Сәләфизмнің негізгі аңсары мемлекет тізгінін қолға алу
2016 ж. 11 маусым
4786
14
Белгілі саясаттанушылар мен дінтанушылар билікке ашық хат жазды. Онда бүгінде ең өзекті болып отырған өзге ұстанымдарды насихаттаушы діни ағымдардың ұлттық құндылықтарымызға қарсы әрекет етіп жатқандығы туралы кеңінен айтылған. Құрметті оқырман, сіздердің назарларыңызға сол ашық хаттан үзінді ұсынуды жөн көрдік. Қазіргі қоғамның бітеужарасына айналған бұл мәселені ел болып шешуіміз керек.
qazaquni.kz
Жерімізге келген бұл ағым (Сәләфизм) ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі дінімізді теріске шығарып, «ата-бабаң адасқан, таза ислам ол емес, мынау» деп, ата-баба дінін өз ұрпағының аузымен мансұқтата бастады. Осыдан кейін ел іші екіге жарылуда. Халықтың арасынан бет сипап, аруаққа Құран бағыштауға қарсы шығатын жамағат бой көрсетті. Осының кесірінен алауыздық туындап, ат шаптырып, ас беріліп жатқан жерде екі қазақтың басы бір дастарханда түйіспейтін болды.
Сыналап кіре бастаған сәләфизм идеологиясы астан бастап, той-томалақты да жағалай бастады. Үлкенге құрмет көрсетіп, жерден жібек алғандай иіліп сәлем салатын келіндеріміздің белі беташарда бүгілмей, қаққан қазықтай қақиып тұратын болды. Яғни, отбасындағы ұл мен келін «ширк» деп ши шығарып, айрандай ұйыған әулеттің берекесін қашырып, іркіттей ірітіп, отбасылық құндылықтарды құлдыратуға апарды.
Ақыр аяғы салт-дәстүрді адасқан ата-бабаның сарқыншағы деп, ырымға қырын қарап, домбыраны шайтанның құралына балап, ұлттық болмыстан айыруға кірісті.
Құран мен Пайғамбар хадисінен басқаның бәрі баянсыз деп, қазақ даласына сан ғасырлар бойы діннің дәнін егіп келген Қожа Ахмет Яссауи, Бұқар Жырау, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр секілді дала ділмарларын да мойындамай, олардың бәрін адасқандарға теңеп, әдебиетіміздің құнды жауһарларын тарих бетінен өшіруге күш салуда. Себебі, олар Орта Азияда қанатын кеңге жайған Мәтурудия ақидасының өкілдері саналады. Ал сәләфизм әһлі-сүннет уәл жамағат ақидалары: матуруди мен әшғариді адасқан ағым деп есептейді. Ол аз десеңіз, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб, Қарахан секілді айтулы тұлғаларымыздың кесенесін де «ширк» деп жарып жіберуге шақ қалып тұр.
Ең қорқыныштысы, ел мұсылмандары ұйып отырған Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарсы насихат жүргізіп, имамдардың сыртынан ғайбат айтып, білімсіз наданға теңеп, елді дел-сал күйге түсірді. Тіпті, мешіттің ішінде де алауыздық туындап, жамағат екіге бөлініп, имамға ұюды қойғандар да шығуда. Халық осылардың кесірінен баласын мешітке жіберуге қорқады. Не керек, баласы иманға бет бұрып, намазға жығылғаны үшін ата-анасы қуанғанның орнына «балам басқа ағымға кетіп қалмады ма?» деп те үрейленетін болды.
Енді елдің ішін осылай алатайдай бүлдіріп, ынтымағана сызат түсіріп, діни дүрдараздыққа себеп болып отырған сәләфилік идеологиясын қалай ғана «қалыпты» деп бөліп қарауға болады. «Қалыпты» деген сөз елімізге еш қаупі жоқ дегенді білдіреді емес пе? Ал олардың қазірге қару алмағандығын ескеріп, бұлай дейтін болсақ, онда иеговаларды да, ахмадияшыларды да «қауіпсіз» деп жайбарақат отыра беруіміз қажет.
Сәләфизмнің бұлардан басқа елімізде тағы бір тобы бар. Олар өздерінің түпкі мақсатын айқын көрсетпей, қоғаммен ашық қарсыласпай, бәрімен тіл табыса жүріп қиыннан жол таба білетін топ. Уаһабшылардың бұл әдіс-айласы теология ғылымында «тахия» (жасырыну) деп аталады. Ішкі қалауы айпарадай айқын көрінбегенімен, осы тахияшылар сәләфизм қозғалысының ішіндегі ең қауіпті тармағы саналады. Өйткені, тахияшылар қалың бұқараның қамын жеген болып, көпшіліктің сеніміне кіріп, сәті түскенде, өз идеологияларын тықпалауға тырысып бағады.
Бүгінде бұл ағым өкілдерінің тұмсық сұқпаған жері қалмады. Қара халыққа, қоғамдық пікірге ықпал ете алатын көптеген өнер иелерін, спортшыларды, журналистерді, ақын-жазушыларды, ірі кәсіпкерлерді, тіпті кейбір молдаларды да осы ағымның сапынан көруге болады. Олар көбіне қоғамға сөзі өтетін, белді-беделді тұлғаларды көздейді. Сондай өкілдерді бірнеше мәрте ұмра мен қажылыққа апарып, сол жерде отырған өздерінің уағызшыларына саналарын улап келеді. Олармен қажылыққа барып келгендердің көзқарасы көз алдымызда өзгеріп шыға келгеніне талай мәрте куә болып та жүрміз.
Міне, осылайша түрлі тәсілдермен қоғамға еніп, түрлі тармақтармен идеологиясын жайып келе жатқан сәләфизм ағымының ендігі аңсары еліміздің діни басқармасы мен мемлекеттің тізгінін қолдарына алу.
Осының бәрін қорыта келгенде айтарымыз, сәләфизмге жол ашуымыз өз ұлттығымыздың тамырына балта шабуымыз. Қой терісін жамылып жүрген «қалыпты сәләфизмнің» жолын қазірден кеспесек, терісін сыпырғаннан кейін «айқайлай-айқайлай қасқырдан ұят болды» деу ғана қалады. Одан кейін қолымызды кеш сермеген болады. Егер қазірден бастап сәләфизмнің күре тамырын қыспасақ, ертеңгі күні тыныштығы кетіп, берекесі қашып, тұнығы лайланған Солтүстік Кавказдағы Шешенстанның, Тәжікстанның, Дағыстанның күйін кешеріміз анық. Досай Кенжетай, түркология зерттеу орталығының директоры, дінтанушы-философ, Қайрат Жолдыбайұлы, ҚМДБ найб-мүфтиі, Әзiрет Сұлтан мешітінің бас имамы, Айдос Сарым, саясаттанушы, Дәурен Қуат, Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы, Мұхан Исахан, заңгер-шариғаттанушы, Гүлбиғаш Омарова, «Түркістан» газетінің жауапты хатшысы, Амангелді Құрметұлы, Республикалық «Жебе» газетінің бас редакторы, Қайрат Құрманбай, исламтанушы-докторант, Сайд Абдунайым, исламтанушы-доктарант, Ермек Мұқатай, Алматы телеарнасы «Бес парыз» бағдарламасының жүргізушісі, Төре Қыдырәлі, Шығыстанушы ғалым, Рүстем Сыздықов, дінтанушы, Рахымжан Әкімбеков, исламтанушы, Ербол Өміржанов, заңгер-публицист.
qazaquni.kz