Сәбит Байдалы, «Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің хатшысы: "Алаш идеяларының бірі – Қазақ елін Еуропа жолымен жаңғырту болған"
2014 ж. 07 қаңтар
2327
0
Құрметті съезд делегаттары және қонақтар!
Бөріхан Нұрмұхамедов бастаған жұмысшы тобы Партияның Жаңа бағдарламасының жобасын жасауда көп еңбек еткен. Оны атап өту қажет. Сонымен бірге партия үшін аса маңызды құжатты одан әрі жетілдіре түсудің мүмкіндіктері мен резервтері де жеткілікті.
Біздің Стратегиялық мақсатымыз бар – ол: тәуелсіз, гүлденіп, өсіп-өркендеген, демократиялық жолды ұстанған, еркін, бәсекеге қабілетті Қазақстан және сонда тұратын әрбір азаматтың лайықты өмір сүруі. Бұл Партия Жарғысында да жазулы. Сондай-ақ, Жаңа Бағдарламаның жобасынан Тәуелсіздік, Демократия, Бостандық, Әділеттілік деп белгіленген біздің іргелі құндылықтарымыз өзінің лайықты орнын алуы керек.
Ал осы құндылықтардан туындайтын қағидалы ұстанымдарымыз менімше, мыналар болуы керек:
Бірінші. Біз өркениетті оппозициямыз. Өркениетті оппозицияны қалыптастыруға Қазақстан қоғамының саяси мәдениеті пісіп жетілгенін іс-әрекеттерімен дәлелдеп отырған партиямыз. Алдағы уақытта да өркениетті жолмен өрге ұмтылатын, алдымызға биік мақсаттар қоятын партиямыз.
Екінші. Біз шағын және орта бизнес партиясымыз. Ең алдымен, қалыптасқан немесе қалыптасуы тиіс орта таптың, оның өзегі – отандық кәсіпкерлердің партиясымыз. Көпшілік жаңарған «Ақ жолды» негізінен отандық бизнестің мүддесін қорғайтын партия ретінде қабылдап та үлгерді. Енді біз бұдан танбауымыз керек.
Үшінші. Біз нақты істің партиясымыз: ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейде бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың мүддесіне орай нақты іс-шаралар мен іс-әрекеттерді жүзеге асыратын партиямыз. Сайлауалды тұғырнамамыздағы алға қойған 10 міндеттің негізгі тезистері Бағдарламадан өз орнын алу керек .
Төртінші. Біз ұлттық мүдделерді ілгері жылжытатын және қорғайтын партиямыз: Мұның мағынасы өте кең. Қазақстанның табиғи, экономикалық, әлеуметтік ресурстары, ең алдымен, ұлттық мүддеге қызмет етуге тиіс. Бұл кез келген одақта, ұйымдарда Қазақстан өнімінің және Қазақстан кәсіпорындарының басымдығы үшін күресуіміз керек. Қазақстандықтардың мүддесін ұлттық және халықаралық деңгейде қорғауымыз қажет. Ұлттық мәдени мұраны сақтау және дамыту, мемлекеттік тілдің мәртебесіне сәйкес оның рөлін көтеру, балалар мен жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеу, патриотизм рухында тәрбиелеу бағыттары қысқа да нұсқа тұжырымдалып берілуі керек деп санаймын.
Бесінші. «Ақ жол» - «Алаш» қозғалысы ізбасарларының бірі екендігі Партияның берік ұстанымы ретінде көрсетілуі тиіс. Мұны Азат Тұрлыбекұлы Перуашев 2011 жылдың шілде айында Партиямыздың 8-ші сиезінде жария еткен. Партия көшбасшысының сол кезде алғырлық пен зеректік танытқанына қазір куә болып отырмыз. Алаш тарихы – қазақ халқы тарихының мақтан етуге тұрарлық қасиетті бір бөлшегі. Ал Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан патшалық империяның тұсында ұлтымыздың жазба тарихын қалыптастыруға баса назар аударған жалғыз қазақ болған.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында «Мемлекет тарихын, даңқты бабалары жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарысын, қилы кезеңдері мен тағдырлы шешімдерін, ақтаңдақ беттері мен дара тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады» деп атап көрсетті. Біз тарихи зерттеу институттарының жұмысын атқара алмаймыз, әрине, дегенмен ұлттық тарихымыздың қайта зерделенуіне - Алаш тарихына жаңаша көзқараспен заман ағымына, уақыт талабына сай іс-шаралар жасау арқылы үлесімізді қоса беруіміз керек. Бір топ сенаторлар жуырда 2016 жылды Әлихан Бөкейхан жылы, 2017 жылды Алашорда мемлекетінің жылы деп атау қажет деген депутаттық сауал жолдады. Сенаторлардың ұсыныстары тұтастай алғанда ақжолдықтардың Алаш бойынша Үкіметке жолдаған сауалдарымен үндесіп жатыр. Біз бұған қуанбасақ, ренжімейміз. Мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама жасауды біз айтқанбыз, олар осы қос мерейтойды ЮНЕСКО аясында атап өту қажет депті. Халықаралық деңгейдегі қозғалыс пен Халықаралық деңгейдегі ұлы тұлғаны бұлай ұлықтай алсақ, бұл біздің партияның да зор жетістігі және жеңісі болар еді. Тарихи жадыға адалдығымыз және ұрпақ сабақтастығына ниетіміз бағдарламадан тайға таңба басқандай көрінуі тиіс.
Бағдарламаның сыртқы саясатқа қатысты бөлігіне бір-екі позицияны қосу керек секілді. Алаш идеяларының бірі – Қазақ елін Еуропа жолымен жаңғырту болған. Еуропалық Одақпен ынтымақтастық тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Президенттің бастамашылдығымен «Еуропаға жол» бағдарламасы (2009-2011ж.ж.) ойдағыдай іске асты, Еуропаның жетекші елдерімен үнқатысудың жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Еуропа мемлекеттері, олардың жоғары деңгейдегі технологиялық дамуын ескерсек, Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруда біздің басты экономикалық серіктесіміз болып қала беретіні анық. Қытай мен Ресей секілді екі алып елдің ортасында отырған бізге Еуроодақпен сенімді серіктес болу өте маңызды. Сонымен қатар, тағы бір маңызды бағыт - Түркі тілдес мемлекеттердің өзара ынтымақтастығынан, мәдени, рухани, саяси және экономикалық қарым-қатынасын нығайтудың қажеттілігінен туындайды. Тоныкөк, Күлтегіндерден бастап, кешегі Алаш қайраткерлері де тегі бір, тілі бір, тарихы ортақ түркі халықтарының тұтастығын аңсаған. Осы асыл арманды жүзеге асыру үшін түркі халықтарының атажұрты саналатын Қазақстан мемлекетінің басшысының жұмсап жатқан күш-жігерін «Ақ жол» партиясы қолдауы керек деп есептеймін.
Ерте ме, кеш пе елімізде Конституциялық реформа жасалады. Ол менімше Қазақстанды Президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға іс жүзіндегі түрлендіруімізге (трансформациялауға) тіреледі. Бұл бағытта айқын да анық көзқарас қажет.
Партияның жуырдағы және орташа мерзімдегі ең басты құжаты – Партиямыздың осы Бағдарламасы. Бұл біздің әрі саяси Доктринамыз, әрі алдағы сайлауда қабылдайтын тұғырнамамыздың негізі, әрі күнделікті басшылыққа алатын бағдаршамымыздың рөлін атқаратын әмбебап құжатымыз. Сондықтан, Партия активіне тағы да уақыт беріп, әлде де жобаны талқылап, нақты ұсыныстар алғанымыз жөн. Әлі де пысықтай түсетін, ойластыратын, ақылдасатын тұстар көп. Оны бүгінгі талқылау да көрсетіп жатыр. Пікірталастарды арнайы рубрика ашып «Қазақ үні» газетінің беттерінде де өрістетсек тіпті дұрыс болар еді. Жұмысшы тобы түскен ұсыныстарды ескере отырып, жобаны жетілдіріп, тұжырымдап Бағдарламаның соңғы нұсқасын Партияның Жаңа бағдарламасының Редакциялық комиссиясына тапсыруы керек. Оны тікелей Партия төрағасы басқаруы қажет. Редакциялық комиссия өз тарапынан ең соңғы өзгерістерін жасап, осы құжатты қабылдауға сиезбен арнайы өкілеттілік берілген партияның Орталық кеңесіне шығаруы керек.