"МЕН ДЕ АМАН КЕЛЕРМІН..."
2013 ж. 10 қараша
2753
6
«...Ал, күнім, тағы айтам: шыдамсыздық өлтіреді. Одан да басқадан өлу – шәһіт деген. Бірігіп адам болыңдар. Күнкөріп, өмір сүру әрекетіне кірісіңдер.
Мен де аман келермін».
Алаштың тағы да бір ардақты азаматы – Перуаш Кәрімұлы туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мұрағатынан НКВД кезіндегі құжаттар табылды.
Перуаш Кәрімовке қатысты қылмыстық іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мұрағатында сақтаулы. Бұл туралы Перуаш немересі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың атына келген мұрағат басшылығының хатында айтылған. Перуаштың немерелері жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңға сәйкес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шақыруымен қылмыстық іс материалдарымен танысып шықты. «Перуаш атамыз туралы оның көзін көрген туған-туыстарының, жақындарының, ел ішіндегі әңгімелердің шындық екеніне көзіміз жетті», – дейді олар.
Табылған деректер бойынша Кәрімов Перуаш, ұлты қазақ, КСРО азаматы, 1914 жылы туған, партияда жоқ, комсомол қатарынан шығарылған, 7 кластық білімі бар, бұрын сотталмаған, тұтқынға алынғанша Ақмола облысы, Еркіншілік ауданында мектептер инспекторы болып жұмыс істеген. Әкесі – Кәрім Әмрин болса, әйелі – Ерке, ұлы – бір жастағы Тұрлыбек.
– Аталып отырған Тұрлыбек біздің әкеміз, – деген Азекеңнің сөзінен тебіреніс сезімі байқалып тұрды.
Перуаш Кәрімов 1937 жылдың 14 наурызында НКВД-ның Еркіншілік аудандық бөлімімен колхоздарда революцияға қарсы әдебиеттерді тарату және іріткі туғызу жұмысын жүргізді деген айыппен тұтқынға алынған. Жарты жыл түрмеде ұсталғаннан кейін, 8-9 қыркүйекте Қарағанды облыстық сотының үкімімен ақталып, босатылған. Бірақ тура бір айдан кейін Қазақ КСР Жоғарғы сот төрағасының жеке өзінің талабы бойынша оны қайтадан тұтқынға алып, түрмеге жапқан. Перуаштың қарындасы Күлшат апайдың айтуынша, түн жамылып келіп, баса-көктеп үйге кірген «қызылдар» ағасын есінен танғанша соққыға жығып, денесін арбаға лақтырып тастап, алып кеткен. Мұны Перуаштың жан жары Еркеге түрмеден жазған хатындағы «тамақсыз өлмеймін, уайымнан өлемін. Бойым ауырлап, денем дірілдеп, аяғымды басайын десем – мүмкіндік жоқ тәрізді» деген сөздер де растайды. Бұл жазбаларға әлі қайта ораламыз.
Сөйтіп, ол 1938 жылдың 15 қаңтарындағы Қарағанды облыстық сотының үкімімен РСФСР ҚК 58-10-бабы бойынша (Кеңес өкіметіне қарсы насихат жүргізу) 5 жылға бас бостандығынан айырылған, жазасын қатаң режімдегі мекемеде өтейтін болған. Оның үстіне босағаннан кейін тағы 3 жыл сыртқы дүниемен байланысуға тыйым салынады. Бір сөзбен айтқанда, барлық құқықтарынан айырылады. Ресей тарихшыларының айтуынша, бұл ешкім сұрау салып, әуреге түсірмесін, ізсіз-түзсіз кетсін деп қасақана жасалған, шын мәнінде, мұндай үкім өлім жазасымен пара-пар еді. Оған кесілгендер тірі қалмайды деп есептелген.
Қылмыстық істе сақталған құжаттарға қарағанда, «Байшыл элементтермен, революцияға қарсы ұлтшылдық көңіл күйдегі тұлғалармен байланысып, Алаш-Орданың әдебиетін жинағаны және ұлтшылдық насихат жүргізгені» үшін айыпты деп танылған Перуаш сол кезде бірталай жерді, оның ішінде Сталин, Алғабас, 1 май, Соцпуть, Жолбасшы, Мирзоян, Петровск, Коминтерн, Соцмаяк, Фрунзе, Ленин, Исай, Красный пахарь, Бірлік, т.б. ауыл-колхоздарды аралап шығып, жергілікті тұрғындармен кездесу-әңгімелер ұйымдастырып, Алаш идеяларын таратқан. Осы жұмыстарды 23 жастағы Перуаш Кәрімов жолдастары – 33 жастағы Шайшық Олжабаевпен, 35 жастағы Ескендір Жиенбаевпен және 37 жастағы Мұсабек Құрмановтармен бірге жүргізген.
Перуаш Кәрімұлы және жолдастары тек 23 жылдан кейін ғана 1961 жылы Қазақ КСР Жоғарғы соты Президиумының қаулысымен ақталды. Сол кезде әділдік іздеген Перуаш баласы Тұрлыбекке әкесінің түрмеде құрбан болғаны хабарланған еді. Енді міне, арада 50 жылдан астам уақыт өткеннен кейін атасының қылмыстық іс құжаттары Перуаш Кәрімұлы немерелерінің қолына тиіп отыр. Алайда, оның өмірінің соңғы сәттері қалай өтті, жас ғұмыры неден үзілді: қызылдардың оғынан ба, қарақшының пышағынан ба, әлде үмітсіздіктен өмірден күдер үзді ме, ауырып жан тапсырды ма, сүйегі қайда қалды, барлығы да ұрпақтарына беймәлім болып келді. Енді осы жұмбақтың түйінін шешіп, атасының сүйегі жатқан жерді табуды ұрпақтары өздеріне жүктелген перзенттік аманат деп санап отыр.
Хаттамалар бойынша, 23 жастағы Перуаш өзінен әжептәуір жасы үлкен жолдастарынан қалмай, жауапкершіліктен бас тартпай, ұлттық ұстанымдарына берік болып, алған бетінен қайтпай ақырына дейін барады. Сол себептен шығар, балаларының айтуынша, 80 жасқа жеткен, Шайшық Олжабаевтың інісі Тобай Барлыбаев атамыз көзі жұмылып бара жатқанда «Перуаш, Перуаш!» деп 40 жыл бұрын өмірден озған айнымас досын шақырып жатыпты.
Бір адамның, бір отбасының басындағы қасіретті тілге тиек еткенде ХХ ғасырдағы қазақ елі тарихындағы жеке адамдардың тағдырларын тәлкек еткен, таптап жаншыған қаралы кезең көз алдыңа келеді. Осының өзінен-ақ, Перуаш Кәрімұлы Қазақстанда 1937-1938 жылдары «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жалалар жабылып, саяси айып тағылған, 105 мыңға жуық елім деп еңіреген боздақтардың бірі екендігі анық көрінеді. Яғни, ол – кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларды аяусыз жазалап жатқан ауыр кезеңнің құрбаны. Дәл осы жылдары қазақ халқы Алаштың аяулы ұлдарынан – ұлт зиялыларынан айырылды. Солардың бірі – Перуаш Кәрімұлы 16 жаста мұғалім болып, ауылда тұңғыш мектеп салып, сол мектепті 1936 жылға дейін басқарды. Сонымен бірге, 1930 жылы Қазақстандағы егіншілік техникумында, 1931 жылы Ақмола педагогикалық техникумында сырттай оқып, сол жылы қазақ мұғалімдерінің курсын үздік бітірді. 1934 жылы Алматыда «аудандық ағарту комитеттері төрағаларының біліктілігін арттыру өлкелік курстарын» тәмамдады, ал 1936 жылдан бастап аудандық білім беру бөлімінің мектептер бойынша инспекторы болды. Мұның бәрін ҰҚК-тің П.Кәрімұлының немерелеріне жолдаған анықтамалар, куәліктер, т.б. құжаттар растап отыр.
