«Астана арландары» Президент кубогында 5 алтын медаль олжалады
2018 ж. 11 маусым
3536
0
Бүгін елордамызда бокстан ҚР Президентінің кубогы өтті. 15 елдің 162 боксшысы қатысқан турнирде «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін «Астана арландары» командасының боксшылары өте сәтті өнер көрсетті.
Бұл туралы "Қазақ үні" тілшісі «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Осымен алтыншы рет ұйымдастырылған турнирге Қазақстанның төрт құрамынан бөлек, Беларусь, Үндістан, Жапония, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Филиппин, Ресей, Швеция, Тәжікстан, Таиланд, Түркменстан, Өзбекстан және мұхиттың арғы жағынан АҚШ құрамасы да келген. Қазақстан бокс федерациясы турнир жеңімпаздарына 2000 АҚШ долларынан тағайындаған. Екінші орын иегерлері 1000 долларға ие болса, жартылай финалға жеткендер 500 доллардан еншіледі. Бір аптаға созылған бәсекенің бүгін жалауы түсіріліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер толық анықталды.
- Дүниежүзілік бокс сериясында тек финал ғана қалды. Қазір Қазақстанның барлық боксшылары бірлесіп, жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Сондықтан, финалдың қарсаңында боксшыларды «арландар» және ұлттық құрамалықтар деп бөлуге болмайды. Кім үздік, кім дайын болады, кубалықтарға қарсы солар айқасады. Жалпы, боксшыларымыздың Президент кубогындағы көрсеткіштеріне көңілім толады. Чемпион да болып та жатырмыз, жүлдеге де кенде болып жатқан жоқпыз, - деді «Астана арландары» командасының бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков.
Жалпы, қазақстандық боксшылар бұл турнирде 8 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алса, соның ішінде "Астана" Президенттік клубының құрамына кіретін "Астана Арланс" кәсіби бокс клубының 5 былғары қолғап шебері үздік бола алды. Олар: Әнуар Мұзафаров (52 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (91+ келі).
Ал,жалпы отандық құрама атынан Жомарт Ержан (49 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Ерік Әлжанов (75 келі) және Бек Нұрмағамбет (81 келі) күміспен күптеліп, Ілияс Сүлейменов (56 келі), Зәкір Сафиуллин (60 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келі), Василий Левит (91 келі), Айболды Дәуренұлы (91+ келі) және Нұрлан Сапарбай (91+ келі) қолаға қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік бокс сериясының финалына шыққан «Астана арландарын» ақтық айқаста Куба боксшылары күтіп тұр. Финалдың қайда және қашан өтетіні әзірге белгісіз.