Павелдің емес, Абылай ханның қаласы болсын!
2013 ж. 27 желтоқсан
3528
8
Павлодар мен Петропавл қалалары атауларының, тәуелсiз мемлекет болғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, сол қалпында өзгермей тұруы – ең алдымен, бүгiнгi билiк үшiн, содан кейiн бүгiнгi ұрпақ – бiздер үшiн үлкен сын! Ендi отаршылдық кезеңдi еске салатын Павлодар мен Петропавл атауларынан бiржолата құтылуымыз керек! Бұл мәселе әсiресе биыл мемлекеттiк хатшы М.Тажиннiң бастауымен өткiзiлген тарихшы-ғалымдардың үлкен жиынында айтылған сөздерiнен туындаған тарихымызды жаңаша көзқараспен жазып шығу керек деген ойдан кейiн ерекше маңызды да өзектi болмақ.
Өйткенi жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшiн ұлттық құндылықтарымызды, шынайы ұлттық тарихымызды, сол тарихымыздың ажырамас бөлiгi саналатын және патша үкiметi заманында жасанды жолмен жойылған Қазақстанның жер-су төл атауларын қайтаруымыз керек! Кезiнде Қазақстан президентi Н.Ә.Назарбаевтың өзi ономастика мәселесi жөнiнде мынадай пiкiр айтқан-ды: “Ономастикалық саясатты босаңсытуға болмайды. Жалтақтай беретiн ештеңе жоқ... Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетiн атауларды да, тiлдiң өзiндiк заңдылығын, табиғи үндестiгiн бұзып тұратын атауларды да ауыстырмаса болмайды” (қараңыз: Н.Назарбаев. “Қазақтың бүкiл тарихы – бiрiгу тарихы, тұтастану тарихы”. Егемен Қазақстан, № 53, 18 наурыз, 1998 ж.). Ал 10 жыл өткен соң ол кiсi: “Тәуелсiз мемлекеттiң бiр белгiсi оның ұлттық нышандары десек, сол ұлттық нышандар елдi мекендердiң, көшелердiң, алаңдардың аттарынан да көрiнiп тұруға тиiс... отаршылдық саясаттың көзiндей сақталып қалған атаулардан бiрте-бiрте арылу шарт...”, – деп тағы бiр мәрте өзiнiң бұл мәселеге қатысты ойын қадап айтқан едi. (Қараңыз: Нұрсұлтан Назарбаев. “Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық”, «Ана тiлi», № 23, маусымның 5-i – 11-i, 2008 ж.). Сондай-ақ, президент “бәрi де уақытында шешiледi” (бұл да сонда), – деген сөздерiмен әрбiр қазақтың жүрегiнде “бәрi де өзгередi” деген үмiт пен Қазақстанның болашағына деген сенiмдiлiк отын ұялатты. Қарап отырсақ, одан берi 5 жыл өтiптi – барлығы 15 жыл! Алайда “баяғы жартас – сол жартас”! 20 жыл бойы бiрқатар ғалымдар мен ақын-жазушылар Павлодар мен Петропавл қалаларының ескi аттарын қайтарайық деп дабыл қағып келедi, алайда билiк селт етпейдi, солай бола бередi де егер халық бұл аса маңызды мәселеге немқұрайлы қарамай белсендiлiк танытпаса! Ендi тағы уақыт өткiзiп алсақ тым кеш болатыны айқын, және бүгiнгi қоғамда қалыптасқан саяси ахуалға байланысты аталған қалалардың ескi аттарын қайтару өзекті мәселе. Сондықтан зиялы қауым бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаппай наразылық бiлдiрiп аталған қалалардың аттарын жақын арада өзгерту керектігін талап ету керек. Сонымен қатар, күнi бүгiнге дейiн қазақ мәселесiнiң шешiлмеуi қазақ зиялыларының жауапкершiлiгiнiң жеткiлiксiздiгiне де байланысты болып отыр. Өкiнiшке қарай, сол жоғарғы билiкке қазақ тарихында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша ықпал етуге тиiстi зиялы қауым ауызбiршiлiктiң болмауынан, сондай-ақ жағымпаздық пен немқұрайдылықтың сананы улап ақиқат жолын таба алмай адасып жүргендiктен, қазақ мәселесiн шешуге мiндеттi болса да шеше алмай келедi. Бұл тiптi өкiнiштi. Бүгiнде бiздер зиялы қауым деп атап жүрген ғалымдар, ақын-жазушылар қашан да хандар мен сұлтандарына ақыл-кеңес берiп сын айтып оларға ықпал ете бiлгенi қазақ тарихына әйгiлi. Мәселен, ұлы хан Абылайдың кеңесшiсi болған Бұхар жырау Қалқаманұлы әмiршiсiне ақыл-кеңесiн берiп қатал сын айтқан. Абылай хан болса