Оның 1930 жылы КСРО Егіншілік халық комиссариатының «Зернотрест» кеңестік астық шаруашылықтары мемлекеттік бірлестігі жанындағы Тоғұзақ стансасындағы (қазіргі Қостанай облысында) Қазақстанның социалистік егіншілік техникумына оқуға түсуіне келсек, тек осының өзі 16 жастағы Перуаштың мінезі мен мақсаткерлігін айқындап тұр. Оны түсіну, сезіну үшін сол кезеңде Қазақстанда қандай оқиғалар орын алғанын еске салу қажет. Тура соның қарсаңында, 1927-1929 жылдары голощекиндік «үлкен секіріс» деп аталған солақай саясат көшпелі шаруашылыққа тыйым салуға және шаруашылықтарды, әсіресе, үй малдарының басын, жаппай ұжымдастыруға байланысты қазақ ауылдарын күштеп отырықшыландыру болып өтті. Бұл тарихи даму барысында мал шаруашылығына сүйенген және өзін тамақ өнімімен қамтамасыз ету үшін жеткілікті дәрежеде егіншілік машықтарын меңгермеген қазақ халқының ашаршылықтан жаппай қырылуына әкелді. Аштықтан тұтас ауылдар жойылып кетті, қаныпезер жыртқыштықтың деректері көп, құрбандардың саны миллиондап саналады, сахарадағы тұтастай аудандар қаңырап бос қалды.
Бұл жағдайда ауыл жасөспірімі халқы үшін белгісіз жаңа саланы – егіншілікті зерттеумен шұғылдануға шешім қабылдайды және туған ауылынан мыңдаған шақырым жерге оқуға кетеді. Оның өз халқын ашаршылықтан құтқаруға, оның болашағын осындай қайғылы жағдайлардан қорғауға бар ынта-ықыласының ауғанына күмән жоқ. Бүгін біз мұны дамудың инновациялық жолын таңдау деп атаған болар едік, бірақ сол уақытта да бұл сөзсіз батыл және прогресшіл қадам болатын.
Құжаттар көрсетіп тұрғандай, қазақ мұғалімдерінің курстарын 1934 жылы бітіргенде Перуаш орыс тілін еркін меңгерген, математика бойынша, жаратылыстану, география және т.б. пәндерден тек үздік бағалар алған.
Жас болғанына қарамастан, осындай білімге құштар, алған білімін халыққа таратқан мұғалім Перуаш Кәрімұлы – сол жылдары қазақ даласында болған зиялы-ағартушылардың бірі. Олар атылды, әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, еріксіз жер аударылды. Талай бейбіт отбасыларының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Онымен де қоймай оларды «халық жауының», «отанын сатқандардың» отбасы болғаны үшін абақтыларға жапты. Ал жоғарыда аталған хаттағы Перуаштың жазғандары бұл зобалаңның отбасын айналып өтпейтінін сезгенін байқатады: «Ешкімге дос деп еш пікір айтпа. Сыртыңнан «иә» деп те... өзің алданып қалып жүрме. Онымен жанды аман сақтай алмаспыз». Өкінішке қарай, оның осы қаупі шындыққа айналды. «Әжеміз – Ерке Жиеналина да АЛЖИР лагерінде азап шеккені туралы әңгімелер бар, оның да одан арғы тағдыры біз үшін белгісіз, әлде де анықтай түсу керек», – дейді ұрпақтары.
Оның үстіне Перуаштың құдай қосқан қосағы Ерке Жиеналина ерінің ісін қолдап, мұғалім болғанын оның көзін көргендер айтыпты. Мұның да жаны бар. Еркенің сауатын көтеріп, білімін жетілдіргенін, оның қысқа мерзімді курстағы оқуына байланысты айта келіп, Перуаш жазған келесі жолдар растап тұр емес пе: «...сыртқа сыр білдірмей көңілді оқы, нашар үлгеріп қатарыңнан кем қалма». Байқасаңыз, темір қапаста отырған жап-жас жігіт өзінің жарына тілеуші ғана болмай, қамқоршылық көрсетіп отыр. Қандай қуатты ерік-жігердің иесі болды десеңізші!? Бұл хаттың Еркенің қолына тимей, оның жүрегін жылытып, көңілін жұбатпағаны қандай аянышты...
ҰҚК-ті ұрпақтарына қайтарып берген құжаттардың әрбірін мұқият қарап отырып, соның ішінен менің назарым Перуаштың латын қарпімен Еркеге жазған хатының түпнұсқасына түскен еді. Оның тиісті мекенжайға жетпеуінің себебі, бірнеше жерден асты қызыл сиямен сызылған хат жолдарында жатса керек, цензурадан өтпегені анық. Перуаш немерелері мұны ұғынықты болу үшін латын қарпінен қазіргі қолданыстағы әліпби таңбасына түсіріп қойыпты. «Ал жалпы латын қарпімен жазылғандарды түсіну қиын болар деп ойлаушы едік, қазір ондай күдігіміз сейіліп кетті, тіпті, бұл әліпбиді пайдалану қолайлырақ па деп қалдық», – деді олар.
Хаттан 1, 2, 3... деп санамалап, 22-ге дейін жеткізіп, ненің қажеттілігін көрсеткенінен Перуаш Кәрімұлы отбасының күнделікті күнкөрісі үшін аса алаңдамайтыны анық аңғарылады, яғни оны да сол кезеңдегі өзі үшін емес, алашшыл азаматтар секілді, ұлт мүддесі үшін жанқиярлық күреске өз істерінің дұрыстығына, әділдігіне деген сенім жетелеген. Оның хаттағы зайыбы мен жалғыз ұлына деген шексіз сүйіспеншілік сезімдерін білдірген сөздерін тебіренбей оқу мүмкін емес, жүректі шымырлататын, сыздататын тұстар көп. Шимай емес, әдемілігімен көз тартатын жазу-қолтаңбасында кепілдікпен шығару секілді үлкен мәселелермен қатар, түрме түнегінің қолайсыздықтарына қарсы тұратын жылы киімдер, тұрмыстық бұйымдар сұраған: «Кепілге алып кетпесе, әкем ұстарасымен келіп, шашымды алып беріп кетсін»..., «...Жауап беріпті, босатпайды ғой. Бұдан тек құтылу қиын енді».
Түрмеде баскесер қылмыскерлермен бір камераға қамалып, содан қорғану үшін де керек етті ме екен, кім білсін, «Бірітіба (бритва – С.Б.) пышағынан тағы бір-екеуін жәшік (үйден сәлемдеме жәшігі – С.Б.) түбіне жасырып сала сал» деген жері де бар. Мұның өзі оның өте қиын жағдайымен қатар, қайтпас-қайсар ерлік мінезін көрсетіп тұр.
Хаттың өзге де кейбір үзінділерін, сол жылдардың жан тітірентер суық ызғарын көз алдыңызға келтіріп, өз бағаларыңызды беру үшін, осылайша ештеңені өзгертпей қаз-қалпында келтіргенді жөн көріп отырмыз:
– «Қош-қош, бауырым. Бауырыңды елжіретпе... тағы мен жалғызым деп жыладым – сен бар екенсің, Төкенім бар қалатын»...,
– «Сен Төкенімнің исі бар жаңа көрпені сұрағаныма іренжіме... Құлыным ақырғы сүйіскенім деп ойлама. Құдайдан тіле, үміт ет»..,
– «Ақмолаға жүргізетін болса, қапы қалмай қоштасып қалыңдар. Төкеніммен қоштасқам жоқ жылар деп»..,
– «Ақмолаға барсам... бос келмеңдер – бәрі бір онда бұдан да қатаң ұстайды»...
