“ҰЗЫН АТА” кесенесі КОМИССИЯДА ҚАРАЛАДЫ - министрлік пен әкімдік
2021 ж. 10 желтоқсан
1699
0
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" фракциясы мүшесі Қазыбек Иса жақында Түркістан облысы, Шардара ауданындағы қасиетті «Ұзын Ата» кесенесін сақтап қалу туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұловаға депутаттық сауал жолдаған болатын.
Бүгінде апаттық жағдайда, құлау алдында тұрған, кезек күттірмес, қолға алуды сұранып тұрған, рухани құндылығымыз «Ұзын Ата» кесенесін әлемге әйгілі Әмір Темір көрегеннің өзі салдырған. Тарихына үңілер болсақ, түркі жұрты кие тұтатын «Арыстан бап», «Қожа Ахмет Ясауи» кесенелерімен қатарлас іргетасы қаланған тарихи көне жәдігер.
Депутат Қазыбек Иса жазда іс-сапармен ел аралағанда, Шардара ауданындағы кездесулерде де осы мәселе көтерілген еді.
Иә, Елбасымыз Рухани жаңғыру бағдарламасын жариялап, ҚР Президенті Қ.Тоқаев мәдениетке мән беріп, қолдау жасап жатқанда рухымызды шыңдап, имандылық нәрін себетін киелі кесененің құлағалы тұрғаны ешқандай сын көтермейді.
Жақында осы мәселе бойынша ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Еркінбаев пен Түркістан облысы әкімі орынбасары Сәкен Қалқамановтың жауабы келді. Министрлік пен әкімдіктің жауаптары бойынша, Ұзын ата кесенесінің жай-күйі және оның сақталуын қамтамасыз ету мәселелері жуық арада Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссиясының отырысында қарауды жоспарлап отыр. Ұсыныс Мәдениет және спорт министрілігіне жолданатын болады.
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрі
А.Р. Райымқұловаға
Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы!
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көмескіленген тарихи жәдігерлеріміз қайта жаңғырып, ұлттық рухани қазыналарымызбен қауышып жатқанымызға және аталмыш жобаға сай әлі де болса көзден жырақ, назардан тыс құндылықтарымызды қайтадан қалпына келтіретіндігімізге халқымыздың сенімі мол.
Ел рухын шыңдайтын осы бағыттағы кезек күттірмес, қолға алуды сұранып тұрған рухани құндылығымыз – Шардара ауданындағы «Ұзын Ата» кесенесі.
Бүгінде апаттық жағдайда, құлау алдында тұрған «Ұзын Ата» кесенесін әлемге әйгілі Әмір Темір көрегеннің өзі салдырған. Тарихына үңілер болсақ, түркі жұрты кие тұтатын «Арыстан бап», «Қожа Ахмет Ясауи» кесенелерімен қатарлас іргетасы қаланған тарихи көне жәдігер.
Біздің заманымызға «Ұзын Ата Әулие» есімімен жеткен Шермұхамбет Халипа Дүрманұлы – бүкіл Орта Азия жұртына имандылық нұрын шашқан діни қайраткер, ағартушы – ұстаз болған. Сол себепті баба басына Орта Азия елдерінен көптеген кісілер зиярат етіп, келіп тұрады.
Көптеген тарихи деректерде бұл кесенені Әмір Темір көрегеннің өзі салдырғандығы туралы деректер бар, оның ішінде:
- Барлық ғұмырын Орталық Азия аймағын зерттеуге арнаған ғұлама ғалым, академик В.В. Бартольдтың тарихи еңбектерінде жазылған.
