Аңыз түбі – ақиқат
2013 ж. 21 тамыз
3019
14
Бабадан мирас болған ұланғайыр атамекенімізде пенденің түсінігінен тысқары, тылсым күшке толы топырақ жетерлік. "Дүниеде, тарихта туған елден артық ел бар ма? Ер жолымен өткен елдердің тарихынан сұлу тарих бар ма?!." деген атақты Асан Қайғы бабамыз кіндік қаны тамған жер мен елден артық жерұйықты таппаса керек.
Бірақ, бүгінде қасиетті жердің қадірін біліп, лайықты бағасын бере алмай жүрген жайымыз бар. Әйтпесе, шетін қусаң шексіз, тарихы тереңге жайылған, жұмырбасты пенденің санасына сыйымсыз, жұмбағы Жаратқанға ғана аян жерлердің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жырақта орналасқан Укаш ата зираты.
Аңыз бойынша, Укаш ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сенімді серігі әрі күзетшісі болған. Жергілікті тұрғындар "Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Укаш сахабаның денесіне атса – оқ, шапса – қылыш өтпеген" дейтін ертегіге бергісіз әңгімені ғасырдан-ғасырға жалғап, айтып келеді.
Өкінішке қарай, бір бармағы ішінде жүретін арам ниетті пенделер пайғамбарымыздың дәуірінде де ғұмыр кешкен ғой. Қайсыбір мысық пиғылды, іштарлық танытқан дұшпандары қапияда бас салып, Укаш атаны қапы қалдырып, бақиға аттандырған көрінеді.
Дұшпанның қылышының соққысынан жерге салбырап түскен сахабаның мүбәрәк басы ешкімге ұстатпай, құдыққа түсіп кетеді. Ал, құдық болса, жерасты жолдары арқылы, сонау Меккедегі зәмзәм бұлағымен жалғасады дейді, айтушылар. Себебі, құрбан болған сахабаның басы, сол балбұлақтан табылып, пайғамбардың қабірінің аяқ жағына жерленіпті-міс. Бұл – Укаш атаның «Иә, Алла, менің басым пайғамбарымның аяғында жатса екен!» деген арман-тілегінің орындалғаны болса керек. Міне, Жаратқанның шексіз құдіреті!
"...Бір жылдары Укаш атаның басы түскен құдықтан аяқ асты бір тамшы су шықпай, бұған қоса, құдыққа салынған 70-80 шелек үзіліп, ішінде қалды. «Су көзі сарқылды ма?» деп құдыққа түскенімізде, адам айтса нанғысыз көріністің куәгері болдық. Құдық тік емес, спираль тәрізді екен. Ал, 15 метрдей түскен соң, кенет биіктігі 12 метрдей, диаметрі 15 метр шамасындағы кең үңгірге тап боласың. Оның пішіні қазақ киіз үйіне өте ұқсас. Және бір таңқалғанымыз, үңгірдің түбі құп-құрғақ, тек бір шетінде мөп-мөлдір бұлақ ағып жатыр. Арнайы іздеп түскен шелектеріміз өзен бетінде тізулі тұрды. Құдықтың ішіндегі су шын мәнісінде құбылаға қарай ағады екен. Ал, оның бір жақ қабырғасын 10 метр биіктікте аппақ гүлдер жоғары қарай өрлей өскен. Құдықтың ішін өзімізше кішігірім зерттегендей болдық. Сонда байқағанымыз, жоғарыдан қарағанда аядай болып көрінетін құдықтың ішінде бір емес, үш үңгір бар екен. Екеуі арғы бетінен дәу таспен бітелген. Ал, үшінші үңгір 4-5 метр жүрген соң тарылып, сыймай қалдық" – дейді көпті көрген Байзақ ата.
Осы құдыққа қауға салған кейбір адамға су шықпай, шелек құр қайтуының сыры да ашылғандай болыпты. Жоғарыдан тасталған шелек құдықтың бұрама жерінен өткенде шыркөбелек айналып, жердегі көк тасқа соғылады. Тас пен бұлақтың екі арасында тереңдігі 60-70 метрдей қазандық бар. Қасиетті құдықтың суы бұйырмаған адамның тастаған шелегі сол «қазанға» түсіп, бос қайтады екен де, ал, "ниеті дұрыс, жүрегі таза" адамның шелегі құдықтың екі жағындағы жырамен жылжып барып, бұлаққа жетеді-міс.
Әрбір тасын қозғасаңыз тарих жайлы сыр шертетін оңтүстік өңірінде қасиетті орындар, әулиелі мекендер көп кездеседі. Солардың тағы бірі – «Ғайып ерен, қырық шілтен» әулие жайлы тарих. Әйтеуір, халық арасында: «Жапсарлас тұрған екі алып тастың ортасынан өткен адамның күнәсі көп болса, қос тас оны қысып, ал, керісінше, сүттен ақ, судан таза болған жағдайда еш кедергісіз, емін-еркін өтетін көрінеді. Ал, егер, қысып қалғандай жағдай болса, онда, көзіңе неше түрлі бақа-шаяндар елестейді-міс» деген ой-пікірлер әбден қалыптасқан.
«Ғайып» араб тілінен тәржімалағанда «жоқ болып кету», «көзден тасалану» деген мағына береді. «Шілтен» парсы тілінде «қырық тән немесе қырық дене» деген ұғымды білдіреді. Бұған қоса, мынадай да діни жорамалдар кездеседі. Әулиеліктің жеті сатысы бар: ең жоғарғысы – құтып, одан кейін – әруақуль муқаддас, үшінші сатысы – Ғайып ерен, қырық шілтен болып саналады және т.с.с. Қырық шілтеннің құрамында қырық әулие болады. Әулиелердің ұлықтары Ғайып ерен қырық шілтенмен бірігіп, Жаратқанды ұлықтап намаз оқыған екен.
Осыдан бірнеше жыл бұрын сірескен сыры сыпырылмас әулие басына барып, екі тастың арасынан өткеніміз бар еді. Бірақ, ол кезде бұл тастың тарихына тереңірек үңіле қоймаппыз. Студенттік албырт сезіммен алысып жүріп, киелі жердің кейінірек қаламымызға арқау боларын кім білген.
Кез келген қазақтың ұғымында Ғайып ерен, қырық шілтен бейнесі – зарыққанға медет, тарыққанға күш-қуат беретін тылсым құбылыс. Адам ата-Хауа анаға дейін табиғаттың заңын, тіршіліктің көзін көрсеткен де осы Ғайып ерен, қырық шілтен деп айтылады. "Алақандай жерде он сегіз мың ғаламның бүкіл құбылыс белгісі шоғырланыпты" дейтіндер де аз емес.
Жаратушының құдіреттілігі сондай, шынында да, аядай жерден неше түрлі бейнелердің тас мүсінін көруге болады. Адам ата мен Хауа ананың, ұшқан құс пен жүгірген аңдардың бейнесі Тәңіріміздің қалауымен жоқтан бар, ғайыптан пайда болған дейді. Ғайып ерен – күш-құдірет, ал, қырық шілтен – көзге көрінбейтін қырық бір ата.
Әулиедегі ең үлкен қасиетті белгілердің бірі – Адам ата мен Хауа ана. Бұл жерде еркек – жел, дауыл, от, суға шыдамды, әйел затының пірі, қорғанышы. Тастағы мың сан тесіктер Ананы оттан, судан қорғаған Атаның қырық тесік шапанын білдіреді.
Ата – от басы, ана – ошақ қасы. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазанға ұқсайтын белгі бар. Бұл – «төрт құбыламыз түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын» деп тілек тілейтін жер. Одан сәл әріректе нәресте белгісі бар. Нәрестелі, перзентті болғысы келгендер Алладан ниет етіп сұрайды.
Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар, Ғайып ерен, қырық шілтен әулиенің босаға алдындағы бір арнаға тоғысқан үш бұлақтың – көз суы, құлақ суы және өңеш суы ем болсын, деп ішіледі екен. Үш бұлақтан аққан судың – адамның іш құрылысына ем болатын қасиеті бар көрінеді.
Бағзы заманнан бүгiнге жеткен, тiптi, адам баласы жаралғалы берi бiрге жасасып келе жатқан тағы бiр ертегіге бергісіз аңыз бар. Ол – Қазығұрт тауы жайлы әңгiме. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған...»
Қазығұрт – баурайында Төлебидiң түйесiн баққан Сабалақ Абылай хан атанды. Тәуке хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, басқа да қазақтың талай жайсаңдары жұпар ауасын құмарта жұтып, кәусар бұлағын қанып ішкен, өткеннің өшпес мұрасына айналған шежiрелі тау. «Адам ата шоқысы», «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбардың саусағы», «Пайғамбардың су iшкен жерi», «Ғайып Ерен, Қырық Шiлтен» сияқты аңыз жетегiндегi орындар сол тарихтың куәсi.
Бұл тау ел арасында «Қазығұрт әулие» деп те аталады. Ерте заманда бүкіл әлемді топан су басатынын Нұқ пайғамбар алдын ала біліп, ертерек қамданып, кеме жасатады. Топан қаптаған кезде жан-жануарлардың аталық және аналық жыныстарын алып, кемеге мінгізеді. Мұның ішінде төрт түлік малдың да тұқымы болған. Пайғамбар жасаған кемеге жақындары, жақсы-жайсаңдар, ниеті түзулер бас-аяғы 80 адам ғана мінеді. Су тасқыны алты айға созылып, пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауынан орын тепкен.
Қасиетті таудың жоталарына төрт түлік малдың, аң мен құстың алты айлық аштыққа арып-ашып қалған тұқымы түседі. Оларға Жаратушы ие мен пірлерінің шарапаты тиіп, аман қалады. Содан жоққа айналған жер үстіндегі тіршілік қайта жанданып, тау жоталарындағы жан-жануарлардың аяғы тиген жерлер киелі саналады. Олар – Қазығұрт ата, Ақбура ата, Көзді ата, Әңгір ата, Шілтер ата, Мейрам ата, Қайнар ата, Қызыл ата деп аталады.
Кемеден түсіп, қоныстануға қалған 80 адамның 73-і бақилық болып кетеді. Тірі қалғандар: Нұқ пайғамбардың өзі, Хам, Сам, Иофес атты үш ұлы және Әшиат, Ләйла, Айша. Бүгінге жеткен аңыз-әңгімелерде осы жандар адамзат өркениетінің қайта қалыптастырушылары деп қарастырылады.
Міне, біз көрген жерлердің тарихы мен ерекшеліктері осындай. Аңыздың түбі – ақиқатқа тірелері белгілі. Әрине, Аллаға серік қосу – үлкен күнә. Бірақ, әулиелі жерге зиярат ету – Аллаға серік қосу болмаса керек-ті. Біз Жаратқанның жалғыз екеніне күмән келтірмейміз. Ал, тілегімізді тастан емес, әулиені дәнекер ете отырып, Алладан ғана сұраймыз.
Ең маңыздысы, біздің ұрпағымыз тарихымызды терең түсініп, қасиетті жерлеріміздің қадірін білсе дейміз. Дана халқымыз: «Болашағы зор ел – тарихын тасқа жазады» деген екен. «Дүние – керуен» деген, аспандағы алыс жұлдыздарды санамаламай, қолдағы бар қазынамыз – тауымыз бен тасымыздағы текті тарихымызды түгендеуіміз керек. Бостан елдің берекесі сонда ғана көркейе түседі.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