Елордада қайырымдылық Astana Nauryz marathon өтеді
2019 ж. 14 наурыз
2439
0
Есіл өзені жағасындағы триатлон-паркте өтетін шараға бір мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық мәдениет және спорт басқармасының хабарлауынша, марафонды өткізудің мақсаты – онкологиялық аурулармен ауыратын науқас балаларға қаражат жинау. Осы іс-шара Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесінде және Жастар жылында өтіп отыр.
Жарыс 24 наурызда Есіл өзенінің жағасында қалалық триатлон-паркте өтеді. Жарыс жолына шығатын мыңнан астам адам төрт дистанцияға жүгіреді, кәсіпқойлар – 21 км, әуесқойлар – 10 км, енді ғана жүгіре бастағандар – 5 км, балалар мен ең жас спортшылар – 500 метр жүгіреді.
Марафон ақылы, оған қатысу үшін мына сілтеме бойынша тіркелу қажет: www.astananauryzmarathon.kz. Спорттық шараны Астана қаласы әкімдігі мен AFRK компаниясының қолдауымен AstanaSportLife компаниясы ұйымдастырмақ.