- Әмір Темір көрегеннің өмірбаяны және атқарған жұмыстары мен қол жеткізген жеңістері туралы XV ғасырда 1425 жылы жазылған атақты парсы тарихшысы Шарафаддин Яздидің «Зафар наме» (Жеңіс кітабы) кітабындағы дерек бойынша «Ұзын Ата әулие» кесенесін Әмір Темір Көреген 1040 сарбаздарымен келіп, 1384 жылы екі күн ішінде салдырып бітірген. Бұл кесенеде қойылған Шермұхамбет Халипа Дүрманұлы – «ҰЗЫН АТА ӘУЛИЕ» хижра бойынша 778 ж., немесе 1357 жылы, шәуіл (мамыр) айының 21 жұлдызында қайтыс болған» деп Кеңес Өкіметі кезінде қойылған кесененің маңдайшасындағы қоладан құйылған тақтайшада жазулы.
Жоғарыда баян етілгендей, ілім мен ағарту саласында ел үшін тер төккен ұстаз-баба кесенесі опырыла-құлаудың алдында тұр.
Кеңес Өкіметі кезінде аудан басшылары мен жергілікті халық өкілдері бірігіп, кесененің қабырғалары айрылып, құлау қаупі төнгендіктен төрт жағын темір құрсаумен бұғаттап қойылған.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Қазақстанның киелі жерлері» жобасында көзделгендей, ел кие тұтып, алыс-жақыннан зиярат етіп жиналатын осы «Ұзын Ата» кесенесін «тарихи-мәдени мұра объектісі» ретінде танылып, бүгінгі таңда Шардара ауданының әкімшілігінің теңгеріміне алынған. Бірақ бұл тарихи ғимараттың сақталып қалуы және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай жаңғыруы үшін, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қаралымына өтіп, Қаз Реставрация мекемесімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, келешек ұрпаққа аманат ретінде қалуына ықпал етуіңізді сұраймын.
Хатқа көрнекті құрал ретінде шығарылған журналдың 1 данасын қосымшасы ретінде поштамен жолдаймын.
Құрметпен,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ. Иса
Енді келген жауаптармен таныстырайық.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Ж. Исаға
Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан облысы, Шардара ауданының Ұзын ата ауылының аумағында орналасқан Ұзын ата кесенесіне қатысты жоғарыда көрсетілген хатыңызды қарап, келесіні хабарлайды.
Ұзын ата кесенесі Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2020 жылғы
17 қыркүйектегі № 188 қаулысымен Түркістан облысының жергiлiктi маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тарих және мәдениет ескерткiштерi жергілікті немесе республикалық мәртебесіне қарамастан мiндеттi түрде мемлекет тарапынан қорғалуға және сақталуға жатады.
Осы ретте, Ұзын ата кесенесінің жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде болуы оны басқарудың, сақтаудың, зерттеудің және жай-күйін мониторингтеудің мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді деп пайымдаймыз.
Сонымен бірге, Түркістан облысы Мәдениет басқармасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығының мәліметі бойынша Ұзын ата кесенесінің жай-күйі және оның сақталуын қамтамасыз ету мәселелері жуық арада Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссиясының отырысында қарауды жоспарлап отыр.
Вице-министр Е. Еркінбаев
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаты
Қ.Исаға
Сіздің Түркістан облысы әкімдігіне жазған Шардара ауданындағы «Ұзын Ата» кесенесі туралы хатыңызға төмендегіні хабарлаймыз:
Ұзын ата кесенесі өңіріміздегі ортағасырлық сәулет өнерінің құнды ескерткіші болып табылады. Сәулет ескерткіші Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 19 қыркүйектегі №188 қаулысымен бекітілген жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Аталған ескерткішті Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарына қосу мәселесі Түркістан облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралып, Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 10 бабы, 4 тармағына сәйкес Мәдениет және спорт министрілігіне ұсыныс жолданатын болады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары С.А. Қалқаманов
Министрлік пен әкімдік Рухани жаңғыру аясындағы ел күтіп отырған нәтиже шығарады деп сенеміз.
“Ақ жол" партиясы ел сенімін ақтап, халық аманатын орындау жолындағы қайрат қарқынын арттыра береді.