншінің «DALA DAUYSY» атты шығармашылық көрмесі өтіп, көпшіліктің ықыласына ие болды.
Жыл ректоры – Жансейіт Түймебаев.
ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев оқу орнының тізгінін қолға алысымен оқытушылардың, ғалымдардың және студенттердің кәсіби деңгейін жоғарылату мәселесін жолға қойды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары бәсекеге қабілеттілігін кезекті рет дәлелдеп, Еуропа мен Орталық Азияның дамушы елдерінің үздік университеттері рейтингінде 19-орыннан 16-орынға көтерілді. Әлемдік академиялық қоғамдастықта өте жоғары деңгейде мойындалуы – ҚазҰУ-дың жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрсеткіші.
Жыл ұстазы – Асхат Жұмабеков.
2021 жылдың 9 қыркүйегінде Варке қорының Жаһандық мұғалімдер сыйлығы әлемдегі ең үздік 50 мұғалімді жариялады. Жаһандық сыйлықтың финалистерінің қатарында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков болды.
Жыл дәрігері – Алмат Қодасбаев.
Алматы Кардиология орталығының басшысы.Медицина саласындағы жетістіктері мен сіңірген еңбектері үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Даңқ жұлдызы» ордені, Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс», «Сократ Комитетінің «Үздік топ-менеджер», төсбелгілерінің иегері, медицина ғылымының докторы. Алмат Тұрысбекұлы Мемлекеттік стипендияның лауреаты, «Қазақстанның үздік кардиохирургы» номинациясы бойынша және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы байқауларының жеңімпазы.
Жыл ғалымы – Күнсұлу Закарья.
Қазақстан тынымсыз еңбек еткен ғалымдарымыздың арқасында COVID-19-ға қарсы өз вакцинасын жасап шығарған санаулы елдің қатарына қосылды. Бұл – біздегі ғылымның әлеуеті жоғары екеніне айқын дәлел. Күнсұлу Закарья сол отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар тобының жетекшісі, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.
Жыл журналисі – Бақыткүл Мәкімбай.
«DАТ» газеттер жобасының шығарушы редакторы, журналист Бақытгүл Мәкімбай коронавирус індетінен көз жұмған-ды.
Журналист Б.Мәкімбай Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, осы одақтың «Алтын медалінің» иегері. Қазақстан патриоттарының «Алмас қылыш» сыйлығының лауреаты. Оған Сорос қорының журналистика саласындағы «Батылдығы мен табандылығы үшін» сыйлығы да берілген-ді.
Жылдың тіл қайраткерлері – Қуат Ахметов және Диас Кузайыр.
Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етіп видео түсірген қоғам белсендісі Қуат Ахметовтың ісі биылғы жылы үлкен резонанс тудырды. Аталмыш видео Ресей билігінің де назарына ілігіп, нәтижесінде Мәскеу Қуат Ахметовтің Ресей аумағына кіруіне 50 жылға тыйым салды. Қуат Ахметовке қарсы ҚР ҚК-нің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Нәтижесінде Қуат Ахметов елден кеткені туралы хабарлады.
Диас Қузайыр. Керекулік тіл жанашыры, қоғам белсендісі Диас Қузайыр мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруде табанды еңбек атқарып келеді. 15 мыңнан астам жазылушысы бар ютуб арнасында тіл мәселесін ұдайы көтеріп, қоғам сенімін ақтауда. Әсіресе, еліміздің солтүстік өңіріндегі бірнеше қалаларда сауда орындарын аралап, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етіп, мониторинг жасаған видеолары әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Диас Қузайырды Павлодар облысы Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Нұрлан Масимов арнайы қабылдап, полиция қызметкерлері тарапынан мемлекеттік тілді білудің міндеттілігі жайлы айтты. Н. Масимов сонымен қатар, қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан Павлодар қаласы Трамвай паркі басшылығына да тиісті хат жіберіп, ескерту жасауды тапсырған.
Жыл блогері - Мәмбет Құрманбаев.
Мәмбет Құрманбаев ұдайы ұлттық мүдде жолында белсенділік танытып, мемлекеттік тіл мәртебесін қорғау үшін өткір жазбаларын жариялап жүреді.
Жыл кәсіпкері – Әнуарбек Бимурзин.
Белгілі меценат, ел ағасы Әнуарбек Нұржауұлы әрдайым қоғам үшін маңызды жобаларды қаржыландырып, қолдау көрсетіп жүретін тұлға. Биылғы жылы Алматыда руханият әлеміндегі елеулі оқиғалардың бірі болды. Әнуарбек Бимурзиннің қолдауымен бір кездері вандалдар қиратып, қараусыз қалған Қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаевтың зираты жаңартылды. Атап өту керек, әншінің зиратына алғаш рет 1992 жылы жақындары құлыптас қойған. Бірақ белгісіз біреулер зиратты қиратып кеткен еді. Содан бері атақты тұлғаның бейіті, күтусіз қалған.
Жыл спортшысы – Теміртас Жүсіпов.
Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов биыл Белградтағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 48 келіде жұдырықтасқан Теміртас Жүсіпов финалда таиландтық Вуттичай Юрачайды 5:0 есебімен жеңді. Сондай-ақ ол қарсыласын үшінші раундта нокдаунға жіберіп, өзінің әлемдегі мықтылығын дәлелдеді.
Жыл диаспора үздігі – Владимир Чепель.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облысы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Владимир Чепель Мемлекеттік тіл мәселесінде әрдайым өткір ойларын ашық айтып жүретін ел азаматы. «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде оның Мемлекеттік тілді меңгеруге барша Қазақстан азаматтарын шақырған үндеулері қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болды. «Әр Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті» деп турасын айтып жүрген В. Чепельдің әрекеті барлық отандастарға үлгі боларлық іс.