Ұсталық - көнеден қалған құнды мұра
2016 ж. 28 ақпан
14003
0
Ұлы дала төсінде соңғы үш мың жыл бойы салтанат құрған көшпелі өмір салттың ең соңғы мұрагері қазақ халқы. Содан болар, көшпелі қазақтың материалдық және рухани мәдениеті тікелей байырғы салтпен шендесіп жатыр. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз жер қойнауының құпиясын ашып, оның бар асылын пайдалана білген. Тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, сан-алуан әсемдік әшекейлерді, қару-жарақтарды жасаған. Бұл кәсіп атадан балаға мұра боп қалып, бізге дейін үзілмей жалғасып келе жатқан ұсталық және зергерлік кәсіпті қалыптастырған. Ұсталық, зергерлік кәсіп орта ғасырға қарай қазақтар арасында айрықша қарқын алған. Мұның өзі көшпелілерді мұздай қару-жарақ, ер-тұрман, үй мүліктерінің алуан түрлерінің дүниеге келуіне себепші болды. Жалпы, ұсталық кәсіпті түркі тектес халықтар «киелі өнер» деп санаған. Темірді балшықша илеп, одан түйін түйетін шеберлердің атын атамай «Ұста» деп әспеттесе, ұстаның жұмыс орны «ұстахана» деп аталған. Ұстахананы «қасиетті орын» - деп түсінді. Ұстаның қолынан шыққан тұтыну заттарын аялап, ерекше қастерлеп күтіп ұстаған. Ұста ағаш көмірі, сексеуіл шоғы арқылы темірді қыздырып, балқытып алған соң, соғып, құйып қажетті заттарды жасай білген. Қаралау, бұрау, түйіндеу, қалыптау, ширатпалау, шегендеу, алтынмен аптап, күміспен күптеу тәсілдерін меңгерген. Х1Х ғасырдың екінші жартысында күнделікті тұрмыстық тұтыну бұйымдары, еңбек құралдары, ат әбзелдерін т. б жасай бастаған. Кеткеніміз оралып, жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанып, тәуелсіздік шапағаты төгілген осынау кезеңде, егемендігіміздің еңселі жылдарының жарқын бір жемісі –мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының жасалып, жүзеге аса бастауы. Оның мақсаты – халқымыздың бірегей ұлттық мәдениетін, мәдени құндылықтарын іздеп, тауып, зерттеп әлемге әйгілеу. Бұл әлемде теңдесі жоқ әлеуметтік жоба . Өңірде өмір сүрген қазақ ұсталарының туындыларын, мұраларын іздеп табу, оны келер ұрпаққа жеткізу, насихаттау, табылған жәдігерлерден көрмелер жабдықтау жұмыстары Көктерек тарихи-өлкетану музейінде жоспарлы түрде жүргізілуде. Музей экспозицияларында көрініс тапқан ұста құралдары: төс, балға, балта, қысқаш, бұрғы, түрлі құйма қалыптар өткен ғасырларда ұсталық кәсіптің жергілікті жерде болғандығын дәлелдесе, сол ұсталардың қолынан шыққан тұрмыстық заттар: жез ыдыстар, шойын қазан, темір үтіктер, келі-келсап, мосы, ошақ, сондай-ақ ат әбзелдері: кісен, ауыздық, үзеңгі, таға, ат тарақтар аталмыш өнер туындыларының өткен тарихынан сыр шертіп тұрғандай. Бүгінгі таңда Көктерек ауылына қарасты Саралжын елді мекенінің тұрғындары болған, ұста Ибатұлы Мұстажап (Мұштан) мен зергер Өзира Рамазан келінінің фотосуреттері, кәсіби құралдары музей экспозициясынан орын алып, көпшілікке танылуда. Сондай-ақ жергілікті мектептегі еңбек, тарих пәндері жоспарларына сәйкес музеймен тығыз байланыс жасап, осы өнер түрлерін кеңінен насихатталуда. Кім біледі, мүмкін алдағы күндерде осы шеберлердің ізін басып, игілікті істерін жалғайтын саналы ұрпақтар өңірден шығып қалар. Сондықтан да өткенді ұмытпай халқымыздың салиқалы салт-дәстүрлері мен өмір сүрудегі ақылды тапқыр іскерліктерін аша түсуді міндетіміз десек, сол арқылы халық мұрасын ұрпағына ұсыну мақсатымыз болмақ.
Сейткереев Жайсан Төлегенұлы. Көктерек тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, Көктерек ОЖББ мектебінің мұғалімі,
qazaquni.kz