МҰСТАФА ӨЗТҮРІК МЕКТЕБІНІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ
2018 ж. 14 шілде
6732
0
Алматы облысындағы Өтеген батыр кентінде осы аймақтың таеквондо «WT» біріншілгі болып өтті. Облыстың барлық аудандары мен қалаларынан келген екі жүзден аса балалар мен жасөспірімдер Шығыс жекпе-жегінен күш сынасты. Екі күнге созылған ауқымды шараның ашылу салтанатында ҚР Мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы, республикалық «Әмбебап жекпе-жек федерациясының» президенті Бақытбек Смағұл сөз сөйлеп спортшыларға сәттілік тіледі.
Алдымен спорттың бұл түрінің ерекшеліктері мен біздің елімізде таралу тарихы туралы қысқаша айта кетелік. Таеквондо 2000 жылдан бастап олимпиадалық спорт түрі болып саналанады. Ол корей халқының ежелгі ұлттық спорт түрі, екінші жағынан заманауи күрес жүйесі болып табылады. Таеквондода спортшының аяғы мен қолы қатар жұмыс істейді, мақсаты –жарыс ережесіне сай келетін әдістерді пайдалана отырып жеңіске жету. Әсіресе темір үзетіндей тепкі мықты қару есептеледі. Спорттың бұл түрі адамды өз-өзіне сенімді етіп, салқынқандылық пен сабырлы мінезді қалыптастыруға көмектеседі.
Турнирде 11 алтын, 10 күміс, 25 қола медальдар сарапқа салынды. Балалар мен қыздар жылдар бойы бекер жаттықпағанын бірден аңғартты. Әрбір кездесу тартысты, қызықты өтті. Жалпы командалық есеп бойынша «Арыстан» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынға Талғар ауданы спортшылары көтерілді. Үшінші орынды Балалар мен жас өспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері иемденді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге турнир кубогы мен «Смарт ТВ» теледидары тарту етілді. Кубок пен бағалы сыйлықтарды Облыстық таеквондо федерациясының президенті Нұрлан Есілбаев салтанатты түрде өз қолымен табыстады.
Ия, мәселе кімнің қай орын немесе қандай сыйлық алғанында емес шығар. Ең бастысы – спорттың бұл түрі Алматы облысында бұқаралық сипатқа ие болғаны қуантады. Бір кездерде аты әйгілі, таеквондодан әлемнің алты дүркін чемпионы Мұстафа Өзтүрік негізін қалаған біздің еліміздің таеквондо мектебінің өрісі кеңейіп, оның жолын қуатын жастардың қатары көбейіп келе жатқанына көз жеткіздік. Жастарымыз қазақтың атын дүниежүзіне паш еткен Мұстафа Өзтүрік шыққан биіктен көріне білсін деген тілегімізді айтқымыз келеді.
Нұрлан ЕСІЛБАЕВ, Алматы облысы Таеквандо федерациясының президенті, теаквондодан жетінші дан қара белбеу мен «Намыс» орденінің иегері:
– Қазір елімізде Елбасының бастамасымен рухани жаңғыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Біздің болашағымыз – жастардың рухани биік, дені сау болуы үшін спорттың алар орны ерекше. Олардың патриот, өз отанының тірегіне айналуы – бүгінгі беріп жатқан біліміміз бен тәрбиемізге тікелей байланысты. Осы бағытта біздің федерация тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні байқап отырғанымыздай облыстың барлық аудандарында таеквондомен айналысуға мүмкіндіктер жасалған. Жастарымыз үлкен ынтамен, саналы түрде осы спорт түрімен айналысуда. Демек таеквондо бұқаралық сипат ала бастады деген сөз. Ертеңгі күні еліміздің көк туын әлемдік аренада желбірететін осы жастарымыз болуы керек. Алға қойған мақсат, жопарларымыз аз емес. Осы таеквондо шыққан Оңтүстік Корея елімен байланыс орнаттық. Жақында сол елге барып жаттықтырушыларымыз біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып қайтпақшы. Олардың да белгілі мамандарын шақырып, өзімізде шеберлік сабақтарын өткізу ойымызда бар. Бұл шаралар облысымызда осы спорт түрінің сапалы дамуына өз септігін тигізеді деп ойлаймын.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz