Қазақтардың ғұндардың тікелей ұрпақтары екенін ДНК сараптамасы анықтады
2016 ж. 31 наурыз
3465
0
Қазақстан аумағында шамамен үш-төрт мың жыл бұрын тұрған андроновтықтарда қазақтың табын руында жиі кездесетін гендер жинақтамасы бар екені анықталды, деп жазады «Экспресс К» газеті.
Қазақстандық ғалымдар қазақтар мен ғұн жауынгер халқының, сондай-ақ арийлер ретінде танымал андрон мәдениеті өкілдерінің ДНК-ларын салыстырды. Шамаланғандай, бұл үш халықтың арасында жақын туыстық байланыс анықталған.
Зерттеуді Shejire DNA жобасының басшысы Жақсылық Сәбитов жүргізді. Батыс ғылымында андрон мәдениетінің өкілдерін арийлер деп атайды. Аты аңызға айналған Арқайым қаласын салып, алғашқы екі аяқты күйме арбаны ойлап тапқан - осылар. Олардың мәдениетінің іздері Сібірден бастап, Үндістанға дейінгі алып аумақта кездеседі. Ғұндар керейіт, уақ және сіргелі руларынан шыққан қазақтарға жақын болып шықты. Жақсылық Сәбитов Солтүстік Қытайдың аумағындағы Эгин-гол, Дуурлик Нарс және Баркөл қорымдарында жерленген жауынгерлердің ДНК-сын зерттеген соң осындай пікірін жария етті.
Ғұндар иелігі шамамен 4 млн. шаршы метр аумақты құраған қуатты рулы ел болған. Осы жауынгер салт атты көшпелілерден қорғану үшін, қытай императоры Ци Ши Хуанди Ұлы Қытай қорғанын салды. Біздің дәуіріміздің І ғасырында қытай империясымен соғыста жеңілген көшпелілер батысқа қарай ығысып, өздерін ғұндар деп атай бастады.
Ғұндардың орнын Солтүстік Қытайда жауынгер қидан руы басты. Олар бірнеше жүздеген жыл бойы Шығыс Азияда ең қуатты империя дәрежесін ұстаған мемлекетті құрды. Ақыры қидандар шүржендерден жеңіліп, Қазақстан аумағына ығысып, қазақ халқына келіп қосылды. Олар өздерін наймандар деп атаған (моңғол тілінде «сегіз» дегенді білдіреді). Империясы гүлденген кезде қидандардың сегіз ұлысы болды.
Дерек көзі: ҚазАқпарат