ақылшысының айтқан пiкiрiмен санасып ақиқат пен шындық үшiн әдiлеттi ортақ шешiмге келуге тырысқан. Қазақстанның, Қазақстан халқының ұйтқысы саналатын қазақ ұлтының ұлттық мәселелерi алдыңғы қатарға шығып шешiлмейiнше қоғам, мемлекет iргелi дамымайды. Бұл қағиданы жоғарғы билiк жадына тоқып мықтап ұстануы тиiс! Бiздiң ойымызша “бәрi де уақытында шешiледi” деп белгiленген уақыт әлдеқашан жеттi. Тiптi тәуелсiздiгiмiздiң 10 жылдығына орай, 2001 жылы Павлодар мен Петропавл қалаларының аттарын сол уақытта өзгерту керек едi, өкiнiштi-ақ! Өйткенi әр нәрсенiң құдай белгiлеп беретiн уақыты болады. “Ештен кеш жақсы” демекшi жақын арада аталған қалалардың атауларын өзгерту керек. Қазақ халқына көп қасiрет әкелген, тарихи құндылықтарымыздан ажыратқан отаршылдық кезеңдi (XVIII – XX ғ. 80 жж.) тарихымыздың азалы дәуiрi деп ұғынуымыз қажет және болашақ ұрпаққа мұны жеткiзу бүгiнгi қоғам үшiн парыз, ал сол “отаршыл кезеңдi еске салатын, халықтың намысына тиетiн” Павлодар мен Петропавл атауларының сақталуы жастарды патриоттық, ұлттық рухта тәрбиелеуге керi әсерiн тигiзуде. Ұлы тұлғалардың, хандар мен патшалардың есiмдерi қалаларға берiлуi кездейсоқтық емес, бұл – бүгiнгi ұрпақтың олардың еңбегiн ерекше қадiрлеп бағалауы деп бiлуiмiз шарт. Мысалы, көршi Ресейде бiрқатар iрi қалалардың атаулары патшалардың аттарымен аталған: Петербург (Петр патшаның қаласы), Екатеринбург (Екатерина патшайымның қаласы), сондай-ақ Владимир (ұлы князь Владимирдiң құрметiне арнап қойылған), Грозный, Қазақстанда – Сәтбаев қаласы, т.т. Сондай-ақ жуық арада ғана Ресейдiң iрi қалалары болып саналатын Ленинград пен Свердловскiнiң Петербург және Екатеринбург болып өзгергенiн естен шығармағанымыз жөн, яғни Ресей билiгi өздерiнiң тарихи құндылықтарын қайтарып жатыр және ұлы көсемдерiне аруақтары риза болуы үшiн осындай сый-сияпат көрсетiп отыр. Ал бiз неге ұлы хандарымызды осылайша ұлықтай алмаймыз, қазақ хандарының орыс патшаларынан қай жерi кем? Тiптi қазақ хандары iшiнен бiреуiнiң есiмiн Қазақстанның iрi қалаларының бiрiне берсек артық болмас және ол ханның есiмi Абылай болса құба-құп! Өйткенi бiрiншiден, Абылай хан қазақтар үшiн қиын кезеңде тарыдай шашыраған үш жүздiң басын бiрiктiрiп Ресей мен Цинь сияқты алып империяларға, жоңғарларға қарсы тұра бiлдi. Екiншiден, кезiнде хан Абылай М.Ж.Көпейұлы, басқа да зерттеушiлер жазып кеткендей киелi Баянауыл жерiнде өшпестей iз қалдырған және, үшiншiден 2011 жылы ұлы ханның туғанына 300 толды. Осыған байланысты ұлы ханның есiмiн жадымызда мәңгiлiк сақтап қалу үшiн iрi қалалардың бiрiне берсек өте орынды болар едi! Бiздiң ойымызша бұған екi қаланың бiрi – Павлодар не Петропавл лайықты сияқты, алайда Петропавлдың Қызылжар деген әдемi төл атауы дайын тұр. Сондықтан Абылайханның аты Павлодарға лайықты деп есептеймiз. Сондай-ақ Абылай сияқты ұлы ханның есiмi Щучинск секiлдi кiшiгiрiм қалаға емес – Павлодар сияқты саяси, экономикалық, геосаяси маңызы жоғары үлкен қалаға берiлуi тиiс. Бұл, сөзсiз халыққа, ең алдымен, жастарға рух бередi, өз-өзiне деген сенiмдiлiгiн арттырады. Сондай-ақ, орыстанған жергiлiктi қазақтардың ұлттық сана-сезiмiн оятады, Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың Отанға, туған жерiне деген сүйiспеншiлiгiн ұлғайтады. Әрине, Павлодардың ескi Кереку атауы бар, алайда бұл атаудың шығу тарихы толық зерттелмеген, сондай-ақ оған қатысты деректер аз. Сондықтан Павлодарды өзге мемлекеттiң патшазадасы Павелге емес қазақтың патшасы Абылайға сыйласақ, ұлы ханның аруағы бүгiнгi ұрпақ – бiздерге мәңгiлiк риза болады!
Қайырболат НҰРБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор