«Әлемге әйгілі басылымның қазақ тілінде жарық көруін ана тіліміздің жетістігі деп бағалаймын»
2016 ж. 22 ақпан
2714
1
Елбасы «National Geographic" журналы туралы ойын білдірді
Әлемге әйгілі «National Geographic Қазақстан» журналының қазақ тіліндегі алғашқы саны жарыққа шықты. Елімізде мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылымның алғашқы санында Елбасы Н. Назарбаевтың құттықтауы жарияланған.
Беделді баспа бренді Орта Азияға алғаш рет қадам басып, соның ішінде Қазақстанда қазақ тілінде жарияланып отыр. Алғашқы санның бірінші бетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хаты жарияланған. Онда Елбасы: «Мен әлемге әйгілі басылымның Қазақ жерінде, қазақ тілінде жарық көруін ана тіліміздің халықаралық деңгейдегі тағы бір жетістігі деп бағалаймын», - деп атап өтеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлы даладағы айшықты табиғат пен шежірелі тарихты, кең байтақ Қазақстанның туристік әлеуетін дәйекті деректермен баяндап, әлем жұртына жан-жақты насихаттау - еңселі елдіктің белгісі екенін айтады.
Бүгінгі күні осынау ғылыми-танымдық географиялық журналын республикамыздың барлық өңірлеріндегі газет-журнал сататын дүңгіршіктерінен табуға болады.
Беделді баспаны шығарушылардың айтуынша, журналдың басты мақсаты - Қазақ елінің баға жатпес әрі қайталанбас бай табиғатын, жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемін насихаттау, сондай-ақ отандық ғалымдар мен зерттеушілерді жан-жақты қолдау. Бұдан бөлек, журнал ағымдағы жылы бірқатар экспедициялар ұйымдастырып, фотокөрмелер өткізуді де жоспарлайды.«Қазақстанның ғажайып, сұлу табиғатын атағы жер жарған фотографтардың көзімен әлемге көрсету, елдің тарихын, археологиялық қазба жаңалықтарын мемлекеттік тілде тарату - бұл ауқымды жоспарымыздың азғана бөлігі. Журнал өзінің алғашқы санынан-ақ, еліміздегі экологиялық проблемаларға, соның ішінде Арал теңізінің тартылуына қатысты мәселелерге жұртшылықтың назарын аударады. «Арал тағдыры - адам тағдыры» деп аталатын мақалада ғаламшарымыздың ең үлкен су қоймасы, Орталық Азияның маңызды стратегиялық нысаны - Арал теңізінің бүгінгі жай-күйі баяндалған», - делінген баспасөз баянында.
Айта кетейік, «National Geographic» географиялық қауымдастығы 1888 жылдың қаңтарында құрылып, әлемдегі ең ірі коммерциялық ұйымға айналған болатын. Географиялық білім мен ғылымды насихаттап, тарату мақсатында құрылған ұйымға алты ай өткенде, 1888 жылдың қазанында әлемдік журнал алғаш рет жарық көрді. Оның жаһандық миссиясы - ғылыми, білім және қоршаған ортаны қорғау бағдарламаларына қолдау білдіру болды. Қауымдастық осы бағытта 9000-нан астам жобаны қаржыландырған.
National Geographic әлемнің 38 тілінде шығатын журналдан бөлек кітаптар басып, телебағдарламалар мен фильмдер түсіріп таратады.
Осылайша, 128 жылдан бері өз дәстүрін қалыптастырған беделді басылым, саясаттан басқаның барлығын қаузайды. Бүгінгі таңда журнал әлемнің 80 мемлекетіне таралады. «National Geographic» қауымдастығының қамтитын аудиториясы 600 миллион адамнан асады. Журналдың әрбір саны миллиондаған оқырмандарға әлемдік деңгейдегі қайталанбас әрі ерекше сапалы фотосуреттер ұсынып, адамзатты қоршаған ортаны аялауға, ізгілікке шақырады.
Дерек көзі: ҚазАқпарат