Бірақ осындай қиыншылықтарға қарамастан, Алаштың жас азаматы өз ұстанымдарынан тайған жоқ, тіпті, түрмеден шыққаннан кейін де өз ісін жалғастыруға үміттенді: «Әуелі жаным қалсын. Сосын көрермін»...
Әттең, шіркін-ай, аңсаған арманы елес болып, алдан көрікті өмір белесін көре алмай кетті-ау, жас оғлан. Мұнымен қоса тоталитарлық жүйе өзінің қанды шеңгелін оның өмірлік серігі Еркеге де салып, көп ұзамай ол да өмірден қыршын кетті, сөйтіп, тағы бір отбасының түтіні өшті.
Перуаш Кәрімұлының сотталғаннан кейін олардың тағдыры беймәлім қалпында қалып, артындағы жалғыз тұяғы: Төкені – Тұрлыбегінің есейіп, ат жалын тартып мінгеннен бастап, әке-шешесін іздеген әрекеттері нәтижесіз аяқталған. Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау КСРО-да 1954 жылы басталып, ол 1960 жылдардың басына дейін жалғасқан. Ал П.Кәрімовке қатысты қылмыстық істің 1961 жылы наурыз айында тоқтатылғанын осы жылымық кезеңге ілігуімен түсіндіруге болатын секілді. Өйткені, одан кейін бұл үдеріс тежеліп, тек қайта құру деп аталған кезеңде – 1980-жылдардың соңына қарай қайтадан басталғаны мәлім.
Мәселен, Перуаштың ақталғанына қарамастан, оның ұлы Тұрлыбекке Алматы облысы, Қаскелең ауданы, «Каменский» совхозында машина ауласының меңгерушісі болып жұмыс істеген кезінде 1965 жылы партияға өтуге және қызмет бабымен әрі қарай өсуіне тыйым салынды. Әрине, ешқандай қызметтік өсу ата-анасының адал атымен салыстыруға келмейтін еді.
Орнында бар оңалар. Бабалардан қалған асыл сөздердің даналығы мен ақиқаттылығына олардың артында қалған жоқтай да, іздей де білетін ұрпағы тағы да бір көз жеткізді. Міне Азат Тұрлыбекұлының атасын іздеп, сұрау салып ҰҚК-тен аса құнды дерек табуы әке үмітін ақтағаны емес пе?! Тағы да бір таңғалдырарлығы: 2011 жылы «Ақ жол» партиясы тізгінін қолына алып, біз «Алаш» партиясының ізбасарымыз деп, Алаш рухын тірілтіп, биікке көтереміз деп жар салып, одан кейін соған сай іс-қимылдар жасап жүрген Перуаштың немересі сол тұста атасының большевиктердің диктатурасына қарсы әрекеттер жасап, Алаш қайраткерлерінің идеяларын көпке таратып, ағартушылықпен айналысқанын білген де жоқ еді. Оның сол кездегі жария еткен ұстанымы тегіне тартқан тектілік пен ұрпақтар сабақтастығына деген кіршіксіз таза сезімнен туындаған екен.
Ал біз Алаштың тағы бір ардақты азаматының табылғанына қуаныштымыз. Олар әлі де көп, оларды тарихтың қалың қатпарынан аршып алып, бүгінгі ұрпаққа табыстасақ игі. Жандарын шүберекке түйіп Алаш идеялары үшін күрескен Алаш партиясының мыңдаған қатардағы мүшелерін, жақтастарын, Алашорда үкіметі әскерінің сарбаздарын ақтауға болмай ма? Әлде бір баяндамадан бір баяндамаға, бір мақаладан бір мақалаға көшіп жүрген, 30-40-тай ғана ақталған Алаштың жұртқа белгілі көшбасшыларын айтып, қайталай берумен шектелеміз бе? Тек осымен шектелсек, ауыздан-ауызға көшіп айтылып жүрген Алаштың осы арыстарының рухының өзі тыныштала қояр ма екен? Олармен қоян-қолтық жүріп, уағыздарын тыңдап, тапсырмаларын орындап, істерін жалғастырған ұландар бұрынғысынша «бандиттер», «халық жаулары«шетел барлау қызметінің тыңшылары» т.с.с. болып қала бере ме? Тіпті, Перуаш Кәрімұлының қылмыстық ісімен танысқанда, оның ұрпақтарына бірнеше томдық істен тек жекелеген құжаттарды қайтарып, сонымен бірге Абай мен Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері бар дәптерді көрсетіпті.
Ал негізгі құжаттар әлі де құпия болып қалуда.
Қазіргі ұлттық тарихымыз қайта зерделеніп жатқан тұста қатты ойланатын жайт, бұл. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 2 қазанында «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласындағы «Мемлекет тарихын, даңқты бабалары жүріп өткен жолдың бұралаңы мен бұлтарысын, қилы кезеңдері мен тағдырлы шешімдерін, ақтаңдақ беттері мен дара тұлғаларының қайраткерлік өнегесін біліп өскен ұрпақ қана өзіне тиесілі замана жүгін діттеген межесіне абыроймен жеткізе алады» деп атап көрсетті.
Перуаш әулетінің талай жылдардан бері сауал жасап жүріп тындырған ұлағатты ісі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тұрарлық. Алла тағаланың құдіреті шығар, ҰҚК-нің арнайы мұрағатының П.Кәрімовтің қылмыстық ісін тапқаны туралы хабар немересінің қолына «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесі Президиумының кезекті отырысы басталар алдында тиді. Азат Тұрлыбекұлы отбасының тебіреністі сәтіне куә болған достары мен әріптестері оны шын жүректен атасының – Алаштың ардақты азаматының тағдырына қатысты аса маңызды құжат алуымен қызу құттықтады. Бұл тек осы отбасы үшін ғана емес, ұлт үшін құнды құжат. Ақжолдықтар, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мұрағатының қызметкерлеріне қалың көпшілікке белгісіз батырларды халықтың жадында сақтауға күш салғаны және оларға ұқыпты көңіл бөлгені үшін өздерінің шынайы алғыс сезімдерін білдірді. Иә, ешкім де, ешқашан да ұмытылмауы тиіс.
Барлық адам баласына тән ең қымбаттыларын – отбасын, материалдық игіліктерін, жеке перспективаларын құрбандыққа шалып, қорғансыз жап-жас әйелін және одан да дәрменсіз нәресте – ұлын азапта қалдырып, ажал тырнағында жүрген Перуаш Кәрімұлы өзінің алдына басты мәселені қойды:
«Құдай не жазса – соны көріп шыдаймыз. Мен шыдадым, сен де шыда. Кім озар екен?».
Бүгінгі тәуелсіз, егеменді Қазақстан – оның және басқа да хабарсыз кеткен мыңдаған батырлардың мерт болар сәтінде өздеріне қойған осы сұрағына жауап емес пе?!
Бірақ, адами сүйіспеншілік рухының табандылығы мен қуатының ең керемет аккорды Перуаштың Еркеге жазған хатының соңғы жолдары жастарға, әсіресе, ғашық жұптарға махаббат пен сүйіспеншіліктің шынайы үлгісіндей естіледі: «...Ал, күнім, тағы айтам: шыдамсыздық өлтіреді. Одан да басқадан өлу – шәһіт деген. Бірігіп адам болыңдар. Күнкөріп, өмір сүру әрекетіне кірісіңдер.
Мен де аман келермін».
Сәбит БАЙДАЛЫ
«Егемен Қазақстан» газеті, №241 (28180)
29 қазан, 2013 жыл.