Шыңғыс хан Алтай тауына жерленген - ғалым
2016 ж. 24 маусым
4402
3
Шыңғыс ханның тұлғасы туралы әңгімелер әлі күнге дейін толастамауда. Жақында шетелдік бір ғалым оны қазақ деп жариялап жібергенін де білеміз. Қазақ ғалымдары да Шыңғыс ханды қазақ етуге кет әрі емес. Бірақ бұл сұрақтың жауабы ханның жатқан жері табылғанда ғана белгілі болмақ. Сонда ДНК зерттелуі жасалып, Шыңғыс ханның қай ұлтқа жақын екені анықталады.
Әзірше, Шыңғыс хан туралы жаңалықтар, әсіресе, оның қайда жерленгені туралы түрлі пікірлер әлем жұртшылығын жиі елеңдетуде. Оның мәнін түсіну қиын емес, себебі бүгінгі заманда дамып жатқан техниканың мүмкіндіктерімен
жердің астын ғарыштан бақылау арқылы Шыңғыс ханның жерленген жерін табу уақыты жақын деген жорамал бар.
Әрі Шыңғыс ханның жатқан жерін айқындап, атақты Троя қаласын тапқан Генрих Шлиман сияқты, айды аспанға бір шығарсам дейтіндер қай елде болмасын жетіп артылады. Мұндай ізденушілердің кейбірінің осындай жаңалық ашу арқылы өзінің елін де бүкіл әлемге танытуды мақсат еткен ұлтжандығын да түсінуге болады.
Сонымен, Шыңғыс ханның дәл қай жерге жерленгені әзірге белгісіз. Бірақ қай аймақта жатқанын айтуға болады. Бұл туралы 1999 жылы Санкт-Петербург қаласында «Амфора» баспасы шығарған «Марко Поло. Книга о разнообразии мира» атты кітаптың 91-бетінде келтірілген деректен білуге болады.
Дүниежүзін аралаған Марко Полоның айтуы бойынша: «Всех великих государей, потомков Чингис хана, знайте, хоронят в большой горе Алтай; и где бы не помер великий государь татар, хотя бы за сто дней пути от той горы, его привозят туда хоронить». Бұл мәліметті оқыған әр адам Шыңғыс ханның ұрпақтары Алтай тауында жерленсе, демек, Шыңғыс ханның өзі де, сол жақта жерленген деген тұжырым жасауы өте қисынды.
Бұл әрине бір ғана дәлел. Сондықтан тағы бір мәлімет келтірейін. 2003-жылы Мәскеу қаласында «Молодая гвардия» баспасы «Тамаша адамдар өмірі» сериясының кезекті басылымы етіп француз шығыстанушысы Рене Груссенің «ЧИНГИСХАН: покоритель вселенной» атты кітабын басып шығарды. Осы кітаптың 231-бетінде былай деп жазылған: «О смерти Чингисхана какое-то время молчали: важно было не допустить, чтобы весть о ней дошла до народов враждебных или подчиненных совсем недавно, так как еще не все меры безопасности были приняты. На своем пути воины эскорта убивали всех более или менее подозрительных иноплеменников, имевших несчастье повстречаться с траурным шествием. Впрочем, это соответствовало древнеалтайскому обычаю, требовавшим таким способом обеспечить покойника слугами в лучшем мире».
Р. Груссе бұл еңбегін жазбастан бұрын, тек жоғарыда аты аталған Марко Полоның ғана емес, басқа да жазбагерлердің еңбектерімен мұқият танысқан. Сондықтан Шыңғыс ханды жерлеу туралы айта келіп байырғы алтайлықтардың қайтыс болған адамдарды жерлеу рәсімі туралы жазуы тектен тек емес. Демек Франция Академиясының мүшесі, «Ларусс энциклопедиясы» ғұлама шығыстанушы деген баға берген ғалымның «…это соответствовало древнеалтайскому обычаю» деп жазуы Марко Полоның айтқанының шындық екенін дәлелдейді.
Венециялық Марко Поло Шыңғыс ханның немересі Құбылай ханның қарамағында он жеті жыл жүріп, елшілік қызмет атқарған. Ханның ана тілінде сөйлеп, елінің жазуын меңгерген. Ол Шыңғыс хан туралы Құбылай ханның өз аузынан да, басқалардан да көп естігені сөзсіз. Әрі сол он жеті жыл барысында Шыңғыс ұрпақтарының бірін жерлеу рәсімінің куәсі болуы әбден мүмкін.
Әрине, Құбылай хан атасының дәл қай жерде жерленгенін білді, бірақ ол туралы қанша жақын тартса да Марко Полоға айтпады. Бүтін бір елдің тұрғындарының білуіне тыйым салынған бұл мемлекеттік құпия, шет елдің азаматына ешқашан айтылмауы заңды.
Шыңғыс ханның ұрпақтары өздерімен бірге алып кеткен осы құпия қашан ашылады, оны кім ашады, ол жағы белгісіз. Мүмкін, бұл жұмбақтың шешімін табуға ғарыштық археологияның күші жетер, мүмкін жетпес…
Қалай болғанда да Шыңғыс ханның жатқан жері — Алтай тауының етегі.
Бердалы Оспан
Дерек көзі: 365info.kz