Франция тұрғыны қызының атын "Астана" деп қойған
2018 ж. 01 маусым
2532
0
Халықаралық велосипедшілер қауымдастығының басшысы Давид Лаппартьен «Астана» велоклубын «Джиро д’Италия» көпкүндігінде үздік үштіктен көрінуімен құттықтады. Мәртебелі жарыстың соңғы кезеңін тамашалау үшін Италия астанасы Римге арнайы келген UCI Президенті «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін командамызға ерекше алғысын білдірді.
Мәртебелі көпкүндіктің мәресіне енді ғана жеткен сәті еді. Дәл қасында жарыс жеңімпазы Крис Фрум өнер көрсететін Sky командасының автобусы тұрғанымен Давид Лаппартьен бастаған Халықаралық велосипедшілер қауымдастығының бір топ атқамінерлері «Астананың» автобусы тұрған жерге аяңдады. Марапаттау рәсімін тамашалау үшін жиналған бүкіл жанкүйерлер де «астаналық» велошабандоздарды қоршап алған еді. Бәрінде де бір мақсат – қолтаңба алып қалу немесе «Астана» деген жазуы бар бейсболка, плакат, футболкаларға қол жеткізу.
Иә, расымен де «Астана» велоклубы «Кәрі құрлықта» өте танымал. Басқа командалардың орны бір бөлек, «Астананың» орны тіптен айрықша. Фанаттардың көптігі сонша, олар спортшыларымызды жарыс жолында ғана емес, автобустың қасында да, қонақүй жақта да күтіп тұрады. Клуб басшысы Александр Винокуровтың да танымалдылығы мен беделі голивудтық жұлдыздардан еш кем емес. Қайдан тауып алғандарын кім білсін, көбі көшеде кезінде Винокуров киген жейделермен жүр. Арнайы тапсырыспен тіктіргендері аз емес. Ал егер басыңызға «Астана» деген жазуы бар бейсболка киіп алсаңыз, онда байқаңыз, жанкүйерлер кез келген сәтте оны басыңыздан жұлып алып, қаша жөнелуі де ғажап емес.
Бәлкім, көпұлттылығынан да шығар, әлемнің қай түкпірінде болмасын, «Астананың» жанкүйерлері жетіп артылады. Дегенмен, статистика бойынша, команда фанаттарының басым бөлігі Италияда тұрады екен. Франция, Колумбия, Испания және Дания елдерінде де аз емес.
Мәселен, франциялық бір отбасы жақында өздерінің дүниеге келген қызының есімін Astana деп қойыпты. Бұл елде өзіміздің отандасымыз Алексей Луценконың де жеке фанаттары бар. Олар Луценконың әр жарысынан қалмай, жалауларын көтеріп, шабандозымызбен бірге еріп жүреді екен.
Пельо Бильбаоны қолдауға келген Баск елінің де жанкүйерлерін «Джирода» жиі кездестірдік. Олар Басктардың жалауын ғана емес, Қазақстанның да көк туын көтеріп, «Астана» деп ұрандатып жүрді. Ал чехиялық фанаттар Ян Хирттің плакатын ұстап алып, оны өздерінің көліктеріне де жабыстырып алып жүрді.
Сондай-ақ, «Джиро д’Италия» кезінде «Астананы» қолдау үшін арнайы келген қазақстандық жанкүйерлер де аз емес. Солардың бірі танымал шоумен Марат Оралғазин мен белгілі вайнер Мейіржан Төребаев та бар. Дегенмен, спортшылардың ең басты жанкүйерлері – отбасылары. Олар да әрдайым жандарынан табылып, қажетті қолдауларын аяған жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, бұл «Джиро» «Астана» брендінің Еуропада әбден танылып, жанкүйерлердің махаббаттарына бөленгенін кезекті рет көрсетті. Алда әлі де Гранд турлар көп. «Астана» жанкүйерлерін әлі талай жетістіктерімен қуантады деп сенеміз.
"Астана" Президенттік спорт клубының баспасөз қызметі