Қазақ халқының бірінші жауы – шала қазақтар
2013 ж. 27 қыркүйек
3652
5
Өткен жексенбіде Алматы қалалық мұрағатының ғимаратында бір топ қоғам өкілдері Тілдер күніне арналған жиын өткізді. «Ғимарат» деген аты болмаса, ол мұрағат қаланың бір қиырында, көлік қатынасы қиын бір қуыста орналасқан екен. Бірақ белгілі қоғам қайраткері, халық ақыны Мұхтар Шаханов өткізеді деген соң болуы керек, әбүйір болғанда, үш жүзге тақау орыны бар зал лықа толды. Сыймағандардың біразы – айқара ашық есіктен үңілуге, енді біразы – кейін қайтуға мәжбүр болды.
Осы жиында белгілі журналист Жарылқап Қалыбай айтқандай, Қазақстан үшін Тілдер күні – Тәуелсіздік күнімен пара-пар мереке болуы керек еді. Осы мерекені пайдаланып, есі бар билік қазақ халқының мүддесіне орайлас барлық қам-қарекетін жасап, әншейінде үйіп-төгетін уәделері сияқты сөзі болса, айтып-айтып қалуы керек-ті.
Өкініштісі де сол – олай болмады. Қаланың қақ ортасынан бір орын бұйырмаған атаулы күн жетім қыздың тойындай өтті. Қазақ тілінің жанашырлары мұрағатты іздеп, сабылғаны – өз алдына, тілім-тілім тіліне теңдік тілеп келген жұрттың шағын залға сыймай қалғаны – қазақтың мүддесі бұл билікке бес тиын екенін тағы бір дәлелдесе керек.
Осы жиынға жиналған жұрттың ұзын саны 500-ден аспайтынын ескерсек, «тілім» деп тентіреп жүрген нағыз қазақтардың аздығына тағы бір нала боласыз. Дегенмен, қалалық әкімшіліктің рұқсатымен, полицияның қадағалауымен өткен Тіл мерекесінде айтылған сөз, қозғалған мәселе жетер құлақ болса, құрышын қандыратындай-ақ айтылды.
Біз газеттің айқарма бетіне сыйғанынша сөздерін жария етіп отырған азаматтардан басқа сөз алған жазушы-ғалымдардың, саясаттанушылардың, қоғам қайраткерлерінің ашына айтқан дәлелді пікірлері көптің көңілінен шықты. Советхан Ғаббас мемлекеттiк-ұлттық идеологияның жоқтығын, Жанұзақ Әкiм мен журналист Дәурен Бабақұмар қазақ тілін дамыту үшін не істеу керектігін айтты.
Ал қала әкімінің орынбасары Зәуре Аманжолова тіл мәселесінде қалалық билік «ананы – қатырды», мынаны – бітірді» деп, Алматыда жаңадан ашылып жатқан қазақ мектептерінің санын тiзбелеп айта бастауы мұң екен, жиналғандар арасынан наразылық туып, зал у-шуға толып кетті. Дәл осы арада айта кету керек, Тілдер мерекесі тек қана Алматыда ғана емес, Қазақстанның басқа аймақтарында да кезіндегі интернатта жексенбі күні жұмыртқа беретіндей ғана жарым көңіл қуаныш болды.
Әйтеуір қазақтың тілі туралы 13 минут бойы екпіндете поэма оқыған бес жастағы Шаймерденге риза болған жұрт қазақ тiлiнiң тағдыры сенiмдi қолға – жаңа ұрпаққа өтеді деген нәумиез көңілмен тарасқандай болды.
Редакция
Мұхтар ағам
«ЖЫНДЫ»
болмағанда...
- Осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Мұхтар аға Шаханов тіл жанашырларының жиынын ашып, толқып-толғанып сөз сөйледі. Әдеттегідей әділетсіздікке, қазақ тілінің қайғылы жағдайына, ұлтымызды ұлтарақ күйге түсірген саясатқа ашуланып сөйледі. Сонда Мұхаң айтқан сөздің қысқа-нұсқасы мынау еді: